Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЖЫМҰҚАН ҚҰРМЕТТЕГЕН ҚЫЗ

ҚАЖЫМҰҚАН ҚҰРМЕТТЕГЕН ҚЫЗ


Қазақ әйелдерінің қайсарлығын сонау тамырлы тарихтан тарқатсақ, Томирис ханшайымның ізін жалғаған қаһарман қыздар жетерлік. Кешегі Кеңестік дәуірдегі зұлмат жылдарда да талай қаракөздің ерлігі баяндалады. Міне, осындай нар тұлғалы қайсар қыз Жамал Әлсейтова жайлы ел арасында аңыз болып қалған естеліктер жетерлік. Ол – еңбек ардагері, қаһарман жауынгер, батыр ана. Біз оның тарихта жаңғырып тұрған тұрпатты тұлғасын ел назарына ұсынғанды жөн көрдік.


Ол 1926 жылы Шымкент қала­­­сында дүниеге келген. Жасынан еңбекқорлығымен ерекшеленді. Соғыс жылдарында ауылдағы тұралап тұрған тіршілікті жандандыруға бар күш-қайратын жұмсап, дала жұмысына жегілді. Нақтырақ айтсақ, 14 жасынан бас­тап Қажымұхан Мұңайтпасовпен бірге Шымкент темір жол вок­залына ат арбамен қос айдап, бидай тасып бірге жұмыс жасады. Шымкент қаласындағы «Қатын кө­пір» құры­лысына қатысыпты. Сол жердің ағаштарын кесіп көпірді қолдап салып, арба өтетін жол ашты. Жалғыз аяқ жол­мен дарияның қос жағалауында­­ғы елдімекеннің егіншілеріне жиған-терген өнімін саудалап, тұрмысын тіктеуге мүмкіндік берді. Осы тұста, Жамал 5 жыл бригадир болып, жыл сайын көпірдің мұз шайып кетпеуін қадағалап, жаңа салы ағаштарын орнатып, қара күші ер азаматтан кем түспейтінін байқатады. Халық арасында «Қатын көпір» деп аталған жолды Қажымұхан Мұңайтпасов «Жамал қызымыздың құрметіне осы көпірді «Қатын көпір» атауымыз орынды. Бұл еңбегін жоғарыдағылар елеп-ескеріп «Еңбек Ері» атағын берсе болатындай» деп тебіренген-ді.
Қаршадай қара қыздың қолы­мен соққан көпір қазіргі кезде үлкен көліктер өтетін алып көпірге айналды. Әрі Шымкент қаласының ортасында «Қатын көпір» базары да халықаралық деңгейдегі алпау­ыт сауда нүктесі­не айналды. Бұл ежелден-ақ қыз баласына деген құрметтің биік бол­ғанын меңзейді.
Соғыс біткен соң қара жұмыс істеп күн көріп, 1949 жылы жолдасы Әлсейтов Маханбетке тұрмысқа шы­ғады. Қызылорданың тумасы Ма­ханбет соғыс алаңында танкі айдап жауын­гер қатарында болып, ерлікпен елге оралды. 1949 жылы жолдасымен бірге Тәжік КСР Қорған төбе қала­сы­на көшіп, ауылшаруашылығына дем берді. 1950 жылы тұңғыш ұлда­ры Мырзабек дүниеге келді. Одан соң, Жұпар, Ханшайым, Разия есімді қыздары туылады. 1963 жылы Шым­кент қаласы Жетісай ауылына көшіп келеді. Осында 1963 жылы Молдабек дүниеге келе­ді, Молдабек бір жасқа толған кезде Маханбет мен Жамал ұл-қыздарын алып Қызылорда облы­сы, Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылына қоныс аударады.

Қара кетпенін қолынан тастамаған ана ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп, елге таныла бастайды.
Жамал апамыз 1966 жылы кенжесі Махмұдты өмірге әкеледі. Белі беки сала дала жұмысына кірісіп, егін егеді. Осы жылдары «Үздік егінші» атанып, бүкілодақтық марапат мінберіне көтеріледі. Тағдырдың жазуына не шара, 1967 жылы жолдасы Маханбет дүниеден озып, 6 баламен жесір қалады. 1966 жылдан бастап еңбек майданында жүріп, Жаңақорған ауданының еңбекші­лер депутаттарының аудандық Кеңесінің депутаты қызметін атқарады. Қайта сайлауға түсіп тағы да депутаттық қызметте болады. Жамал апа 1985 жылдары зейнетке шықса да кәсіптен қол үзбей, білгенін перзенттеріне үйретумен болды. 2005 жылы «1941-1945 жылы» Ұлы отан соғысындағы жеңіске 60 жыл мерекелік медалімен, 2010 жылы Ұлы отан соғысындағы жеңіске 65 жыл мерекелік медалімен, 2015 жылы Ұлы отан соғысына 70 жыл мерекелік медалімен марапатталды.

Үлкен ұлы Мырзабек Түркістан медициналық училищесін фельд­шер мамандығы бойынша біті­ріп, Төменарық ауруханасына қарас­­ты, Қандықұдық, Бай­кенже фельдшерлік-акушерлік пунктінде фельдшерлік қызмет жасады. Малшылар жазда 12 шақырым қашықтықтағы жай­лауда, қыста Қызылқұмда 25 шақы­рым қашықтық­та мал баға­тын. Мырзабек қыстың бораны мен жаздың аптап ыстығында өз қызметін адал атқарып, науқастарды дер кезінде емдеу ісін шебер меңгерген. Екіқабат әйелдерді ерте анықтау, уақытылы бақылап, босану барысындағы қиындықтарды тез шеше білген білікті маман екенін айтады елдегілер.
Кең жүректі қайсар апамыз Жамал Әлсейітова 2015 жылы, тоқсан жасқа қараған шағында өмірден озды.
Оның қайсар болмысын жерлестері аңыз етіп айтып жүр. Адал еңбектің түбі берекеге кенелтеді. Жамал деген есімінің өзі қасиетті Құран аяттарында жиі кездесуінің сырын осы кейіпкеріміздің өзгеше болмысынан сезінгендейміз.

Мақпал МАРҚАБАЙ

07 қараша 2024 ж. 643 0