№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты

Өмірде әрбір адамның жүрегінде ойып тұрып орын алатын ұстаз деген ұғым бар. Біле білсек, бұл – қандай бір құрметті атақтан да биік. Мәселен, мектептегі немесе жоғары оқу орнындағы мұғалімнен бастап, қызмет жолында, өнерде, отбасылық қарымқатынаста ұстаздың болатыны заңдылық. Мұғалім көп, бірақ бәрі бірдей ұстаз бола алмайды.


  Ұстаз деген – тек білім беруімен ғана емес, бойындағы тәлім-тәрбиесімен, қарым-қабілетімен, таным-талғамымен, бір сөзбен айтқанда, бүкіл болмысымен шәкірт жүрегінен ойып тұрып орын алатын адам. Міне, осындай ұстаздық жолға саналы ғұмырының 40 жылын арнаған ардагер басшы Ұлбазар Жұмаділлаева. Білім беру саласында аянбай еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана.

Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Отан отбасынан басталады десек, әйелдің қоғамдағы рөлі де ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға адал қызмет етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қарапайым отбасында дүниеге келіп, саналы ғұмырын білім саласына арнаған аяулы ұстаз, ардақты ана, ұлағатты әже.

1970 жылы Жаңарық орта мектебін бітіріп, аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен №163 орта мектебіне аға пионер вожатый болып орналасады. Алғашқы еңбек жолындағы үлкен ұстазы Сәдірбай Сапарбаевты үнемі мақтанышпен еске алып отырады. 1972 жылы педагогикалық институтқа түсіп, 1976 жылы бітіреді. Сол жылы өзі бітірген мектебіне мұғалім болып орналасады. Алғашқы еңбек жолында ұстазы Тұйғын Егембердиева ұстаздықпен қоса мектептің кәсіподақ ұйымының жетекшілігін аманат етіп тапсырады. Толассыз еңбегінің жемісі болар, 1986 жылы мектеп директоры болып тағайындалады. 1989 жылы қызмет бабымен №166 мектепке ауысып, 1995 жылы аудандық партия комитетінің ұсынысымен Жаңарық мектебіне қайта ауысады. 2004 жылға дейін педагогпсихолог болып жұмыс жасап, 2004-2011 жылдар аралығында мектеп директоры болып жұмысын жалғастырады.

– Бақыттың кілті – білімде. Көзі ашық, көкірегі ояу жан өмірде өз жолын жаңылмай табады. Білім саласында еңбек ету де ең қастерлі қызмет. Мен секілді ардагер ұстаздар елдің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты деп санаймын. Елдің зиялы, қауқарлы, рухани дамуы бүгінгі ұстаздар қауымына артылған сенім, – дейді ол.

Мектепте ұстаз, үйде ана Ұлбазар қарапайым еңбектен шабыт алатын және зейнеткерлік жасқа жеткен соң «ұрпағыма ұлағат болар» деп зердесіне жиғанын қағаз бетіне түсіріп отыруды да ұмыт қалдырмапты.

P.S. Ұстаз бақыты – кез-келген адамның маңдайына қона беретін бақ емес. Осы ерекше қасиетке ие Ұлбазарды сыныптастары болып біз де жоғары бағалаймыз. Мақтаныш тұтамыз. Жаңа жыл қарсаңында жаны жайдары құрбымызға жақсы лебізімізді арнауымыз да содан.

Мәди МЫРЗАХМЕТОВ
23 ақпан 2023 ж. 323 0