» » Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас


Саналы ғұмырының 41 жылын елді ағарту саласына арнаған ардагер ұстаз Құрбанкүл Рахманова. Ұстаздық етуді ұлы іс санаған кейіпкеріміз, мұғалімдікке бала жасынан қызыққан екен. Білім саласында аянбай еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана. Құрбанкүл апайдың шеберлігі мен сауаттылығын шәкірттері мен әріптестері әлі күнге әңгімеге арқау етіп, әдемі естеліктермен бөлісіп отырады.

– Жауапкершілігі мол, тынымсыз еңбекті талап ететін мұғалімдікті жүрек қалауыммен таңдадым. Алғаш 1972 жылы еңбек жолымды кіндік қаным тамған туған ауылым – Қандөз ауылында бастадым. Ұжымдағы әріп­тестердің бір-бірімен ынты­мақ­тастығы ата-аналармен қоян-қолтық қарым-қатынасымыз оң нәтиже беріп, білім саласында жоғарғы көрсеткіштерді көрсете бастады. Қызмет еткен ұжымыма да, тәлім берген шәкірт­теріме де алғысым шексіз, – деді ұстаз. Жүзінен нұры төгіліп, сөздің мәйегін келтіріп айтқан әңгімесіне сүйсіне қарап, көмейге келген сауалдарымды іркіп қалмадым.
– Өткенсіз болашақ жоқ демей ме? Өткен күндерге шегініс жасап, алғашқы жұмыс күніңізді еске түсірейікші?
– Ойламаған жерден, қызық сұрақ қойдың ғой. Әрине, алғашқы жұмыс күнім есімде. Оны қалай ұмытуға бола­ды? Сабақ басталып, оқушыларға өзімді таныстырып, жаңа тақырыпты түсін­­діруге көштім. Әрине, бұл сәтте тынымсыз дайындықпен келдім. Өйт­кені, бүгінгідей интернет жоқ, дайын мағлұмат табу қиын. Ертеңгілік сабақ­қа түнімен дайындалып, плакатқа қолмен сурет салып, жоспар жазып шығатынбыз. Бұл да бір ғажап күндер екен-ау. Меніңше, басқа мамандықты қайдам, ұстаз жұмысының алғашқы күнінде толқу, қобалжу заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені сабаққа кірмес бұрын, «Бірінші жұмыс күнім қалай өтер екен? Оқушылар мені қабылдай ма?» деген сан сауалдар ойда тұрады. Оқушы ұстазға кез келген сұрақ қоюы мүмкін. Яғни мұғалім осының барлығына дайын болуы керектігін түсіндім.
– Үйде ата-әжелеріміз бата бергенде «Айналайын, мұғалім бол!» дейтін. Ол кезде сөздің мәні­сіне бара бермейтін едік қой. Енді ойласам «Қатарыңның алды бол!» дегені екен ғой. Алайда, кейінгі кездері мұғалімдікті күн көрудің қамына балап, мәртебесіне мән бере бермейтін бір уақыт кел­гендей. Бұған не айтасыз?
– Айналайын-ай, сөзіңнің жаны бар. Көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген нәрсені айтпай кетуге болмас. Мектеп бітірген бала қалаған оқуына түсе алмаса, ата-анасы мұғалімдікке түсіре саламыз деген өресіз пікір қалыптасты. Әйткенмен, кейінгі жылдары мұғалімнің жалақысын көбейтіп, мәртебесін биік­тетіп жатыр. Бұған ардагер ұстаз ретінде қуанып отырамын. Білген адамға мұғалім мектептің негізгі маманы ғана емес, ұлттық идеология үшін де таптырмас тұлға ғой. Ұстаздық жолды таңдаған жан ізденуден, оқудан, біліктілігін арттырудан ешқашан тоқ­тамауы керек. Өз басым биология пәнінің мұғалімі болсам да, таңдаулы ұстаздардың сабағына қатысып, оқу әдістемесін үйренуге тырысатынмын. Байқаймын, бүгінде мұғалімдер бір-бірінің сыныбына кіріп, сабақтарына қатыспайды. Естеріңізде болсын мұға­­лімдік тәжірибемен шыңдалатын ма­мандық.
– Дұрыс айтасыз, тәжірибелі маман ретінде кеңесіңіз болсын. Мұғалімдікті таңдамас бұрын, жас талапкерлер нені ескерген жөн?
– Баланың өз әлемі болады. Сол әлемге баламен бірге ене білу керек. Ең бастысы алдыңда отырған баланы, өз балаңдай жақсы көре білу қажет. Мектеп тынымсыз тіршіліктің ордасы. Ас ішіп, теледидар қарап отырсаң да ойыңның бір ұшында бала тұрады. Мұғалім білімін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім. Өз заманының дара тұлғасы Константин Ушинский: «Оқуды, ізденуді тоқ­таты­сымен, оның мұғалімдігі жойы­лады» деп айтқандай, ұстаз өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тиіс.
– Айтыңызшы, бұрынғы оқушы­лармен қазіргі оқушылардың айыр­­машылығы бар ма?
– Айырмашылық адамда емес, айыр­машылық мектеп бағдар­ламасында. Қазір сыныптағы оқушы саны шектеулі. Алғашқы қабылдаған сыныбымда 42 бала болды. Мектепке алғаш келген балаларды мектеп тәртібіне үйрету, партаға отырғызудың өзі қиын болып еді. Қазіргі кезде ғаламтор деген ізденгіш ұстазға үлкен мүмкіндік, кереметтей көмекші. Қазіргі әріптестерімде көрне­кіліктен еш қиындық жоқ. Қазір ақпарат көп. Сонымен бірге оқушының зейінін бөлетінін ұялы телефон, көп каналды теледидар, компьютер деген тағы бар. Жүйелеп айтсаң, ол кез бен қазіргі оқыту жүйесінің ерекшелігі де, айырмашылығы да жер мен көктей деуге болады.
– Апай, қазір қашықтан оқыту шықты. Мына елімізде белең алған індетке байланысты, оқушылардың барлығы да үйде отырып оқып жатыр. Бұған қатысты не айтасыз?
– Бұл турасында не айтайын? Маған таңсық дүние ғой. Қазір немере-жиен­деріміз қашықтан оқып жатыр. Қазірде онлайн оқуда. Білмей қалып жатса, сыбырлап айтып жататынымыз рас. Онлайн-байқау, параолимпиада дегендерің де сол сияқты ғой. Тікелей өзі барып қатысқандай еш әсері жоқ. Ондай шараларға қатысудың өзі неге тұрады?
– «Мұғалім боламын» деген ұрпағыңыздың, тума-туыс, бауыр­дың белін буып, ақ жол тілейсіз бе? Әлде «бағыңды басқадан сына!» деп ақыл бересіз бе?
– Өзі мұғалімдік мамандықты таңдап тұрса, бетін қақпаймын. Бағдарлай алмай, бір шешімге келмей тұрған ба­лаға «мұғалім бол, қыстақта отырсаң да қызмет табылады, аштан қалмайсың» деп ақыл айтпаймын. Мамандық таң­дауда жүректің әміріне құлақ түру керек. Мұғалімдік адамзат бар жерде мәңгі жасайтын кәсіп. Сондықтан үкіметтің бұл мамандықтың мәртебесін көтеруін құптаймын.
– Апай, сіздің еңбек еткен жылдарыңызға қанықтық. Енді отбасыңыз жайында айта отыр­саңыз?
– Шүкір, жолдасым Оңласбай екеуміз шаңырақ көтеріп, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрдік. Алланың берген бір ұл, үш қызды өмірге әкеліп, барлығын да азамат еттік. «Ана көрген тон пішер» дейді ғой. Үш қызым да мұғалімдік жолды таңдады. Ұлым стоматолог, келінім қазақ тілінің маманы. Бүгінде он немеренің ақ жаулықты әжесімін. Маған бұдан артық қандай сый керек.

P.S.: «Жақсымен өткізген жар­ты сағат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай» демекші, ауылдың алғы­сына бөленіп отырған ардагер ұстазбен әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өткенін аңғармай да қалыппын. Са­майына ақ кіргенше ұстаздық ету­ден жалықпаған абыройлы ұстазға көкірегіңізді қайғы-мұң шалмай ұзағынан өмір сүріңіз деген ақжарма тілегімізді білдіріп, қош айтыстық.

Әсел РЗАЕВА
22 желтоқсан 2020 ж. 445 0