№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Бір жарық сәуле


Ауыл мектебінің негізін қалаушылардың бірі, осы өңір халқы перзенттерінің көкірегіне білімнің шырағын жаққан Сәулеш Дүржанованың туғанына 100 жыл толуына орай туған елінде елеулі іс-шаралар өткізілуде. Ол кісінің бір шәкірті ретінде ауылдың мақтанышына айналған ұстаз-ананың еңбегін дәріптеп, өмірін өнеге етуді жөн көрдім.


Оның бақытына өзінің туған жеріне қызмет ету бұйырды. Аядай ғана Кеңес ауылында дүниеге келіп, жалынды жылдарын ауыл өміріне арнады. Қарапайым бақташы отбасында тәрбиеленген қыз оқуда озат болып, Алматыдағы партиялық мектепке қабылданады. Шағын ауылда мектептің жоқтығы мұғалім мамандарға ауыр тиді. Ол ауыл кітапханасында еңбек жолын бастады. Кейін1941 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педогогикалық училищесінде білімін жалғастырды. Көрші ауылдағы №54 «Октябрь» атындағы мектепте бастауыш пәнінің мұғалім болды.
Таң ата шағын ауылдан тастақты бойлай алтын ұяға асығатын көкөрімдермен бірге қол ұстасып жарық өмірге ұмтылды. Қыс пен көктем айларында қатынас азайып, сел жүріп, дәрістен қалыс қалған қиын күндер бастан өтті. Ауыл балаларының қам көңілін сейілтіп, алдағы емтиханда үздік баға алуға талпындырып, көктем уақытында көкмайса шөпке жағалай жайғастырып, сабақ өткен күндер де өтті. Сол күндерде сыз өтпесін деп тонын шешіп, жас балаларға төсеніш еткен ана жүрегі қандай таза болған десеңізші!
Қыс мезгілінде бос тұрған үйлерді уақытша пана етіп, балалардың санасын оятып, сауатын ашудан жалықпады. Уақыт жаңарған сайын Кеңес ауылында бала саны артып, өз алдына мектеп ашуды талап етті. Осы тұста да арнайы салынған ғимарат болмағандықтан әр жерде бір қоныс аударумен өтті. «Сарман» бауынан бастап, ауыл ішінде бос қалған үйлерді мектепке айналдырды.
Сәулеш Дүржанованың ұйымдастыруымен 1949-1950 оқу жылында Кеңес ауылдық бастауыш мектебі ашылды. Жас балалар көрші ауылға ағылмай, қауіп-қатерге ұрынбай еркін білім алуына жол ашылды. Түрлі себептерге орай мектеп жұмысын тоқтатып, түрлі қиындықтар туындады. 1973 жылдан бастап №239 «Кеңес» орта мектебі ашылып, ауыл балалары емін-еркін білім алуға мүмкіндік алды.
Саясауытпен хат танып, сандарды айыратын заманның өз қызығы бар. Сәулеш апайдың оқушыларға қойған басты талабы – үстіне киген киіміне бір түйір де дақ тамызбай, таза әрі ұқыпты жүру еді. Кейде сауыттан байқаусызда сия төгіліп, барлық киімді бүлдіреді. Осындай жағдай болмас үшін әр баланың сиясауытын мықтап бекітіп, жақсылап орап өзі салып беретін. Қыз балаларға сабақ үйретіп қана қоймай, тұрмысқа қажетті еңбекке баулитын. Кестенің түр-түріне, тоқыманың әр қилы сырына баулыды. Кеспе кесуді үйретуді де ұмыт қалдырмады. Сондағы мақсаты, қыз-балалардың барған жеріне судай сіңсе деген ақ ниеті екен-ау!
Бір сыныптағы оқушылар бір-біріне жақын дос, әрі қамқор болушы еді. Қолда барды бөлісуді, қиындықта демеуді, досқа тіреу болуды насихаттап қана қоймай, оны үнемі үлгі етіп, жақсы адамдар жайында сөз өрбітетін. Үлгерімі нашар балаларды қатарға қосудың жолын білетін. Жаман адам болмайды, ортасы тәрбиелейді деген сенімге берік болды. Әр баланың жүрегіне білім сәулесін шашып, талабын шыңдады. 1977 жылы «Қазақ ССР ағарту саласының үздігі» атанды. Бұл атақ екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтінін ескерсек, ұлағатты ұстаздың өлшеусіз еңбегін сөзсіз ұғасыз. Ақпейіл апайымыз 1985 жылы келместің кемесіне мініп, бақилыққа аттанды.
Міне, осындай асыл анадан тәлім алған талайлар елдің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Оның ішінде ағартушылық саласында өз жолын тапқан шәкірттері Зи­набдин Шермағанбетов, дирижер Төлепберген Әбдірәшев, халық ұс­таздары Әбдікерім Бимырзаев, С.Тұрғанбаев, Ш.Төрегелдиев, Қалаш және Қайып Басқожаевтар, Абибулла Ақымовты айрықша атап өткен жөн. Мыңдаған талантты тұлғаларды білім бұла­ғынмен сусындатып, зейінін еселеп, ел азаматтары етуге жол ашты. Олардың қатарында Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі Раушан Назарова, Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру депар­та­ментінің басшысы Ерлан Құ­лах­метұлы, ардагер ұстаздар Ұ.То­пы­шева, Ә.Тұрлыбекова, П.Ба­ярыс­танова, Р.Кадирова, Б.Нұр­жау­баев, Қ.Дүрменов, М.Әмірбекова, Ғ.Төрегелдиева, тағы басқалар бар. Бәрі де ауыл мектебінің төрінде балалық шағынан сыр шертіп ұстазының нұрлы бейнесін сағынышпен еске алады.
Отбасында үш ұл мен төрт қыз тәрбиелеп, немере мен шөберенің қызығын көрді. Бір әулеттің алып бәйтерегіне айналған ананың тұңғыш перзенті Бекболат ағамыз: «Анам елдің анасы бола білді. Анамның көзін көргендер адамгершілік асыл қасиетін сөз етеді. Біз де ата-ана абыройы үшін адал еңбек етуді мақсат еттік. Жүз жылдық мерейтойын ұмытпай, ұстаздарын еске алып жатқан жер­лестеріме разымын!» дейді.

ТҮЙІН. Аядай ауылдың білім шамшырағын жарық етіп, мектеп тарихында өшпес ізін қалдырған Сәу­леш Дүржанованың ғибратқа толы өмір жолы бүгінгі жас педагог қауымға үлгі болса тілегіміздің орындалғаны. Ауыл тіршілігімен тұтас ғұмыры біте қайнаған тарихи тұлғаны халық мәңгі жүрегінде сақтайды.

Майра Тұрғанбаева,
№239 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

10 наурыз 2022 ж. 660 0