№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сауытбектің сара жолы

Сауытбектің сара жолы


Қазақ журналистикасының корифейі санатына салмақты бедел, сабырлы мінез, салиқалы ұстанымымен тұғыртіктеген қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың қадір-қасиеті киелі сөз өнерінің тұнығынан мейір қандыра алған мазмұн-мәйегімен көңілімізге соншалықты ұғынықты, сыралғы бір досымыздай жақын, әр жазбасынан жоғымызды тауып, барымыздың бағасына жете түсетінімізді аңғаратындаймыз. Оның себебі, өнер атаулының тамыры бір, суаты ортақ , қаймағын қалқып ішкенге қасиеті жұғады. Қазығұрттың «Ұя» деп аталатын ұядай ауылынан түлеп ұшқан қарадомалаққа осы қайнардан қанып ішіп, қылыштан өткір қарасөздің қасиетімен қарулану нәсіп болыпты. Мектепті бітірген соң жүрек қалауымен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен жас түлек соңғы курста оқып жүргенінде Адамзаттың Айтматовымен әдеби шығармалардың экрандалуы жайында сұхбат алыпты. Студенттің ғаламдық деңгейдегі тұлғамен пікір жарыстыруға жүрексінбей талап қылуы қатарластарын қайран қалдырғаны анық.Дипломдық жұмысының тақырыбы да. «Қазіргі қазақ киносы.1970-1975 жылдардағы көркем және телевизиялық фильмдер» еді. Студент кезінде-ақ, 1974 жылы Қазақстан Кинематографистер одағының кино сыны саласындағы жүлдесін жеңіп алыпты. Кино жөнінде «Төтенше комиссар», «Кабулдағы елшілік», «Қашу», «Жетінші оқ», «Қайта оралмас», «Король Лир», «Ватерлоо», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Көксерек», «Орман балладасы», «Шоқ пен шер», «Оққа оранған Орал» сияқты фильмдерге жазған сын-рецензияларында да көркемөнерді кең ауқымды масштабта талқылай алған талант-талғамымен көпті мойындата алды.


Ұлтжанды азаматтың қаршадай ке­зі­нен адамзаттық құндылықтарға көзі қанық, көңілі зерек ержетуіндеөзі өмір­ге келген, басында кеме қалған Қазығұрттай киелі топырақтың тағылымы бөлек. Таудың тар қолтығында қоныс теуіп, түтіні сыздықтап қана көтерілсе де көңілін ешкімге жықтырмаған момақан ұяда өсіп-өніп жатқан ақпейіл жандардың бір-біріне мейірімі бөлек. Құдайдың бер­ген жақсылығына шүкір десіп, қабағы жадыраңқы ғұмыр кешіп жатқан осы бір мойылдай мекенге қарай қайбір жылы тақтайдай жол түсіп, асфальттанып, интернет сымдары тартылады деген жаңалықты естіп ауыл қариялары қарсы шыққан көрінеді. Ұядай ауылымыздың айрандай ұйыған тыныштығын тітіретіп, ойқы-шойқы жерімізді қазып, тас төсеп, жол салады, одан ары да, бері де ауыр көліктер жаныштап, табиғатымызды бүлдіреді, ғаламтор дегенінің де кере­гі жоқ, баса-көктеп кеп оп-оңды жастарымыздың ой-санасын бұзып, көздің жасындай қалған жарасымды дәстүр-салтымызды жойып, жаһанданудың ара­нына жұтып жібермек пе? Қажеті жоқ» деп жоғары жаққа қол қойып, хат жолдап, құтты қоныстарын қызғыштай қорып-бағыпты. Біреулерге таңсық, бәлкім, артта қалғандық көрінгенмен бұл да бір мінезділік, қанымызда сақталған қазақы қалыптың жоралғысы болар. Тіпті өзіміз дәріптейтін көсемдік, көшбасшылық дегенің де елден ерек мінездің көшірмесі емес пе? Олай болса осындай мінезді ортада туған жастың сол тазалықтан, тақуалықтан, тәкаппарлықтан құр қалуы мүмкін бе? Мүмкін емес қой.
Сауытбек ағаның «Айнымас асыл» деп аталатын бір жазбасын оқып отырып, осынау бір тұлғаға тұлымдай кезінде кие қонған, тіпті дуалы ауыз бабалардың бір сарқыншағы ма дерсің? Қаламгер бұл жазбасында студент кезіндегі бір оқиғаны баяндайды. Алғашқы курстарда жүргенінде араб тілінен «зачет» ала алмай күзгі сынға қалып қоятын болған соң біреулердің кеңесімен тура ұстазының үйіне барып есігін қағады. Ауыл баласының батылдығына таң қала ішке енгізген апайы оны-мұны шаруасын бітіріп жанына жайғасқанда ортаңғы бөлмедегі стол үстінде жатқан журналдарды көріп отырып, живопись өнері жөнінде ойларын жұптап, пікірімен бөліскен шәкіртінің көзқарас көкжиегіне ризалықпен осы тақырыпта екі-үш сағат әңгіме өрбітеді. Осы кезде төргі бөлмеде пианино құлағында отырған көп болса он төрт-он бес жастағы қыз баланың нәзік саусақтарынан төгілген сиқырлы сазға бір сәт көңілі ауған жігіттің аузынан:«Апай, әлі-ақ қызыңыз халықаралық конкурстың жеңімпазы болады» деген сөз шығып кеткен еді. Неге олай деді, өзі де білмейді. Тек жақсы баға алу үшін емес екені анық. Ал бұл жауқазын Жания Әубәкірова болатын. Бұл оқиға ұмытылып та кетер ме еді, одан кейін қаншама жылдар өтті. Бір күні жұмыс орнына енгені сол «Сізді КазГУ-ден Маженова апай іздетіп жатыр. Тез телефон соқсын деді» дегенді айтты. Бұл дереу хабарласқан. Апайының толқып тұрғаны сымның аржағынан білініп тұр. «Сауытбек, сен үйге келгеніңде Жәнияны Халықара­лық конкурстың жеңімпазы болады дедің ғой. Соны қалай білдің?» Сәукең не дерін білмей тосылды. «Білмеймін ғой, неге олай айтқанымды, Құдай аузыма салған шығар». Апайы қуаныштан жарылардай болып тұр. «Сауытбек, айтқаның келді, Жәния Парижден халықаралық конкурста жеңімпаз болып оралды!»
Біздің кейіпкеріміз әдебиет пен өнердің өкілі ғана емес, бір тылсым күш аян берген, Құдай аузына сөз салған халықтың қамқоры. Оның қоғам дамуындағы сіңірген қайраткерлік қызметі өз алдына бір белес. Әріптесі, қаламгер Бауыржан Омаров «№1 ойыншы» деп аталатын жазбасында әдіптегендей, Сауытбек «СҚ»-дан ЦК-ға қызметке шақырылыпты. Қазақстан КП Орталық комитетінің идеологиялық бөлімінің нұсқаушысы, Мәдениет және өнер секторының меңгерушісі, Президент кеңесінің көмекшісі, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орын­басары, бірінші орынбасары, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, «Қазақ­стан телевидениесі мен радиосы» респуб­ликалық корпорациясының бірінші ви­це-президенті, Ақпарат министрі, ал 2000-2016 жылдар аралығында бас басы­лым «Егемен Қазақстан» газетін он алты жыл бойы басқарды.
Ол 1975 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі болды. Қызметтегі алғашқы баспалдағынан-ақ сарабдал қабілет-қарымымен танылған жас екі жылдан соң-ақ Орталық комитетке жауапты қызметке шақырылып, мемлекеттің ішкі саясат жұмыстарында сүбелі ізін қалдырды. Бұл жөнінде Мырзатай Жолдасбековтың мына сөзінен артық баға бере алмаспыз. «Көлбеңдеп көзге түсе бермейтін, кісіні көлденең кесіп өте бермейтін, ақылмандарша кеңес те бере алатын, көсіліп сөйлей де алатын, қиналғанда ақыл да бере алатын адамдар болады. Бірақ олар көп емес, Сауытбек – сондай азғантай асылдың бірі, бірегейі. Ондай кісіні қасыңнан жібергің келмейді, қимайсың... Тәуелсіздік орнаған кезде елдің есі шықты. Не істеп, не қоярын білмеді. Ел іші де бүлініп жатты. Неше түрлі арандатушылар шықты, әбіржітті, іріткі салды. Елбасы осының бәріне шыдады». Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген еледік, еркін сөйлеуді де үйренсін» деді.Кеңшілік жасады. Бізді де сабырлылыққа, төзімділікке шақырды. Осы тұста Сауытбек менің қамшылар жағымда болды. Оның әрі ойлы, әрі сабырлы көсемсөзі жүріп жатқан реформалардың бүге-шігесін ашып, түсіндірумен елдің назарын өзіне ау­дарды. Мұндайды тарих ұмытпайды» деп жазады.
Ал қалың жұртшылыққа Сауытбек аға ел газеті – «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдардағы азаматтық асқақ жауапкершілігімен айрықша қымбат десек жаңылыспаймыз. Бас басылым ретінде ұлт баспасөзіне бағдаршам үнжарияның үлгі­сін алдымен өзінің қалам қуатымен қалып­тап, саяси сарынды салмақты мазмұнға ұлттық мінез дарыта алған қаламгердің қай туындысын болсын оқыған оның терең энциклопедиялық біліміне куә бо­лар еді. Оның кәсіби журналистикадан бөлек, әдебиеттанушылық, мәдениеттанушылық, өнертанушылық бағыттағы сүбелі еңбек­терін оқи отырып, керемет білімдарлығына басыңызды имеске әддіңіз жоқ. «Еемен Қазақстандағы» оның бір ғана «Әлемге әйгілі» айдарымен берілетін жолсапар очерктерінің әсері оқырман көңілінен өше қойған жоқ. Өшпейтін себебі, ол өзі барып, көзімен көрген жерлердің кереметін түй­сікпен сезіп, түп-негізіне көңілмен кезіп, сосын кешегі мен бүгінгісінен бір ортақ баян тауып, оны жүйе-жүйесімен жүректерге жеткізе алғандасен де жиханкезбен қатар жүріпқұнды жәдігерлердің құпиясына көңіл қанықтырғандай боласың. Содан кейін ғасырлар қойнауынан аман жеткен асыл құндылық атаулының өзегіндегі өзгермейтін бір ұстын-ұлттың жады мен жаңалығын жарқыратып оқырманына жеткізе алған жазушыны әулие десең де жарасар.
Сауытбек Абдрахманұлы «Біздің Пуш­кин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адам­­зат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен тел­тума», «Перевод поэзий и поэзия пере­во­да», тағы көптеген көркем және публицистикалық кітаптардың авторы. Сол сияқты «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Қажылық», «Ертегілер еліндегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана, «Биіктік» фильмдерінің сценарийін жазған..
Қырыққа жуық көркем фильмді қазақ­шалап, В.Солоухиннің Д.Кабалев­скийдің шығармаларын, арабтың Бейбарыс сұлтан туралы халықтық романын, В.Гюгоның «Аласталғандарын» аударған. Ол «Жиыр­масыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясын құрастыруға да атсалысты. Әсіресе Абай­дың аудармаларын терең зерттеді. Ақын­ның Лермонтовтан, Пушкиннен, Крыловтан аудармаларында өзгелердей нәзира (сөзбе-сөз) жалаң аударма емес, тіпті түпнұсқадан да тереңге түрлендіріп, «тілге жеңіл, жүрекке жақын жақын» аударғаны сондай ол халықтық мұраға айналып кеткенін жазады. Оның дәлелі ретінде Львович деген орыстың ғалымы Торғайдың жерінде Тосын құмында Мырзахмет дегеннің аузынан «Татьянаның сөзімен» кездескенінде. «Кімнің әні?» деген сауалына «білмеймін, халықтың аузындағы ән ғой» деп жауап бергенін таңғала жазып, бұдан Абайдың ой, қиял жүйріктігі жөнінен әлемдік деңгейдегі тұлға екенін, тіпті орыстың атақты ақындарының туындыларын көкейге қонымды аудара алу өз алдына, өлеңдеріне түзету де енгізіп, шынайылығын арттырған білімдарлығын ғұламалықтың биік шыңына теңейді. Сауытбек Абдрахмановтың осы шындықты ақын өлеңдері мен аудармаларына жолма-жол зерттеу жүргізу арқылы оқырман назарына ұсынуда атқарып келе жатқан еңбегі орасан.
Ал Абдрахмановтың Елбасы тану­дағы еңбегін ешнәрсемен теңгеруге кел­мейтіндей. «Өмір өткелдері» деп аталатын ұлт лидерінің тұтас өмірбаяны қамтылған кітабы жарыққа шықты. Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Эдуард Шевернадзе, Эмомали Рахман, Хосни Мубарак сынды мемлекет басшыларымен, әлемдік өнер және мәдениеттің көрнекті өкілдерімен, спорт жұлдыздарымен сұхбат ұйымдастырғанда әрбірінің табиғатын терең білетіндігі таңғалдырмай қоймайды.
Журналист әрі саясаткер осыдан бұрын Түркия еліне Президент сайлауына байқаушы болып барғанында Түркістан қаласының облыс орталығы статусын алып, маңызы артқанына ондағы жұрттың қуанулы екенін, түркі дүниесі мұны тарихи Түркістанның әлем сахнасына шығуының жоралғысы ретінде үлкен жаңалық деп қабылдап отырғанын сезініп, көңілі толқып оралғанын жазыпты. Бұдан Түркістанның жер жүзіндегі түбі бір түркінің тұғыры ретінде әр жүректе орны бөлек екендігі танылып тұрған жоқ па? Кезінде Мағжан айтқан:
«Көк түрік енші алып, тарқасқанда,
Түркістан қара шаңырақ қалған жоқ па?» дегені осы.
Елбасының Тәуелсіздік кезеңдеріндегі ең сәтті жобасы – Астананы жаңадан тұрғызуы еді. Ол арқылы елдің рухы көтерілді. Бұл бір күнде пайда болған идея емес. Бұл идеяның тоқсаныншы жылдарызиялылар арасында қылаң бергендігі жөнінде кейін, Сауытбек азамыздың бір сұхбатында құлағымыз шалды. Ол кезде аға Президент аппаратында қызмет істейтін кезі. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетіне бір топ жазушының ел астанасын Арқаның төсіне ауыстырудың саяси да, рухани да маңызының басымдылығы жөнінде пікірлер топтамасы жарқ ете қалсын. Газет редакторы Оралхан Бөкеев еді, Орекеңді жедел шақыртып, мұндай саяси мәселе жөнінде бір ауыз келісіп, кеңесіп барып жариялаудың тәртібін тәптіштеген таалабына ол да қыңбай, сөз бостандығын желеу етіп, жеңіл уәжбен құтылғандай болған. Кейін, егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасымен кең сұхбаттасқын сәттерінде осы жағдай алдынан шықты ғой. Президенттің Фин­ляндияға сапарында жанында болған қаламгер Оралхан Бөкеевке Ақмоланың үстімен ұшып бара жатқанында самолет иллюминаторынан көз ұшынан қарайған сайын даланы нұсқап, қарашы, қазақтың тарихи кіндігі, келешекте ұлттың қаймағын осы жерге топтастыру керек, тіпті астананы алып келсек елдігіміздің нығаюына тұғырлы тірек болады, осы мәселеге ақырындап халықтың құлағын үйрете берген дұрыс» деп Елбасының өзі бағыт берген екен.
Елбасы 1991 жылдан бері қарайғы кезеңді қамтыған жылдар туралы «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын жазды. Кітаптың бұлай аталу себебінің өзі егемендікке дейінгі қазақтың тарихы бір дәуір болса Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңге екінші бір дәуір деген ұғымды еншілеткен анықтама екендігімен сипатталса керек.
«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, жасампаздық жолмен қарыштаған қазақ халқына арналады» делінген естеліктің эпиграфында. Мұның өзі Елбасының екі тізгін, бір шылбырды берген туған халқына құрметінің айғағы болса керек. Онда Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздікті жыл сайын, күн сайын нығайту керек» деген сөзі тұтас халыққа айқын міндет жүктейді.
Назарбаев моделінің өзге елдерден ерекшелігі «Алдымен экономика, со­дан соң саясат» қағидасын ұстануы. Ал егемендігін ала сала ұлттардың дер­бес­­тігі мәселесін тіктеуге ұм­тыл­ған мемлекеттерде этнос­аралық кикілжіңдердің шиеленіскені бел­гілі. Қазақстан тұңғыш түрлі ұлт өкіл­дерінің Ассамблеясын құрған мемлекет ретінде өзгелерге үлгі болып, осындай келеңсіздектерге жол бермей ұлттар арасындағы татулық пен бірлікке негіз қалап отырғандығымен бүгінде әлемге танымал..
2003 жылы Сауытбек Абдрахманов Ақпарат министрі болып тұрған кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.Осы бағдарлама аясында 100 томдық қазақ фольклорының құрастырылуы ұлт үшін үлкен олжа саналса, мұнда да Сәукеңнің телегей-теңіз еңбегі бар.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты Сауыт­бек Абдрахманов ел-жер тағдыры, отандастарымыздың ахуалын барынша оңалту бағытында ұланғайыр жұмыс жасап келеді. Осы жылы жетпіс жасқа толып отырған Сәукеңнің әлі де ел сенімінен көріне берері кәміл.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Журналистика сала­сындағы Президент Сыйлығының лауре­аты, Баубек Бұлқышев атындағы жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жур­­налисер Одағы сыйлығының лау­реаты, «Жыл журналисі», филология ғы­лымдарының докторы, «Парасат «Ордені иегері, Ресей сөз өнері Академисының «Ревнителю Просвещения» медалімен марапатталған. Осындай марапттардың иегері, Қазақстан Ұлттық Кеңесінің мүшесі
Сауытбек Абдрахманов туралы айт­қанда, сауыт берен – ер қорғаны, онымен аттас Сауытбек аға елдігіміздің қорғаны деп айтсақ жарасады.

Баян ҮСЕЙІНОВА

20 қараша 2021 ж. 468 0