№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жалын жүрек – елге тірек

Жалын жүрек – елге тірек

Ауылдың бағының тасып, базарының тарқамауы кіндігі туған жерге байланған  адал перзерттерінің асқар таудай еңбектерінің, тамшылаған маңдай терінің арқасы дер едік. Осындай тұлғалар қатарында денсаулық саласында алпыс жылға жуық қызмет жасап, табысты болашағымыздың негізі саналар адам саулығын нығайтуға өзіндік қолтаңбасынқалдырған қадірменді ағамыз, «Денсаулық сақтау саласының құрметті ардагері» Әлімхан Баубековтың есімі ерек. Бұл кісі өз ісінің білгір маманы болуымен қатар, туған өңіріміздің көзі тірі энциклопедиясы, шынайы шежірешісі. Оған ақсақалдың өмір жолына жетік әркім-ақ куә.
Балауса арман
алдамайды
Әкесі Баубек су маманы (мұрап) болыпты. Кейден ауылының Айгөл көлі маңында су шығарып, егінеккен. 1930-1932 жылдары колхоз құрылып, бай-құлақтарды кәмпескелегенде Баубек орта шаруа ретінде қудаланған. Сонда Шәуілдірдегі қайын жұрты келіп, бір түнде көшіп кеткен екен. Сол жақта "Қоғам" колхозында тіршілік кешкен. Он бір бала дүниеге келсе, соның үшеуі ғана (Жанар, Сауранбай, Әлімхан) аман қалған.
Кейін елге қайтып көшіп келіп, Сауранбайы Қандаралда, Ынтымақ мектебінде балаларға ұстаздық еткен. Өзі сұранып, майданға аттанған. Елге 1953 жылы бір-ақ оралады. Сауранбай көкелерінен Тастемір, Бектемір, Сейдахмет тараған. Балалары ішінен әскери жолын қуған Тастемірі облыстық ішкі істер департаментін басқарды. Ал Әлімхан ағамыз кішкентайынан дәрігер болуды армандады. Әкеден 2-3 жаста қалған үйдің кенжесі жас күнінде әжуаз болса да арманы тым асқақ еді. Дәрігер болсам деп талпынды. 1955-1958 жылдары Түркістандағы дәрігерлік училищені бітіріп, 18 жаста «1 май» колхозында фельдшер болып жұмысқа орналасады. Мына шеті Талдысу, арғы шеті Аққұмға шектесетін аумақты атпен аралап жүріп жұмыс атқарды.
1961 жылы Ақтөбе дәрігерлік институтына оқуға түседі. Оқуды бітіріп, елге келерде өмірлік жары Верамен бас қосып, екеу болып оралады. Дәрігерге жарымай жадау күй кешіп отырған ауыл халқы екеуін жүректері жарыла қуанып қарсы алады.
Әлімхан аға Бірлік ауылдық ауруханасында бас дәрігері ретінде 1969 жылдан 1996 жылға дейін үздіксіз 27 жыл абыройлы қызмет атқарыпты. Вера апайды оңтүстіктің салт-дәстүріне көндіге алмайды-ау деп қам жеген облыстағы басшысы Мақашеваның өзі кейін бұл үйге талай келіп жүріп, сол кездегі күмәннің орынсыз екенін айтып, Баубековтар отбасының  жарасымды келбетіне  сүйсінісін жасыра алмаған. Осының бәрі жаны нәзік ару-аналардың келген жеріне деген адалдығы, намысты биік қойып, өзіне талап қоя білген парасат-пайымында жатса керек.Вера деп атануының тарихы мынадай; бұдан бұрын туылған балалары шетінеп кете берген соң, сәбиіне өзге ұлттың атын берсе, тұрады деген ырым сенім себеп болыпты.
Ол Оралдың Жымпиты ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Мектепті бітірген соң Ақтөбе медицина институтына түсіп, болашақ жарын осы жерде жолықтырып, қос жүрек терең тілек байласқан екен. Осы аққанат тілекке екеуі де адалдық танытты. Бір-бірінің қасынан қарға адым ұзамады. Қиындықта да, қуанышта да қатар жүрді.
Бірлік ауруханасы он бес орындық қана болғанымен қарауындағы жауапты аймағы өте үлкен еді. Шалғай елдімекендерге жетудің азабы бір басқа, жаз жайлау, қыс қыстауда отырған малшы, диқандарға дәрігерлік көмек көрсетудің азабы аз емес-тін. Ерлі-зайып қатар тұрып, бел шешпей, алыс-жақынына қарамай, ауыр науқастарға жедел жәрдем көрсетуге тура келді.
Бірде көз аштырмайтын боранда, ақпан айының суығында Қызылқұмның бір қиырында отырған шопан қыстауын таба алмай, көліктері үрінді қарға түсіп, жаяу - жалпылап әзер жеткен. Келсе науқастың өкпесі қабынып, тыныс алуы қиындап кеткен. Ем - дом жасап, науқастың бетін бері қаратты. Таң қылаң бере тағы бір аттылы ентігіп жетіп, жедел жәрдемге мұқтаж екенін айтты. Сөйтсе, әйелі толғатып босана алмай жатыр екен, бар тәжірибесін сарқа жұмсап, аман есен босандырып алады . Артынан малтыққан қардан шығып, шұғыл жеткен көлігіне екі науқасты да жатқызып, ауруханаға алып кетті. Мұндай жағдайлармен бір бұл емес, дәрігерлік қызмет барысында сан рет бетпе-бет келуге тура келді.
Әлімхан Баубеков ауыл ауруханасына басшылыққа келген күннен бастап ұйымдастыру шараларын мұқият қолға алды. Уақыт өте келе төсек саны арттырылып, 35-ке жетті. Кадрлардың саны мен сапасы артты. Орта  білімді медицина қызметкерлерінің қатары өсіп, жиырмадан асты. Ауруханада балалар бөлімі, гинекология, әйелдер босанатын бөлім, жұқпалы аурулар, тері аурулары, тағы басқа бөлімдер ашылды.Бұл кейінгі кезеңнің жетістіктері ғой. Ал жас маман болып, қызметке кіріскен жылдары ауыл ауруханасында ерлі зайыпты дәрігерлер – Вера екеуі ғана жұмыс жасап, елдің алғысын алған екен. Өздері әрі терапевт, педиатр, акушер - гинеколог болып жұмыс атқарыпты. Ол кезде уақытпен санасу деген болмайтын. Күндіз-түні ауруханада, одан үйді аралау, алыстағы малшыларға, диқандарға дәрігерлік қызмет көрсету қат-қабат атқарылды.
Кісінің кәсіби тауқыметтен тауы шағылып,  тауаны қайтпайды, егер ол мамандығын жан-тәнімен сүйіп атқарса. Бұл екеуінің бойындағы жойқын қуаттың кілті - өз кәсіптеріне деген шынайы сүйіспеншілікте жатыр екен. Өздеріне деген елдің қалтқысыз құрметінің өзі қалжыраған сәттерінде ғажайып күш беріп, қайта қаруға мініп,қайрат арттырған күндер-ай десеңші.
Отбасында аналарының да көмегі зор еді. Өмірге келген алты ұл-қыз бір-бірін сүйеп, желкілдеп өсіп келе жатыр еді.
Тағдыр сынына тап келген жетпіс бірдің жаймашуақ жазы бұл екеуінің көңіліне жазылмас жара салып кетті. Тұңғыш ұлдары  – Әмір студент шағында кенеттен қазаға ұшырады. Әлімханның бүкіл  жастығының қызығын бір қауызға сыйғызған тұңғышы дүниеге келген күні қаланы шарлап жүріп,тапқан алқызыл гүл букеті көңілін бүгінге дейін құлпыртып, аяғын жер-көкке тигізбесе енді демде шау тартып,жапырағынан айрылған жасыл құрақтай қырдан ескен салқын сыздан жаны жаурап тұратын болды. Екеуінің де қырыққа жетпей самайын қырау шалып, қос жанарға мұң көлеңкеледі. Бұл шақта да қос шынарға қалың ел сүйеу болды. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деп сабырға, шүкіршілікке шақырды. Қалғандарына амандық тіледі. Перзенттерінің барлығы да ата-ана тәрбиесіне адал жандар болып ержетті. Әмірден кейінгі туылған қыздары Гүлнар Алматыдағы Қыздар институтын бітірген, мұғалім, Нұрсәуле де ұстаздық етеді. Салтанаты да жоғары білімді маман, Ардақ ата-анасының жолын қуып Шымкент қаласындағы медакадемияны тамамдаған. Памирі Қызылорда пединститутын бітіріп, қазіргі таңда Қыраш ауылындағы орта мектепте мұғалім. мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы. Бүгінде Әлімхан мен Вера апай перзенттерінен немере сүйіп огтырған бақытты отбасы.
Ұрпаққа хат –
ертеңге аманат
Қазақтың, орыстың көрнекті жазушыларының ұл-қыздарына, жеткіншек жастарға хат жазып, өсиет -өнеге қалдыру үрдісі әлі де ұмыт қалмаған. Бұл екінің бірінің емес, тек зиялы жандарға тән, замана жауапкершілігіне жегілген қоғам өкілдерінің төлтума дағдысы. Әлімхан аға да осындай тектіліктен ада емес. Оның "Ұлыма хат", "Қызыма хат" жазбалары тек өз перзенттеріне ғана емес, елдің келешегі – жас буынға арналған ағалық ақыл қазынасымен қымбат. Зейнет демалысына жетпіске келгенде бір-ақ шықты. Дәрігерлік парыз – науқасты емдеуімен бітпейді екен, өзімен қатар еңбек еткен аға толқынның біразының көзі кетті, өздерінің ұмытылып кетер түрі бар. Сол үшін жанарының отын сарқып жүріп, жинақтап «Естеліктер» атты екі жинақты құрастырып шығарды. Кітапқа аудандағы 250-дей жоғары және орта буын медицина саласы ардагерлерінің өмірдерегін, еңбек жолын суретімен қоса жинақтап, оқырман қолына ұстатты. Одан бөлек, «Аман жүр, аналарым» депаталатын жинақ шығарып, аймақтағы көп балалы аналардың атын тарихқа қалдыру мақсатын іске асыра білді. «Елу жылда ел жаңа» деп аталатын кітабы өзі тараған Танабай баба ұрпақтарының шежіресін қамтыды.
Елге еге, туысқа тірек, ұрпаққа ұстын болар жан осындай-ақ тірлік жасасын. Осының барлығының астарында халқым-қасиетім деген дархан тілек жатыр. Жастары сексенге келсе де «өзіміздің Әлекең мен Вера апамыздың алдынан бір өтейікші» деген ықыласынан таңбаған қалың ағайынның қызметіне жараған денсаулық сақшыларына Құдай қуат берсін дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Баян Үсейінова,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
07 тамыз 2018 ж. 847 0