№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қол өнерден – өнеркәсіпке!

Қол өнерден – өнеркәсіпке!


Бүгіннің басты тақырыбына айналып бара жатқан жұмыссыздық мәселесінің желкесін қиып, ел еңсесін көтеріп, жарасымды тұрмыстың желкенін көтеруде жоқтан бар жасап, жаңалық ашамын деудің қажеті жоқ, тарихымыздан бірге жасасып келген, кейінгі уақытта талаптың жоқтығынан тасада қалған қазақтың қол өнерін қайта тіктей алсақ жоғымыз түгенделіп, жонымыз түлеп шығар реті бар-ақ екен. Бірақ осы ретте қаперсіздік деп аталар кілтипанның мойны қылтияды.Қазақ ертеден өнерге сусаған ел едік. Сан сынақтарда өнердің сағын сындырмай, саф таза сақтай білген сана мәдениетіміз неліктен сүрлеуінен жаңылып, қастерлі қасиет қайнарынан құр алақан қалған жағдайға жеттік? Қайткенде жоғымызды түгендеп, тұмса-тұрқына жан бітіре аламыз? Көз майын тауысқан қол өнер шеберлігімен әлемді мойындатқан ұлы дала елінің ұрпағы бүгінгідей технология заманында соның жаңа үлгісі – шедевр тудырудың орнына шетелдің қаңсығына құмартып, өз асылын аяқасты етуі қалай? Есімізді жиып, елдік кейпімізді егелену үшін енді бізге не істеу керек? Қазақтың қол өнерін дамыта отырып, өнеркәсіпте өңдейтін жағдайға жеткенде өңірімізде халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары қолжетімді бағаға төмендейтіні өз алдына, жұмыссыздық мәселесі көп шешімін тапқан болар еді. Нақ осы мәселелер туралы «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясында өткен дөңгелек столда ауданымызда осы бағытта талапты жұмысынан жаңылмай жұмыс жасап келе жатқан қолөнер шеберлері Пахриддин Садықов, Ұлмекен Мауытова, ардагер ұстаз, шығармашылық өкілі Үмбет Әбибуллаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков, аудандық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімі бас маманы Бекзат Омарова , жеке жобалаушы Мұхит Мамуовтар бас қосып, құнды ой-пікірлерін ортаға салды. Шараны журналист Баян Үсейінова жүргізді.


– Ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі – шағын және орта кәсіпкерлік екені әмбеге аян. Тәуелсіздік алған жылдарда атамекеніне қайта көш түзеген оралмандардың Жаңақорған жеріне келіп тұрақтаған бір шоғыры қол өнерін өнеркәсіпке айналдырудың әдіс-амалын айтып, сол жолда өздері де біраз талап қылғанын білеміз. Ауғанстанда, Түркияда, Иран елінде өздері айналысқан кәсіптің етегінен ажырағысы келмей қарекет еткісі келгенімен соған лайықты жағдай жасай алмағанымыз күні бүгінге дейін шешімі табылмаған түйінді мәселе болып отыр. Ұлттық өнерді ұлық тұтқан азаматтарымыз өз өңірімізде де аз емес. Қол өнерден өнеркәсіпке жеткізудің қандай тетіктерін қолдана алмай келеміз? Осы бағытта ұлттық өнердің өрісін кеңейтейін деп жар құлағы жастыққа тимей, еш жерден жалақы алмаса да жастарды төл өнерге баулып келе жатқан шығармашылық өкілі Пахриддин Садықовтың есімі аймаққа танымал. Осы кісінің инициативасымен өздеріңіздің бастарыңызды қосып ортақ бір мәмілеге келсек дейміз. Сұрақ біреу. Ұлттық өнердің маңдайын ашу үшін бізге не қажет? Оған аудан басшылығы, тиісті мекемелер, жалпы жұртшылық тарапынан қандай көмек-қолдаулар қажет? Алдағы уақытта не істеуіміз қажет. Осы тұрғыда ой бөліссек.

Пахриддин Садықов,
жеке кәсіпкер:

Әрбір азамат бойындағы күшін ел игілігіне бағыттағанда қоғамда ілгері жылжу болады. Өзім жасымнан қызыққан қол өнеріне жастарды баулуда аянып қалған кезім жоқ. Бұл бағытта мақсат біріктірген қолөнершілер Қызылорла қаласы мен жеті ауданда «Дәстүр» орталығын құрдық. Орталық былтыр Павлодар облысымен шығармашылық байланыс орнатса, биыл Көкшетау және Петропавлмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағалы отырмыз.
Кәсіптің алға жылжуы жергілікті басшылықтың қамқорлығына да тікелей байланысты. Алдыңғы жылы аудан әкімі Ғалым Әміреевтің қолдауымен ғимарат тегін беріліп, арнайы бөлдірген қаржыға қажетті станок, материалдар алып, кәсібіміздің біршама тынысы ашылды. Ол иелігіміз қолдан кеткен соң қарамағымдағы қолөнер шебері Мұрат Жәрімбетов өз үйінің есігінің алдынан шағын шеберхана құрылысын бастандырып жатыр. Осы орайда бізге ақысыз-пұлсыз жәрдемін беріп, құрылысымызға екпін берген архитектор Мамуов Мұхитқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Әрбір кәсіптің кеудесінен итерсең де кетпейтін өз егесі болады. Біздің жағдай соның кері ме деймін. Ешкімнен тапсырма күтпей Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралықта өнерге жақын өрендерді үйіме жатқызып болсын ұлттық дәстүрге баулудан жалыққан емеспін. Шеберлік курсынан өткен талапкерлердің қолына азды-көп қаржы мен сувенир ұстатып жіберемін. Бәрі де өнерге тартудың, қызықтырудың қамы. Өйткені қазақтың өнері өлмеуі керек. Тәрбиелеген шәкірттерім оны одан әрі жетілдіре береріне сенемін.
– Осы өнерге бейім азаматтарды қолдау, қаржыландыру бағытында аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан қандай іс-қимылдлар бар?

Бекзат Омарова,
аудандық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімі бас маманы:
– Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен өңірлік инвестицияларды қаржыландыру ұйымына жылдық мөлшерлемесі 2 – 6 пайыз шамасында өндірісті несиелендіруге қаржы бөлініп отыр. Осы қаржы кімдерге беріледі? Микроқаржы ұйымына қарауымызға келіп түскен жобаларды жинақтап жіберіп отырмыз. Әрбірі бақылау кеңесінің тезінен өтіп, мақұлданғандары қаржыны ала алады.
Біздің міндетіміз, алдымызға келген азаматтарға қайтарымсыз қаржы алу немесе үлкен-кіші пайызбен несие алу бағытына түсіндірме жасап, бағыт-бағдар беріп отырамыз.
– Ауданда қандай кәсіп түрлерін ашуға болады деп ойлайсыздар?

Пахриддин Садықов:

Өткенде Түркістанның базарынан Майдамталдың киіз басатын цехында дайындалған текеметті 6 мың теңгеге сатып алдым. Осы цех жүн қабылдайтын болған соң зерттеп қарасам, жүннің килосы 45 теңге екен. Бір тоннасы 45 мың теңге болады, Ол тасымалдың бағасын да өтемейді. Содан барып малшылар қауымы қойдың жүнін өртейді, көмеді, әйтеуір көзін құртып тынады. Ал пайдасын білгенге көктемгі жүннен арқан, жіп есуге жараса, күземнен киіз, кілем, сувенир жасауға болады. Бұл ретте отбасылар болып қолындағы малының терісін, жүнін кәдеге жаратуда оны жуып, түтіп, иіре білуге машықтанудың, кешегі әжелер дәстүрін жаңғыртудың маңызы зор.

Қырғызстанға жылына екі мәрте барамын. Тауар апарамын, ол жақтағы қолөнердің әлеуетін зерттеп қайтамын. Қордайда және Шымаентте тері өңдейтін цехта болып жүрмін. Қордайда ескі технология, соның өзінде теріні іске жаратып отыр. Шымкент тері илеу цехында терінің 1200 түрі тұр. Отыз үш теңгеден үш жүз теңгеге дейін. Бояуын да өзіңіз таңдай аласыз. Арасында мал терісінен бөлек өлген иттің терісі де жерде қалмай пұлданады. 250 мың теңге тұратын бренд сумканы кездестірдім, кәдімгі теріні илеп, станокпен әрлеп, қолтырауынның терісінен жасалған деп жарнамалап бағасын асырып тұр. Осыған қарап бес мыңдық қоян терісінен тіккен сөмкемді мен де елу мыңға бағаладым. Өлексеге өнер дарыту деген осы.

Шебер ретінде айтар болсам, ағаштан түсетін табыс он еселенсе, жүннен елу есеге дейін пайда көруге болады. Егер осы кәсіпті шындап жолға қойып, ықылас танытар болсақ, жергілікті жерде бәсеке туып, тұрмыстық бұйым арзандайды. Жұмыс көздері ашылады. Құны он екі миллион тұратын машина цехтың жұмысына толық екпін береді.
– Бізде мұндай кәсіпорынды дамытуға не кедергі?
– Адами фактор. Қолдау қаражатты нағыз алатын адамнан бұрын тамыр-танысқа бұра тартатын әдетіміз әлі қалмай келе ме деп қорқам.
Жаңақорған ауданында істейтін көп дүниелер бар. Қол өнерін дамыту бағытында «Қазақстан дәуірі» газетіне мақала жариялап тұрамын. Шәкіртім Жәрімбетов Мұрат мектеп ашпақ. Көктемде сабақ беруді бастайды. Тегін. Соны ұлғайту арқылы жастарды қолөнерге баулуға тырысудамыз.
Кезінде ауданда тері, жүн жұрқаны өңдейтін орын болды. Қазір ол жоқ. Қазірде шикізат өндіретін кішігірім цехтар тері өңдейтін, одан аяқ киімдер тігетін кішігірім орталықтар ашсақ. Сабан, қамысты өртеп жіберіп жатырмыз. Осы жұмыстар жүйеге түсу үшін қағазбастылықты өтірік ақпарды қойып, шын іске кірісу керекпіз.
Руслан Рүстемовтың бұл тұрғыда көп бастамалары бар. Соны жолға қою үшін аудандағы менмендік менталитетті түзету керек. Әркім шыққан тауым биік болса екен дейді. Соған кедергі болғысы келетін кежір қылықтан арылуымыз керек, әуелі.

Асылжан Жолдасбеков:

– Нәтижелі жұмыспен қамту бағдар­ламасы бүгінде 2022-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба түріне ауысты. Бүгінде өңірлік инвестициялық қаржыландыру қоры арқылы ауданымызда 6 пайызбен 100 млн, 2 пайызбен 44 млн теңгеге ұсыныс жобалар бақылау кеңесіне жолданып, зерделенуде. Сол сияқты кәсібін алғаш бастағысы келетін тұлғаларға бір реттік қайтарымсыз қаржы 200 АЕК негізінде, яғни 1 млн 225 мың 400 теңгеге артты. 2022-2025 жылдарға арналған Бизнестің жол картасы аясында жаңа жобаларға инновациялық грант 2,5 млн-нан 5 млн-ға дейін өндіріске берілгелі отыр. Кімдерге? Жергілікті жерге өте қажет, бұрын-соңды болмаған тың жұмыс орны болса тіптен жақсы. Бизнес-жоспарын кәсіби тұрғыда тыңғылықты жасап беруге әзірміз.Неге осы грантты қол өнер шеберлері алмасқа?
Жол картасы аясында инновациялық грантқа бизнес жоспарын ұсынып келген азаматтар болса оларға да көмегіміз дайын. Әрмен қарай талаптарға сәйкес келсе, несие тарихы таза, кепілге қоюға мүлкі бар тұлғаларға 6 пайызбен несие алуға мүмкіндік бар. Көп адам осы қаржыны алып, кәсібін дөңгелетіп жүргізіп келеді. 509 адам «Бастау – Бизнес» бағдарламасымен оқытылып, ақшасын алып, кәсібін жүргізіп жатыр. Олардың жұмыстарына мониторинг жүргізіліп, заңмен тексеріледі. Жұмыс­пен қамту мекемесі тарапынан қада­ғаланып, мақсатты игерілмеген қаржы кері қайтарылады.
Нақ бүгінгі күндері тәуекелді алға тартып, ақша алуға ниеттілерге үкімет тарапынан қолдау болып тұр. Мемлекеттік бағдарламар көп. Соған тәуекел ететін батылдық қажет. Несие берілгеннен кейін сол қаражатты жаратуға 90 күн беріледі. Өнімін шығарып, пұлдап, табысын сараптағанға дейін тағы 6 ай каникул беріледі. Содан соң барып несиені белгіленген мөлшері бойынша толықтыру көзделеді.

Мұхит Мамуов,
жеке жобалаушы:

– Қандай тірлік, іс болмасын алдын ала жоспары, жобасы түзіледі. Алдыма келген азаматтардың кім болмасын қолға алған бастамасына дұрыс бағыт беріп, жөн-жоба көрсетуді парызым деп есептеймін. Біреулер үй сызып бер деп келеді, жобасымен танысып, мазмұнына қарап, сызбасын шығарып беремін. Мына Пахридин ініміз мұрындық болып, қолөнер шебері Мұрат Жәрімбетовтың есігінің алдында қазығын қадаған шеберхананың сызбасын дайындап, түп-түгел есептеп бердім. Қолөнердің дамуына бірден-бір тілектес адаммын. Бір ұсынысым, қолөнер ендігі жерде заманауи үлгіде жандануы тиіс. Күн­делікті тұрмыста қолданылатын бұйым­дар сұранысқа көп ие. Менің ойым, әр ауылда бір ғана затты шығару қолға алынып, соны дамыта беру керек. Мәселен, бір ауылда киіз үй жабдықтары, бір ауылда жүн өңдейтін цех, бір ауылда дөңгелекті арба, көлік кузовын жасау тәрізді біржақты кәсіпке ден қойсақ. Жүн өндіруді тері илеуді бір кәсіпкер ғана емес, халық болып қолға алу керек. Әжелеріміз ұршыққа жіпті шиыруды бала да болсақ бізге тапсырып, көмектесетін едік. Түкте қиындығы жоқ. Есесіне қолда тұрған түлігіміздің жүніне дейін кәдеге асыратын боламыз. Жүннен шекпен, шапан тігетін цех ашылса, кигенге жеңіл төзімді әрі төл өнімімізге қол жеткізер едік қой. Ауданда кәсіппен айналысамын деген азаматтың қайсысына болмасын көмегім әзір.

Ұлмекен Мауытова,
зейнеткер, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, қолөнершебері:
– Зейнетке шыққалы бері қолөнермен дендеп айналысуыма мол мүмкіндік туды. Жүнді өзіміз өңдеп, жіп иіріп, тоқыма тоқимын. Жүннің де түр-түрі болады. Білгенім, жергілікті жердегі қара қойдың жүнінің қылшығы қатаңдау келеді екен. Жүнді түтіп, жуып, бояп, киіз басуға ғана пайдалануға жарап тұр. Ал, үстімізге ілуге меринос қойының жүні қажет. Өте жұмсақ, ұлпадай жағымды. Мына үстімдегі қамзолды осы жүннен дайындадым. Тапсырыс берушілерге 15 мыңға пұлдап отырмын. Бағасын білгенге құны одан жоғары болуы керек. Дүкеннен сатып алған шетел киімінен мұның сапасы, сәні, денеге жағымдылығы, денсаулыққа пайдасы нешеме есе артық. Өзіміздің қолымызда бар шикізатты өндірудің көзін таппай өзге жақтан келетін киім-кешекті қымбат бағаға сатып алудан қалтамызға салмақ түсіруден өзге түк таппаймыз. Сондықтан қолда барды құнтты пайдаланып, әжетке жарататын кез туды деп есептеймін.
Мені көрші аудандардан қыз-келіншектер жиі шақыртып, мастер класс өткізуіме өтініш береді. Мен де тартынып қалмаймын. Барып, бар білгенімді үйретіп, қолөнер шеберлігіне баулып келемін.

Асылжан Жолдасбеков:

– Әр салада жұмыс жоспары болады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі де, әсіресе аудандағы өнеркәсіптік әлеуеті бар деген осындай азаматтарды қаперге алып, қатарға тартуға тырысуы керек. Инвестиция тарту мәселесін алға шығарып, жобаларды трансформациялау керек деп есептеймін. Бізде осы жағы ақсап тұрған тәрізді.

Пахриддин Садықов:

– Бізге кәсіпкерлік бөліміне ғана тиісті жұмыс деп қарап отыруға болмайды. Бастысы өнер өлмеу керек. Өзіміз өлмей тұрғанда бойдағы өнерімізді қалдырып кету үшін, сенің ісің, менің ісім деп қарап отыруға уақыт тар болып тұр.
Жеке басым осы таяу күндері тау жақтағы ауылдардан бастап шығып, қыр мен сырдың арасын түгел қамтып, елдегі қолөнерші азаматтардың мақсатын бір арнаға тоғыстыруға ықыласты жоба жасап отырмын.
Нақтылап айтсам, Талап ауылында қолөнер шебері Баян апамыз, Қосүйеңкіде киіз басатын Әбутәліп ағамыз, Құттықожада етік тігетін кәсіпкер ағамыз бар.
Әр ауылда кәсібін аяққа тіктеп, жұмыс істегісі келіп отырған ынталы әріптестерім аз емес. Талап ауылында мектеп жанында оқу комбинаты болатын. Қазір бос тұр. Соны шеберханаға айналдыруға болады. Жолын тапса, барлық ауылда осындай мүмкіндік бар. Неге жергілікті әкімдер осы мүмкіндіктің көзін ашып, кәсіпкерге жағдай жасамасқа. Олардың басын біріктіріп, қолдау көрсетсе, көп жұмыстың тетігі шешілейін деп тұр. Мәселен, Бірлік ауылынан тау жаққа бұрылар тұста қымбат жәдігерге кезіктім. Оны өңдесең миллиондап табыс әкеледі. Бірақ өңдеу үшін қажет 200 мың теңге бізге қат болып тұр. Туған жердің табиғатының өзі тұнып тұрған байлық. Соны мақсатты мәпелеп, кәдеге жаратуда жан-жақты бас біріктірсек еш дүние жерде қалмайды.

Үмбет Абибуллаев:

– Кәсіпкерлікті табанынан нық тұрғызудың кілті – сервистік қызметте. мен бұдан бұрын “Талдысу” облыстық олимпиадалар орталығы директоры бол­ғанымда бұл қызметтің мәнісін жақсы түсіндім. Біле білгенге, жақсы жұмыстың өзі – жарнама. Кәсіпкерлеріміз осыған дағдылануы керек. Жайылманың қарбызын алайық. Атағы біраз жерге жайылды. Бір салаға бейімделу арқылы сапаға қол жеткізу деп осыны айтады.
Аудан орталығындағы, ол кезде №187 кәсіптік-техникалық училище­сінде директордың орынбасары болып жүрген кезім болатын. Бір Алматыға жиналысқа барғанымда Қырғызстаннан келген әріптеспен қатар жайғасқаным бар. Екеуміздің әңгімеміздің тақырыбы өзектес өрілді.
Сіздерде қандай мамандыққа оқы­тасыздар? – дейді ол.
Сварщик, электрик, тігін ісі деп шұбыртып жатырмын.
Қазақстанда тігіншілер оқи ма? - деді ол. Неше группа? Оқып болғаннан кейін қайда жібересіздер?
Мен осы ретте тосылдым. Бізде оқу мен өндірісті ұштастыру механизмі жетілмеген. Оқу орнын бітірген түлектерімізді практикада жүйелі шыңдау, әрі қарай жұмыспен қамту мәселесі әлі күнге шикі. Ал оларда оқу бітірген тігінші 100 пайыз өндіріске орналасуы қадағаланады. Тігін өндірісі жолға қойылып, экспортқа киім шығарумен ел экономикасын тіктеп тұрған жағдайы бар. Осы мәселеде олар бізден көп озық екенін мойындауға тура келеді. Жоқ деп қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Көзін тапқанға бізде де кәсіп түрі көп, кәсіпкерлеріміз де бар. Мәселен, осы жұмыстарды жүйеге түсіру керек. Осы тұста аудандық кәсіпкерлік бөлімі мамандары қай ауылда қандай өнер шеберлері бар, көріп, көзін жұмып айта беретіндей болу керек. Пахриддин бауырымыз өзінше жұмыс жасап, соларды түгендемек, қай кәсіп түріне икемдігін анықтап, аяққа тұрғызбақ. Міне, осы азаматтың жанында сол мемлекеттік мекеменің жетекшілері, әдіскерлері қатар жүрсе жұмыс жанданады. Аудан басшысы да бұл жұмысқа ерекше ынталы, жиналыс сайын кәсіпкерлік бөлімді қамшылап келеді, сонда да көңілдегідей жұмыстың болмай келе жатқанына іштей қынжылып қаласың. Шындығында, ауданда шын жаны ашып, жұмыс істейтін азаматтар болса жаңа кәсіптің көздері жоқ емес. Шикізат жеткілікті. Тек осы жұмыстарды мемлекеттік деңгейде ұйымдастыратын тетік болу керек.

Баян ҮСЕЙІНОВА
23 ақпан 2022 ж. 539 0