№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тұғыр төрі – туған жері

Тұғыр төрі – туған жері


Кісіге талапты тағдыр жүктейді екен. Майданда жарақат алса да жаны сауғаға қалып, туған жерге аман оралған жауынгердің тұңғыш көрген тұяғы еді. Еті тірі, қағылез боп ер жетті. Сабақты өте жақсы оқыды. Талабы да таудай, жоғары білім алып, ғалым болсам деп армандайтын.
Туған әкенің басына үйірілген қара бұлт қаршадай баланың арманын орта жолдан қиып, қаранар талапқа бел буып, ауыр жүкті иығына артуға мәжбүр етті. Шаруашылықтың жылқысын бағуды мойнына алған әке үкіметке ет өткізу талабын асау айғырлар ұстатпай қойғандықтан кешеуілдетіп, соның кесірінен сотталу жазасына кесілмек екен. Он бес жастағы Әбдіманап райком хатшысына барып, мемлекет қарызын еңбегімен өтейтініне уәдесін берді. Сегізжылдықтан соң алты айлық механизация курсын тәмамдап, трактор руліне отырды. Күндіз-түн жұмыс атқарып, еңбеккүнін қазынаның есебіне құйып, әкесін қарыздан құтқарды. Сол жолда қанша қияпат қиындықты бастан кешті, жанын жалдап, қайраты мұқалды, аязда тоңып, аптапта аңқасы кепті, бірақ таудай тауқыметті табан ет, маңдай термен жеңе білген жалын жігері-мұқалмас тірегі жүрегіне сенімділік, көңіліне қуаныш құйды. Содан бері ол адал еңбегіне сиынып, қажырлы қарекет еткеннің еңсесі биік, мерейі үстем боларына осындай қарапайым қағидасы арқылы сан мәрте көз жеткізіп келеді.
Бұған дейін біресе Бірлік, біресе Талап кеңшарының қарамағында болып келген. «Октябрь» шаруашылығы 1968 жылдан бастап «ХХІІІ партсъезд» деген атаумен өз алдына ірге көтерді. Директоры Дайырханов Нұрхан деген кісі еді. Тусыраған құла дүзге арық қазып, канал салып, күріш егу жоспарланды. Бір жылда 1000 гектар жер айдалып, дән себілді. Бұл көзсіз ерліктің көрінісі еді. Тырма тісін көрмеген мидай еңісте егін жинауға шығып, қара батпаққа милыққан комбаинды жүз мертлік тросспен тартып шығарып жан азапқа түскен тауқыметті күндер техниканың өзін қажытып, қалжыратып тастаса да тәуекелге тастай түйінген дала ерлерінің темірдей төзіміне сына қаға алмапты. Алған беттерінен қайтпай ел ырыздығын еселей беріпті. Осы жылдары егін даласында астық бастыруда ерен еңбек үлгісін көрсеткен Әбдіманап алғашында жаткист, одан әрі бульдозерист болып тер төкті. Комбаин айдады.
1968 жылғы егін жинау науқанында аудан чемпионы, 1973 жылғы социалистік жарыстың қорытындысымен облыстың қорытындысымен чемпионы атанды. Совхоз директоры Айдарбеков Нәлібай түн баласына да жұмысын тоқтатпайтын еңбекқор жігітті өзгелерге үлгі етті, қамқорлығын да аямады.
Жігіттің бағы алған жарына да байланысты. Бойындағы ерек қасиетімен ел ықыласына бөленген әзиз жан – Молдахан атаның қызы Зүльфия ханым бұл шаңыраққа құт болып келді. Майдангер әке өмірден ертерек озып, соңынан ерген бауырлары ағалары Әбдіманап пен жеңгелері Зүльфияның кең пейілінен мейір тапты. Арқаларын алатауға сүйегендей тірек санады.
Көзін ашқаннан жан баласына жалынбай, қияпат тауқыметті өз еңбегімен еңсеріп үйренген елгезек жігіт механизаторлық кәсібімен қатар өз алдына жер алып, күріш егуге ден қойды. Жетпіс алтыншы жылдардан бастап он жыл ПМК мекемесі егістік жерлерді тегістеп инженерлік жүйеге келтіріп берді. Егіс көлемі де, жұмыс өнімділігі де артты. Осы жылдар Әбдіманап Шайхназарұлы әр гектардан 55 центнерден өнім келтіріп, озат күрішші атанды. Осы орайда ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың «Егінді өсіре білу – алғашқы асу, жинап алу – мәре. Бұл сыннан да мүдірмей өт. Сонда ғана ерлейсің» деген сөзін бір сәт естен шығарған емес. Сол кездегі Социалистік Еңбек Ерлері Орынбай Бидашев, Арапбек Әбиев, Шоманбай Абжаловтардан өнеге алған өрімтал жастың алға қойған талабы жеңіс тұғырынан табылу еді. Ол өз сөзінде тұрды. Еңбек еткен жылдары «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. «Еңбек ардагері», «Лениннің 100 жылдығы» медалін алды. Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының грамотасымен марапатталды. «Бесжылдықтың озаты» белгісімен марапатталғанында совхоз директоры «сен осы мәртебені иеленуіңмен келешегіңде «дербес зейнеткер» санатына негіз қалағаныңды есіңде сақта» деп еді, кеше зейнетке құжат дайындағанда мекеме қызметкерінің назарына осы айтқанды қаперге салған еді. «Союзыңды тауып ал» деген өресіз мысқылға маңдай соғып, сағы сынып, жігері жасыды. Қоста қона жатып, ай жарығымен жер жыртқан жанкештілік өз алдына, егін піскенде де қасынан қарға адым ұзамай жас баладай қорып, одан астықты жиып-теруде де табандылық танытып аңызда масақ, дестеде дән қалмасын деп жан алып, жан беріп жүріп атқарған еңбегінің бәрі елдің игілігі – астықтың молшылығы жолында емес пе еді? Енді сол еңбегінің барлығы ескерілмей ең төменгі зейнетақы алып отырған аға бейнетінің өтеуіне ешкімнің жаны ашымағаны ма?
Ешкімнің ақысын жемейтін бір Құдырет қана. Шынашақтайынан әулетіне ес болып, әкеге қорған, іні-қарындастарына жол көрсеткен аға қалпында ардақты тұлға болып қалыптасқан Әбдіманапқа тағдыры үлкен нығметті тарту етті. Ерге серік, иманына берік аяулы жары, жолын жалғаған, қатардан қалмаған адал перзенттері бар. Барлығы да әке тағлымымен өз еңбектеріне сиынған ақ жүрек арда азаматтар. Ұлдары Талғат, Ильяс, Пархат, Әскербегі бүгінде Алматы қаласында өсіп-өніп, ұрпақ жалғауда. Мұхтары аудандағы «Фитономус» мекемесінде, Бақытжаны облыстық әкімгершілікте қызмет істейді. Мұраты қарашаңырақта жеке кәсіппен айналысады. Қыздары – Ардақ, Талшат, Меруерт тұрмыста. Белгілі мамандықтың иегерлері.

Түйін: Бүгінде құтты мекені – Қожакенттің төрінде бақытты ғұмыр кешіп отырған ел ағасы – ежелгі мәрт егіншінің бармағына бақ ұялаған: қара жерге қадаған шыбығы жайқалып өсіп, тастаған дәнінен көлдария молшылық өніп қоя береді. Содан да, кешегі тақыраған тоқсаныншы жылдарда совхоз тарап, ел ерге, ер жерге қарап қалған тұста ағаның огороды ауылдастарын асырады. Ол осы кәсібінен жыл сайын жаңылмай балаларын да еңбекке тәрбиеледі. Тек осы көктем күрек ұстауға көңілінің хошы келмей, ептеп дерт төңірек тепті. Бірақ Құдайдың сүйген құлына беретін сырқат та – бір сынақ. Әлі қарттыққа ерік бере қоймаған жанары отты, рухы мықты тұлға бұл сынды да жігермен жеңіп, әлі де алдымызда жарқырап жүре тұрса деген тілегіміз бар.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
24 сәуір 2018 ж. 1 019 0