№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәлім шырағданы

Тәлім шырағданы

Ұлттық тәрбиені ұлықтап, ұрпақ тәрбиелеуде отыз жылдан аса еңбек еткен Әлима Есжанованың қызмет жолы жас мамандарға үлгі-өнеге болады. Сондықтан Әлима апайды «Тәлім шырағданы» деп ерекшелеп отырмыз.

Жасөспірімдердің ой-өресі биік, көзқарасы кемел азамат болып қалыптасуында тәрбиешілердің ықпалы зор. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлерді терең меңгерген, еңбегімен, ізденісімен ерекшеленетін тәрбиешілерге сұраныс жоғары. Егер көп балалы отбасыда дүниеге келіп, бауырмалдық қасиетін бойына сіңірсе тіпте жақсы. Әлима апай осы талаптарға толық сай келеді. Содан болар тәлімді тәрбиеші еңбегімен көптен ерекшеленіп, зейнет жасына дейін табысты еңбек етті.
– Біз Кеңес дәуірін де, Тәуелсіздік жылдарын да еңбек етіп, екі идеологияның мән-маңызын білдік. Әрине, екеуі екі бөлек әлем. Оларды ортақтастыратын бір ғана ұғым бар, ол – бала тәрбиесі. Біз қиын заманның өзінде бала тәрбиесі мен білімін ұмытпаған елміз. Бала – басты байлығымыз деп ұққан жандармыз. Елдің келешегі кемел болуы үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу басты мұратымыз болды, – деп бастады жетпіс бес жасты еңсерген ана.
Ол 1946 жылы 6 қаңтарда Сырдария ауданының Абай ауылында өмірге келді. 1961 жылы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педогогикалық училищеде мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Оқу орнын үздік аяқтап, жолдамамен Жаңақорған кентіндегі №1 балалар бақшасына тәрбиеші болып келеді.
1981 жылы №6 балабақшаға ауысады. Бұл балабақша Әлима Серғалиқызына құтты мекен болады. Осы мекемеде қызметтік өсу баспалдағы басталады.
1984 жылдың 23 қазанында №6 балабақшаға меңгерушісі болады. Балабақша ісін жан-тәнімен сүйетін білікті маманның бастамасымен тәрбие процесі жаңа бағытқа бұрылды. Яғни өспірімге ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие сіңіруге басымдық берілді. Ұлттық кодтың кілтін табуға бағытталған тәрбие процесі нәтижелі болып, ауданаралық сайыстарда балақша тәрбиеленушілері даралана бастайды. Мұны көне суреттерді ақтарып отырып еске алған Әлима Есжанова:
– Біздің ұжымда кіл мықты мамандар қызмет етті. Бірі биші болса, енді бірі әнші. Байқауға бір-екі күн ғана дайындалсақ та жүлдегер болатын едік. Себебі, біздің ұжымның ауызбіршілігі мен бірін-бірі құрметтеуі ерекше еді. Бәрінен бұрын, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайтын, – деді.
Тәжірибе алмасып, бір бағытта қызмет еткен Айсара Нәлібаева:
– Әлима апайымның шәкірттері өте көп. Тәжірибе жөнінде ол кісіден асқан жан жоқ. Ақ көңілділігі мен адалдығы кез-келген жанды баурап алатын. Еңбекқор, іскер маман ретінде құрметі биік болды, – деп мақтауын асырды.
Суреттер жинағын көзінің қарашығындай сақтап, әрбір естелікті жүрегіне сақтаған ана әулетінің тірегіне айналған. Өзі өрбіткен жеті ұрпағынан 18 немере мен 10 шөбере тараған. Жолдасы Әзім Зайыров та қарапайымдылығымен, азаматтылығымен абыройы асқақ еді. Тұңғышы Ғалым – экономист, Ғалиясы – дәрігер, Алиясы – кәсіпкер, Мариясы болса – педогог. Ал, Айгүлі – экономист-есепші, Шолпаны – эколог, Талғаты заңгер болып ел игілігі жолында еңбек етуде.
Көршін жақсы болса, ағайынды аңсамайсың демей ме? Әлима апайдың көршісі Гүлжан Жакипованың айтары көп:
– Әлимамен ұзақ жылдардан бері бірге көрші болып келеміз. Өте салиқалы, өнегелі отбасы. Ұл мен қыздарының жүзі жарық, адамгершілік қасиеттері ерекше жандар. Көшенің ынтамағы мен берекесін арттырған Әзім аға да болмысы бөлек еді. Біз осындай ибалы да иманды жандармен бірге жасап келе жатқанымызға шүкіршілік етемін, – дейді.

ТҮЙІН. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей!» дегендей, жүрегі нұрға толы жанмен болған санаулы уақытта ойға түйгеніміз мол. Соның бірі – тұлғаның адамдық, адалдық қасиеті ғана уақыт көшіне ілесе алады...
14 ақпан 2021 ж. 496 0