№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӨНЕР ӨРКЕНИЕТІ ӨМІРШЕҢ

ӨНЕР ӨРКЕНИЕТІ ӨМІРШЕҢ


Биыл қазақтың күміс көмей әншісі, классикалық өнердің бұлбұлы, талантты тұлға Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерей тойы тойланады. Тау тұлғаның көзін көріп, бірге білім алып, бірнеше рет іс-сапарларда өнер көрсеткен жерлестеріміз сазгер Бәден Айсынов пен ардагер ұстаз Айымкүл Нәлтаевамен әңгімелескен едік.


– Сіздердің отбасылық фотошежірелеріңізде Бибігүл Төлегенованың суреті өте көп кездеседі екен. Сіздерді не байланыстырады?
– Біздің таныстығымыз тереңде жатыр. Ағаңыз Бәден Қазанғап атындағы консерваторияны бітіргенін көп адам біле бермейді ғой. Сонау үлкен өнер ұжымында дарынды тұлғалардың көбісімен етене жақын араластық. Осыдан елу жыл бұрынырақта жастық жігер бойымызда қайнап тұрған шақта, талай айтулы додаға қатысып, өнерімізді ТМД елдеріне көрсетіп, шығармашылық өрлеу өрісін көргеніміз бар. Ағаңыздың музыкалық қабілетін байқаған Бибігүл Төлегенова талай рет оркестрде өнер көрсетуге шақырды. Оқу аяқталған тұста ағаңыз өлкенің өнерін дамытамын деген мақсатпен ауылға оралып, өнер мектебін аяққа тұрғызды. Шағын ауылда бәсі биік өнер мектебінің құрылысын жүргізіп, оны ашып қана қоймай, өнерге жақын баланың жұлдызын жағу үшін күні-түні адал еңбек атқарды. Қысқасы, ауылдан ұзамай, ауылдың гүлденуіне үлес қосты. Әйтпесе, атақ қуған болса, ағаңыз осы күнде аты мәшһүр композитор-маэстро атанушы еді.
– Бибігүл Төлегенованың 1994 жылдары ауданға сапары өткенін сол жылдары жарық көрген газет бетінен білдік. Көрнекті тұлғаның ауданға келуіне сіздер ұйытқы болған деседі, осы жайында сөз етсеңіз...
– Ол кезде Бибігүлдің дарыны ашылып, қолдан-қолға тимейтіндей тұлғаға айналған шағы еді. Республикалық дең­гейде жиын өтетін болған соң сол деңгейге лайық әншілерді шақыру үлкен жауапкершілік екенін көпшілік те жақсы біледі. Аудан әкімі Салхаддин Мырзабеков Бәден ағаңмен ақылдаса келе, бір топ өнер жұлдыздарын ауданға шақырудың жай-жапсарын талқылады. Сол-ақ екен, бір вагон толы өнер майталмандарын күтіп алдық. Құрамында Ақжол Мейірбеков, Жанар Айжанова, Дос-Мұқасан тобы, Марат Омаровтар болды. Осындай тұлғалар келетінін естіген ел пойыз жолдан үлкен құрмет білдіріп, гүл шоқтарымен құшақты толтырған еді.
– Айымкүл апай, жалпы шығармашылық адамының табиғаты тылсым келеді. Елдің еркесі Бәден Ай­сыновтың жары болу, оның қылығын көтеру қиынға соқпаған шығар? Ағамыз отбасында қандай жар?
– Ағаңның талапшылдығы болмаса мен осындай абзал ана болар ма едім? Ол кісі өзімен бірге мені де жетістікке жетеледі. Менің де талантымды шыңдады десем артық болмас. Біз бірге болғандықтан ғана қиындықты еңсердік. Ұлттық өнер үшін барымызды да, нарымызды да ортаға салдық. Ол кісі басшы, мен қосшы болдым. Шүкір, Алла нәсіп еткен үш азаматқа ана болдым. Ізімізді басқан ұлдарым да өнер әлемінен алшақ болмады. Бәкен, Сәкен, Сырым да ана үмітін ақтады, – деп жауап қатты.
Альбомның бірінші бетін ашқан сәтте бауырларымен бірге ән салып тұрған жас әнші қыз көзге түсті. Суретке ұзақ қарап тосылып қалдық. Жас қыздың Айымкүл апай екеніне шүбә келтірмедік. Әйтсе де «қасындағы баян ұстаған бозбала мен көзі ботадай қара танау бала кім?» дегендей апайға қарадық. Жүзіміздегі сұрау белгіні айтқызбастан түсінген апай күліп жіберді. Жүзі нұрланған апажан: «Бұл менің қос інім Құлахмет пен Рашит» деді. Езу жыя алмастан күліп жібердік. Рас. Құлахмет пен Рашит Нәлтаевтардың балалық шағында дәл осындай болғанына сене алмадық. Екеуі де ұқсамайды екен. Уақыт барлық нәрсені өзгертсе де, Құлахмет ағаның қолындағы баянын өзгерте алмапты. Кешегі қара бала қолындағы музыкалық аспабын зорға көтеріп тұрған болса, бүгінгі ел ағасы түймелі ән сандықты көзді жұмып ойнайтын халге жеткен. Бұл да болса Айымкүлдей қамқор әпкенің арқасында болар, бәлкім?!
Кенет сапырылысқан альбом ішінен ақ кимешек киген ана бейнесі елең еткізді. Сөйтсек, біздің апай сонау жылдары өткен «Қайран, біздің аналар, арды ойлаған» атты облыстық жарыста ән салып тұр. Бүгінгідей жай ауыз жыбырлатып емес, кәдімгі әртістей оркестрмен ән шырқап тұр. Екі қолын кеуде тұсына жинап, жан-жүрегімен тебіренуде. Әуелеп шыққан қоныр дауысқа тынып, ел үнсіз отырғандай. «Саспа, мен қасыңдамын» дегендей Бәкең де көзімен демеп отыр. Қалай десек те бақытты да бақуатты сәттер!
Сары парақтар сары алтындай қымбат сәттердің куәсі. Марапат мінберінде көзі бал-бұл жайнаған, қуаныштан кеудесі лаулаған Айымкүл Нәлтаева «Алаштың Ақмешіті» фестивалінде, «Түрксой» халықаралық ұйымының «Қорқыт және ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық фестивалінде үздік шеберлігі үшін дипломмен марапатталған сәті бейнеленген. Құшағы гүлге толған жан «Мен отбасыммен мақтанамын», «Бейбітшілік әлемі», «Ата кәсіп – алтын мұра» секілді мазмұнды кеште бой көрсетті. Енді бір суретте «Мәдениет майталманы» медалін кеудеге таққан кезі суретке айналған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы «Алғыс хат» табыстаған сәттері ерекше мақтаныш сезімін оятты.
Сол шуақты күндердің бірінде КСРО-ның Халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен сыр тарқатып отырған кезі бір сәттік бейнеге айналыпты. Ақ самай ананың айтуынша, ол кезде халықтық атаққа қол жеткізу оңай шаруа болмапты. Екінің бірі уысына түсіре алмаған мандат өнерлі отбасына бұйырыпты. Жолдасы Бәден аға мен бұлбұл әнші Бибігүл бір сахнада жиі бас қосады екен. Сондықтан сыйластықтары отбасылық достыққа ұласқан жандар бір-бірінің ешкімге айтпаған сырына қанық екен. Тағы бірде Бибігүл мен Бәден тағы да ел мақтаныштары топтаса түскен суреттерде дүние жүзін аралаған сәттерден сыр шертті. Тіпті картадан табу оңайға соқпайтын кіші мемлекеттерде де бірге өнер шыңдаған жандардың жарқын бейнесі көз алдымыздан зырлап жатты.
Сарғайған парақтарды бірге ақтара отырып, ана Айымкүлдің ұстаздық еткен жылдарына бірге сапарладық. №54 орта мектебінде бастауыш сынып балаларымен бірге түскен жанары жайдаралы, жүзі арайлы апай күлімдеп қарап тұрды. Бейқам да бейкүнә бүлдіршіндердің арасында ғылым мен білім жолына түскендері де бар екен.
Иә, аға мұғалім жетпіске келсе де, әлі де тың, қимылы шапшаң. Өз қатарластарына қарағанда әлдеқайда жас көрінуінің өз құпиясы бар шығар. Алдағы айда 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген шәкірттерімен кездесу кеші де болмақ. Апай отыз жыл бұрын тәлім берген оқушыларымен кездесуге асық. Сүйікті де сүйкімді алты жасар балаларын сағынып қалғандай. Әрқайсысын жеке-жеке еске алып, қылықтарын айтты. Жерге шаншыған шыбықтарының мәуелі өскінге айналуын көрудің өзі бір ғанибет екен-ау! Есік алдындағы тамыры тереңге бойлаған ағаш осының тірі ескерткіші! «Жемісті ағаш жерге иіліп тәжім етеді, жетелі кісі елге иіліп сәлем етеді» деген мақалды мәңгі жадында сақтаған ананың халық алдында абырой беделі асқақ, жүзі жарқын.

Мақпал МАРҚАБАЙ

10 ақпан 2024 ж. 415 0