Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жүрек шуағының жемісі

Жүрек шуағының жемісі


Тақыр жерден тың түлеткен Түгіскен массивінің мәртебесін асырған нешеме тұлғалар арасында өзіндің қолтаңбасы айқын Зұлпыхар Сыздықов ағамыздың есімі бүгінде сыр өңіріне танымал. Кеңестік жүйе кезінің өзінде кең пішіп, кемел тірлік атқарып, аты озық жүретін ағамыздың бүгінгі хал-ахуалы, жай-жағдайы туралы білгіміз келіп, біз ол кісіні арнайы іздеп бардық. Ерте кездердегі пәленше байдың ауылы дегендей-ақ, ел ағасының қонысы ауыл шетінде өзіндік өркениетті келбетіменжай көзге ерекшеленіп менмұндалап тұр. Алғаш ауылдықтарға тойхана ашып берген еді, кейін ол ғимаратты ауыл халқына қажеттілігі басым ірі супермаркет дүкеніне айналдырып жіберіпті. Оның жанында тұрғынжай үшін тұрғызылып жатқан еңселі коттедж құрылысы да елді мекеннің көркін артырып- ақ тұр. Біз ағаның өзі тұрып жатқан үйге келіп тоқтап, ол кісінің өзін сыртта кездестірдік, есік алды шабындықты суарып жүр екен. Бізді құтханасына бастаған аға алдымен ата-анам туралы айтып көңілді бір толқытты.


Қонақжайлық танытып төрге оздырып, келген шаруамызды білген соң біздің өтінішімізбен азды-көп өмір жолына шолу жасады. Одан бұрын осы бір-екі күндегі оқиғасын бүкпесіз баяндап беріп еді, тіршіліктің боямасыз бір хикметі қаз-қалпында көз алдымызға кеп тұра қалды. Соның барлығын зердеге түйген зерлі кеуделі ағамыз тегін адам болмай шықты, мұндай жандардың санаулы минуттарының өзі мағынаға өріліп жатады екен. Бұл хиқаяны кейін, келесіде баяндап берейік.
Кейіпкерімізбен кең отырып әңгімелескенде көңілге түйгеніміз, бұл ағамыздың бала жасынан тағдырдан шын тілеген үш биік арманы болыпты және үшеуі де орындалыпты. Біріншісі, қайтсем де мал маманы боламын депті. Екіншісі, сары өңді қызбен бас қосуым керек, екеуміз де қараторы болсақ балаларымыз қайда барады деп қауіп қылыпты. Одан кейінгісі, төрт ұлым болса қанағат, ал қыздың керегі жоқ деп санаған көрінеді. Тілеуі келіп, мал маманы болып шығыпты, сары қызды да жолықтырыпты. Екеуіне Құдай бес перзент сыйлапты, төртеуі ұл бала, біреуі қыз, елде жоқ осы бір сұлу қызы бес жасында бақиға ұшып кетіпті. Үш арманына да қол жеткізген жігіт осы кезде бір сырды көкірегіне түйіп қойыпты. Түзу сөз айт, қайырлы тілек тіле, не тілесең де Алла береді.
Ауылға түпкілікті мал маманы болып орныққан 1975 жылдар әлі жағдайдың ауыр кезі. Фермада қысы-жаз жұмысқа жегілген жандардың бейнеттен көз ашпаса да берекесі кем, тиімді еңбекті ұйымдастырудың тетіктері жетілмеген. Мұның барлығы жас маманның санасын сан-саққа жүгіртіп, салмақты ізденістің жолына түседі.
Сан қиындықты еңсере білген екінші тың ерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында 1981 жылы Түгіскен шаруашылығы облыстағы үздік он еңбек ұжымының бірінен саналып, Социалистік жарыстың жеңімпазы атаныпты. Біздің кейіпкері­міз осы кезеңде Х және ХІ бесжылдықтың үздігі ретінде Одақ министрлігінің «Өз ісінің шебері» төсбелгісін кеудесіне таққанын айтады. Ол кездері Келінтөбе мен Түгіскен кеңшары тікелей республика су шаруашылығы министрлігіне қарасты облыстағы «Риссовхозстрой» мекемесі­не қарайтын. Зұлпыхар Сыздықовтың еңбегі ескеріліп, «Москвич» автокөлігі сыйға беріле­тін болғанда соны алу үшін су шаруашылығы министрі Гончаровтың алдына кіріп, келісімін алып, қол қойдырып шыққанын айтып берді.
Шаруа жағдайын шаруаның көзін білетін адам көбірек түсінеді. Өзі күнде көріп, көңіліне тоқыған күйкі көріністерді жеңілдетіп, еңбек өнімділі­гіне жетудің тиімді тәсілдерін табуға талаптан­ған жас Талдықорған жаққа барып, сол жақта әріптестері іске қолданып жатқан сүт өндірісінде арнайы станокпен сауу технологиясының қыр-сырына қанығып, құрал-жабдықтарды ала келіп осы жаңалықты ауылына ендіріпті. Бұған дейін аптапта күйіп, қыста мұздыаяқ болып, сауған сүті жеңдерінен сорғалап, сиыр сарып жіберсе шелегіне шашырап немесе қиы ұшып, қиюы қашқан бейнеттен әбден жауыр болған апа-қарындастың арқасы кеңіп, сүт өндіру көлемі еселеп артып, елдің де еңсесі көтеріліп қалыпты. Бұл өз алдына, әлгі аппараттың басындағы тетігін қолдан ауыстырып осы әдіспен бие саууды да жолға қоя біліпті.
1989 жылы облыста өтіп жатқан семинарда ол мінберде тұрып өндіріске ендірген осы озық тәжірибесі туралы баяндайды. «Қырық биені бөлек қамап, үш сағат сайын жүйелі сауып отырғанда күніне 150 литр саумал өндіруге болады. Мұны қолмен сауып үлгеру мүмкін емес. Станокты қолдану арқылы уақыттан ұтамыз әрі өнім көлемі артты. Жануарларда бұл процеске шартты рефлекс пайда болған, сауын уағында станокка тыпыршып таласып кіреді» дегенде залда отырған облыстық басқарма өкілдері, жеті аудан бойынша 103 кеңшардың директорлары мен бас мамандары бар, бәрін қосқанда 250 кісі ду етіп күлді. «Кеңшарда еңбекті ұйымдастырудың тағы бір тәсілін ендірдік, – деді бұл тағы да. Жамбыл облысы Шу қаласынан 180 бас нутрия тұқымын алып келіп, өсіріп отырмыз Етін Кентау қаласына жіберіп пұлдап отырмыз. Ал жылтыр терісінен шапка тігетін ісмерлерді жинап ми­ни­цех аштық. Түскен қаржыны жұмыскерлердің жалақысымен есептесеміз. Бұл өзі жем-шөппен қоректенетін мақұлық, әсіресе сәбізді жақсы көреді., өзі тойса сәбізін қатарындағысына лақтырып жібереді де екіншісі қыртылдатып жей бастайды» дегенде екі жүз елу адам ду етіп тағы күлді. Қаламсаппен үстелді тықылдатқан сол кездегі обком хатшысы Сейілбек Шаухаманов. «Неге күлесіздер?» деді көпшілікке қарап. Жұмыстың көзін таба білу деген осы. Жоқтан бар жасап отыр. Бүгінге дейін қымыз өндіру мәселесі дегенге қырын қарап болмайды деп келдіңіздер. Қалай жолын тапқанын көрдіңдер ғой. Жұмыс істейтін адам, болдырамын деген адам осылай іс қылады. Сенбесеңдер апарып көрсетейін. Бұл ауылда Атымтай Атақожаев деген кісі бар. Бау егіп, бақшылығының алмасымен облыс жәрмеңкесін көтеріп отыр» деп мұның мерейін бір асырып тастады. Сол жылы күзде бұлардың іс тәжірибесін тарату бойынша облыстық семинар өтіпті. Обком хатшысы бастаған топ алдымен Атымтай Атақожаевтың бау-бақшасында өсіп тұрған қып-қызыл алманы көріп, одан әрі Зұлпыхар Сыздықовтың комплексіне тоқтап, жылқыны станокта сауудың технологиясына да, сәбіз жегіш нутриялардың бағым- күтіміне де ден қойып, тақданыстарын жасырмапты. Одан әрі комплексті түгел аралағанда басқа ешқан­дай шаруашылықта жоқ жаңашылдықтар кезек­пе-кезек көз алдарынан өтіпті. Комплекспен қабырғала зоотехниктің кеңсесіне енгенде атшаптырым аумақта дауыс күшейткішімен магнитофоннан музыка ойнап тұр. Жанына сауыншыларға демалатын жай жабдықтап қойыпты. Медициналық бөлмесінде бір маманды бөлдіріп, егу жұмысынан басқа балшықпен емдеу, сәулемен емдеу, физиолечение дегенге жағдай жасап қойыпты. Оны қайдан алдыңыз дегендерге, сол кездегі Жаңақорған санаториясының бастығы Егенберді ағасын жағалап осы жағдайдың бәрін жасап қоюға қол жеткізгенін айтты.
Мектеп директорынан сұрап алған парта мен столдарды қойдырып өздері бас қосып отыратын аумақты да жабдықтап, айнадай тап-таза етіп қойыпты. Жоғарыдағы жаңашыл жетістіктерімен қатар еңбекшілерге мынадай жағдай жасап қойған ұсынықты маманның тірлігін көріп әріптестері «Қалауын тапса қар жанар» деген мәтелдің шын мағынасына көздері жетіп көңілдері толып қайтыпты сол жолы. Осы жерде әңгімеге араласқан Зұлпыхар ағаның жұбайы ерінің қашанда қолы ашық жомарттық қасиетінен жаңылмай, сол мінезімен кешегі кеңестік кезеңде де мемлекеттің міндеті деп қарап отырмай кеңшар фермасын кешенді жабдықтауға өз күшімен де, мекемелердің басында отырған жора-жолдастың көмегін үйлестіріп те көп істің тынысын ашқанын айтты. Еңбекшілердің басын қосып, сол кеңсесінде талай шара ұйымдастырып, сол кездегі ең үлкен мереке – бірінші май күні міндетті түрде бір қарасын сойып, жұртшылыққа дастархан жаюдан жаңылмаған әдетін де айтып қалды. Ол кезде барлығы мемлекеттің меншігі, мынандай істерді қалай, қандай қаржыға ұйымдастырды деген сауалымызға жауапты осылай таптық. Барлығы ыстық қайрат, нұрлы жүректе, осындай таза пейілмен еңбектенген жанға жарқын күндер құшағын аша түседі екен-ау деп ой түйдік.
Маңдай терін тамшылатып, уақыт­пен санаспай еңбек еткен, одан қалды басы артық бір дүние жимай, қайтсе шаруашылықты ілгері жылжы­тамын деумен ізденістен танбаған білікті маманның еңбегі ескеріліп, мал шаруашылығының бас маманы ретінде облыстан шыққан «Алтын кітапқа» еңбегі жарияланды.
Біздің кейіпкеріміз – Зұлпыхар Заманұлы 1952 жылы Түгіскеннен сәл арырақ әкесінің атымен аталған «Заманқұм» қыстауында дүниеге келдім дейді. Жер атауын иеленген жай кісі болсын ба, әкесі сол жерде өмір бойы мал бағып, маңдай терін төгіп өткен екен. Титтейінен оқуға қатты құштар Зұлпыхарының талабын қолдар-ақ еді, ізін жалғап, қолын ұзартар ұябасарын жанынан бір елі ұзатқысы келмепті. Жас өрен ебін тауып үйден қашып шығып, Сарыағаштағы зоо-ветеринарлық техникумға оқуға түсуге келеді. Оқу тек орыс тілінде жүреді, қиналып тарықса да талапқа мініп, ақыры үздіктер қатарына ілігіпті.
Төрт жыл оқып, оқуын бітірген соң мұны жолдамамен Целиноградқа жіберген екен, жиырмаға енді толған жігіт сұранып елге қарай жақын­дап, Темірланда, одан әрі Шаянның Жамбыл колхозында еңбек жолын бастайды.
Түгіскен ауылының қазығы 1967 жылы қаланып, алғашқы бес-алты үй салынып, орнығыпты.
1972 жылы туған ауылға оралып, Апанқаққа кіші мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Осы жылы өзі әскер қатарына аттанатын болғандықтан ата-анасын тапсырып кететін сары қызды іздеп тауып, бас қосады. Жан жары екі жыл бойы мұның жолын күтіп тек отырмапты, келгесін оқытам деген уәдесін малданып, қолы қалт етсе кітап оқып ынталанумен болыпты. Жігіті елге оралған соң қат-қабат жұмысқа араласып, одан мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білімін жалғап сары қыз жан-жарына жол берген тәрізді.
Өз ісіне шын берілген азамат осы жігерінен танбай кеңестік шаруашылықта еңбек еткен жылдары 3200 ірі қара, 500 жылқы, 5000 мың қойды мұртын бұзбай ұстап келсе, 93 жылдары содан 1800 бас қалған екен. Осы жылдары 51 жасында денсаулығына байланысты емделуге тура келіп, екі жыл шаруадан қол үзуге тура келген.

Басқа шаруашылықтар жекешеленіп жатқан уақытта Түгіскен мемлекеттік тұқым шаруашылығы құрылып кешеге дейін сақталып келді. Енді осы ұжымшар басшыларынан білікті маманға өзі тіілін жақсы білетін мал шаруашылығын өркендетуге атсалысса деген ұсыныс түседі. Алғашында тауық фермасын ашып, 10 мыңдай тауық асырайды. Шаруашылыққа директор болып келген Серқожа Ыдырысов тауықпен шектелген атыңа жараспайды, балық өндірсеңші деп, көл, қашыртқы, канал жағалап кеткен кездері де болыпты. Сөйтіп бұл кісі шаруашылыққа қайта келгенде баяғы 500 бас жылқыдан жалғыз ат қалыпты. 650 бас ірі қара сиятын комплексті жабдықтап, қой басын екі отарға жеткізген.

2015 жылы бұл шаруашылық қайта қожырады. Бұл кездері зейнет жасына жеткен ол ендігі бар күшін өзінің атына ашылған «Заман Ата» жеке шаруашылығына бағыттады. Мал селекциясының тілін терең біле­тін Зәкең Красноярск өлкесі, Ресейден, Петропавл мен Атыраудан тұқымға бұқа сатып алып келе бастады. Тумысынан ғылымға жақын жан осы шаруаларына қосымша он бес жыл­дан бері Оңтүстік Қазақстан ғылыми зерттеу институтының қызметкері ретінде тәжірибе алаңындағы 130 қалмақ тұқымдас ірі қараны жеке бақылауына алып жұмыс жүргізе бастайды. Кейін институттың бұл шаруашылықты ұстап тұруға шамасы келмей басы бүтін өз қарамағына алыпты.
Әуел бастан ауыл шаруашылығын интенсивтендіруге игілікті іс-әрекеті­мен үлес қосуға талпынған ізденімпаз маман елді мекендер арасында ең алғаш рет мал сою пунктін салуға 18 млн теңге инвестиция құйып, конвейер, лабараториясымен қоса толық жабдығымен жасап сақадай-сай етіп қойғанына бес-алты жылдың жүзі өтті. Сол күйі пайдаланусыз қаңырап тұр. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығы саласы бұл жұмысты бір бағытқа қоймаған. Малды сойып сату мен тұтынуда да мәдениет қалыптаспаған. Ал адамға ең керегі – денсаулық. Бұл бағытта мал еті арнайы кешенде сойылып, жан-жақ­ты санитарлық сараптамадан өтуі тиіс. Мал шаруашылығында қырық бес жыл еңбек атқарған азамат ретін­де адамзат денсаулығына алаң­дау­лы ағаны осы мәселе қатты толған­дырады екен.
Бүгінде өзінің жеке кәсібімен ай­налысып елге қызмет етіп отыр­ған Зұлпыхар ағамыз мал кәсіпші­лігінен бөлек супермаркет дүкені бар, барлығын қосқанда оншақты азаматты жұмыспен қамтып отыр­ғанын айтты. Жеке қарауында 650-ге дейін асыл тұқымды малды жерсіндіріп, төлін алып келген кә­сіпкер аға үкіметтен нақты көмек ала алмағанын да жасырмады.
Өзінің күші мен қайратына сенген ол бойда­ғы бар асыл қасиетін перзенттеріне үлгі етуді мұрат тұтыпты. Оның ең бірінші өсиеті: Ешкімге қиянат қыл­ма. Біреудің ақысына кірме. Өзгенің несібесінен жырып алған бойға жұға ма? Шіркін-ай, дейсің, әр азамат осындай пейілде болса жемқорлық дегенге орын қала ма?
Үй айналасына жағалай егілген ағаштардың сорты бөлек. Егін шаруашылығында да өзіндік ғылыми қолтаңбасын қалдырған ғалым ағаның 15 га тәжірибелік алаңға күріштің «Түгіскен» деп аталған жаңа сортын ендіргенін естігенбіз. 2000 жылы елге келген филиппиндіктермен жұмыс істеп, суды үнемдеу жөнінде бірге тәжірибе өткізді. Ал мына үй айналасын көмкерген мүлде сорты бөлек, саясы қалың ағаштарды көріп сүйсінгенімізді жасырмаймыз. Есік алдын кілем сынды түгел көмкерген газоны да бөлекше. Барлығын да шет аймақтардан әкеліп жерсіндіргенін айтты ол. Шырша тектес ағаштары да түгел алып тұр. Ал мына ерекше әдемі иіс бөлетін қатпар-қатпар қалық жапырақты ағаш «Книжка» деп аталады екен.
Ағаның үй айналасын жұрттыкін­дей қалың дуалмен қоршаламай сәнді темірмен көмкергені қандай жақсы болған, ашық ауамен алысқа тарап жатқан жұпар иіс табиғаттың сәні мен салтанатын көпке паш етіп, тұтас көшенің көркін кіргізіп тұр.
Өмірбойы жан тазалығы мег адал еңбекті пір тұтқан әкенің тағылымы да тегін болмаса керек. Оны дәлелдейтін перзенттерінің шыққан биігі ғой. Тұңғышы Мұхтар хирург-дәрігерлікті таңдапты. Қайсар қарашаңырақта әке жолын жалғады. Ғаппар жеке кәсіпкер. Семсері Тасбөгет қаласының әкімі.
Бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылының арқасүйеріне айналған Зұлпыхар Заманұлы туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 қараша 2023 ж. 952 0