№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ұстаз ұлағаты

Түгіскеннің киелі топырағынан таңдаулы тұлғалар шықты, олардың Отанға деген от кеуде, жанашыр жүрек, парасат пейілі ұрпаққа ұлағат, елге өнеге болып, үнемі үлгі сәулесін шашып, кісілік пен кішілік келбеттің эталоны ретінде мадақталады.
Даналар айтқандай, мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де, рухани жан дүниесіне үңілу де, педагогикалық шеберлік – даналықты жүректен ұға білу болып табылады. Жалпы, мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ал, ұстаз мәртебесінің артуы – тұғырын төмендетпей, тұлғасын таныта білуінде, білімі мен білігі өз болмысына лайық болуына байланысты екен.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бекзат болмысты, ел пейілі ерекше, құрметті кісі. Ол – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұлылыққа ұйыған ұстаз Ермаханбет Құлымбетов.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұғалімдердің тамыз конференциясында: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс...
Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі» деген еді. Мемлекет басшысы айтқандай, мұғалім мәртебесін бір мысқал кем түсірмеген, зейнетте болса да зиялы қауымның өкілі ретінде мектепке назарын салып, ауылдың береке-бірлігін сақтауға үлкендік үлесін аямаған Ермаханбет ағаның өткені мен бүгіні әсерлі әңгіме етуге лайықты. Сондықтан інілік ізетпен сөз сабақтауға кіріскен едік.

АМАНАТ

Ауылдың орта бойлы ойын баласының есейіп, етек жауып, елге қызмет етемін деген ойы әлі санада бекімеген шикі кезі. Әкесі Әсен Құлымбетов соғыс көрген кісі, әскери тәртіпке дағды, бір сөзі бос кетпейтін, сөйлеу мәнері мен мәдениеттілігі ешкімге ұқсамайтын, көңілі кең, көпшіл кісі еді. Үйдің үлкені болғасын Ермаханбетті ерте бастан ептеп еңбекке салып, ширатып отыратын. Мұнысы – өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болып, оларды да еңбекке баулу үшін осындай оңтайлы әдісі болатын. Бала күнінен білімге құштар қасиетін қаперге алды ма, оның оқығанын құп көрді. Бірақ білім қуып, біржола қалада қалып қойғанын қаламады.
– Балам, қарашаңырақтың киесін кетірме, отын өшірме, ауылдан тапқан наның табыстың ең дәмдісі, – дейтін. Сол сөз санадан сығалап тұрды, жатса-тұрса ойында болды.

КІМ БІЛГЕН?

Сыр бойында жоғары білімнің жалғыз қарашаңырағы – Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты ғана, оған талапкер көп, жыл сайын жас түлектің легі ағылғаны ағылған.
Ермаханбет ағаның мектептен кейін жолы бірден бола қойған жоқ, алғашқы сәтсіздіктен кейін дайындық бөлімінде оқуына тура келді. Бір ғана мүмкіндік осы болды.
Институт қабырғасында озат сту­денттің бірі еді, оны мына мысал-ақ айқындай алады.
Факультет деканы, профессор Мәди Киреев бірде шұғыл шақыртқан екен, ентелей барып, есікті ашты. Кабинетте бөтен бір орыс пен қазақ отыр. Ол кілт тоқтады. Мұны сезе қойған ағайы: «Тартынба, саған жақсы жаңалығым бар. Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне екі студентті ауыстыруға келісімге келдім. Соның бірі сенсің» деді.
Ерекең шоршып түсті. Іші қалап-ақ тұр. Мәскеуде оқу ұлы арман! Бірақ әкенің аманаты одан биік. Амал нешік, қарсылық білдірді. Қазір ой түйсек, сол кезде Мәскеуге кеткенде мектептің мұғалімі емес, дипломат немесе консул болып кетер ме еді... Кім білген?

ӘУЕЛБЕК – НАҒЫЗ ҒАЛЫМ

Озат дегеннен шығады, Түгіскен ауылына арнайылап ғылым докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев іздеп келіпті. «Осында озат студентім тұрады., соны тауып беріңдер» депті қарсы кездескен кісілерден.
Арада қаншама жыл өтті, ал, ғалымның есіне Ерекең қалай түсті? Негізінен кейбір студенттің ерекше қыры ұстаздың жадында жатталып қалады. Бәлкім, әлдебір сабақта өзекті сауал қойып, әлде семинардағы салмақты сөзі ойын қозғады ма, ол көктен түскендей үйге келіп тұр. Ерекең шала бүлініп, құрметті қонақты төрге оздырып жүр. Ал, Әукең ше?
«Жарықтық Әукең, ғылым үшін жаралған жан ғой, дүние дегенді білмей өтті, біз ас-ауқат даярлап жүрсек, ол арық-арықты аралап, әрбір шөптің қасиетіне мән беріп кетті» дейді Ермаханбет аға күліп, өткенді еске алып..

ШӘКІРТ

Ауданның құрметті азаматы, абыз ақсақал Зинабдин Шермағамбетұлы Ермаханбет аға туралы тереңнен толғады.
– Бәрі көз алдымда. Ол кезде Ермағамбеттер Манап ауылында тұра­тын. Мектебі – сегізжылдық. Жоғары сыныпты №54 орта мектеп жанындағы интернатта жатып оқыды. Әкесі Әсен ағамыздың кеудесі марапатқа толы, соғыс ардагері. Сөзі өтімді, өткір кісі болатын. Бригадир, ферма бастық лауазымын атқарды.
Мен мектеп директорымын. Ал, зайыбым Зөреш ағылшын тілі мама­ны, институттың тұңғыш түлегі. Ерма­ханбетке шет тілінен сабақ берді.
Ол озат шәкіртімнің бірі еді. Мінезі тұйықтау болатын. Көп сөйлей бермейтін. Кейін ғой, сұңғыла сөздің сойылын соғатыны. Шешендігі әкесіне тартты.
Негізі қазақ балаларының шет тілін таңдауы өте сирек еді. Ермаханбеттің ағылшын тілін меңгеруі алғырлығынан деп ойлаймын. Ал, тілді меңгердің бе, қай мектеп те оны жұлып алып кетеді. Өйткені маман тапшы. Соның ол жемісін көрді, мақтаулы мұғалім болды, мектеп директорына дейін өсті, – деді Зинабдин көке.

ТҰСАУКЕСЕР

– Әкем кезінде асармен салынған бір қабатты мектеп ғимаратының тұсауын кескен екен. Бұл тұсаукесер сол уақыттағы қадірлі кісіге деген құрметтің бір белгісі болатын. Сәтін салғаны шығар, 2014 жылы Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбутәліпов атындағы №209 мектептің лентасын қию маған бұйырды. Типтік үлгідегі мектеп заманауи талапқа сай салынды. Бұл да ұмытылмас естелік болып қалды. Былайша айтқанда, тарихи сәттің тұсаукесері! – деді Ермаханбет Құлымбетов.

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Қызығы сол, бір шаңырақтың боса­ғасынан жеті кісі ағылшын тілінің мама­ны болып шықты. Былайша айтқанда, мұғалімнің алар орны да, берер білімі де бәрінен биік деген ұстаным секілді.
Ермаханбет ағаның өзі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Зайыбы, Жалағаш ауданы Аққұм ауылының аруы Нағима Раушанбекова аталмыш мектепте қырық жыл ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Үш перзент әкелген ана, тоғыз немере сүйген әже болды.
Жалпы, «жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұ­ғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыт­тандырады» деген қағиданы ұстаған әулет болып тұр.
Құлымбетовтер үшін мұғалім болу мирастық жолға ұқсайды. Ұстаз деген ұлы қызметтің ұлылығын арттырып жүрген әулеттің төрелігіне таңданасың.
Айталық, үлкен ұлы Сүйіндік ағылшын тілінің маманы, қазір осы мектептің мұғалімі. Енді үш келін – Қарлығаш, Света, Ақмарал да ағылшын тілінің ұстаздары.
Өткен жылы отбасында тағы бір қуаныш болды. Немересі Әлихан Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебін үздік бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология факультетіне, оның ішінде ағылшын тілі мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Міне, мәртебе!
Меніңше, ата-ананың ұстаздық абыройы баланың қызығушылығын оятты, оған келіндердің қосылуы сәттіліктің сабақтастығы!

ЕҢБЕК КІТАПШАСЫ

Ерағаңның еңбек кітапшасында бір мектеп ғана бар еді. Солай жалғаса берер ме еді, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың «Мемлекеттік идеология» атты кітабы жарыққа шығып, сол кітаптың негізімен совхоз директорының идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымы құрылуға тиісті болды. Енді сол лауазымға лайықты кісі таңдалды. Ол елге сыйлы, идеолог та, парасат иесі де болуы шарт. Біліктілігі тағы бар. Сонымен елмен санаса келе сол орынға Ермаханбет Құлымбетов отырды. Таңдаулы тұлға төрт жылдай қызмет етті.

ДОС ТІЛЕГІ

Ұзақ жыл ұстаз, мектеп директоры болған ақын досы Тұрар Сүлейменовтың досқа арнаған тілегі Ерағаңның мұрағатында сақтаулы. Оның өлеңмен өрген жыр шумақтары былайша төгіледі.
Асу көп алда саған әлі асатын,
Жетеді бәріне ақыл, парасатың.
Сендей дос болса шіркін, менде кәне,
Сондай бір қасиетінен қарасатын.
Сөз сұрадың салмақтап менен бүгін,
Теңдігін алып тұр-ау өлең бүгін.
Өнерді өрге тарту тереңдігің,
Өлеңді төрге қою кемелдігің!
Қай жерде де қадіріңмен
жол аласың,
Ел-жұртыңа Ереке бола аласың.
Абыройың асқақтап әрмен қарай,
Қашанда тасың, өрге домаласын.

ҚЫЗМЕТТІК ҚАДАМ

Ол 1975 жыл Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіріп, №209 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Араға жеті жыл салып, тәжірибесі толысқан Құлымбетовтың қадамы мек­теп директорының бастауыш сы­ныптар жөніндегі орынбасары, сосын оқу ісінің меңгерушісі деңгейіне көтерілді. Ал, 2003 жылдың наурыз айынан мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Он үш жыл үздіксіз мектепті басқарып, мақтаулы білім ұясы санатына жеткізді.
Туасы, педогогикалық қызметті парасатты тұрғыдан бағамдасақ, мұғалім талантты болса, шәкірті талапты болады. Себебі, шәкірттің толық тұлға болып қалыптасуына бірден-бір еңбек сіңіретін жан – мұғалім. Бұл ретте Ермаханбет ағаның өзінің сүйікті пәні бойынша жеткен жетістігі аз емес. Мысалы, 1999 жылы ағылшын тілін үйретудің «АКСЕЛС» американдық компаниясының конкурс жеңімпазы атанып, сертификатқа ие болды. Іле 2004 жылы «Share International» конкурсының облыс бойынша жеңімпазы атанып, Американың ТЕХАС штатына жолдама алды.
Сондай-ақ ол бірнеше марапаттың иесі болды. Айталық, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «ҚР Тәу­елсіздігінің 10 жылдығы», «Ел ардақ­тысы», «Қызылорда қаласына 200 жыл» медальдары, «Түгіскен кеңшарына 50 жыл», «Ұстаз ұлағаты» қоғамдық қорының Ы.Алтынсарин атындағы төс­белгісі кеудесінде жарқырайды.
Ал, білім ұясының басшысы болғанда №209 Ә.Әбутәліпов атындағы орта мектеп облыстағы 268 мектептің арасында үздік ондықта болып, 2004 жылы «Білімнің алтын қазынасы», 2007 жылы "Парасат пен ізгіліктің ордасы", «Білімді ұжым – 2011» номинациясын жеңіп алды. Алғашқы «Алтын белгі» иегері (Ж.Қонысова) шықты.
Мектепте «Жас сұңқар» балалар лагері арқылы балалар мен жасөспірімдер демалысын ұтымды ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Кә­сіподақтары федерациясының дипло­мымен марапатталды. 2005 және 2011 жылдары оқу-тәрбие саласындағы сапалы еңбек нәтижесімен аудан чемпионы атанды. Ал, оқушылар ара­сында пәндік олимпиада, спорт түр­лерінен Азия, Әлем чемпиондары шыққанын да мақтанышпен атауға болады.
Қазақ «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді, онысы рас. Біздің Ерағаңның саналы ғұмырында ең басты борыш – ұлт жанашырларын тәрбиеледі, ел тәуелсіздігінің жаңа тұлғасын дайындады. Оның шәкірттерінен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік деңгейдегі мақтаулы мамандар шықты. Бүгінде осы өлшеусіз еңбегіне елі сүйсінеді. Ол қазір ардақты ата, ауылдың абыз ақсақалы, Жаңақорған ауданының құр­метті ардагері. Сәуір деген тәуір айда ағамыз жоталы жетпіс жасқа толғанын да айтқанымыз абзал. Құдай қуат, шәкірттер құрметі шуақ берсін!
Жалпы, «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Өз бойындағы сергек сезімді, болашаққа берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарытып, жасампаздық пен шығармашылық, се­німділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты қасиетті қанықтыр­ған, шәкіртке қолдау көрсете білген ұстаз ретінде, ізбасар әріптестеріне парасатты педагогика практикасын сіңіріп, кемел келешекке жарқын жолын ашқан Ермаханбет Әсенұлының мерейі үнемі үстем тұрады. Ұстаздық – қай қоғамда да маңызды мамандықтың бірі болды. Ал, Ермаханбет Құлымбетовтың позитивті парқы, парасатты жолы сол ұстаздық еңбектің асыл бағасы дер едік. Қорыта келе Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығудың» арқасында ұлағатты ұстаз­дың қалдырған ізгілікті ізі әрбір шәкірт санасында ұзақ сақталатыны анық.

Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист

13 сәуір 2022 ж. 679 0