» » » Би апаның қамқорлығы

Би апаның қамқорлығы

   Жаңақорған топырағынан шыққан аяулы қыздарымыздың бірі, сонау жетпісінші жылдардың басынан ҚазМУ-дың журналистика факультетінің бірінші курсында оқып жүргенде-ақ тек курстас студенттерге ғана емес бүкіл университет студенттері арасында «Би апа» атанған талантты журналист – Бибігүл Мәтенова жөнінде қатарластары әрдайым ықыласын бүгіп қалған емес. Би апаның ер азаматқа бергісіз қызметі, адамгершілігіне өз басым куә болған жанмын. Осыдан 43 жыл бұрын болған бір оқиға еріксіз есіме түсті. Сондағы Би апаның қызметі, бір азаматтың болашағына жол ашқан қамқорлығы күні бүгінгідей көз алдымда.

     Орта мектеп бітірген әр бозбала мен бойжеткеннің алдында болашақта кім боламын деген сауал тұрары анық. Бірақ мектеп бітірушілердің барлығының жоғарғы оқу орындарына түсуіне мүмкіндік аз. Үздік бітіргендердің дерлігі өз біліміне сеніп оқуға аттанғанымен, көбі ауылда қалып шаруа күйттейтін. Баз-біреулері арнаулы оқу орындарына баратын. Дегенмен бәрінің бірдей жолы бола бермейтін.
Мектепті менімен қатар бітірген 63 түлектің ішінде он шақтысы үздік-жақсы окыды да қалғандарының орта білімі жөнін­дегі аттестатары ала-құла еді. Менің осы мақалама арқау болып отырған сыныптас досым Жұмабай Әбілов те сол қатарда болды. Бірақ ол әдебиетке жастайынан құмар болды, аудандық газетке үнемі ауыл өмірі, еңбек адамдары

туралы жазған мақалалары жарық көріп тұратын. Денсаулығында кінараты бар Жұмабайдың оқуға түсуде «жолы» болмады.
1971 жылы №55 «Бірлік» орта мек­тебін бітірген Жұмабай құжаттары мен мерзімдік баспасөз беттеріне шыққан газет қиындыларын арқалап Алматыға ат­танды. С.М.Киров атындағы мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факультетіне құ­жат­тарын өткізді. Бірі кем дүние емес пе, емтихандарды дұрыс тапсырғанымен аттестаттың жиынтық балы 4-ке жетпей конкурстан өте алмады. Міне осылайша ол 4 жыл бойына жолы болмай конкурстан қайтып жүрді.
1975 жылы әскери борышымызды өтеп елге оралған бірнеше жігіт Алматыға жол тартып құжаттарымызды өз қалаған мамандықтарымыз бойынша оқу орындарына тапсырдық. Арамызда ауылдан қосылған Жұмабай, сол кездері мектепті жаңадан бітірген қазір елімізге аты мәшһүр Есенғали Раушанов, жас сатирик Бейсебай Кірісбаев бар. Калинин мен Дачная көшелері қилысында пәтер жалдап тұрамыз. Күн аралатып журфакта оқитын Ертай Бекқұлов пен Жолтай Әлмашев келіп тұрады, қастарында өздерімен бірге оқитын 1-2 ақын жігіт болады. Бұл екі азаматтың бірі кейін республикаға аты танымал журналист атанса, екіншісі жазушы-драматург атанып, басшылық қызметте жүр.
Сол жылы журналистика факультетінде қабылдау емтихандарынан бұрын абиту­риент­терге шығарма жаздырып, содан өткендерді емтиханға жіберу туралы шешім шыққан екен. Шығарманы өлеңмен жазған Есенғали өтпей қалды да, Жұмабай мен Бейсебай емтиханға жіберілді. 4 пәннен болған емтиханның үшеуінен төрттік алған оған соңғы шет тілінен автоматты түрде үш қойылып конкурстан өтпей қалу қаупі төнді. Конкурс қортындысын естуге небары үш күн ғана қалған.
Бұл жылдары ҚазМУ-де «Би апа» атанған жерлесіміз Бибігүл Мәтенова журналистика факультетінің төртінші курсын бітіріп жатқан болатын. Би апаның университтегі беделі бар екенін естіп алғанмын әрі оны бұрыннан білетінмін. «Суға кеткен тал қармайды» демекші, біз де Би апаның беделіне сенім артып іздеуге шықтық. Мекен-жайын тауып барсақ, ол кісі Мәскеуғе кетіп қалыпты. Сол жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай Қазақстаннан 100 студент «Жеңіс туы» астында суретке түсу құрметіне ие болған екен. Осы құрметке ие болғандар арасында Би апа да бар болып шықты. Біз барғанда қасындағы қыздардан оның екі күннен кейін оралатынын білдік. Айтқан күні Алматы ІІ теміржол вокзалынан Би апаны күтіп алдық. Қасындағы серіктерінің әрқайсысымен жеке-жеке қоштасып бізге кезек келгенше біраз уақыт өтті.
– Ал, жиен, мені күтіп алғандарыңа алғысым шексіз, мына заттарды көтеріңдер, – деп өзі алдымызға түсті. Көлік үстінде Би апаға Жұмабайдың мүшкіл халі туралы айтып көмек беруін сұрадым. Би апам Жұмабайды бұрыннан сырттай танитын болып шықты. Мекен-жайына келгеннен соң бізге Мәс­кеуден әкелген тәттілерімен шәй берді. Жұмабайдың емтихан кітапшасын алып танысып қарап шыққан соң, көшеге шықтық. Таксилетіп университеттің бас корпусына жеттік. Коридорда қарсы кездескен уни­верситет мұғалімдері Би апамен жылы амандасып хал-жағдай сұрасып та жатыр. Әлден уақытта университет ректоры Өмірбек Жолдасбековтың қабылдау бөлмесіне де жеттік. Жұмабайдың емтихан тапсыру па­рақ­шасын алып Бибігүл ректордың қабылдауында болып, бәрін тәптіштеп баяндап, соңында бар жауапкершілікті мой­нына алып шықты – ау, бірақ бұйымтайын өткізе алды. Жүрегі жарыла қуанып шығып келеді. Қолында ректордың Жұмабайды оқуға қабылдау жөніндегі пәрмені.
– Ал Жұмабайжан, енді мені ұятқа қалдыра көрме. Мен ректорға сені жақсы оқитын болады деп уәде бердім, – деп бізді факультет деканы Темірбек Қожакеевтің кабинетіне ертіп келіп, Жұмабайды өзіне ілестіріп ішке еніп кетті. Екі күннен соң Жұмабайдың аты-жөні студент атанған абитуриенттердің тізімінде университет аула­сындағы тақтада тұрды.
Жұмабай Би апаның сенімін ақтады. Универ­ситетті жақсы бітірді. Университет қабырғасында жүріп студенттер арасында қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестікті ұйымдастырды. Жас ақындардың өлеңдерін жинақтап «Қарлығаш» атты кітап та шы­ғарды. 10 жылдан астам аудандық «Жаңақорған тынысы» («Коммунизм жолы») газетінде жемісті еңбек етіп, кейіннен «Қожа Ахмет Иассауи» атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне ауысып бола­шақ журналистерді дайындауға сүбелі үлес қосты. Факультет деканы атанып, фило­логия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Тағдырға не шара, өңір журналистикасына сүбелі үлес қосқан аяулы жан 2008 жылы жол апатынан бақилық болды.
Қысқа қайырғанда, сол бір күндері жетектеп жүріп, шарапатын тигізген Би апаның өзім куә болған осы жақсылығын дәйім еске алып, Жұмабайдың бүгінгі биігінде Би апаның да үлесі бар ғой деп марқайып қаламын.
Қашан да қадірлі рухына тағзым етемін.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
27 қазан 2018 ж. 1 110 1

Гость Jeahulalf от 15 наурыз 2019 12:22
Viagra Ai Ragazzi No Prescription Meds Zithromax One Day Treatment http://kamagorder.com Cialis 5mg Tadalafil Lilly Amoxicillin Reaction