№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕЦЕНАТ МЕНТОРҒА АЙНАЛАДЫ

МЕЦЕНАТ МЕНТОРҒА АЙНАЛАДЫ

   Жаңақорғанда «Жастар жылы» аясында жаңа пилоттық жоба жүзеге асуға дайын. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің бастамасымен белгілі меценат Құлмағанбет Исаханов енді қарапайым менторлық жобаға жетекшілік етеді. Белгілі кәсіпкер Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе ауылындағы жастарға мал бордақылау ісінің қыр-сырын үйретпек. Тек, үйретіп қана қоймай, арзандатылған жем-шөп пен бордақыланған малды пұлдау процесіне дейінгі шаруаға қол көмек көрсетпек. Әзірге, әрбір ауылдан төрт түлікке бейімі бар 29 жасқа дейінгі 10 жастан іріктеп алып, бордақылауға баулымақ. Жасыратыны жоқ, ауыл жастары үшін тамаша бір кәсіпкерлік жобаға айналмақ.



  Тақырыпты бастамас бұрын, ментор сөзін ашықтап алсақ. Ментор – сіздің кәсібіңізді жетік білетін және оның табысқа жету жолын айқындай алатын тәжірибелі адам. Ол сізбен ақпаратын, өз білімін бөліседі. Шетелдік статистикаға жүгінсек, кәсібі бар адамдардың көпшілігі жетістікке жету жолында менторлардың көмегі зор болғандығын айтады. Сондай-ақ жетекшісі бар қарапайым жұмысшылардың өзі басқаларға қарағанда мансапта беделді болып, тезірек дамиды екен. Негізі ментордың басты жұмысы сіздің ойыңызды бір бағытқа бұрып, сіз білмейтін, көрмейтін мүмкіндіктерді таныстырып, кеңес береді. Яғни, өз саласының тәжірибесімен бөлісіп, табысты жолын үйретеді.
Міне, осындай менторлық жобаға қаратөбелік Құлмағанбет Исахановтың таңдалғаны бекер емес. Өзі басшылық ететін «Сұңқар» шаруа қожалығы бүгінде іргелі шаруашылықтың біріне айналған. Тек қана Қаратөбе ауылы ғана емес, қапталдас жатқан Қандөз, Қашқанкөл, Қалғансыр, Көктөбе ауылының тұрғындары қажетті арзан жем-шөбін, күрішін «Сұңқардан» алып тұтынады. Құлмағанбет ағамыз да алдыма келген екенсің деп шалқая бермейді, қайта керісінше жұрттың көңілінен шығар бағамен тапсырыстарын уақытылы орындап жатады. Ондағысы, осы округтен аудандық мәслихаттың депутаты болып, бірнеше рет сайланғаны бар, «пайдам жұртқа тисін» деген пейілі тағы бар. Қашанда жарлы-жақыбайға жақсылық жасап, онысын рияшылдыққа салмай жасырып жүреді. Қарамағындағы жұмысшылары да дән риза. Материалдық көмек һәм жалақысын уақытылы алып, еңбектеріне адалдық танытады. Қысқасы, ел білетін Құлмағанбет нағыз істің адамы.
Ендігі кезекте жүзеге асқалы жатқан пилоттық жобаның жай-жапсарына тоқталсақ. Әлгінде айтқандай, іріктелген ауыл жастары әуелі аудан орталығындағы Кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау» жобасын оқып алады. «Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылады. Кәсіпкерлік курсы 1 ай. Мұнан кейін, алдағы уақытта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған гранттық негіздегі 505 мың теңге қаржылай қолдау берілетіні белгілі. Осы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізу үшін ауыл жастары бизнес-жоспарын жасайды. Жеңімпаз жастарға ары қарай мал бордақылау бағытындағы менторлық қызметті Құлмағанбет ағамыз жалғастырады. Оның қатарында, ауыл әкімдері де жастардың шаруасына бақылау жасап, аяқтан тұрып кетуіне қолдау көрсетеді.
«Мал баққанға бітеді» демекші, жастар ерік-жігер танытып, бейнетіне шыдаса, көп ұзамай шыңдалған шаруаға айналары сөзсіз. Пилоттық жобаның шалғай ауылдардан бастау алатыны да көңілге қуаныш ұялатады.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
04 мамыр 2019 ж. 940 0