» » «РУХ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫНЫҢ ІІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

«РУХ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫНЫҢ ІІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ


«Руханият» орталықтарындағы 7 мекемені орталықтандырылған жүйеге көшіру, оны жаңа деңгейге көтеру және тәжірибе алмасуды мақсат еткен "Анаға тағзым" орталығының «Рух керуені» кешенді жобасының ІІ кезеңі Жаңақорған ауданында жалғасты. Мәдени-танымдық бастаманың бұл кезеңі Жаңақорған ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Ынтымақ пен бірлік – елдің тұтастығы» атты әдеби-сазды кешпен тұспа-тұс келді.
Ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау мақсатындағы шарадан кейін «Рух керуені» жобасы аясындағы оқыту семинары болды. Кітапхана, музей, Ардагерлер және Аналар кеңесі, Жастар ресурстық орталығы және архив секілді «Руханият» орталықтарындағы мекеме қызметкерлеріне арналған дәрісте «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Мейрамбекқызы «Руханият орталығындағы мәдени шаралар: Идеядан нәтижеге дейінгі көркемдік басқару» тақырыбында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. «Анаға тағзым» орталығының арт-тренері Ізбанова Айгерім арт-терапия өткізіп, қызметкерлер сурет салса, «Жастар ресурстық орталығының» жастар ісі жөніндегі маманы Әуезхан Нұрмұқасан өткен шараларды дұрыс түсіру, жылдам әрі сауатты монтаждау жолдарын үйретті, «Анаға тағзым» орталығының бас редакторы Гүлсім Нұрланқызы «Рух керуені» жобасының бір айлық нәтижесімен бөлісті. «Руханият бренді: контент, жүйе және сапа» тақырыбында жалпы талдау жасап, орталықтың ақпараттандыру бағытындағы ұтымды және кемшін тұстарына тоқталды.
29 сәуір 2026 ж. 29 0