Қарлығаштар неге азайып бара жатыр?
Қарлығаш қазақ ұғымында қасиетті құс саналады. Көктемнің келгенінен хабар беретін жыл құсының азайып бара жатқаны әлем ғалымдарының назарын аудара бастады. Біз осы тұста табиғатпен үндесіп, аймағымызға маңайламай кеткен көктем құсының түрлерін анықтап, ауылдардағы тұрғындармен сауалнама жүргізіп, қариялардың ойын тыңдап, құстарды арнайы зерттеп жүрген орнитолог ғалымдардың жұмысымен танысып, журналистік зерттеу жүргізуді жөн санадық.
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҚАРЛЫҒАШТАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН ҚАСИЕТІ
Қарлығаш – пейіштің құсы. Қарлығаштың құйрығының неге айыр болатыны жайында аңыз көне заманнан сыр шертеді. Адам баласының өмірі үшін құрбан болуға дайын құстың тектілігі тегін емес. Жұптасып күн кешіп, балапанын бірге баптайтын киелі құстың қазіргі қоғамда қадірі қашып бара жатқаны жанымызға батады. Бала күнімізде ата-әжелеріміз қарлығаштың келуін «молшылық келді» деп, оның ұясын бұзбай, балапаны ұшып кеткенше қомқорлығын аямайтын. Қазіргі таңда осы бір адами қасиетті сақтап қалғандар аз.
Айналаға зер салсаңыз, бұрынғыдай емес, қарлығаштың қарасын сирек кездестіресіз. «Сирек құстар» санатына ілінген құс мекендеген аймағына қарай далалық және таулық деп бөлінеді. Қарлығаш торғай тұқымдастығына жатады. Әлемде қарлығаштың 79 түрі бар. Сыр өңірінде оның 4 түрі кездеседі. Атап айтсам, сұр, қос реңді, құзды және жар тұмсықты түрі мекендейді. Сырдария өзенінің жағалауынан жиі кездесетін сұр қарлығаш әлемдегі ең жүйрік құс саналады. Ол сағатына 170 шақырым жылдамдықпен ұшады екен. Ал жар тұмсықты қарлығаш Арал теңізінде кездеседі. Ол ұсақ балық аулауға машықтанған. Қос реңді қарлығаш елімізде ең көп таралған құс. Олар насекомдармен қоректенеді. Сондықтан қарлығашы көп ауылдың шыбын-шіркейі аз, жұқпалы аурудан таза болады. Мысалы, Қаратау бөктеріндегі ауылдарда жыл құсы молырақ кездеседі. Мәселең, Жаманбай батыр ауылындағы тұрғындарға жазғы мезгілде масахана қажет емес. Ал, Сыр өңіріндегі Көктөбе, Қаратөбе, Қандөз, Келінтөбе, Түгіскен, Машбек ауылдарында жазғы мезгілде шыбын-шіркей де, сона мен маса да маза бермейді. Неге? Мұны сол ауылдың тұрғындары қарлығаштың ауылға маңайламайтынымен түсіндіреді. Кеңес ауылының қадірменді қариясы Нәлібай Құрбаниязов қарлығаш жайлы салиқалы әңгімесін төмендегіше тарқатты:
– Қазақ ежелден қарлығаштың қасиетін жақсы білген. Жаугершілік заманда да қарлығаш қауіпсіз аймақты мекендеген деседі. Оқ пен от дарымайтын құс қара түтінді қақ жарып ұшқанын талай көрдік. Бала күнімде бір қарт кісінің балалары соғыста мерт болып, жалғыз қалғаны бар. Сол қарт сырқаттанған шақта қарияның төбесін айналып ұшқан қарлығаштың шықылын аңдадым. Осы бір көріністі әкеме айттым. Сонда әкем, «Тиіспе балам, анау қарлығаш қанатымен су бүркіп, көкемізге дұға оқып, дем салып жатыр, қара да тұр, көп ұзамай жазылып кетеді-ау» деген еді. Расында, тылсым табиғаттың құдыретінде шек бар ма, көкеміз сырқаттан айығып, тілге келді. Осы оқиғадан кейін қарлығашты пейіштің әміріне баладым, – дейді бала күнін еске алып.
Кешегі қиыншылық кезеңдердегі өз басынан өткен оқиғаны баяндаған Ақмарал Серікжанның әңгімесіне құлақ түрелік: «Анаммен бірге аштық зардабынан көрші ауылға аяқ баса алмай әрең келеміз. Жол бойы қаптаған өлік, біреуге-біреу болысар шама жоқ. Сүрініп құлап, тұрарға дәрмен қалмады. Бір кезде бір топ құс ұшып келіп, тұмсығындағы дәнді тіршілік белгісі бар жандардың аузына төгіпті. Құстар қайта айналып келіп, су тамызыпты. Талықсып жатып, түс көргендеймін. Құтты анам нан беріп жатыр екен деймін, есімді жиып қарасам, бір топ қарлығаш, қырман жақтан дән тасып, бұлақтан су тасып жүр екен. Құстардың қарекетін көріп, Аллаға сансыз мадақ айтып, өмірге деген құлшынысым оянды», – дейді өткен күндерін еске алып. Текті құстың арқасында талай адам тірі қалып, ұрпағын сақтап қалыпты. Жаратқанның мейірім-шапағатына шек келтіре алмаспыз. Қандай, құдірет десеңізші!
Жаңақорған ауданында наурызек деп аталатын қарлығаштың түрі бар. Оның денесі өте кішкентай, тұмсығы үшкір, тырнақты келеді. Мұны жергілікті халық береке-байлық әкелетін киелі құс ретінде қастерлеп жатады. Наурызек баспана шатырына ұя салса, «дәулетті боламын» деп қуанып жатады. Ал, қарлығаштың ұясы әлемдегі ең мықты құрылыс ретінде мойындалғалы қашан. Балаларына өте жайлы орын әрі отқа күймейтін, суға батпайтын қасиеті бар.
Қазақ тарихы мен ауыз әдебиетіне үңілсек, халықтың мұң-мұқтажын тыңдар, бұқара үшін ғұмырын арнаған тау тұрғалардың киелі құсқа баланғанын білеміз. Халық арасында тура би атанған Төлебиді «Қарлығаш би» және «Қарлығаш әулие» деп дәріптеген. Екінің біріне мұндай мадақ бұйырмағаны айқын. Қытай еліндегі қандас ақынымыз Зағыпар Туғанбайұлы әлемнің назарын аударған «Қарлығаш би» жырында қазақтың дүниетанымындағы қарлығаштың рөлін керемет бейнелейді. Жаугершілік заманда «қарлығаштың ұясын бұзбайын» деп көште қалған қайсар бидің қарекетіне таң қалған қалмақтың сардары «Мұндай қариясы бар елді шабуға батылым бармайды» деп өкінген деседі.
Жаугершілік заманда Дағыстанның жаудан қайтпаған баһадүрлері кезекті жорық кезінде түн ауа дала қонатын болып, байрағын жерге қадап, ұйқыға кетеді. Таң қылаң бере оянса, байрақ басына қарлығаш ұя салып үлгеріпті. Жол бастаған даналары мұны жақсылыққа балап, сол жерге Пудахар қонысын салыпты. Кереметі сол кішкентай мекенге ешқашан жау тиіспей, бейбіт күн кешіп жатыр.
Тарихи оқиғаларда Ескендір Зұлқарнайынды да қарлығаш бір өлімнен алып қалғаны айтылады. «Қанатынан су себелеп есін жиғызыпты» деп дәріптеледі. Азия елдерінде де қарлығаш киелі деп саналады. Ал сонау Швеция елі қарлығаштың ұясын бұзса шаңырағымыз шайқалады деп есептейді. Ал Чехияда бойжеткеннің үйіне қарлығаш келсе, көп ұзамай ұзату тойы болады деп ырымдайды екен. «Мәңгілік махаббат мекені» Францияда күйеу жігіт қарлығаштың ұясына неке жүзігін салып, тоғыз күннен кейін қалыңдыққа ұсынады. Ерекше дүниетанымға ие гректер қарлығаш құсын Афродита құрметіне жаралған құс деп ойлайды. Әпсаналарында Иса Құдайы қарлығашқа айналып, күйеуінің денесін іздеп табады. Сол үшін де қарлығашты қадірлейді.
ҚАРЛЫҒАШТЫ КӘСІП ЕТКЕН ЕЛДЕР
Дүниежүзілік нарықта қарлығашқа зиян келтірмей толағай табыс тауып отырған елдер аз емес. Тропикалық аймақтағы елдер табыс көзін қарлығаштарды қарсы алуға арналған саяхаттарымен қызықтырады. Жапония мен Кореяда көктемнің нышаны саналатын жыл құсын көру үшін арнайы турлар ұйымдастырады. Олардың құны кем дегенде 500 мың АҚШ долларын құрайды.
Ал әлемде қарлығаш ұясы ең көп салған үй Эстонияда екен. Шағын ауылда 1932 жылы тұрғызылған үйдің шатырында 27 қарлығаш ұясы бар. Осы кереметті көру үшін әлемнің барлық аймағынан жылына сансыз туристер келіп қызықтайды. Бұл үй көктем мезгілінде көптің назарынан тыс қалмай, Эстонияның экономикасын арттыруға негіз болып отыр. Сондықтан бұл ел осы бір кішкентай үйдің күтіміне аса көңіл бөліп, «ұлттық құс» ретінде патенттеген.
Қытайдың дәстүрлі шипагерлік ілімі қарлығаш ұясының емдік қасиеті мол екенін дәлелдеді. Осы ем-шараны алу үшін әлемдегі ең ауқатты тұлғалар жылына 4 рет келеді. Себебі, иммундық жүйені жақсартып, ерте қартаюдың алдын алатын емге сұраныс мол. Келбетін ажарландырып, жасару үшін атақты тұлғалар жиі емге келеді. Шағын ғана кәсіптен мол табыс тауып, дәстүрлі шипагерлігін сақтаған халық қарлығаштың ұясын, қанатын, тырнағын кәдесіне жаратып отыр. Несеп жолының суықтауы, ішкі органдардың жұмысының бұзылуы, ұрпақсыздық кеселіне мың бір дауа тапқан ұлттың қарекетіне сүйсінгеннен басқа амал жоқ.
Ал, қазақтың ұлттық шипагерлігінде қарлығаштың қауырсынын жиі қолданған. Себебі, қарлығаш өте таза құс болғандықтан дененің ашық жарақатында қан тоқтату үшін кәдеге жаратқан. Қарлығаштың топырағын қыздырып, кеудеге басып, суық тиюді емдеген. Ұлттық шипагерліктің ізін жалғап, халыққа ем-домын жасап жүрген кент тұрғыны, емші Венера Бекенқызы ертеректе қолданған әдіс-тәсілдерді қайта жаңғыртудың маңызын айтты. Ол: «Қазақ емшілері құстардың ұясынан түрлі емге шипа тапқан. Қауырсынмен өте ауыр науқастарға дәрі тамызып жатқан емшілерді көзім көрді. Тізе-буын ауруларына қарлығаштың ұясын булап орап жататын. Жүкті әйелдерге қарлығаштың тырнағын іліп ырымдайды. Қазіргі кезде халық көне шипагерлікке жүгіне бастады. Себебі, химиялық дәрілер түбі залалын беретінін біле бастады. Артымыздан қаншама емшілер ұлттық шипагерлік ілімін жетілдіріп жүр. Жалпы, әр ұлттың болмысына сай өзінің шипагерлік ілімі қалыптасқаны жақсы», – деді сынықшы апа.
Жергілікті халық құрқылтайдың, наузаның, қарлығаштың, тырнаның ұясы мен тырнақ-қауырсындарының пайдалы қасиетін ұмытпағаны көңілімізге медеу. Қарлығаш ұшқан жерде оба, тырысқақ пен безгек секілді жұқпалы аурулар тарамайды. Кешегі пандемия кезінде көкте бірде-бір қарлығаш ұшпағаны халықтың қауіпті кезеңде күн кешіп жатқанынан хабар бергендей.Рухани жаңғыру аясында шипагерлік ілімімізді қайта жаңғыртіп, ұрпаққа аманаттау міндетін ұмытпасақ игі.
КИЕЛІ ҚҰСТЫҢ АЗАЮЫНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Аймақтағы қарлығаштардың хал-жағдайын зерттеу үшін жүргізген сауалнамамызда «Қарлығаштың қанша түрін білесіз?» және «Қарлығашты соңғы рет қашан көрдіңіз?» деген сауал қойған едік. Осы екі сұраққа ауыл тұрғындарының 92 пайызы биылғы жылы көктем құсын көрмегенін, 78 пайызы бір ғана түрін білетінін айтқан. Демек, дала құсы қайда? Олардың азайып кетуіне қандай факторлар әсер етуде? Табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ұйымдардың қандай жоспары бар? Осы сауалдарға жауап іздеген едік.
Дүниежүзілік құстарды қорғау ұйымының орнитологы Ги Мунфар қарлығаштың азайып бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді. Ол мұны ғаламдық жылынудың әсерінен деп болжайды. Birdwatch табиғат қорғау қорының мәліметтері бойынша ең көп қарлығашы бар Ирландия экологиялық апат салдарынан 500 мыңнан аса қарлығаштың өлексесін жойған. Тынық мұхитының қақ ортасында орналасқан Маврикийде соңғы он жылда қарлығаш төбе көрсетпеген. Орнитолог қазіргі таңда Азия елдері мен Оңтүстік Америка елдерінде жыл құстары жойылып бара жатқанын дәлелдеді. Ол бірнеше елдің табиғатын зерттеп, құс аулайтын арнайы «Арон тор» құрады. Хакасакия елінен торға түскен қарлығашты чипі бар сақина тағып ұшырып жібереді. Сол кіп-кішкентай құс тәулігіне 800 мың шақырым жылдамдықпен ұшып, Қазақстанға бір аптада жетеді. Халықаралық құстарды қорғау ұйымы ВВС каналына берген жаңалықта зерттелген нысанды Сырдария өзенінен ұстап, әлемнің беделді басылымдары жер бетіндегі ең жүйрік «Қазақстан қарлығашы» туралы жарыса жариялайды.
Қазіргі таңда еліміздегі биологтардың пайымдауынша, Қазақстанда Арқа, Қызылжар, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Жезқазған өңірлерінде қарлығаштардың саны азайғанын байқаған. Бұл туралы 2014 жылы дүниетану ғылымының докторы Бақытжан Ербасов «Қарлығаштарға қамқорлық азайып барады» деген еңбегінде «Арқада мүлдем қарлығаш көрінбей кетті» дей келе, оған экологиялық жағдайдың қолайсыздығын меңзейді. Ал, кешегі пандемия кезінде «Құс жолынан» елге оралған қанаттыларды зерттеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Айгүл Әмірбекова: «...Көктемде елге оралған құстар арасында қарлығаш жылдағыдан едеуір аз келген. Күзде олардың 600 мыңы жылы жаққа бет алса, оның 8 мыңы ғана оралды. Оған елдегі індетпен күресте ауаға шашылып жатқан химиялық элементтердің әсері болуы бек мүмкін. Оған қоса қарлығаштар өте сезімтал құс болғандықтан қауіпті аймақтан бой тасалайды, – дейді. Енді бір ғалымдар, қазіргі баспаналар қарлығаш ұясын салуына қолайлы емес деп ойлайды. Себебі, шатыры мен қабырғалары құстың ұя салуына ынғайлы емес. Сондықтан болар қарлығаштарды тек ауылды жерлерден кездестіреміз.
Ғалымдардыңуәжі орынды, қарлығаштың азаюының негізгі себептеріне біз оған тағы бір қатарды қосқымыз келеді. Ол – халықтың рухани аштығы. Неге дерсіз? Меніңше, қазақы болмысымыздан, иман-рухымыздан, өнеге-салтымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Қоғамда қатыгездік, имансыздық, арсыздық, пендешілік, зинақорлық пен нашақорлық етек жайып бара жатқаны жасырын емес. Көнекөз қариялардан даналық, жастардан ибалық кеткен заманда қарлығаштың қадір-қасиетін, киесі мен наласын білетіндер некен-саяқ. Біз рухани кемелденбей, ешбір ісіміз оңға баспайтыны анық. Әр отбасы өз ұрпағына қарлығаштың киесі туралы насихаттап, ұясын бұзбауға, балапанына қамқорлық танытуға тәрбиелемей, қарлығаштарымыздың көші алыстай берері сөзсіз. Сіздің үйіңізге қарлығаш ұя салды ма?
Мақпал МАРҚАБАЙ