№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Іскер әйелдер форумында кімдердің еңбегі еленді?

Іскер әйелдер форумында кімдердің еңбегі еленді?

Халқымыз «бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен» деп ананы ерекше құрмет тұтқан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген сөзінен-ақ әйелдердің қоғамдағы рөлінің жоғары екенін аңғарасыз. Қазіргі таңда әйелдер Тәуелсіздіктің тірегіне айналды. Іскер әйелдер форумында жаңақорғандық нәзік жандылардың қоғамдағы белсенділігін білдік. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйытқы болған шараға аудан әкімі Сұлтан Мақашов арнайы қатысты.

Форумда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Жәні­беков, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев, аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Баян Божбанбаева және әр салада белсенді еңбек ететін әйелдер бой көрсетті.
Кездесуді аудан әкімі ашып, отбасы құндылығы мен әйелдің қоғамдағы рөліне тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әйел – үйдің тірегі ғана емес, өмірдің өзі» деп бекер айтпаса керек-ті. Дана халқымыз нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына балап, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіне маңыз берген 1003 алтын алқалы, 2186 күміс алқалы аналарымыз бар. 90 жастан асқан 33 ана, 100 жастан асқан 3 азиз жан ғұмыр кешуде, – деді Сұлтан Ысқақұлы.
Тамыры тереңге тартқан саялы бәйтеректей аналарымыз елдің өсіп-өркендеп, қанат жаюына қомақты үлес қосты. Мұндай көргені мен түйгені мол аналар Жаңақорғанда да көп. Ел болып қалыптасуда еңбек сіңіріп, ірі істерге араласып, кезінде түрлі саланың басшылық құрамында қызмет атқарған Хадиша Баязитова, Фатима Тілеубаева, Зоя Өрғараева, Кенжекүл Көпесова, Хатира Қасқабаева, Азия Қыстаубаева, Ғалия Тұрабаева, Айсара Нәлібаева, Айзада Сақтағанова, Зада Исаева, Зәуреш Шоманова және т.б ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі қомақты. Олардың ізбасарлары бүгінде аудан өміріне белсенді араласып жүр.
Одан кейін «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Баян Егізбайқызы сөз алып:
– Республикада «Іскер әйелдер» қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толды. Ал облыста 2018 жылдың қараша айында құрылып, кәсіпкер, меценат Манат Алмашова басшылық тізгінді алды. Әрине ұйымның аудандар мен ауылдық округтерде ашылуы заңдылық.
1997 жылдан кәсіппен айналысып келемін. Бастапқы уақытта қиыншылықтар болды. Осы кәсіпкерлік саласының арқасында бірнеше шет елдерде тәжірибе алмасып, істі дамытудың көзіне қанықтым. Солардың бірі 2012 жылы «Даму» бағдарламасымен Америка Құрама Штаттарына сегіз дәрігер бардық. Онда бізге роботпен ота жасауды көрсетті. Сондағы менің түйгенім, ешқашан бір жұмыспен шектелмей жан-жақты ізденіп, алға ұмтылу қажет, – деді.
Аудан әкімінің әйелдер ісі отбасылық гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева қазақ әйелдерінің отбасы мен қызметті қатар ұстап түрлі дәрежедегі қызметтерді атқара алатынына мүмкіндік бар, бірақ ер азаматты биік ұстаған әйел жолдан жаңылмайтынын айтты.
Жастар жылы аясында кәсібін бастап жатқан қыз-келіншектер жетерлік. «Бастау Бизнес» жобасының Жаңақорған ауданы бойынша үйлестірушісі Заура Қарабалаева хабарлағандай, 2017 жылы аудан бойынша 190 азамат оқуды аяқтағаны жөнінде, соның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 70 азамат 152 600 000 теңге көлемінде, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 38 азамат 78 500 000 теңге көлемінде қаржыландырылды.
2018 жылы 250 азамат оқытылып, қаржылық ұйымдар арқылы несиеленді. 2019 жылы «Жас кәсіпкер» жобасы ауданда жүргізілді. Жоспар бойынша 115 жас оқытылып, өз жобаларын қорғады. Соның ішінде 35 жас кәсіпкерлігін дамытуға ұсынылған мемлекеттік 200 ЕАК көлеміндегі гранттарды ұтып алып, бүгінде өз кәсіптерін бастауда.
Форумда аудан әкімі түрлі салада табысты қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді марапат биігіне шығарды. «Қайратты ана» номинациясымен ауданның «Құрмет­ті азаматы» Жақсыгүл Бегманова, «Үздік кәсіпкер» номинациясымен Мүссалам Сейдазиева, «Үздік мектеп директоры» номинациясымен №3 мектеп директоры Ләззат Нәлібаева, «Үздік балабақша» номинациясымен «Жұбаныш-А» балабақшасы меңгерушісі Әсел Ерлан марапатталды. Сондай-ақ «Үздік үйлестіруші» номинациясы мәдениет қызметкері Зөре Адасхановаға, «Үздік әлеуметтік желінің қолданушы» номинациясы ЖАТК жастар ісі жөніндегі жетекшісі Ханзада Дошанға, «Үздік кәсіпорын басшысы» номинациясы Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаеваға, «Мейірімді жүрек» номинациясы зейнеткер Әдемі Дәрібаеваға, «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы Сүттіқұдық ауылдық клуб үйінің қызметкері Айна Ишанқызына, «Үздік дәрігер» номинациясы Қожакент ауылдық ФАП дәрігері Гүлнар Далаеваға табыс етілді.
Кездесу соңында форум қатысушылары естелік суреттерге түсіп, шара концерттік бағдарламаға жалғасты.

Майра ҒАНИЕВА
02 қараша 2019 ж. 1 014 0