№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Мырза


Өзіндік ойы бар, көзқарасымен ерекшеленетін, қарапайым да қайырымды Құлмағанбет Исаханов ағамыз науқастанып қалды дегенді естіп, Қаратөбені бағытқа алдық.
Баспақкөлге жеткенше ойға сан ой келіп, Сыр беткейде атқарылған жүйелі жұмыстарды сана сарасында салмақтадық.
Бүгінде Көктөбеге дейін тақтайдай теп-тегіс жол түсті. Ауылдық округтер аумағындағы канал мен су қашыртқыларын тазалау, қазу жұмысы жолға қойылды. Қаншама мектеп жаңадан бой көтерді. Спорт кешендері ашылып, салауатты өмір салтын ұстанғандар саны артты, халықты иман мен ынсапқа шақыратын руханият орталықтары – мешіттердің қарасы көбейді.
Сырдың суын тел емген елді мекендердің әлеуметтік әлеуеті артып келеді.
Әрине, мұндай халықшыл бастамалардың байыпты болуында Құлмағанбет Оразқұлұлы сынды азаматтардың да үлесі қомақты.
Міне, жол үстінде санаға осындай ой қонып, кейіпкерімнің болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін бір түйіндеп қойдым.
Құлмағанбет аға мен Күлайхан жеңгеміз көтерген шаңыраққа да жеттік. Құт қонып, шаттық орнаған шаңырақта қаншама қоғам қайраткері қонақ болып, дәм татып, салиқалы әңгіме өрбіген-ді...
Еңгезердей ерді бір көргенде танымай қалдық. Жүдеңкіреп қалыпты.


– Ассалаумағалейкум, аға! – дедім даусым қаттырақ шығып.
– Уағалейкумсалам, Нұрлатжан! – деп сәлемді қабыл алды.
– Сіздің ауырып қалғаныңызды естіп, асыға жолға шықтым. Жағдайыңыз қалай? – дедім.
– Шүкір! Аллаға шүкір! Шүкір, жүріп жатырмыз! – деп жауап қатып, терең ойға батқанын аңғардым.
Бірнеше минутқа созылған мүлкіген тыныштықты бұзып:
– Қамшының сабындай қысқа ғұмырда пенденің жетсем деп жүрген жеңістері де, терсем деп жүрген жемістерінің бәрі бір сәттік екен-ау. Ауырып, ас батпай, денемнен әл кеткенде санамды осындай ойлар мазалады. Шүкір, Алланы танып, құбыламды таптым, – деді ол.
Кейіпкерімнің жан айнасы, жанарына үңілдім. Сондағы көргенім – халқыма қызмет етсем деген сәуле шуақ шашатындай.
Қазақтың тарихын танысаңыз, бір ауылдың бір мырзасы болғанын, олар жұрттың қамын жеп, берекелі істің ұйытқысы бола білді. Міне, Құлмағанбет ағаны осындай образда қабылдап, танимын. Мұны былайғы жұрт та мойындайды.
Өмір сүру философиясы жөнінде басталған әңгімені басқа арнаға бұрып, балалық шағы, әкенің тәлімін, ананың мейірімі туралы сұрадым.
– 1962 жылы кіндік қаным осы ауылда кесілді. Әкем Оразқұл істің адамы болатын. Өнеге өрімін ұрпағына іспен дәлелдеп, сөзбен бекітіп отыратын. Анамыз Бибізат Омарқызы үй шаруасында болды. Сол ата-анамның тәлімінен болар, еңбектің арқасында түтініміз түзу ұшып, ұрпағымыз өсіп-өрбуде, – дейді кейіпкерім.
Елдегі тұрақтылықты, әлеуметтік ілгерілеушілікті, өндіріс пен шаруашылықты дамытудағы игі істерге бас болуымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде жүзеге асуында белсенді, білікті азаматтар үлесін қосуы тиіс-ақ. Ол үшін өзі тәуекелшіл болып, бастамашыл қасиетімен ерекшеленуі тиіс. Құлмағанбет Оразқұлұлынан кәсіпті қалай бастағанын сұрадық.
– Сарыағаштағы Қапланбек техни­кумын бітіріп, кеңшарда ветеринар ретінде еңбек жолымды бастадым. Одан кейінгі жылдары егіс бригадирі, бас зоотехник, директордың орынбасары қызметін атқардым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қайта құру кезінде шаруашылық құрып, іс бастауға бел байладым. Бұл – 1997 жыл. «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы ретінде тәуекелге бел буып, жол бастадым.
– Мұндай тәуекелге не итермеледі?
– Әкем Қаратөбе ауылының қазығын қаққанның бірі. Сөзі өтімді, тәжірибелі маман болды. Еңбекке енді араласқан кезімде Германиядағы озық істерді көру мақсатында жолдама келіпті. Тәжірибе алмасуды көздейтін бастама аясында Германияның тыныс-тіршілігін көзбен көруге мүмкіндік алдым. Немістердің бағыт-бағдарын көңілге түйіп, экологиялық, эстетикалық тәрбиесін сезіндім.
Шаруа қожалық құрғанымда Германияда көрген, білгенімді жүзеге асыруға деген ниет, талпыныс болды. Екінші жағы, заманның ағымы жекеменшік секторға бұрылғанын сезгендей болдым.
Сөйтіп, жаңашыл қадамға иек артып, шаруашылықты дамытуға мән бердім. Алғашқы жылдары қиын болды. Үлеске тиген техниканың аты болғанымен заты жоқ, құр сүлдері қалған, бір күн жүрсе, бір апта жөндейтін ескі-құсқы еді, – дейді іскер азамат.
Расында, бір істі бастау оңай ма? Оның үстіне, жоспарлы экономикадан нарықтық қатынасқа көшкенде жүйенің дұрыс-бұрысын бағамдап, уақыт көшіне бейімделіп кетудің қиындығы өз алдына. Иә, Қызыл өкімет құлағаннан кейін кеңшар тарады. Оның орнына кооперативтер мен шаруа қожалықтар құрылды. Алайда нарықтың қатал заңы тұс-тұстан қысып, біресе жаңар-жағар май жетіспеушілігі, біресе техника бөлшегінің тапшылығы алдынан шығады. Құлекеңнің шаруа қожалықты құруға бел байлағаны да осы тұс еді.
Совхозда жауапты қызметтер атқарып, үлкен өмір мектебінде шыңдалып, қабілет-қарымымен танылған азамат шаруашылықтың құжатын реттеп, жерін белгілеп, жаңа бастаманың қозғаушы күшіне айналады. Сумағар жақтағы бұрынғы күріш алқаптарын қайта айналымға түсіріп, тың жерге түрен салады. Қолдағы түлікті техника мен тұқымға жұмсап, мол өнім алуға дем береді. Сосын жинаған өнімді өткізіп, диірмен алып, техниканы жаңалайды. Диірменнен шыққан күріш экспортқа дайын болса, одан қалған өнімді мал азығына бағыттап, егін және мал шаруашылығын қатар дамытады. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде «Сұңқар» шаруа қожалығы аудандағы ірі аграрлық құрылымға айналып, ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтып отырған құрылымға айналды.
– Германиядағы шаруашылық­тардың деңгейі өркениет көшінде алдыңғы қатарда келеді. Шаруа­шылық ісін бастағаныңызға ширек ғасырдан асты. Әркімнің ішкі есебі мен болжамы болатыны анық. Сіздің пікіріңізше, осы уақытта Еуропалық деңгейге жеттік пе?
– 60 жасқа қадам бастық. Өмірден түйген-көргеніміз көп. Рухани-мәдени құндылық жөнінен біз ешкімнен кем емеспіз. Біздің мыңжылдықтардан тамыр тартатын салт-дәстүр мен әдет-дағдымыз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жазғанындай, сәйгүлікті тақымға басып, металлургияны дамытқан Ұлы Дала елінің байырғы тұрғындары өркениеттің орталығы болды.
Қазір өркениет көші батыстан тарауда. Қалай дейсіз бе, ғылымды меңгеру арқылы технологияны дамытуда. Технология қай саланың болмасын жүгін жеңілдетіп, өнімділікті арттырады. Осы тұрғыдан айтқанда, Еуропаға жеттік дегеннің ауылы әлі алыс.
Шаруашылықта жер жыртатын, малалап, тегістейтін, өнімді жинайтын техниканың (трактор, комбайн және т.б) саны 15-ке жақын. Өркениет өлшемімен өлшегенде, бұл – көп пе, аз ба? Ол жағын бағамдау бізге қиын. Әзірге дәнді жинап, қамбаға бастыруға жетіп тұр... Ал, ауылшаруашылық өнімдерін өндеу жағынан ақсап тұрғанымыз шындық.
Бүгінде Еуропада ақылды фирмалар құрылып, IT технологияның арқасында суды үнемдеп, минералды тыңайтқыштарды мөлшерінде беріп, өнімділікті арттырып отыр. Бәрінен бұрын, ауылшаруашылық өнімдерін өздерін өндейді. Міне, осы деңгейге жетіп, адами капиталдың игілігін пайдаланғанда ғана аграрлық салада жетістікке жете аламыз.
– Суды үнемдеудің маңызын жыл өткен сайын сезініп келеміз. Әсіресе өткен жылы дарияның суы тартылып, алаңдағанымыз рас.
– Дұрыс айтасыз! Суды үнемдеу өте маңызды іске айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Сырдария өзенінің суын ортақ пайдаланатын елдер цифрлы технологияны пайдаланып, суды үнемдеуі тиіс.
Егер олай болмаса мұның арты әлеуметтік-экономикалық мәселеден бұрын, үлкен экологиялық апатқа әкеледі. Яғни әлемнің жылынуына әсер етеді.
– Адамның адамдығы дәулетінен емес, қайырымды істерінен көрінеді. Сізді ел-жұрт осы тұрғыда мақтап-мадақтап жүреді.
– Шынымды айтсам, біздің азды-көпті қайырлы істеріміз Алланың нығметінің қасында түкке де тұрмайды екен. Мен өмірден осыны түйдім, – деп қысқа қайырды сөзін ел ағасы.
Бір жағынан, Құлекеңнің мақтан­гершілікті місе тұтпайтынын, екінші жағынан, екі ауыз сөзінен оның бойындағы қарапайымдылық, кішіпейілділік қасиетін таныдым. Болмаса Қаратөбе ауылынан бөлек, сол маңдағы Қандөз, Көктөбе, Қашқанкөл, Қалғансыр елді мекеніндегі жұрт Құлмағанбет Оразқұлұлының қайырымды істеріне куә.
Өнімді жинағаннан кейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға кеусен бергеннен бөлек, ірі-ірі жобаларға инвестиция салып жүреді. Оның бір дәлелі, 2016 жылы ауылда жаңадан Алла үйінің есігі ашылуына мұрындық болды.
– Аға, аудандық мәслихаттың үш шақырылымында депутат болдыңыз. Халық қалаулысы ретінде елге сіңірген еңбегіңіз де аз емес. Дегенмен, «мына істің бітуіне себепкер болдым» дейтін бастамалар болады ғой!
– Депутат – халық пен биліктің дәнекері дегендей, ауылдағы ағайынның талап-тілегін жергілікті билікке жеткізіп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға үлес қостым. Бірақ облыстық мәні бар кейбір мәселелер жергілікті деңгейде шешілмеуі де мүмкін. Өңір басшылары ауданға арнайы сапармен келгенінде Сумағар магистралды каналын тазалау, кеңейтуді және облыстық маңызы бар Келінтөбе-Қандөз автомобиль жолының жөндеудің маңызын көтердім. Көп кешікпей жүзеге асты да. Әрине, облыс басшылары мәселенің маңызына мән бергені анық.
– Өмірде жеткен жетістіктерде әкенің өсиетіне деген адалдық тұратыны ақиқат. Сіз үшін ыстық, өмірлік жолыңызға бағыт берген, естен кетпейтін әкелік ақыл қандай?
– Жоғарыда айтқанымдай, әкем «24 партсъезд» атындағы кеңшардың іргетасын қалаған адамның бірі. Асқар әке өмір бойы ақыл айтудан жалықпай, ұл-қызының өмірден өз орнын табуы мүдделі болды ғой!
Әкемнің: «Балам, іске адал бол, еңбектен қашпа! Сонда ғана адамдықтың жолын табасын!» дегені өмірлік қағидама айналып кетті.
Әкелік өсиетті кіндік бауырларым Нұрмағамбет, Бекмағамбет, Жеңіскүл мен Қалмағамбет те жадында жаңғыртып, өмірде ұстанып, өмірде өз орындарын тауып, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отыр.
– Елде соңғы орын алған ақуалға қатты алаңдадық. Ел ағасы ретінде сіздің де уайым кешкеніңізді білеміз...
– Рас, бұл жағдайға қатты алаңдадық. Жеке адамдардың мүддесінен мемле­кеттік мүдде, елдің тұтастығы мен бірлігі бәрінен де жоғары тұратынын тағы бір ұғындырып, санамызға бекітіп берді. Егер елдігіміз болмаса әлеуметтік әлеуетімізді көтер деген уәждің де құны көк тиын. Міне, біз осыны түсінуіміз керек!
– Аға, сауығып кетіңіз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз.

P.S.: «Дүние-мал шашылмай, «мырза» деген атақ жоқ» деген ескіден қалған есті сөз бар. Құлекеңнің болмыс-бітіміне, қабілет-қасиетіне бағалап, елге, жерге сіңірген еңбегіне қарап «мырза» деуге толық негіз бар. Солай емес пе, ағайын?!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

11 қаңтар 2022 ж. 854 0