» » » Руханиятсыз тәрбие жоқ

Руханиятсыз тәрбие жоқ

Жаһандану кезеңінің толассыз жаңалығымен қоса өзіңдегі жақсыны белден жапырып, жалаңаштаудан кері тұрмайтын кесапат заңдылығына әбден көз жетті. Сонда не істеу керек? Ата-бабадан келе жатқан асыл құндылығымыздан ажырап, дәрменсіз күйде қала беруіміз керек пе? Жоқ, біздің де қарсы қылар қайранымыз бар ма? Бар екен. Оны мен өз өмір жолымнан анық түйсініп отырмын.

   Менің бала тәрбиесінде еңбек етіп келе жатқаныма отыз алты жылдан асыпты. Өзім жастайымнан ұстаздықты қаладым. Төменарық ауылындағы №223 орта мектебінде оқыдым. Директорымыз Базарбай Жаманқұлов еді. Ол кісінің тұла бойы тұнған қасиеті ұстаз үшін жаратылған жан еді. Сол кісіге еліктедік. Оныншы сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «Бастауышта оқытудың методикасы» факултьтетінде оқыдым. Еңбек жолымды Машбек ауылындағы №196 мектепте бастадым. Осы білім ұясында он тоғыз жыл бастауыш сыныптарға сабақ бердім. Одан әрі ауылдағы мемлекеттік №17 «Әділ» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі болып жұмыс істеп келе жатқаныма он жеті жыл болды. Бұл жерде бүлдіршіндер саны 50 еді. 2017 жылдан бастап 75 бала, 31 қызметкер бар. Балабақша ғимаратының ескіруіне байланысты бұрынғы мектеп үйі күрделі жөндеуден өтіп, ыңғайластырылып, сәбилер мекеніне берілді. Қазір мұнда 4 топ бар.

Болашақ саналы да, салмақты мінезді ұрпақ тәрбиелеудің тетігін табуға тырысу бізден көп ыждағаттылықты, ізденісті талап етеді. Өйткені жас өскін жаңа шаншыған шыбықпен тең, қалай күтіп баптасаң солай өседі. Тәрбие бағыты мемлекеттік деңгейде биік сапаға бет бұрғаны біздің де тынысымызды ашты. Соңғы кездері бағдарламадағы оқу іс-әрекеттердің орнын шығармашылық бағыттың алмастыруының өзі бүлдіршіндермен жеке жұмыс жасап, бейім-қабілетін тани түсуімізге, оны одан әрі шыңдап, келешек тұлғаларды мәпелеуімізге мүмкіндік береді.

Төрт топқа 9 тәрбиеші бекітілген. Тәжірибелі ізденімпаз мамандардың қабатында көмекші тәрбиешілер оқып-үйренуден жалықпайды.
Бағыт-бағдарды қайдан аламыз дегенге келсек, жаңадан шығып жатқан кітаптарға көп көңіл бөлумен қатар мерзімді басылымдардан аларымыз аз емес. Интернет ізденісімізді арттырып, қолымызды ұзартты дегенмен жүйесіз ақпараттың жүгенін табу қиын. Тіпті күдігі мен күмәні қоса қабат жүреді. Ал мерзімді ақпаратта жарияланған танымдық жазбалардың тасқа басқандай талдап-таразыланып берілуі тұғырлы білімнің төріне жол ашады. Онда тарихи да, танымдық та, өнер және әдебиетке қатысты қызықты материалдар да, ұлттың ұлағатын ұсынар уыз толғамдар да қатар көрініс тауып, көңіліңді нұрландырады. Әркім өзіне қажетін тауып, күндлікті жоспарына пайдаланып, әрі сол арқылы өз білім-білігін де артырып отырары даусыз. Сондықтан балабақша қызметкерлері баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытып, сүйікті басылымдарынан бір сәт қол үзбеуге тырысады.

Баспасөз – бала бағбанының ата-анамен де байланысын жолға қоятын дәнекер. Өйткені төл басылым бетінде бөбектерге арналған «Балапан» бетінен бүлдіршіндер мекенінің тыныстіршілігін жете танып, дарынды балақандар жөнінде жан-жақты ақпарат біоуге мүмкіндік бар. Сондықтан газетпен бай­ланысымызды үзбей, жылда толық жазылуға тырысамыз. Одан бөлек қызметкерлер арасында аптасына бір сағатты руханиятқа бөліп, өзімізге ұнаған материалдарды бөлісіп, пікір алмасып отырамыз.

Отбасымда екі ұлым – Өркен мен Нұркеннен тараған алты немерем әзірге бір оттың басында бір-бірімен тату-тәтті өсіп-өніп жатыр. Олардың бір-бірімен тым бауырмалдығы бір қазаннан ас ішкен ата-ана татулығының жемісі деп ойлаймын. Екі келінім де жолымды жалғаған бала бағбандары.

«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бүлдіршіндер мекеніндегі балақандарды барынша ынтымаққа, мейірімділікке, әдептілікке тәрбиелеуде халықтық педагогиканың үлгілі үрдістерінен үйренеріміз көп. Балабақшадағы білікті тәрбиешілер Мария Каубаева, Айжан Мүспенова, Теңгеш Сарыбаева сынды тәрбиешілердің тәлімін алған шәкірттері бала көңілін табуда тың ізденістерімен танылып, атаана көңілінен шыға беретініне сенгім келеді.



Кенжегүл Тұрғанбайқызы,
№17 «Әділ» бөбекжай балабақшасы
08 тамыз 2023 ж. 1 211 0