№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жауапкершілік жүгі ауыр

Жауапкершілік жүгі ауыр

Келешек ұрпақтың өмір жолында баспалдақ болатын тұлға – ұстаз. Егер біздер қандай да бір ерен еңбектің бастауында жүрсек, ол да білікті мұғалімнің төккен терінің арқасы. Алдындағы шәкіртіне білім мен тәрбие беріп, ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген осындай жанның бірі, білім саласында 35 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан №229 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Алмагүл Сыздықова ұжым арасында ерекше құрметке ие.


 Өмірінің 36 жылдан астамын мұғалімдікке арнаған кейіпкерімізді әріптестері білікті, білімді, тәжірибелі ұстаз ретінде де жақсы біледі. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демей ме халық даналығы. Дәл осы қанатты сөз еңбегінің арқасында өрге шығып, абыройы асқақтап жүрген ардақты ұстазға арналғандай.
– Мектеп қабырғасынан ұстаз болуды армандадым. Білім саласына жол тартуыма бірден бір себепші болған ол менің ұстаздарым. Өзімнің сынып жетекшім болған Рахима Қапабаева апайым өте білімді, саналы, парасатты жан еді. Сол кісіге еліктедім, ұқсауға тырыстым. Себебі, мен үшін ұстаз биік, асқақ тұлға. Сол қасиеттерді мен де бойыма жинап, барынша шәкіріттеріме даналық пен даралықтың дәнін себуге еңбек етіп келемін. Қаншама жыл ұлы жолдың ауыр жүгін арқалап келемін, – дейді ұстаз.
Ол мектеп партасына келіп отырған талай баланың арманына қанат бітірді. Келешегі үшін керек білім нәрімен сусындатты. Соның дәлелі болар, қазіргі күні оның шәкірттері Қазақстанның түрлі аймағында еңбек етіп, ұстазы жақсының ұстамы жақсы екенін дәлелдеп келеді.
Қазіргі таңда шәкірттерім Қазақстанның түкпіртүкпірінде қызмет жасап жатыр. Мектебіміздің директоры Жеңіс Манамбаев та өзімнің шәкіртім, бүгінде бір ұжымда жұмыс жасап жатырмыз. Мектепте өте белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өте дарабоз болды. Бүгінде ұжымды ауызбіршілікте басқарып отыр. Одан бөлек, Нұрбек Алтынбеков, Мадина Әбуова, Інжу Нұртаева, Жұлдыз Әлихан қазіргі кезде менімен әріптес. Мектебімізде Аймұрат Абаев, Ақерке Төленов, Тілла Ұлжан және Сәбира Қожаберген сынды «Алтын белгіге» бітірген оқушыларымды мақтанышпен айтуға болады. Менің жолымды қуып, Гүлназ Қожан деген шәкіртім «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінде оқып жатыр. Ал, Дәулет Сұлтанғали деген оқушы республикалық жас ақындар мүшәйрасында 1-орын және жыр додаларында үнемі қанжығасы майланып жүрген, дарабоз шәкіртім. Мектебімізден ұшып шыққан шәкірттеріміздің барлығы өмірден өз орындарын тауып еңбек етіп жатыр.
Қазақтың белгілі ағартушысы Ж.Аймауытовтың «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – білім беруші мұғалім емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз» деген сөзі бар. Қай уақытта болмасын білімді де білікті, тәжірибесі мол ұстаздардың орны ерекше. Бұл тұрғыда тәжірибелі ұстаздың өз тұжырымы да жоқ емес.
Бүгінгі таңда мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан мен өзімнің ұстаздық міндетімді инновациялық білім беру технологияны оқытумен атқарып келемін. Бүгінгі білім бәсекесі заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жанжақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелу қажет, – дейді.
Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Ал осы талаптар үдесіне шығуды кейіпкеріміз сан мәрте дәлелдеп келеді. Айталық, жақында ғана “Білім және ғылым” қызметкерлерінің кәсіподағының облыстық “Құрмет” грамотасымен марапатталса, шәкірті 9 сынып оқушысы Аруна Нұрмағанбет облыстық Әбіш оқулары байқауына қатысып, 1 орынды қанжығалап қайтыпты.
Талапшыл, әділетті, еңбекқор ұстаздан: «Кейінгі буын ұстаздардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?» деп сұрадым: «Жас мұғалімдер алдымен өздеріне талапты қаттырақ қойса, ізденсе, сабағына өзі де қызықса, балаларды да тарта білсе деген тілегім бар, өйткені бүгінгі ұстаз рухани бай, педагогикалық, шығармашылық тұрғыда дамыған, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген болу керек», – дейді ұстаз.
Қолға алған ісін диірменнің тасындай дөңгелетіп әкететін апайдың өмірлік жары Қалдыбай жеке шаруашылықпен айналысады. Отбасында үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бақытты ғұмыр кешіп келеді.
Ұлдың үлкені Жанболат Түркістан қаласының статистика басқармасында қызмет жасаса, Екінші ұлы Ерболат аудандық аурухананың реанимация бөлімінде дәрігер, үшінші ұлы Қалдар «Tengizchevroil» компаниясында жұмыс істейді. Қызғалдақтай қызы Гүлжаннат ана жолын жалғап, Қызылорда қаласында «Зерде» мектебінде мұғалім ретінде өспірімдерге білім беріп, өрелі жол көрсетіп жүр. Бүгінде немере сүйіп, ақ жаулықты әже әрі ұлағатты ұстаз.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай бабамыз тегін айтпаған. Алмагүл апай бұл мамандықты өзінің жүрек қалауымен таңдаған болса, ол оның ыстық-суығына төзіп, зейнет жасына жеткенше шынайы сүйіспеншілікпен шәкірт тәрбиелеуден бір жалықпайтынына сенімдіміз.
P.S. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Оған қоса Ыбырай Алтынсариннің «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» дегенін де назарға алғымыз келеді. Әсіресе биылғы әлемдік пандемия кезінде қадірі артқан мамандық – ұстаз бен дәрігер мамандығы болғаны көпке белгілі. Ұстаздық ғұмырының қымбат кезеңін жас буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаздың орны төрде.

Әсел РЗАЕВА

27 ақпан 2023 ж. 272 0