№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ақ келін


Өңірімізде өнегелі өмір жолымен өз тұстары арасында жұлдызы жоғары болғанын былай қойғанда кейінгі толқын тәу етуге тұрарлық қазақ қызына лайық бітім-болмысымен танылған тұлғалар көп-ақ. Соның бірі – Вера Баубекова апайымыз.


Жан-жүрегімен дәрігерлікті қа­лап тұрса да әке талабынан аттап кете алмаған ару мектепті үздік бітіріп, алғашында өзінің туған өлкесі Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданындағы бастауыш сыныптарына сабақ береді. Бірақ жас кеудесіндегі дәрігерлік маман­дыққа деген махаббат алауы басылмай, батыл шешімге келген қазақтың қайсар қызы көп ойланбай өзі сүйетін мамандық бойынша білім алуға бет бұрады.
– Әкем Хаби Рамазанов талай жыл ағарту саласында қызмет етіп, мектеп директоры болған кісі. Алғашында ауданға ұстаз керек болған соң әкемнің сөзінен аса алмай ұстаз болдым. Мұғалімдік те өте жақсы мамандық қой. Дегенмен мен бала күнімнен дәрігер болғым келетін. Осы ой іштей мазалайтын еді. Бір күні әкем «Шырағым, байқаймын өз жұмысыңа салқын қарап жүрсің. Қандай ойың бар, бүкпей айт», – деді. Мен ойланбастан «дәрігер болсам ба деп едім, рұқсат етсеңіз институтқа түсемін» дедім. Әкем менің алған бетімнен танбайтынымды сезді ме, «жарайды ботам, қайда жүрсең де жолың болсын» деп маңдайымнан сүйді» – дейді Вера Хабиқызы.
Әкесінің ақ батасын жанына жалау еткен қазақ қызы ағарту саласынан біржола қол үзіп, меди­цинаның қыр-сырын үйреніп, білімін шыңдауға Ақтөбе қаласына аттанады. Сол шаһардағы меди­циналық институтта оқып жүрге­нінде Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданының түлегі Әлімхан Баубековпен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Ол кезде Әлімхан ағай да Түркістандағы медучилищені бітіріп, «1 Май» колхозында фельдшерлік қызмет атқарып, білімін одан әрі шыңдауға Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсуге барған еді.
Оқуын бітіріп, дипломын қол­дарына алған жастардың көңілдері жарасып, болашақта қол ұстасып отбасы құруға уағдаласқан болатын. Сөйтіп дәрігерге жарымай отырған шағын ауылға қос бірдей маман келіп, ел-жұртты қуанышқа бөледі. Бірлік кеңшарында типтік жобамен салынған 35 орындық аурухана болатын. Әлімхан аға аурухана бас дәрігері, Вера апай терапевт-дәрігер еді. Жауапкершілік жүгі ауыр жұмыстың қызығы мен шыжығын екеуі қатар көрді. Тұрғындардың бірі ауырып жатыр деген хабарды естісе болғаны ерлі-зайыптылар дереу жиналып, кез-келген көлікпен науқасқа алғашқы көмек көрсетуге аттанатын. Қазір­гідей жедел-жәрдем көлігі жоқ уақыт. Кейде ат арбамен де алыс ауылдарды аралаған күндері болған. Ол кездері Бірлік совхозының ар жағы Талдысудан басталып, бергісі Аққұммен аяқталатын.
Дәрігер тапшы болғандықтан Вера апай дәрігер-педиатр, тера­певт, акушер-гинеколог міндеттерін қатар атқарды. Талай перзенттің кіндігін кесіп, талай ана мен баланың өміріне араша түсті.
– Қазір ойлап қарасам, ол кезде уақытпен санасу деген жоқ. Ауылда екі-ақ дәрігерміз. Күндіз-түні ауруханада, одан қалса алыс­тағы елдімекендерге барып, малшылар мен егіншіліреге қызмет көрсетіп үлгеретін едік. Әлі есімде, Алтайбай Жүнісов деген шопанның келіншегінің толғағы қысып, үйінде босанып қалған. Бізге хабар жетіп, біз тауға барғанша жағдайы біраз нашарлаған екен. Сол әйелге дереу көмек беріп, совхоздағы ауруханаға жеткіздік. Екеуі де Алланың қалауымен аман қалды. Бүгінде сол сәби өзінің немерелері бар ел ағасына айналды ғой. Бізге осындай аман қалып, жалғасқан өмірлер мен көптің алғысы күш-қуат беретін, – дейді ардагер дәрігер.
Күн-түнмен санаспайтын дәрі­герлік жұмыстың тауқыметі бір бөлек, қазақ отбасында келіндік міндетке кір түсірмеу, бұл өз алдына атан түйеге жүк боларлық жауап­кершілік қой. Алғаш келгенде қазақ тілінде де жақсы сөйлей алмайтын дәрігер Вера намысқа тырысып, қалың жұрттың алдында қадірін бекемдеуге ұмтылды. Ауыл тіршілігінің салт-санасын меңгеріп те алды. Оның ашық-жарқын мінезі, айналаға жағымдылығы бүгінгі кейіпкерімізді «Ақ келін» атандырды.
Үйдегі үлкен анасының ба­бын келтіріп, бала-шағасының жағдайын жайғастырғаннан бөлек күн-түнмен санаспай, жанына демеу іздеген науқастарға көңіл бөліп, көптің алғысын арқалаған дәрігердің еңбегі еленіп, үкімет пен партияның денсаулық сақ­тау кәсіподағының «Мақтау гра­мотасымен», В.И.Лениннің 100 жылдығына орай «Денсаулық саласының ардагері» медалімен мадақталып, суреті ауданның Құрмет тақтасына ілінді. Сонымен қатар, аудандық және облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жалпы, дәрігерлік қызметтің оңай еместігі түсінікті жәйт. Қызметте пациенттерге көмек көр­сеткеннен бөлек, үйде тыныш демалмайтыны тағы бар. Өйткені, адам жанына араша түскен соң өмір мен өлімнің арасында жатқан жанның жағдайы кімге де болса маза бермесі анық.
– Алла Қазақстанның екі бұры­шынан Вера екеумізің басымызды қосты. Ол батыстыкі. Мен оңтүс­тіктенмін. Бір жолы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы София Мақашеваның қабылдауында болдым. Ол менен келіннің Оралдың қызы екенін естіп, «Ол жақтың әдет-ғұрып, салт-санасы, тәрбиесі біздің оңтүстікке келмейді, олар орысшалау келеді, кейін түсінбестік болып, ажырасып кеткен осында біраз жігіттер болды» деген еді. Бірақ біздің Вера менің туған жерімді жатсынбады. Орыс мінездімін деп бетіме келген емес. Үлкеннің де, кішінің де көңілін тапты. Отбасына, қызметіне адал болды. Соның арқасында елдің ықыласына кенелді, – деп ағынан жарылды Әлімхан қария.
Иә, дәрігерлердің басын қосқан отбасында жеті бала дүниеге келді. Бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, барлығы жоғары біліммен әр салада қызмет атқарады. Тек үйдің кенже қызы Ардақ Баубекова мен немересі Әміржан Әлімхан әке мен ана жолын қуып дәрігерлікті таңдады. Бүгінде Ардақ Шымкент қаласындағы жедел-жәрдем бөлімінің меңгеруші дәрігері қызметін атқарса, Әмір­жан Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің студенті.
«Алғыс алған – арымас» демекші елдің демеуінен қуат алған қос дәрігер өмірдің ағы мен қарасын қатар көріп, көпшіліктің ыстық ықылысына бөленіп, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Көптің ризашылығы басына түскен қиындықтарын ұмыттырып, ақхалаттыларды ұлы мақсаттарға жетеледі. Ерінбей еткен еңбектің нәтижесінде нәзік бойына білім мен біліктілікті жинаған қазақ қызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ана. Оның өмір мен қызмет жолындағы тынымсыз табандылығы бүгінгі нәзікжандыларға үлгі аларлықтай екені даусыз.

Түйін. Бүгінде жасы сексен­нен асқан Вера апайдың ден­сау­лығы сыр бергенімен өзін сергек сезінеді. Оған қасындағы отағасының қамқорлығы мен бала­ларының мейірімі себеп. Әлім­хан ағайдың жарына жасаған жағдайы мен күтімінен жастайынан басталған махаббат лебінің әлі де сөнбегенін, ыстық сезімнің айнымас сыйластыққа айналғанын аңғардық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
19 қаңтар 2022 ж. 635 0