Музейге сый тарту акциясы өтті
2021 жылы ел Үкіметінің бастамасымен «Ұлттық-рухани жаңғыру» жобасы қайта бекітілді. Жобаның мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңарту, рухани құндылықтар мен дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін көтеруді көздейді. Бұлбағдарлама жергілікті жердегі өнер және мәдениет ошақтарының жұмысына да тың серпін, жаңаша мазмұн дарытуда.
18-мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музейге сый тарту» акциясы Жаңақорған аудандық тарихи өлкетану музейінде де жанды өрісін тапты. Маңызды шараға арнайы келген мәдениет жанашырларының қолдарында бар құнды бұйымдарын алып келіп, мұражай қорын толықтыруға талпынысы қуантты. Шараны ашқан аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов:
– «Жаңақорған аудандық музейінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ғасырлардың куәсіндей музейде сақталған әрбір зат өлкеміздің өткен тарихын зерделеуге жетелейді. Музей қорында 1992 жылдан бастап 11000-ға жуық экспонат жинақталған. Қазірге соның 900-і ашық сөрелерге қойылып, көрерменге ұсынылып отыр. Ең құнды жәдігерлер қатарында Сығанақ, Өзгент қалалары орнынан табылған, сол заманда халық тұтынған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ сынықтары, басқа да қолөнер бұйымдары бар» дей келе, музей қорын толықтыруға бағытталған акция мақсатының мәресіне жетуіне дем беріп келген мәдениет жанашырларына өз атынан рахметін айтты. Одан әрі осы музей жұмысының тізгігін алғашқы күннен қолға алып, осыншама қордың жасақталуына жан-тәнімен еңбек еткен руханият жанашыры Нәбихан Шалапов сөз алып, өзі басқарып келген ұжымның келешек жұмысына сәттілік тіледі. Таяу уақытта жаңа мекенге қазық қадап, құрылысы басталғалы тұрған шығыс стилінде бой көтеретін музей үйі әлемде даңқы жайылған Ахмет Яссауи бабаның ескерткішін тамашалауға бағыт алған туристержолындағы көз тартар тарихи орын болғалы тұрғанын жеткізді. «2015 жылы ауданға келген өнер жанашыры Татьяна Бурмистрованы біз ең алдымен осы музейге алып келдік, деді ол Ол барлық бөлімдерді асықпай аралап көрді. «Өзге ауданда барған бойда бірден бізді әкімдікке қарай бастайтын. Ал сіздер тура осы мекенге жол бастап, ә дегеннен туған жер тарихынан біраз мәлімет түйдік. Аудан тарихы, арғы-бергі адамдарының еңбек шежіресі жөнінде әжептеуір мағлұмат алдық. Бұл ең үлкен байлық. Бұл жерде тіпті қатты сөйлеуге де болмайды. Бұл кешегінің мұңы мен сырын тілсіз толғап тұрған киелі орын, қасиеті қанымыздан өтіп, санамызға жеткендей. Қазір осыдан шығып, Манап атамыздың басына тәу етіп, ары қарай Сығанақтың топырағына табанымыз тисе деген тілегіміз бар» деп еді. Міне, өткенге тағзымның көрнісі. Сондықтан музей қызметі қашанда өз деңгейінде болуы тиіс» деп сөзін қорытындылады. Осындағы әрбір жәдігерді енапат еңбекпен жинақтауға күш салған қазірде зейнеткер Рахима Әбсаттарованың еңбегіне де айрықша тоқталып өтті.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі хатшысы Асхат Сайлау киелі мекеннің өркениетті даму мәселелерін сөз етті. Келесі кезекте сөз алған журналист, тарихшы Асан Сақұлов Сыр өңірі тарихи тұнған шежірелі өңір екендігін, бір ғана Сығанақ қаласының даңқы осында өмір сүрді деген Хуссамеддин бабамыздың есімімен тікелей байланысты, 2019 жылы осы өңірді көзбен көріп, баба ұрпақтарымен жүзбе-жүз кездессем деген тілекпен ауданымызға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, Египет-Араб республикасының азаматы Мохаммел Жинди мырзаның арнайы келгенінде осы киелі қала орнынан табылған жәдігердің әрбірін ұрпаққа ұқыптап ұсына азаматтарға аса ри за болғанын жеткізді. Осы орайда нумизматик, жергілікті ғалым, тарихшы Ержан Рахметұлының ерекше еңбегіне тоқталып өтті. Ол Сығанақ қаласынан табылған теңге атауларын зерттеп, монетаның қай хандықтың тұсында соқтырылғанын анықтауға күш салып келеді. Теңге мемлекеттің дербес қуатын айғақтайтын атрибут, олай болса музейде сақталған құнды жәдігерді жан-жақты зерделеуде күш-жігерді біріктірудің маңызына тоқталды. Осындай жұмыстарды тегін, қоғамдық негізде атқарып, жасөспірімді патриоттық рухта тәрбиелеуге күш салып келе жатқан Әлімжан Ержановтың еңбегі тарихтан бағасын аларына да дауымыз жоқ. Оның Бүркіт Аяғанның елге келген әр сапарында жолбасшысы болып, тарихшы ғалымның өндіре жұмыс жасауына жәрдем беруі, сайып келгенде туған тарихты түгендеуге қосқан перзенттік парызы болса керек. Келесі кезекте сөз алған мәдениет жанашыры, қолөнер шебері Пахриддин Садықовтың ұлттың ұлы мұрасын насихаттаудағы еңбегі өз алдына бір төбе екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Осы күні акцияға арнайы келген кент тұрғыны Әлия Аблаеваның қолында 1996 жылы Алматыда қызмет барысында қарақшылар қолынан қаза тапқан бауыры, полиция қызметкері Мұхамеджан Әуелбековтың соңында қалған барлық құжаттары, наградалары, суреттері, баспасөзде жарияланған марқұмның ерлігі туралы естеліктер, барлығы музейге табысталды.
Ұжым қызметкерлерін бүгінгі атаулы күнмен құттықтаған ішкі істер саласы ардагері Мәди Мырзахметовтың пікірінше, әркім өз тарихын өзі жасайды. Әркімге дүниеге келген соң жым-жыртөтіп кету бір басқа, соңына айта қаларлықтай із қалдыру парыз. Осы орайда ол ауданда ең алғаш құрылған артельге төрағалық еткен өз әкесі туралы деректер келтіріп, ол кісінің кейін шаруашылық іріленген кезде Қосүйеңкі ауылын басқарғанын айтты. Одан соң Бірлік шаруашылығын асыл тұқымды қой совхозына айналдырудағы еңбектерін атады. Сол жылдары ВЦСПС-тің арнайы марапатын иеленгені, облыстық кеңестің депутаты болғанын да айтты. Бүкіл өмірін елге арнаған әке өнегесімен зейнетке шықса да жарғақ құлағы жастыққа тимей, болашақты жақсы жолға бағыттауда қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып жүретін ел ағасының музей жәдігерін толықтыруда да еңбегі көп екен. Аудандық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы, мешіт дәріскері Қыздығой Сәруарова апамыз бұл күні музейге өзінің енесіне арғы енелерінен жеткен үш аяқты мосы мен қазанды тарту етті. Шараға арнайы шақырылған қаламгерлер және қоғам белсенділері – Пахмаддин Айнақожаев, Файзулла Сахиев, Серқожа Ыдыырысов, Сырғакүл Болғанбаева, Ерғали Оразбековтер де өз ой-тілектерімен бөлісті.
Маңызды шараны әсем ән-күймен әрлеген өнерпаздар қатарында «Әлшекей атындағы өнер мектебінің шәкірттері, «Шаттық» би тобының өнері көп көңіліне шуақ шашты.
Шара соңында сөз алған Жаңақорған аудандық тариха-өдкетану музейі филиалы меңгерушісі Ажар Жанаева музей – көне тарих пен бүгінгі дәуірді жалғастырушы алтын көпір. Халқымыздың асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінінжалғап, мәдени, тарихи құндылықтарымызды насихаттауда еңбегімізді жалғастыра береміз, – дей келе осы жолда өздеріне тілекші болып, жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан аға буынға өз атынан рахметін айтты. Бүгін акцияға арнайы ат басын бұрған азаматтарға Алғыс хаттарын табыс етті.
Баян Үсейінова