№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚҰДИЯРОВТЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚҰДИЯРОВТЫҢ ҚАСИЕТІ

Іскендір Құдияров – ұстаздық қабілет-қарымы, басшылық болмыс-бітімімен аудан, облыс көлімінде ғана емес республика деңгейінде танылған тұлға. Оның ізгілікті істері тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Бүгінгі күннің өлшемімен өлшегенде өміршең бастамалар екеніне көзіңіз жетеді. Алайда, зымыраған уақыт ағымында тұлғаның көмескелене бастаған қасиеттерін таразылап, жастарға өнеге етудің ұлағаты мол...
1955 жылы Алматыдағы медицина институтына Төменарықтан үш түлек құжат тапсырады. Ол кезде мединститутта математикадан емтихан алады. Бірінші Өтеп Наурызбаев кіріп, бес алып шығады. Артынша Құрбан Анарбаев, одан кейін Абдолла Сейдеметов ішке енеді. Оқушының ой-өрісі кеңейтіп, таным-түсінігін арттырудың кілтін тапған Іскендір Құдияровтан ілім алған талапкерлер емтихан сұрақтарына мүдірмей жауап береді. Өз көздеріне өзі сенбеген емтихан алушы үсті-үстіне сұрақ қояды. Оларға да жауап береді. Жауыбына риза болған оқытушы: «Мына бала да менен бесті тартып алды ғой! Сендер киім ауыстырып жүрген бір адам емессіңдер ме?» деп таң қалып:
– Қай жерден келдіңдер, кім оқытты, – деп сұрайды.
– Жаңақорған ауданы Төменарық станциясындағы №53 мектепті бітірдік. Ұстазымыз Іскендір Құдияров деп жауап қатады... 
Әсілі, «Шәкіртіне қарап, ұстазын таны» деген сөздің парқын осындайда түсінесіз. Іскендір Құдияровтың білікті, білімді, белсенді ұстаз екенін куәлайтын жағдай бұл ғана емес.
Мәскеудің маңдайалды жоғары мектебіндегі алғашқы сабақ. Егде тартқан профессор амандасқаннан кейін, қалт қозғалып, қолына бор алып, тақтаға саннан өрнек сала бастайды. Бір сәтте аптығын басып: «мына есепті кім шешіп берді?» деп тосыннан сұрақ қояды.
Одақтың түкпір-түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін студенттер абдырып қалады. Сәлден кейін кезек-кезек қолын көтеріп есепті шығаруға бел буады. Бірақ, алынбайтын қамалдай қисынға келер түрі жоқ.
Ойша шығарып отырған төменарықтық түлек М.Ким тәуекел жасап, тақтаға жақындайды. Қолына бор алып, есепті шешуге ниет танытады. Сөйтіп ұстазы үйреткен формулаларды есіне түсіріп, іске кіріседі. Талпынған жетер мұратқа дегендей терлеп-тепшіп әйтеуір күрделі есептің шешімін де табады.
– Қай жердің тумасысың? – дейді жүзіне күлкі үйірілген профессор.
– Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, станция Төменарық.
– Ұстазың кім?
– Құдияров Іскендір.
– Ол нағыз ұстаз екен. Ауылыңа барғанда сәлем айтып «менің алғысымды жеткізерсіз» – депті...
Расында, мәскеулік профессор мойындағандай, Іскендір Құдияров шәкіртінің көңіліне сәуле құйып, талабын тасытып, құдды бір қымбат қазынаны арқалатып жіберетін қасиетке ие болды. Ұстаз жайлы естеліктер соған меңзейді.
КСРО Оқу-ағарту ісінің үздігі Әбдіхалық Әйтілеуов: «Іскендір Құдиярұлы екеуміздің жолымыз 1940 жылы түйісті. 15 жастаға жігіт Қызылорда педагогикалық училищесінде ілім жинап жүрген кезі-тұғын. Арада шамалы жылдар өткеннен кейін Қызылорда педагогикалық институтында тағы кездестік. Бұл жолға мақсатымыз – жоғары білім алу. Өйткені, ол кезде жоғары білім алу – қол жетпес арман болатын. Біз соған қол создық. Ол өз дарынына сай физика-математика факультетін негізгі пәндер бойынша үздік бітіріп, жаңақорғандық жоғары білімділердің алғашқы қарлығашының бірі болды. Оның содан кейінгі ғұмыры ағарту саласымен байланысты өрбіді. Еңбексүйгіш қасиетінің арқасында Құдияров бірден бір таңдаулы физик, математик болды. Әрі талантты ұйымдастырушы ретінде танылды», – деп есіне алды.
Ол 16 жасында (1945 жылы) ұстаздық жолға түседі. Содан 1995 жылға дейін елді мекен жастарына білім нәрін құйып, тәлімді тәрбие сіңірді. Адам болудың парқын үйретіп, адалдық пен әділдіктің, шыншылдық пен турашылдықтың ғаділет жолына бағыт-бағдар береді.
Сондықтан Құдияровтың ұстаздық болмысы мен тұлғалық тұрпатын сол кездегі жастар өзіне үлгі тұтты. Ұқсап бағуға тырысты. Содан болса керек-ті, 1955 жылғы мектеп бітірушілердің 48 пайызы, 1958 жылғы түлектердің 56 пайызы физика, математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, ұстаздық жолына түседі.
Болат Дәрібаев есімді шәкірті: «Мені айна алдына апарып, айнадан мені көрсетіп, «қарашы қандай әдемі, сүйкімді баласың, қалай ғана тентектік жасадың... Сенің мына әдемі түрің жаман әдеттен сақтауы керек еді ғой!» дегеніңіз осы уақытқа дейін ұмытпаймын. Осы сөзіңізді өмірлік үлгі еттіп, әдемі болуға тырысып келемін», дейді ұстазы жайлы естелігінде.
Іскендір Құдиярұлының ең басты қасиеті уақыт ағымынан қалмай, реформаларды тиімді жүзеге асырудың тетігін таба білгендігінде еді.
ХХ ғасырдың 80 жылдары мекемелер жанынан қосалқы шаруашылықты жүргізу идеясы көтеріледі. Мұндай жаңалықты қуаттап, мектеп жанынан тауық фермасын ұйымдастырады. Алдымен 200 тауық сиятын қора құрып, материалдық базасын жасақтайды. Сосын қоғамдық пайдалы сабақ негізінде күтім жұмыстары жүргізіледі. Тауық фермасында жұмыс істеудің тәртібі белгіленіп, мұғалімдер мен оқушылардың кезекшілік графигі мен арнайы ереже-нұсқаулар бекітіледі. Яғни, тауықты жемдеудің нормативтері, қажетті микроэлементтер және оның мөлшері, санитарлық-гигиеналық қадағалау шараларын басшылыққа алады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қосалқы шаруашылық – табыстың көзіне айналады. Дерек көздеріне қарағанда, 1989 жылдың алғашқы бес айында мектеп 1200 сом таза табыс тапқан екен.
Ұстаздың жастар тіл білімін терең меңгертуге де мән береді. Әсіресе, араб қарпін танып, ілім көкжиегін кеңейтуге күш салады. Өзінің тәлімгерлерінен бөлек ауданның өзге мектебінің оқушыларын аудандық газет арқылы сусындатуды мұрат етеді. Осылайша «Араб графикасын оқып, жазу» мақаласын жазып, оқу құралы ретінде ұсынады. Тіптен, тілді үйренуге ниет танытқан оқушыларды Жаңақорғанға арнайы келіп оқытады. Зейнетке шыққаннан кейін замандастарына Құран тілін меңгертуді қолға алады. Реті келгенде, Қызылорда қаласына барып, ақсақалдарға араб жазуын, Құран сүрелерін үйретеді. Міне, осыдан-ақ, Іскендір Құдрияровтың бойына қонған ұстаздық өнердің қасиетін танисыз.
Оның өзгелерден өрісі биік болуының сыры – жаңашылдыққа жаны құмарлығында. ХХ ғасырдың 80 жылдар аяғы 90 жылдар басында компьютер атаулыны Іскендір Құдияров насихаттауды бастады. 1989 жылы мектепте ЭВМ кабинетін ашып, оқушылардың заманауи құралды меңгеруіне жағдай жасап, компьютер туралы алғашқы білімдерін ұштайды. Өзі де жетік меңгеріп, еңбектерін компьютерде теріп, сақтайды.
– Компьютер туралы 1985 жылы СОКП Орталық Комитеті мен ССРО Министрлер Советінің біріккен қаулысынан кейін ЭВМ-ді оқып үйрету туралы қаулы алынғаны белгілі. Содан кейін мектептерде «информатика есептеу негізі» атты пән ретінде сабақтар жүргізіле бастады. Әдепкіде түсінуге қиын, жаңылтпаш сияқты еді. Алғаш рет өз бетімше 1-ден 500-ге дейінгі натурал сандардың кубтарын есептеуге програма жазып, компьютерге енгізіп, мәнін экранға шығаруға команда бердім. Сосын көз ілеспейтін жылдамдықпен сандардың кубтарын бірінен кейін бірін экранда беріп жатқанында қуанғаным бар. «Қандай құдірет?!» деп таңқалдым. Жоғары сандардың кубын кәдімгі жолмен есептегенде кемінде 10 сағат уақыт кететіні маған белгілі. Компьютер баспахана жұмыстарының қызметін де тамаша атқара алады. Счет-фактура түрлі статистикалық формадағы есеп бланкілерін ілезде көбейтіп береді. Компьютермен жұмыс істеудің мүмкіндігі мол. Оның әмбебап екенін білгеннен кейін жүрген жерде насихаттай беруді мақсат еттім, – деп жазыпты «Екінші сауаттылыққа жол» атты мақаласында.
Бүгінде мектепте оқушылар мамандықтың негізін алуды қолға ала бастады. Әсіресе, 12 жылдық білім беру жүйесінде оқушының қабілет-қарымына қарай мамандықты меңгертуді дағдыландыруда. Осы жұмыстарды І.Құдияровтың ісінен де көруге болады. Мектептен автокурстар ұйымдастырып, 700-ден аса оқушының аттестатпен бірге 3 класты шофер мамандығының куәлігін алады.   
Ағартушының тағы бір қыры – қаламгерлігінде. Аудандық, облыстық басылымға мақалалар жазудан бөлек, оқу-ағарту саласында маңызды  саналатын әдістемелерімен бөлісіп отырады. Соның бірі – «Дана дәрісі» атты адамдық сабағы. 40 сабаққа бөлінген дәрісте Әл-Фарабиден бастап Мұхтар Әуезовке дейінгі дала даналарының, батыс және шығыстың кемеңгер ойшылдарының асыл сөздерін жастардың бойына дарытудың дара жолын таңдайды. Екі бөлімнен тұратын дәрісте даналардың ұлағатты ойлары жинақталған және тіршіліктің қыр-сыры мен өмірдің өнегесін сұрақ-жауап арқылы тиімді береді.
Оның 1952-1964 жылдары «Ленин жолы», Ленин кичи», «Ленинский путь» облыстық газетінде штаттан тыс фототілшісі болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Ұстаз бойындағы жан-жақтылық және креативті ойлау білу қасиеті шәкірттерінің дарынын ұштап, білімге құштарлығын арттырады. Оның дәлелі, академик Мұхтар Әлиев, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, техника ғылымдарының докторы Мейірбек Молдабеков және т.б. ұстаздың алдын көріп, тәлімін алады.
І.Құдияровтың білім беру саласына салған ізімен №53 А.Романов атындағы мектеп аудандағы үздік білім ордасының бірінен саналды. Міне, ағартушының артында қалған ізгілікті ізі осындай...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
24 шілде 2018 ж. 1 213 0