Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мәскеу мойындаған мұғалім

Мәскеу мойындаған мұғалім


Бүгінде атамекенімізден шыққан алыптар - түрлі салада танымал тұлғалар зәуіде елге келгенде алғаш ат басын тірейтін қарашаңырақ – ауданның төл айнасы «Жаңақорған тынысы». Міне, осындай ағаларымыз қатарында Жандарбек Мәлібеков, Әбдуәлі Баешов, Бірлес Алияров, Есенжол Алияров, тағы бірнеше ғалымдардың ортақ ұстаздары – Іскендір Құдияров туралы естеліктері бір арнадан табылып еді. Соның ең жарқын тұсы мынау. Мәскеу жоғары оқу орнында білім алып жатқан жаңақорғандық студент МГУ-дің мұғалімінің математикадан жіберген қателігін табады. Кемшілігін мойындаған профессор оған «Сені кім оқытты? Қайдан келдің?» деп сұрақ қояды. Сонда қазақ баласынан «Ұстазым Скендір Құдияров» деген жауапты естіп, ауыл мұғаліміне шын риза болып, шәкірттің арқасынан қаққан оқиғасына таң қалып едік. Бұл аңыз адамның өмірден озғанына жиырма жылға жуықтап қалыпты. Қым-қуыт тіршілік жетегінде жылыстаған жылдармен ұстазымыздың есімі санадан ұмытылып та барады екен.
Сейсенбі күні еңбек жолының соңғы он бес жылында өзі басшылық еткен Төменарықтағы №53 А.Д.Романов атындағы орта мектебінде осынау тұлғаны еске алуға арналған кеш болып өтті. Оған ұйытқы болған білім бөлімі жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Аллаберген Ахметовтың ұйымдастыруымен ұстаздың ұл-қыздары жан-жақтан жиналып, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын бейнелейтін әсерлі кеште зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.


Қалдырған ізің мәңгілік

Математик болу – Тәңірден берілетін сый. Кез келген жан математик бола алмайтыны содан. Скендір ағай қан­дай мықты математик болса, сондай мықты идеолог, тарихшы, шежіреші, жаңашыл ұстаз, іскер ұйымдастырушы болды. Өйткені математикада осындай қабілеттің барлығы қамтылған. Өмір дегеніміздің өзі – есеп, математика. Оның да жеңіл және қиын түйіндері бар, соны шешуде, түйінін тарқатуда зерек ойлы азаматқа осынау қабіле­ті көмекке келді. Осылайша ол ауыл мұғалімінің атын алысқа шығарды. Ал шәкірттері арасынан одақтық деңгейде ірі ғалымдар шықты.
Бүгінгі еске алу кешін ұйымдасты­рушылар осы құндылықтың барлы­ғын қамтуға тырысыпты. Ауыл халқы, ардагер ұстаздар және білімгерлер бас қосқан тағылымды кеште Құдияров­­тың шәкірттері қатарында ҚР Мемле­кет­тік Елтаңбасының авторы, жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтың лебізіне құлақ түрдік.
«Мектеп қабырғасында жүргенде сурет салуға аса құмарттым. Бейнені қағазға түсіруде есептен жаңылуға болмайды. Осы бағытта мен Скендір Құдиров ұстазыма көп қарыздармын. Ол кісінің ешкімге ұқсамайтын білім беру методы бар еді. Мектептен соң үйіне алып барып оқытатын. Ол біздің мыйымызға математиканы ғана құйып қоймады, жас өренге нағыз адам болуға жетелейтін шыншылдықтың маң­ызын үйретті. Ұлттық дәстүрдің тіні – сыйлыстық пен құрметке баулыды. Бәрінен бұрын төзімділікке тәрбие­леді. Соның нәтижесінде шәкірттерінің бірі космонавтика саласын меңгерсе, бірі құрылыс пен архитектурада, бірі байланыс саласында, бірі медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Бірақ қайсысы болмасын қандай шыңды бағындырсақ та жүрегіміздің төрінде ұстазымызға деген алғаусыз ілтипа­ты­мыз тұрады» деген сәлемдемесін бей­неэкран арқылы жеткізді.
Бүгінгі кеш қонақтары – ардагер ұстаздар – Скендір Құдияровтың қара­мағында қызмет істеген әріптестері Үрпатша Әуезова, Оразай Палымбе­това, Құралай Әшірбекова, Бақыт Серімбетовалардың лебізі де осындай мазмұнда өрбіді.
– Мен 73 жылы оқуды бітіріп мұға­лім болып келгенімде ол кісі мек­теп директоры болатын, – дейді Үрпат­ша Әуезқызы. Мені таң қалдырғаны, мектеп басшысының жаңашылдығы еді. Сол кездің өзінде пән сабақта­рына кабинеттік жүйе ендіріп, тиянақ­ты білімге күш салдық, – десе, Құра­лай Әшіобекова: «Мектеп мұғалімдері Скендір Құдияровты идеал тұттық. Ол кісіге ұқсағымыз келетін. Ол үшін оқушы былай тұрсын әріптестер алдында беделді болуға ұмтылдық. Өзім кейін комсомол, партия қызметінде жұмыс атқардым. Мектебіміз он бес одақтас республикалар арасында он бесінші орында тұрды. Бұл үлкен жетістік еді» деді. Осы мектепті басқарған На­рым­бет Көлжанов, ауыл ауруханасы бас дәрігері болған Зөре Қайнекееева, көп жылдардан бері осы мектепте ұстаздық етіп келе жатқан Алтынбай Мұстафаев, Немцова Валентина Петров­наның ақжарма лебіздері де осындай мазмұнда өрбіді. Ал тәжірибелі ұстаз Гүлбадам Байтелиева: «Ол кісі ұстаз келбетінің шынайы эталоны. Осы үлгіні кейінгіге насихаттай білуде бүгінгі кеш­ті ұйымдастырған Аллаберген Ахме­тов мырзаға рахмет. Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Скен­дір Құдияров ағайымыз оқушыдан бұ­рын ұстазды тәрбиеледі. Оны ұлағат­ты жолға салды. Қазақ ұлт мектебінің негізін қалады. Мектеп директорының статусын көтерді.
Скендір ағайдың ұлт жанашыры, азамат ретінде өнегесі бір бөлек еді. Біз ол кісімен көрші тұрдық. Жұбайы Әмина апамыз да өте биязы жан болатын. Менің атам үлкен ұлымды бесікке саларда осы Әмина апаны таңдауында үлкен мән жатыр. Ол кісі ел анасы деп атауға тұрарлық жан еді. Тәрбиелеп жетілдірген ұл-қыздарының бойынан осы қасиеттердің барлығын көріп отырмыз, – деді.
Ия, педагогика саласында 52 жыл еңбек еткен ұстаздың шәкірттері қатарында ҚР Ғылым академиясының академигі Мұхтар Әлиевтен бастап техника ғылымдарының докторла­ры Махмұтқали Қалдаров, Мейірбек Мол­дабеков, Асылхан Шомантаев, Ал­тай Мұсаев және Бақытхан Әбдука­римовтердің есімдері де бұл күні ілтипатпен аталды.
Ғалым ағамыз Есенжол Алияров салтанатты кешке врнайы жолдаған бейнежолдауында: «Мен аудан орта­лығындағы №169 орыс орта мек­тебін 73-жылы бітірдім. Сол кезде математикадан Скендір Құдияров ағай берді. Ол кісі оқытқан шәкірттер бәріміз жоғары оқу орнына түстік. Балаға қатты жаны ашитын, қатал бірақ әділетті еді. Басымыздан сипап та, темірдей тәртіппен қадағалап та тәрбиеледі. Зейнетке шыққан соң араб тілін үйренуге ден қойды. Жас ұрпақты имандылыққа тәрбиеледі. Қазақ баламы шыққан тегін білуі керек деп шежіре жазуға кірісті» деді.
Келесі кезекте сөз алған Сунақата және Екпінді мектептерінде ұстаздық еткен ардагерлер Сайлаухан Жартыбаев пен Алиакбар Қансейітовтың лебіздері жүректерді тербеді.
Ұстаздар династиясының жалғасы - Қансейітовтың «Менің ұстазым Құ­дияровтың көп қасиеттері әкеме ұқсады. Өйткені ол менің әкемнің оқушысы еді. Олардың жолын қуып мен де ұстаз болдым. Сонда бір жағымда әкем, бір жағымда ұстазым тұрғандай, сол кісілердің тағылымымен жүріп кел­дім» десе, Сайлаухан Жартыбаев: «Мен бала күнімде интернатта оқыдым. Әдебиеттен сабақ беретін ұстазым Бегман Әбжалелов менен көп үміт күтті. Ол кісі аудандық газет редакциясы жанынан ашылған әдеби бірестікке мені жаздырды. 9-10-шы сыныпты № 51 мектепте оқыдым. Осы мектепте математикадан сабақ беріп жрген Скендір ағайдың әсері соншалықты мен әдебиетті тастап математикаға ден қойып кеттім. Ақыры осы мамандықты таңдап, қырық жыл ауыл балаларына математикадан дәріс бердім. Ауданда танымал математик болдым. Барлы­ғы осы ұстазымның арқасы, – деп ұс­таз рухына тағзым ретінде жүрегінен шыққан өлеңін оқып берді.
Тағылымды кеште Құдияровтың шәкірттері – Қызылорда қаласының тұрғыны Югай Василий, Төменарық ауылының тұрғындары Жақсылық Са­парбеков пен Ұлбосын Әметовалар да ақжарма тілектерін бөлісті.
Келесі кезекте №53 орта мектебі­нің директоры Фархат Орынбайұлы сөз алып, білім ошағында жоғары сы­нып оқушылары арасында математи­ка пәнінен ұстазды еске алу кешіне байланысты зияткерлік сайыста жүйрік танылған талапкерлерге Құдияровтар әулеті атынан сый-сипаттарын табыс етті. Олардың қатарында тоғызыншы сынып оқушылары Әбдікерім Рамаза­нов, Нұрдос Сағындықов, Әли Әбіл­ман­сұр «жүзден жүйрік» танылды. Сол сияқты «Эру­дит» математикалық зияткерлік бай­қауын ұйымдастырған ұстаз Несібелі Қалдарова да марапатталды.
Құдияровтың шөберелері Нұржан мен Гүлназ «Ата-әже» әнімен көңіл­дер­ді көтерді. Келесі кезекте ұстаз­дың ұл-қыздары атынан Аман, Рақым Скендірұлдары, Зубайра Скендірқызы, Сапаркүл Сейтжаппарқызы, Ибадулла Сейтжаппарұлы сөз алып, жүрекжарды лебіздерін бөлісті.
– Төменарық мектебінен барған шәкірттер мединститутқа алғаш түскен сәтте кіл министр, бастық, дөкей­лердің балаларымен бірге оқып 250 адам­ның арасында өзімізді үш айда таны­тып, Төменарықтың атын шығардық» деді ұстаздың үлкен қызы, дәрігер Зүбайра апамыз.
Қызылорда университетінен ғалым­дарды бастап келіп отырған Абай­бек Жүнісов сөз айтып, халықара­лық қауымдастыққа танымал ұрпақтары бар ұстаз бақытына қызығушылығын жасырмады.

Түйін: Осы күні ауыл мектебінде КСРО Оқу ісінің үздігі Скендір Құдияров атында арнайы кабинет ашылып, оның бұрын сабақта пайдаланған көрнекі құралдарынан көрме жасақталды.
Алдағы уақытта кабинетті жаңа технологиямен жасақтап, үнемі қамта­масыз етіп отыруды мойынға алған ұстаз ұрпақтары азаматтықтың жарқын үлгісін танытты. Жақсыдан – шарапат деген осы!

Баян ҮСЕЙІНОВА

28 қазан 2023 ж. 635 0