№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ел үшін туған ер еді

Ел үшін туған ер еді


Еліміздің өткен өміріндегі бел-белестеріне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының отты жылдары еске түседі. Иә, бұл бір халықтың басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майдандағы жауынгерлер де, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл халқымыз жеңіс үшін қажеттің бәрін істеді. Бұл қатарда Мәден Мырзахметов ақсақал да бар еді.

 1929 жылы қаңтарда Жаңақорған ауданы, «Политотдел» ұжымшарында дүниеге келген Мәден ата жеті жылдық мектепті аяқтап, жастық шағы сұрапыл соғыспен қатар келіп, тылда еңбек етеді.«Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықпен, бірі мылтықсыз екеуі де жанкешті шайқас болатын. Ер азаматты оқ қинаған, балашағаны жоқ қинаған заманда елді оқтың азабы мен жоқтың азабы қинады. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды. Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Қаншама жесір көзінің жасын бұласа, талай жетім әкесін жоқтап жылады. Еске түсірудің өзі жүректі сыздатады. Майданда қорғасын жауса, елде «қара қағаз» жауып ер-азаматын, баласын жоқтап, аза тұтқан аналар жылап-сықтап, мұң-шерін шүберекке түйіп, ертеңіне жұмысқа баратын. Ол кездің адамдары маңдайдан тер, көзден жас ақса да өз жұмыстарына бекем болды. Күн- түн сарыла еңбек етті.

Ал Мәден атамыз майдан мен тылда қатар еңбек етіп, біртұтас қимыл-әрекетте қан төгілген далада жауынгер жерлестерімен бірлесе жұмыс істеді. Осындай қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл еңбеккерлері «Соғыс жылдарында еңбек еттік, жоқшылық көрдік, жан азабын тарттық» деп кеудемсоқтанып, ешкімге міндетсінбейді. Біреуге алақан жайып жалынбай-ақ қанағатшыл болмысымен өмірден өтіп жатқандары қаншама. Ендеше осындай тыл еңбеккерлерінің еңбекқорлық, елжандылық, отаншылдық қасиеттерін дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі ету жағы мына біздерге парыз. Ыңғайын тауып, насихаттай білсек жастарды патриотизмге баулудың бірден бір жолы деуге болады.
Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген екен. Демек, Мәдендей аталарымыздың ел басына қара бұлт үйіріліп, қиын заман туғанда еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалағаны, қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп еткен ғұмыры кейінгі ұрпақ біздерге үлгі.

Екінші дүние жүзілік соғыс аласапыран заманда Мәден атамыз қол қусырып отырған жоқ. Жасынан еңбекқорлығымен ерекшеленген ақсақал қара жұмысқа жегілді. Тылда еңбек еткеннің арқасы болар соғыс аяқталғаннан кейін де шаруамен айналысып, Отан  алдындағы борышын өтейді. Темір жол саласында қызмет етіп, «Бірлік» кеңшарында шопан болады. Осы аралықта мал басы өсіп, одан алынған төлдің саны да артады. Еңбегі бағаланып «Таңдаулы шопан» номинациясын екі рет иеленеді.

1963 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінде халық қалаулысы атанып, «Құрмет»грамотасымен марапатталады. 1966 жылы Ленин орденін кеудесіне тағып, 1967 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуға жолдама алады. Ал 1982 жылы еткен еңбегі әкімдік тарапынан қолдау тауып ақсақал Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісін кеудеге тағады. Айта кететіні, атаның елі үшін тыл майданында қажырлы еңбек етіп, одан әрі шопандықты серік етіп адал қызмет жасағаны үшін сол кездегі облыс әкімі ВАЗ2105 автокөлігін сыйға тартады. Көзі тірісінде бар мақтау мен марапатты иеленген ардақты ардагер 1992 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеден өтеді.

Алайда артында қалған ұрпағы тылда жүріп еңбек қылған қарттың батырлығы мен ерліктерін еш ұмытпайды. Өйткені ұрпақтың ертеңгі күнінің бүгінгі күнінен асып түсуіне осындай қазыналарымыздың жүріп өткен жолы өнеге.

Лаура БИБАСАРОВА
05 қараша 2022 ж. 473 0