№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақ бата адастырмайды

Ақ бата адастырмайды

Күн мен түн теңелген, береке мен бірліктің, ырыс пен несібенің бастауы саналған әз-Наурыз – ұлтымыз үшін ұлық мереке. Қытымыр қысты шығарып сап, күлімдеген көктемге қадам басатын, жұртшылық болып асыға күтетін мерекенің мән-мағынасы да бөлек.
Келер күннен көп үміт күттіріп, жақсылықтың нышаны, жаңашылдықтың бастау бұлағы деп сенген мейрамның – ұлыстың ұлы күні аталуынан терең мағына, астарлы мән көруге болатындай. Бұл күні жылы жүзбен ұшырасып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін, данагөй, ел абыздарының мере­кенің берекеге ұласуына рухани көпір болары хақ. Егемен елімізге бірлік, молшылық пен амандық тілеп, ел боп қалыптасуымызға, ынтымақта болып, адамдық асыл қасиетімізден айнымауымызға үнде­­ген үлкендеріміз тілеуімен ардақ­ты. Осы орайда “Батагөйлер байқау­ында” үздік шыққан Аққыз апамыз елге былай деп бата береді:
“Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,
Тәуелсіздік тұғыры мықты бол­сын,
Еш жамандық болмасын, әулие­лер қолдасын.
Ескі жылды есіркеп, Жаңа жылды жырласын,
Ағымыз мол болсын Несібеміз зор болсын.
Бұлақтың көзі ашылып, Сай мен сала ну болсын!
Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс берекесін берсін, бәле-жала жерге енсін.
Е құдайым оңдасын, еш жаман­дық болмасын,
Пейіліңде адалдық пен санаң болсын.
Ауызыңда Аллаң мен тобаң болсын
Алғандарың аман болсын, бес-алты балаң болсын
Балаңның бәрі бірдей жаман болмай,
біреуі ел билейтін адам болсын.
Туысыңнан туғаның жақын деген,
Алдыңда арқа сүйер ағаң болсын.
Кетпес дәулет, кең пейіл берсін,
Есігіңе ырыс пен несібе енсін.
Е тәңірім, Құдырет, бар ғұмырды қызық ет.
Өмірдің кедір бұдырын, мойымай пенде бұзып өт.
Елімізге егемен ғасырлық ғұмыр нәсіп ет,
Ұлтымызды ұлықтап, кездестірме қасірет.
Қазақтың қара баласын, жол бастайтын озық ет.
Әр үйдің қызын аяулы, Жібек, Баян, Назым ет
Осындай әзиз ұл-қыздың, жүрер жолын ашық ет.
Осы айтқан тілегімді Аллам өзі қабыл ет, – деп ақ тілегін ақтарған ақ жаулықты ананың қол жайып, сұраған дұғасы осындай. Қарияларға құрмет көрсетіп батасын алуға асығып, жақсылықтан үміт еткен әр жанның жолы ашық болғай.

Жәмила ЕРМАХАН

23 наурыз 2024 ж. 354 0