Менің алғашқы ұстазым
«Ұстаз – ұлы есім» дейді Мұхтар Әуезов. Иә, расында да, «ұстаз» деген сөздің астарында мән-мағынаның бәрі бар: білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік, мейірімділік пен табандылық, талапшылдық пен турашылдық, әділдік пен ізгілік. Әрбір баланың тұлға болып қалыптасуына, дүниедегі әрбір мамандық иесінің болашаққа қанаттануына себепкер болатын жанашыр, ізденімпаз адам, ол – ұстаз.
Әр шәкірттің жанына жақын келетін, өмірлік ұстанымдарының жаршысына айналатын аяулы ұстазы болары анық. Дәл сол сияқты менің де сүйікті ұстазым, алғаш мектеп табалдырығында қолыма қалам ұстатып Әліппені үйреткен жетекшім – көңілі пәк, ойы нәзік, шәкірттерінің жүрек нұрынан өз жемісінің өнімін көруге асыққан бағбан, әрі бала жанына ақыл дәнін сепкен ұстаздардың бірі де бірегейі – Меңлеш Өмірбекова Бегілікқызы. Ол кісінің ғибрат сөздері, кескін-келбетіндегі жылулық, бәрі-бәрі мен үшін үлгі-өнеге. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, ұстазымды алғаш көргеннен бастап, ол кісіге деген құрметім мен оқу – білімге деген зейінім артты.
Өзіме бастауышта сабақ беріп өмірге көзімді ашқан ұстазымның өмір жолы туралы білгім келіп, кент орталығындағы апайым тұратын шаңыраққа бас сұқтым. Үйге кіре сала қарсы жолыққан ұстазым мені бірден таныды. Ұстазымның төл шәкіртімен әңгімесі жарасып жүре берді.
– Ұстаз болу үшін адам өзі тәрбиелі болуы маңызды. Осы арманымның жетегімен ұстаздық жолға түстім. Өзім туылған Тереңөзек ауданы Асқар Тоқмағанбетов ауылынан түлеп ұшып, Жетісайдағы мұғалім даярлайтын училищеде бастауыш сынып мамандығын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды №5 «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші болып бастадым. Одан кейін №51 М.Қаратаев атындағы мектепте бастауыш сыныпқа сабақ бердім. Жеті толқын сыныпты бітірткен жайым бар. Отыз үш жыл жас өскінге дәріс беріп, зейнетке шыққаныма да он бес жылдай уақыт өтіпті, – дейді ол.
Ұстазым бүкіл еңбек жолында облыстық, аудандық, мектеп дирекциясының атынан бірнеше мәрте Алғыс хаттар алған. Бұл марапаттар ең алдымен апайымның тәлімгерлік қасиетіне берілген .
– Ұстаздарға көбіне кеңес беремін. Балаларды имандылыққа, сүйіспеншілікке, төзімділікке тәрбиелеуге нұсқап отырамын. Балаға күлімдеп, ұрыспай айналайын деп отыру керек. Балаларды көбінесе тәрбиеге баулу, сәлемдесу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, ата-анасын сыйлауға тәрбиелейміз. Көбіне мен мектепке тәрбие сағаттарына барып қатысып тұрамын. Бос уақытымда үйдегі немерелеріме ертегі, әңгімелер айтып, жұмбақтар жасырып шешу және көршілерімнің бірінші сыныптағы балаларын оқытып көмек беріп отырамын, – дейді ол.
Өмірі өнегемен өрілген ұлағатты ұстаз Меңлеш апай жолдасы Өндірбек аға екеуі отбасының берекесін айрандай ұйытып, 4 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиелеген күміс алқа иегері. Бүгінде мәуелі бәйтеректей жайқалып, 28 немере өсіріп отырған аяулы аже.
Осы орайда ұстазымнан шәкірттері туралы сұрадым. Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет, бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Мәселен: Әмитов Нурдин – облыстық медицина орталығының басшысы, Алданазар Айсұлу – журналист, Ауанов Бекжан – экономист, Арынбаев Айдос – Астанада ірі кәсіпкер, тағы да басқа шәкірттерімен мақтанады. Бұл ұстаздың талай жыл тер төккен еңбегінің жемісі.
Әсел Ибрагимова