№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Бәйтерек сынды Бәден ағам

Бәйтерек сынды Бәден ағам


Қара
таудың күнгей бетінде бірнеше ауыл бар. Мен олардың барлығына барып, жергілікті халықпен жүздесіп, қоян-қолтық араластым. Бір қызығы, шағын ауылдың өзінен шығармашылық шоқтығы биік, парасатты азаматтар көп шыққан. Әйтеуір бір ерекшелік ұшқындап тұрады. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз тегін айтылмағанын сонда анық білдім.

 Қаламгер Дүкенбай мен Тынымбай, дирижер Төлепберген секілді Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері түлеген топырақтан өзге де талантты өнер қайраткері шықпауы да мүмкін емес.

 Таудың түбіндегі Жаманбай батыр ауылдық округі Айсын бауында Бәден Айсынов дейтін күйші отыр. Бұл атырап түгел таниды. Ашығы, атағы алысқа шарлаған кісі. Туабітті дарын иесі дерсің. Мінезі де ешкімге ұқсамайды. Өйткені ол тыныштықты сүйеді. Сондықтан жалғыздан жалғыз шығармашылық шабыт іздейді. Жоғын түгендейді, барын толықтырады. Табиғат аясында терең тыныстап, домбыраға қанат байлайды. Менің түсінігім солай.

 Негізінен Сырым, Сәкен, Бәкен дейтін үш баласы бар. Үшеуі де өз алдына бірбір отаудың иесі. Қанмен сіңген қасиет – үшеуі де өнерлі. Әрі құрдас, әрі сырлас болған соң Сырым маған жақындау. Ол консерваторияның түлегі. Сырнайдың құлағында ойнайды. Отандық және шет ел қайраткерлерінің классикалық шығармаларын құйқылжыта орындаудың шебері.

 Бүгінде Түркістанға қоныс ауыстырды. Бәден Айсынов бала күнінен домбыраның үнімен саз әлемін шарлап, ұлттық өнерге жақын болып өсті. Жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң музыкалық білім алды. Кейін Құрманғазы атындағы консерваторияда шығармашылығын шыңдап, кәсіби маман атанды. Бибігүл Төлегенова, Шара Жиенқұловалармен қатар өнер көрсетіп, шет елдерді аралады. Бірақ, мақсаты – шәкірт тәрбиелеу, ауыл-аймақтағы жас дарындарды іздеп табу болатын. Сондықтан туған жерге оралды. Сөйтіп, облыста алғашқылардың бірі болып «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптар ансамблін құрды. Одан кейін отбасылық «Айсыновтар» халықтық ұжымын ұйымдастырып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп келеді. Өзі 10-нан астам күй жазды. Соның ішінде ең атақтысы «Егемен Қазақстан».

 Бүгінгі таңда 50-ден астам шәкірті бар. Соның ең кішілері бүгінде мектепте оқиды. Өзі сабақ бере жүріп, керемет күйлерді өмірге әкелді. Шығармалары аудандық, облыстық, республикалық байқауларда үздік деп танылған.

 Осы орайда жазушы Бақтыбай Айнабековтың естелігіне құлақ түрелік. «1966 жылы Алматыға оқуға келгенімізде Төлепбергеннен бұрын Бәден Айсынов деген күйші бауырымның орындау шеберлігі мені қатты баурап алды. Бәден сол кездің өзінде КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен бірге бір ұжымда өнер сапарларына шығып жүрді. Мен ә дегеннен өзімнің көзіме түскен Бәден күйші туралы сол кезде «Лениншіл жас» газетіне «Үкілі домбыра» деген тақырыппен көсілдіріп көлемді очерк жазғанмын. Төлепберген болса ол кезде одан жастау, әлі ел көзіне түсе қоймаған, бірақ домбыра десе жанып шыға келетін нағыз талант болатын. Екеуміз сол очеркті әдемілеп жуғанымыз да бар» дейді.

 Жалпы, «Айсыновтар» отбасылық ансамблі республикаға жақсы таныс. Ансамбль жетекшісі – мәдениет саласының үздігі Бәден Айсынұлы. Оның «Туған ел», «Бесарығым», «Шопан қыздың әні», «Сыр бойында күріш деген дақыл бар», «Егеменді Қазақстан», «Наурыз», «Жеңіс», «Юмореска», «Экосез», «Әлшекей сарыны», т.б. ән мен күйлеріне тыңдарман оң бағасын берген. 

 Осы аталған шығармалардың ішінде "Әлшекей сарыны" күйін Бәден ағаның туған інісі Қуанның ұлы Жексен Айсынов өзі жұмыс жасайтын Құрманғазы оркестрінің репертуарына енгізгенін де айта кеткен жөн.

Мен 2015-2016 жылдары алғаш рет Жаңақорған ауданына әкім болып барғанда ауылдағы өнер ұжымдарын қолдап, музыкалық аспаптар мен арнайы киімдер алынды.

 Бәден ағамызбен жиі сырласып қаламыз. Өзі мақтануды білмейді, тек жұмыс барысын баяндайды да қояды. Бірде ол: «Елге ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келемін. Ретін қарай жастарды өнерге баулуға күш салдым. Өзім жетекшілік ететін отбасылық ансамбль де көптеген байқауларда жоғары сатыдан көрінді. Атап айтқанда, 1993 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық отбасылық ансамбльдер сайысында жеңімпаз атанып қайттық. Ал, 2018 жылы елордада өткізілген республикалық шарада еліміздің әр өңірінен келген 13 отбасының арасында үздік болдық» деді.

 Таланттылық деген тамыр тектес таралып жатады. Бәден Айсыновтың қайынжұрты да құр алақан емес. Өнер тарланы Құлахмет, Рашид Нәлтаев, жалпы Нәлтаевтар династиясы дарындық дарақ секілді. Мәуесі мен саясы кеңейіп, жыл сайын жапырақ жайып жатыр.

 Өнер адамы болу тым қиындау, саяқ жүріп, сая іздейтін, кейде рухани жұтаңдыққа түсіп, қолдау күтетін кездері болады. Мен де алыстағы ағамды қолдау мақсатында осы жазбамды қолға алдым. Өнеріңіз өрістей берсін, Бәден аға!

Руслан Рүстемұлы
17 тамыз 2022 ж. 1 140 0