№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ЖАУЫНГЕР МҰСА

Кіші сержант Мұса Рыскелдиевтің соғыстағы ерліктері жайлы газет беттерінде арқау болды. Оның неміс әскеріне қарсы соғыста жасаған ерлігін запастағы гвардия подполковнигі Петр Серов «Из фронтового блокнота, Партийное поручение» атты очеркі, рота командирі сержант Федор Баевтің 1945 жылы 1 мамырда «За победу» атты дивизиялық газеттің №63 нөмірінде басылған «Горячее сердце» атты мақаласы, 1975 жылы 7 мамырда «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде «Үлкен жүректі азамат» атты очеркінде арқау болды.
Мұса Рыскелдиев Жаңақорған АӘК арқылы 1943 жылы наурызда майданға аттанып, Бірінші Белорус майданы, 69 Армияның 4-ші БЕЖИЦК атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа қатысып, Корольков бастаған полкте бөлімше командирі болады. Бұлардың алдында жау тұрған Одер өзені жағасындағы биіктікті алу тапсырылған еді. Осы жағдайда рота порторгы Журавлев жауынгерлердің шабуылға шығар алдындағы дайындығы мен сарбаздардың көңіл-күйін қарап, траншеяларды аралап жүргенде, алдынан бірнеше шайқасқа қатысқан, тәжірибесі мол пулеметші Мұса Рыскелдиев ұшыраса кетеді. «Старшина жолдас, мен сізге әдейі арыз әкелдім», деп төрт бүктелген қағазды ұсынады.
Хатта партияға қабылдауын сұрапты: – Шабуылға коммунист болып кіріп, жауды толық жеңгенше шайқаса бергім келеді, – делінген екен. Рота порторгі Мұсаның өтінішін қабылдап: «...Мен сенің нағыз коммунист, партия ісі жолында тапжылмайтын күрескер болатыныңа сенемін» дей келе жаудың тура қарсы алдынан шабуылға шығуға тапсырма береді.
Осы кескілескен ұрыста қайсарлық таныта білді. Түнгі созылған соғыста совет жауынгерлері немістердің орналасқан траншеяларын басып алады. Сол ұрыстың екінші және үшінші күнде де жау өзенге қарай ысырып тастауға әрекеттенді. Зымыраған «катюшалар» жау бекінісіндегі бірнеше атыс ұясының үнін өшірді. Кенет күшті атыс басталды. Сірә, бетондалған пулемет ұясы болса керек-ті. Мұса сол жақ қанаттағы атыс ұяларын бетке ала, еңбектей жөнелді. Жаудың атыс ұясына 20-25 метр қалғанда Мұса жаудың бетондалған пулемет ұясына екі гранатаны лақтырып үлгерді. Бірақ қашықтау болғандықтан 4-5 метр жақындап, тағы граната лақтырды. Осылайша атыс ұясын құрықтады. Одан кейін неміс траншеясында ұрысты жалғастырды.
Атыс біткен бойда Баев Мұсаны іздеп тапты. Санитарка жарасын таңып жатыр екен. Бірақ оның қан тамыры әрең соғады. Сонда Мұса «Парторгке айт, мен партиялық тапсырманы орындадым», – деп үн қатады.
Соғыста қайсарлық танытқан Мұса Рыскелдиев 1945 жылы наурызда көз жұмды. Ол Одер өзенінің батыс жағында, Германия териториясында, Франк-Фурт-Брандербург провинциясында «Фольварк-Визенде» бауырластар зиратына жерленген.
Құрамында Мұса Рыскелдиев болған әскери бөлім 1943 жылы совет жерін жаудан азат етіп жоғарғы бас командованиенің бұйрығымен алғашқы даңққа ие болады. Сөйтіп, төртінші Бежицкая атқыштар дивизиясы деген құрметті атақ алып, кейіннен Суворов орденімен марапатталды.
А.Серовтың 1967 жылы 17 маусымда, Жаңақорған ауданы, «1 Май» колхозындағы немере ағасы Мұса Құлатаевқа жазған хатында: «...Мұса Рыскелдиев – біздің Отанымыздың патриоты, қазақ халқының адал ұлы бола білді. Отан бақыты, оның абыройы, бостандығы үшін жаумен хас батырша шайқасты, сөйтіп Батырға тәндік өліммен көз жұмды. Оның ерлігі нағыз батырларға ғана тән. Батырдың әруағы мәңгіге ұмытылмауға тиіс...» делінген екен.
Ол соғыстағы ерліктері үшін төртінші Бежицкая атқыштар дивизиясының 220 атқыштар полкінің бөлімше командирі, кіші сержант Мұса Рыскелдиев 69 Армия Қолбасшысының 1945 жылғы 17 мамырдағы № 0176/Н бұйрығы бойынша Қызыл Ту орденімен наградталды. (Бұл орден Мәскеу қорында жатыр).
1983 жылғы 6 маусымда 39-ыншы (220 полкінің бұрынғы номері) полк командирі Киселев журналист М.Исаевқа жазған хатында Мұса Рыскелдиев екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталғанын айтады. Бірақ бұл айтылған орден тағдыры шешілмеген күйі жатыр.
Бүгінде Мұса Рыскелдиевтің атында Жаңарық ауылында көше бар. Кеңес үкіметі кезінде мектептегі пионер ұйымындағы дружинаның аты осы Мұсаның есімімен аталған-ды. Қазіргі таңда соғыс ардагері Мұса Рыскелдиевтің өмірі мен соғыстағы ерліктерін баяндайтын материалдар мектеп мұражайында сақталып, оған арнайы бұрыш жасақталған. Бір сөзбен айтқанда, оның ерлік жолы жастардың патриоттық сезімін асқақтататын құрал. Ендеше, батырларды насихаттай білейік...
Абдрахман ӘШІМОВ.
06 мамыр 2018 ж. 1 237 0