№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Татулық – бәрінен қымбат

Татулық – бәрінен қымбат

Әдетте халқымыз: «Ағайын тату болса – ат көп, Абысын тату болса – ас көп» – дейді. Ол рас! Бұл фәни жалғанда, ынтымақ-бірліктен, татулықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Бірлік пен ынтымаққа ешнәрсе жетпейді.


Сондықтан халқымызда «Бақыт – достықта, ырыс – ынтымақта» – деген қанатты сөз бар, сол сияқты, «Айында көрмесе – ағайын жат, жылында көрмесе – жегжат жат» – деген нақылдың да егесі халық.

Білген адамға, ынтымақ-бірлік – ерен байлық. Өйткені, ағайын, туыс, бауырлар бір өліде, бір тіріде көрісетінін ешқашан да естен шығармағаны жөн. Себебі, ағайынның азары болса да, безері болмайды.

Осынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда ағайын-туыс іркіттей ірімей, айрандай ұюға талпыну керек екендігін бүгінгі таңда өмірдің өзі алға тартып отыр. Мұны ешкімнің де ұмытпағаны мақұл.

Жасыратыны жоқ, бұл өмірде қақсоқпен жұмысы жоқ жуас жандармен бірге табыс табудың жолын да, көзін де жақсы білетін пысықай жандар қатар өмір сүруде. Сонымен бірге елді ұршықтай үйіріп, өзіне тарта білетін көсемдер де аз емес.

Міне, осындай епті азаматтар арасында өзінен басқаны ойлай бермейтін, дүниеқұмарлық пыйғылы басымдар туыс-туғанға қарасуды ұмытып бара жатқандай. Аға – ініге, іні – ағаға қарайласу былай тұрсын, барған сайын бір-біріне мән де, көңіл де бөле бермейтін болды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамда мейір-шапағат, азайып барады. Бұл – аса қауіпті құбылыс.

Сөздің шыны керек, кейбір ел тізгінін ұстап, ел билігінде жүрген азаматтарымыздың өзі арасында да іргесінде отырған інісіне, не алыстағы ағасына көмек қолын созудан қалып бара жатуы кәдімгідей ойлантады. Қоғамымызда қайырымсыздық пен мейірімсіздік белең алып келеді.

Айналайын ерен ойлы жастар! Ұрпақтарым! Туғантуыс, аға мен іні бір-біріне көңіл бөлмей, тіптен мән бермеуі, ел мен жұртты аздыратын бірден-бір келеңсіз көрініс. Бұдан тезірек арылмайынша елжұртымыздың өмірінде мән де, сән де, мағына да болмайды. Ұлттық идеология да қалыптаспайды.

Мұндай келенсіздік пен берекесіздік туралы он ойланып, тоғыз толғанып, жөнделуге талпынбасақ қоғамымызда оң өзгерістер өркендемейді.

Естеріңізде болсын, бақыт та, байлық та, береке де жұдырықтай жұмыла білуде. Бақ, қайда барасың? – дегенде, «Ынтымақ пен бірлікке» – деген осыны, ешқашан жадымыздан шығармағанымыз мақұл.

Әсіресе, бүгінгі таңдағы ерен ойлы жастар! «От басы, ошақ қасынан» ұзап, ағайын-туысыңа, бауырларыңа, әпке мен қарындасыңа, жалпы халыққа ылғи да көмек қол созып, ыстық мейірлеріңді төге түссеңдер нұр үстіне нұр.

Әбіл Сейданов

17 мамыр 2023 ж. 335 0