№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Нұрлан Бабажанов: "Арманым "Ақбұлақтан" бастау алды"

Нұрлан Бабажанов: "Арманым "Ақбұлақтан" бастау алды"

Өнер өлкесінде тер төгіп келе жатқанына отыз төрт жылға жуықтаған аудан мәдениет саласының қызметкері Нұрлан Жанзақұлын көпке таныстырудың қажеті жоқ.
Елдің қос қанаты – деннің саулығы, жанның байлығы. Көгіміз ашық, көңіліміз тоқ  бейбіт күннің аясында  өмір сүрген әр адам қарын тойдыруды ғана емес, рухани азықты да қажетсінері хақ. Осындайда талаптың өрінен, руханияттың төрінен танылып жүрген таланттардың бірі – тәжірибелі маманның өмір жолынан өңір өнері  шежіресінің сырлы парақтарының сырғып бара жатқанын да  мойындауға тура келді. Өмір заңы осылай. Біз бұгін «Сенбілік сұхбат» алаңына шақырған қонағымызбен бірге  ере келген кешегі күндерге саяхат жасап, өмірден өтіп кеткен өнер саңлақтарының рухын бір тербегендей болдық. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– Алдымен өзіңіз өнерге қалай келдіңіз? Соны әңгімелеп берсеңіз.
– Қанмен келді дейтін ата-анам өнер адамы емес. Бірақ нағашы жағымда бар. Анамның ағасы сырнай тартатын кісі екен. Еңбектеп барып, сырнай үніне елтіп жата беретін көрінем. Әкем совхоздың қойын баққан кісі. Бір күні мал отарларын аралап келген автолавка есігі айқара ашық қалған екен. Тақ төрінде ілулі тұрған домбыраға жетіп барып, құшағыма қысқан құштарлығымды байқады ма, нағашымыз боп келетін Искаков  Еркінбек ағамыз оны маған сыйға тартып кетті. Содан бастап өзімше талап қып үйреніп кеттім. Мектепте жүргенде музыка пәні мұғаліміміз Тұрсынхан Әбдіразақов  менен көп үміт күтті. Сабақтан соң алып қалып баян, домбыра тіліне баулыды.
Мектептен соң армия қатарында болдым. Алғаш Шалқияда Мырғалым сай кеніш орнында  бетоншы болып жұмысқа тұрдым. 8 наурыз күні концерт қоятын боп, ұжым алдында Мұхтар Шахановтың «Жароков көшесіндегі кездесу» деп аталатын өлеңін оқыдым. Бұл өнерім кеншілерге қалай әсер еткенін қайдам, кешімізге қонақ боп шақырылған ауданның  3-хатшысы Гүлбарам Сәткеева мен аудандық мәдениет бәлімі бастығы Махмуд Әуезов ағамыздың көңіліне ұнаппын. Осылайша бір күнде Мәдениет үйіне қызметке тұратын боп шыға келдім.
Бұл ортада менің өмірім мүлде басқа арнаға бұрылды. Манап Көкенов жүр екен мұнда. Қызыл отаудың меңгерушісі. Ауданның бетке тұтары. Қандай шара болсын Мәкеңнің қатысуынсыз өтпейді екен. Бір ойымда қалғаны, Мәкең есіктен кіргеннен жан-жағына шуақ шаша келеді. Алдынан жамырай қарсы аламыз. Қолын төс қалтасына салып, кешегі айтыста ұтып алған жүлдесінен бәрімізге бес сомнан таратып береді. «Ай, бұл жүлдеде сендердің де үлестерің бар» дейді. Қандай үлесіміз бар еді деп ойланып жатпай бергенін қуанып алып аламыз.
Алғашқы күннен аудандық халық театрының режиссеры Әмір Мәжитов ағамыздың қарамағына түстім. Ол кісі мені баулып, әртіс етіп шығарды. «Дала жұлдыздары» үгіт-бригадасы қатарында  ел-елді аралап, концерт қоямыз. Озаттарды марапаттап, шаруасы кейін қалған ұжымдарды сын тезіне алуда  «Жаңаша» ойын-сауық отауының орны үлкен еді. Сценариін Манап аға өзі жазып беретін. Сол жылдары біздің насихат жұмысымыз жоғары бағаланып, Ресейдің  Қазақстанға қосылуына 250 жыл толуына орай  Мәскеуде өнер көрсетуге жолдама алдық Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінде  қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған өнерімізбен сахнаға шықтық. Одан әрі Орынбордың Соль – Илецк қаласында он кұн бойы қазақ ауылдарында концерт қойдық. Көрермендерге екі сағат дайындап барған пьесамызды, бір сағат концертімізді қоямыз, сосын оны тағы қайталап бір көріп әрең босатады. Түнгі сағат үшке дейін өнер көрсеткен кезіміз де болды. Халық туған өнерін қатты сағынып қалған екен.
– Өзіңіздің сахнада алғаш ой­наған роліңіз?
Ғабит Мүсіреповтың «Қозы көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде  ойнадым.
Драманы алғаш Қостанай қаласы сахнасында қойып Бас жүлдені бір алдық, сол жылы өмірлік жарыма қол жеткізіп тағы олжалы оралдым. Ма­ман­дығы бойынша Жаңақорғанға жолдамамамен келген  көрші облысқа қарасты Шаянның қызы – Шәкизат аруды қалайда ауылда алып қалуды көз­деп  екеуміздің арамыздағы мөлдір қа­рым-қатынасқа дәнекер етіп егіз ролді еншілеткен ағаларымыз неткен көреген еді десеңші. Міне, содан бері Шәки екеуміз өмірде де, өнерде де қатар келеміз. Өнер адамының бағы жанып, маңдайының ашылуында бұл үлкен маңызға ие. Көбіне түсіністіктің болмауы талай таланттың қадамына тұсау болып жататынын да көріп жүрміз.
– Ұстаздарыңыз бен әріптестер жөнінде не айтасыз?
– Манап Көкенов пен Әмір Мәжи­товтың мектебі өз алдына, күнбе – күн демеп, бір-бірімізге сүйеу бола білген Қалтай Арқабаев, Қазбек Башаровтың орны мен үшін бөлек. Мен олардан көп нәрсе үйрендім. Ол кезде басқа ұжым-мекемелерден де өнерге бейімі бар азаматтар келіп, сахна көрігін қыздырып, жұмысымызға шабыт беріп кететін. Мысалы жоғары білімді дәрігерлеріміз – Молдахмет Искаков, Мейрамбек Жармұхамедовтың сахналық қойылымдары кәсіби мамандардан бір де кем болған емес. Одан олар ұтылған жоқ. Кісі бойындағы қабілетті жарқыратып көрсете білудің өзі  иесінің болмысына рухани қуат дарытып, төл кәсібіне, жалпы өміріне қуаныш қана дарытатынына сенімдімін.
– Өнердің қай жанры жаныңызға жақын?
– Алғаш сахнаға домбыра ұстап шыққан қазақ ретінде дәстүрлі ән жанры менің меншігім. Эстрадада ән айтқан емеспін. Бізде «Экспресс» вокальды – инструментальды ансамбльі болды ғой, қазір де бар, солардың концертінде группа тынығып алуға үзіліске шықса болды, домбырамды алып сахнада халық әнін шырқадым. Кейіннен жаппай фонограмма етек алды. Бұрынғыдай мұқтаждық жоқ. Шеттеп қалғанымыз да рас. Кейде Бексұлтан аға екеуміздің облыста өтетін жиналыстар үзілісінде баянмен, біріміз домбырамен ән салуға шақырылып, халықтың қошеметіне бөленген кездерімді де сағынып отырамын. Ұлттық өнер қамыттың бұғауында қалған қиын кездердің өзінде есебін тауыл елдік мүдде етекте қалмады. Бүгінгідей барлығына мүмкіндік берілген уақытта дәстүрлі төл өнердің өгей бааланың күйін кешетін реті жоқ. Мынау фонограммаға қарсы заң осы мәселелердің барлығын жүйелі жолға қоятын болар деп ойлаймын.
– Әр кезеңде аудан мәдениет саласын басқарған тұлғалар өңір өнерінде қандай із қалдыра алды?
– Тоқсан жетініші жылдардың оң­тай­­­ландыру саясатымен мәдениет са­ласы екі есе қысқарып біразымыз жұмыстан кеттік. Облыстық мәдениет бас­қармасына қызметке ауысып кеткен Махмуд ағамыз 2002 жылдары аудан­ға қайта басшылыққа келіп, әлгі мамандардың барлығын қайта жұмысқа қабылдады. Байырғы мықты құраммен облыста «Көркейсе ауыл көркейеміз бәріміз» деген бағдарламамен өнер фестивалін ұйымдастырып, биік баға алып, жұмысты қайта жандандырды. Өзім осы салада жүргелі мәдениетті басқарған Есен Оңалбаев, Дүйсенхан Сыздықов, Зайниддин Әбусейітов, Нұрберген Тастаев, Нұрдин Палуанов, Әбілқайыр Сыздықов, Әбдірейім Өміров, Аягөз Айдосова, қай-қайсының болсын қоғам талабына орай орнықты үлестері бар. Бір айқын нәрсе, жылдан жылға жаңаша өзгерістен көшіміз кейін қалып қоймауы үшін бізге үздіксіз жаңарып отыруға тура келеді.
– Биылғы карантин жұмыс маз­мұнына не жаңалық әкелді?
–  Өз басым  аймақ мәдени-тарихи нысандарын түгелге жуық зерделеп, бейне ролик жасап желіге жүктеп отыру арқылы жаңақорғандықтардың  өңір тарихымен етене болуына ерен күш жұмсап келемін. Сонымен қатар туған топырағымыздан шыққан Сыр сүлейлері қатарында Құлан ақын, Әлшекейден бастап бүкіл өнер адамдарының өмір тарихы және шығармашылдығы жөнінде  бейнебаян әзірлеп көрермен назарына ұсынып келемін. Келесі аптаға «Сөнбес сәуле» деген тақырыпта өнердегі досым Қазбек Башаров жөнінде ролик дайындап жатырмын.
Бұл деректердің қайнар көзін қай­дан алып отырсың дерсіз. Адырбек Сопыбековтың Жаңақорған тарихнамасы туралы энциклопедиясынан сілтеме арқылы талай тіірлік түзілді. Алда әлі жоспар көп.
Бүгінде аудандық мәлениет үйі жа­нында  клубы жоқ елді мекендерде бос уақытты мәдени ұйымдастыру кешенінде қызмет атқарып келемін. Қалған уақыттарда ел ішіндегі түрлі жиын, отбасылық кештерді жүргізіп беру міндетін де мойныма алып, халық көңілінен шығып келемін. Бір қуанатыным, Құдай берген өнердің арқасында мәдениет өкілдерінің ел өміріне өзгеріс әкелуіне көп мүмкіндігі бар. Үш сағаттық тойды басқарып тұрып та үлкен идеологиялық саясаттың жүгін көтеріп келеміз.. Тәуір іске тәтті сөзбен де негіз қалауға болады.Олай болса алдымен  өз мәдениетіміз бен сөзіміз түзелуі керек деп санаймын. Сөз түзелсе, тыңдаушы да түзеледі.
– Әңгімеңізге рахмет. Келешек мұраттарыңызда  биік мінберден таныла беріңіздер.

Әңгімелескен  Баян ҮСЕЙІНОВА.                 
15 қараша 2020 ж. 773 0