№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің

Қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің


Әйел – тіршіліктің тынысы, елдің тірегі, әдемілік пен ілтипаттың символы. Бүгінде іскер, белсенді әйелдер саясатта да, бизнесте де еңбек етіп, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосуда. Осындай жауапкершілікті арқалап жүрген әйел азаматтар қатарында Әзия Қыстаубаева апамызбен сұхбаттасып, әйелдердің қоғамдағы орны жөнінде әңгімелестік.


– Әзия апай, әйелдің қоғамдағы рөлі жайында пікіріңізбен бөліссеңіз...
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты», – деген сөзі бар. Бүгінде әйелдер өмірдің әр саласында қызмет жасауда. Қай мекемеге барсаңызда тынбай еңбек еткен қыз-келіншекті кездестіреміз. Дегенмен әйел өзінің нәзік жанды екенін ешқашан естен шығармағаны абзал. Қызметтемін деп отбасын ысырып қоюға болмайды. Отбасы мен қызметті қатар арқалаған әйел ғана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана болады деп ойлаймын.
– Қыз тәрбиелеген ана ретінде, қызды жетілдіруде басты назарда нені ұстау керек деп ойлайсыз?
Қазақта «қызы бар үйдің – қыдыры бар» деген сөз бар. Шаңыраққа қыз бала келсе – ол үйге жылулық, мейірімділік қоса келеді деп ойлаймын. Қыз болсын, ұл болсын оған тәлімді тәрбие беру үлкен жауапкершілік. Баланың жақсы өсіп-жетілуі, сапалы білім алуы, денсаулығының дұрыс қалыптасуы ата-ананың үлкен аманаты. Әсіресе, қыз тәрбиелегенде оны қонақ деп еркелетіп өсіреміз. Дегенмен оның болашақта бір отбасының иесі болатынын түсіндіріп, үйдің шаруасына бейімдеп өсіру керек. Қыз ибалы, инабатты, ақылды болып, ата-анасының әр сөзін жадына тоқып өссе жаман болмайды. Әйел адамға артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Қыздың намысы – елдің намысы, қыздың қадір-қасиеті бәрінен жоғары. Қыз балаға осыны туғаннан санасына құйып өсіру керек. Өйткені қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің.
– Әйел адам ана болғандықтан үй шаруасымен қатар қызметті арқалауы оңай дүние емес. Сіздің отбасы мен қызметті абыроймен қатар арқалауыңыздың құпиясы неде?
– Қызметте әкім болғаныммен үйдің табалдырығын аттап кіргеннен кейін мен анамын, шаңырақтың түтінінің түзу ұшуына септігін тигізіп отырған, отбасының берекесін кіргізетін әйелмін. Қанша жерден абыройға бөленіп, қызметі өссе де әйел отбасындағы міндетін ұмытпауы керек. Отбасымызда бір әулеттің үлкен келіні болып түстім. Қолымда ата-енем болды. Жолдасым мен ата-анамыз маған көп қолдау көрсетті. Атам жолдасым екеумізге ұйыған отбасын қалыптастыру жолында кездесетін кедергілерге төтеп беру керектігін түсіндіріп, отбасының маңыздылығы жайында өсиетін айтып отыратын. Сол кісінің қолдауымен жол­дасым да мені құрметтеп, елдің алдында жарқырап жүруім үшін қолдау көрсетті. Атамыз бізге дүниенің емес, адамгершілік қасиеттің адамы болуды үйретті. Бірінші кезекте баланың тәрбиесіне қараңдар, ешқашан дүниенің құлы болмаңдар дейтін. Сол тәрбиені алғандықтан адамгершілік пен қадір-қасиетті құрметтеймін. Ал, отбасы мен қызметті қатар алып жүру өте қиын. Бірақ сол жолды таңдаған соң шыдап, төзу керек. Осы тұста маған екінші анам үлкен қолдау көрсетті. Жиналысқа баратын болсам енемді қасыма ертіп жүретінмін. Ол кісі құндақтаулы баланы қасымда алып жүретін. Меніңше отбасы мен қызметті қатар абыроймен арқалауыма үлкендердің батасы мен қолдауы үлкен септігін тигізді.
– Осы бағытта сіздің идеалыңыз кім? Кімге еліктеп, кімнен бағыт-бағдар алдыңыз?
– Мен үшін идеал әйел өзімнің анам Таңсұлу. Апамның жүрген-тұрғаны, әрбір сөзі біз үшін үлкен өнеге болды. Анам өте ақылды, парасатты әйел еді. Үйде екі ұл, бес қыз болдық. Бала кезде бәрімізді отырғызып, қыз бала биязы, инабатты, ақылды болу керек. Қыз бала көшеде елден ерекшеленіп көзге түспеуі керек деп өсірді. Менің бойыма осындай тәлімді тәрбиені тұндырып, бағыт-бағдар берген анама мың алғыс.
– Қазір қоғамда ажырасу, отба­сылық зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Оған не себеп деп ойлайсыз?
– Бұрындары аталарымыз «басқа бәле – тілден, шырақтарым тілдеріңе абай болыңдар», – деп айтып отыратын. Ерлі-зайыпты болғаннан кейін әйел адам әр сөзін абайлап айтқаны абзал. Әйел жылы сөйлеп, шуағын шашып ортырса ақылды ер азамат оған күш көрсетпейді. Дегенмен өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Ішімдікке салынған, жауапкершіліктен қашатын, жалқау ерлердің көбейіп кеткені жасырын емес. Отбасында жауакершілікті екі тарап та сезінсе, ол шаңырақ шайқалмайды. Десе де, отбасының берекесін келтіретін де әйел, кетіретін де әйел. Жалпы, әйелдерге жүктелетін міндет көп. Әр отбасын сақтап қалуға әр әйелдің мүмкіндігі бар.
– Жас аналар мен қыз-келін­шектерге қандай өсиет айтар едіңіз?
– Қыз бала – елдің, жердің көркі, Отанның, отбасының көркі. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бар. Қыз қадір-қасиетін сақтап, барған үйінің ошағының иесі, бір отбасының ұйытқысы екенін түсініп өскені абзал. Әйел – кешірімді, кішіпейіл, ақылды, сабырлы болса ол отбасының берекесі артады. Кез-келген қыз отбасын құрғанда кішкене қиыншылықтар болатынын түсіну керек. Өйткені үйінде еркелеп төрде отырған қыздың өзге үйдің отымен кіріп, күлімен шығуы оңай болмайды. Сондықтан ата-ана да қызға тәрбие бергенде барған жеріне қуаныш сыйлай білу керектігін, сол елдің адамы екенін түсіндіргені жөн. Мемлекеттің өзі отбасынан тұрады. Яғни отбасы мықты болса, мемлекет мықты болады. Сондықтан әр қыз баласына айтарым, қандай жағдай болмасын бастысы отбасын сақтап қалуы керек. Әр адам қайырымды, иманды, кішіпейіл көпшіл болса, қолынан келгенше өзгеге көмек берсе әрдайым болашағы жарқын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Айсұлу Алданазар
24 қараша 2021 ж. 691 0