№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түгіскен тыңына алғаш түрен салған

Түгіскен тыңына алғаш түрен салған


Бұл 1964 жылы болған еді. Сол кездегі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Зұлпыхар Мұсахановтың ұсынысымен, облыс басшылары Жаңақорған ауданындағы егістік жер көлемін ұлғайту жөнінде ауқымды жоспар құрды.  Жоспарға енген жаңа жерлер негізінен «Бірлік» совхозына қарасты жер болғандықтан, сол бос жерді ел игілігіне пайдалану мүмкіндігін біліп, зерттеп қайту үшін ауылдан арнайы комиссия құрылды.

Комиссия төреғасы ауыл ағасы Ыдырыс бас болып, механик Асқар Оспанов ағамызбен бірге жерді көріп қайтуға жүріп кеттік. Бізді өзінің ескі машинасына мінгізіп Құрбан қожа паромнан өткізіп, Келінтөбе деген жерге әкеліп тастады. «Осы жер сендердікі, егісіңді еге беріңдер деді де, өзі Қаратөбеге кеттім» деп бізді айдалаға тастап кетті. Үшеуміз ауылдан келетін көлікті күтіп қала бердік. Айнала тым-тырыс, әр жерден іннен шығып, селтиіп тұрған саршұнақ бізге жаңа қоңсылар келіпті дегендей кейіп білдіреді. Бұл жерлерде бұрын да тіршіліктің нышаны болғандығын ескі арықтардың нобайынан аңғаруға болады. Осылай тұрғанда асыға күткен көлігіміз де келіп, қуанып қалдық. Қожаның үйі жағаға жақын екен, кетпейсіңдер деп үйінен ас-су берді. Ертеңіне савхоз директорының тапсырмасымен барлық  керек-жарақты алып, «Қазақбай деген жер қайда?» деп тартып кеттік. Келіп жетісімен айдалаға киіз үйімізді тігіп, тыныс тіршілікті бастап кеттік. Сырдың жапан даласында барған күннен бастап жер жыртуды бастадық. Трактормен екі гектардай жерді жыртып артыма қарасам, айдалған жерден ұзындығы екі метрден асатын адам қаңқасын көзім шалды. Дереу тоқтап ауылдағы ересек кісілерге хабар бердім. Ауыл деп отырғаным жалғыз қара үй, сонда жатып-тұрып жатқан егістікте әр түрлі жұмыс істейтін жұмысшылар.  Қытайдан келген Мамаджан деген ақсақал бар еді, сол кісі, мәйітті құран оқып, басқа жерге қоюға болады деп сүйектерді жиып басқа жерге көміп қайтты. Мен жұмысымды тоқтатпай тағы біраз жер айдап, тағы да артыма қарасам, қақ бөлініп жатқан ақ тасты байқап,  келіп көрсем арабша жазуы бар бейіт басына қойылған белгі тас екен. Басшымыз Ыдырысқа барып, «бұл жерден  басқа жерге бармасақ болмайды, айдалған жерден адамның сүйегі мен басына қойылған құлпытасы шықты» дедім. «Жер кең ғой басқа жерге ауыс» деді Ыдекең. Сөйтіп басқа жерден түрен салдым.
Сонымен тың жерге жүгері егіліп, ол ерекше бітік болды. Мол өнімді көріп, көңілі толған ауыл шаруашылығы  басқармасының бастығы З.Мұсаханов: «Келешекте осы жердің гүлденіп құлпыратынына, болашақ үлкен  елді мекенге айналатынына сенімім мол, еңбектерің жана берсін!»  деп,  алғысын жаудырып еді.  Мұсаханов өте еңбекқор, қарапайым елдің тілін таба білетін өте зерек, ақылды, инабатты кісі еді.
Жапан далаға егіс егіліп, ол көгергеннен кейін реңі кіріп, сырттан адамдар көшіп келді. Бір күні қасымызға біреулер келіп шатырларын тікті. Ерте­сіне не де болса көрші болды ғой, барып салем берейік деп барсам, өзіміздің қазақтар. Сыртта жүрген үлкендеу кісіге сәлем беріп, жөн сұрастық. «Осы жерге мекендеп, тұрғылықты ел болайық»  деп көшіп келіп жатырмыз, ізімізден өзге ағайын-туыстарымыз да келіп қоныстанбақ» деді. Бұлар, Жетісай жақтан келген, қай жерде жаңа жер ашылса, сол жерге көшіп-қонып, мемлекет қаржысын алып жүрген ағайындар екен. Жаңа қонысқа келген соң ерулік беруге жалғыз қара үйімізге дастархан жайып шақырып, шама-шарқымыз келгенше күтіп, ел жағдайын,  басшыларды таныстырдық. Арамыздағы екі Ленин орденінің иегері ақсақалымыз Асқар Беркінбаевты таныстырғанда, осындай еңбек адамының тиісті деңгейде құрметтелмеуі көңілдеріне ұнамады.  «Осындай марапат иесі неге ақыл-кеңес беретін бір кішігірім басшылыққа лайық емес» деді. Біз де: «еңбек адамдары кісілікке құмар емес, екі рет Еңбек ері Ыбырай Жақаев ағамыз да еңбектен қол үзген емес, кетпені иығында егістің басында жүрмесе ауырып қалады. Біздің көкеміз Асекең де сондай жаны жайдары көпшіліктің арасында жүргенді ұнатады» деп ақталып жатырмыз.
Егіс те жетіліп, оруға келген соң «бұл жерге келген тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады, оларда шөп дайындайтын техника жоқ, сондықтан сүрлем дай­ындаңыздар»  деген тапсырма берілді. Жүгеріні орып силос дайындауда Айтбай, Асан ағаларымыздың еңбегі зор болды. Жүгеріні баптап, суаруға Асқар, Айтбай, Мамаджан, Асан секілді еңбек адамдары қажырлы еңбек сіңірді. Бұрын мақтамен айналысқан болашақ совхоз директоры Атабаев, істеліп жатқан еңбекке көп әдіс-айла керек екенін қағазға түртіп алып жүрді. Атабаев бұл жұмыс дем беріп, тауқыметі мақтадан кем түспейді-ау деп қояды.
Осы оқиғадан отыз шақты жыл кейін болған бір жағдай еске түсті. Бірде аудандық жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төреғасы Дәумен Шоманов  кәсіподақтың көшпелі семинарын Келінтөбеде өткізетін болып, аудан бойынша жұмысшылар комитетінің төреғалары мен техника қауіпсіздігі инженерлерін қоса шақырып, аудан бойынша атқарылып жатқан жүйелі істерді баяндап, соңынан өсіріп жатқан күріш тұқымын аудан көлемінде асыл­дандыру жөнінде анықтама берді. Күрішті аралап жақсы өнім беретіндігін көрдік. Семинар аяқталған соң, Келінтө­бе кәсіподақ жұмысшылар комитетінің төреғасы біраз жігіт арнайы үйіне шақырды. Дәумен маған «мен мына жастардың ішінде жалғыз отырамын ба, сен де менімен бірге бол» деді. Ағаның сөзін мақұл көріп, жарайды дедім. Отырысты Дәукең бастап, ауыл парторгы, жұмысшылар комитетінің төрағасы сөйлеп, «Келінтөбені алғаш ашып, гүлдендірген, осы совхоздың тұр­ғынымыз» дегенді айтты. Мен Келін­төбені біз аштық дегеніне іштей күлдім. Ауыл басшылары: «Біз елдің тұңғыш тұрғынымыз, елдің тұрмыс тіршілігне көмегіміз тиді» деді. Маған сөз кезегі тигенде: «Оларыңыз рас та шығар, дегенмен осы жерге «тың жер ашамыз» деп, алғаш келгеннің бірімін. Түгіскен массивінің тың жеріне трактормен түрен салып, бірінші борозданы  салған ағаларың мен боламын.  Біз келгенде торғай мен саршұнақ қана бізді  қарсы алып еді, оны көрген біздің сушылар әлі тірі. Біз егісті жинап жатқанда адай ағайындар келіп, жерді соларға өткіздік. Совхоздың құрылғанына биыл 19 жыл толды, осында келіп туған бала келесі жылы 20 жасар болады дедім. Сонда Дәумен құрдасым «Ағаларың сендер тұрып жатқан өңірдің - Түгіскен массивінің ашылу тарихын қысқа болса да сөз етіп, көп жайдан хабардар етті. Түгіскен тыңының алғашқы түренін салған – осы  Айтуар ағаларыңа сен­дердің аттарыңнан алғыс айтамын» деп менің қолымды қысты. Мұны естіген ауыл басшылары келесі жылы совхоздың 20-жылдығына шақырамыз десті. Жақсының жақсылығын айт деген, қай жерде істесе де, өзінің іскерлігі мен жұмысты ұйымдастыра білетін қабілеттілігін көрсеткен Дәумен Шомановтай азаматпен бірге жүріп, ақыл-кеңесін алғанымды әлі кезге дейін мақтан тұтамын. Келінтөбедегі ДТ-3 тракторымен алғаш түрен салып, жүгері дақылынан мол өнім алу жолындағы, қиын да, қызықты да қажырлы  еңбек жолында, Түгіскен массивін игеруде  ерен ұйымдастырушылық қабілетін танытып, жиі-жиі біздің қасымыздан табылып бізге қолдау көрсеткен марқұм Зұлпыхар Мұсаханов ағамызға алғысымыз шексіз. Қазіргі тыныш заманда осындай ел азаматтарының жолын қуып, жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, елдің жылдан-жылға көркейе беруіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарсаны артуда. Еліміз тыныштықта болып, сән-сәулеті дамып, көркейе берсін.
Айтуар Жүнісов,
еңбек ардагері,
Бірлік ауылы
05 желтоқсан 2021 ж. 433 0