№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Идеясы мол игілік иесі

Идеясы мол игілік иесі

Үмбет ағаммен жиі жүздесемін, әрекеті әбжіл адам, идеясы мол, әңгімесі тартымды, өңірді өркендету, әсіресе, руханиятты дамытуға деген ықыласы қызықтырады. Көркейту, көгалдандыру мәселесін кеңінен қозғап жүреді. Қоғамшыл, зейнетте жүрсе де заманға зиялы зейінмен қарайды. Бір қызығы, оның еңбек кітапшасында екі жұмыс орны ғана жазылған, бірі – агро-техникалық колледж, екіншісі – облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы. Алғашқысында 35 жыл еңбек еткен, директордың орынбасары болды. Келесі қызметінде орталық директоры лауазымын атқарды. Міне, саналы ғұмырының басым бөлігі осы екі қызметтің ортасында өтті.
Үмбетәлі Әбибуллаевтың негізгі мамандығы суретші. Жалпы, суретші – кескіндеме, сурет салу және мүсін жасау ісімен айналысатын бейнелеу өнерінің шедеврі саналады. Оның жаратылысы да шығармашылық шедеврі секілді. Қай қызметте болсын, идеясының игілігін көпке көрсетуге тырысады, әдемілікке әсерленгіш. Бәлкім, сұлулық – сурет салудан бас­талады деген сөз осындай орайға ортақ ой шығар, әйтеуір Үмбеттен үнемі сұлулыққа үндестік байқалады.
«Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас екен, ол Қаратаудың етегінде туылып, ержетіп, бой түзеген. Оның бітім-болмысынан соны таныдым. Сана-сезімі биікке самғайды. Мен онымен «Талдысу» лагерінде кездескен сайын суретшілік сырын да, таудың терең кеніндей талғамын да сырттай сезіп жүретінмін. Соның сарқыты болар, лагерді Сыр елінің Швейцариясына айналдырды десем артық айтпағандық шығар. Үмбет ағамыз бес жарым жыл қызметінде 7 мыңға тарта ағаш егуге жол ашты. Оның 450 түбі қылқан жапырақты ағаш екен. Мұнан бөлек 1500 голландық раушан гүлі отырғызылды. Жан-жағы жасыл желекке оранып, әсем гүлзар, ғажайып бақ болды. Тау жынысы, мөлдір бұлақ, саф ауа, көк әлем түгелдей үйлесіп, тынығудың тамаша орнына айналды.
Үмбеттің атасы Асанбек Қара­таудың қойнында отырған елдің бір байы болған екен. Ал, әжесі Хадиша Құсайнова Сырым батырдың шөбересі Ғұбайдулланың қызы. Жақында әлеу­меттік желіде нағашылары туралы Үмбет аға тереңінен толғанды да. Кезінде бай тұқымы ретінде қудалауға да ұшыраған. Соның салқынынан әкесі Әбибулла қой бағып, бейнетті аз көрмеді. Көшіп-қонып жүріп те, бес баласының білімге құштар қабілетін қаперде ұстады. Соның арқасында бәрі бір-бір басшылық тұтқаны ұстады. Үлкені Орынбасар – ұлағатты ұстаз, ұзақ жыл Жүсіп Қыдыров атындағы №54 мектепті басқарды. Әбжан кәсіпкер. Діндар кісінің құрметіне қойған Үмбеті баршаға белгілі ұстаз. Бақдәулет – ғылым докторы, профессор. Алтынбек – мемлекеттік қызметте, Алматы облысы Шамалған ауылдық округінің әкімі болды, қазір облыстық әкімдіктің жауапты қызметкері.
Отбасының өнегелі тәрбиесі, әкенің ұлды еңбекқорлыққа баулу әдісі ақыл мен ар-намысты пісірді, жақсылыққа ұмтылуға жетеледі. Қойшының бала­сынан қызметкер дәрежесіне көтері­лудің астарында маңдай терге мал­шынған мол мехнат жатыр. Ия, олар осылай өсті.
Бесарық бойындағы ауылдар жүзге тарта керіз көзінен су ішіп, егін екті. Суы мөлдір, сусынға бара-бар қасиеті бар осы керіздің кереметін ата-баба ежелден бағалады. Мына көне Сауран қаласының гүлдену дәуірі де осы керіз және кәріз жүйесін пайдалану шарапатынан. Керіз – жерасты суын және бұлақ көзін ашық арық арқылы жер бетіне шығару тәсілі. Сол керіздің бірі Асанбекте болды. Ол бір басының мүддесін ойлаған жоқ, елдің игілігіне жұмсады. Қазір Талап ауылының біршама бөлігі осы Асанбек керізінен су ішіп, ауласын жайқалтып отыр.
«Талды су» лагері де нағыз адамын тапты, жан-жағы лезде жанданды да шықты. Жұмыс сапарымен болған сайын жанаша кейіп киген орталықтың озық тірлігіне сүйсініп, жоғары баға бердім. Шынында баға беретіндей бар. Көк майса әлемі иран баққа айналған жер жұмағы дерсің. Тау-тасты кезіп, ақ тас, сары тас, доломит секілді жергілікті жердің қазба байлығын жинап, қатар-қатар қиюластырған экспонаттық заттары да көз тартарлық. «Дала әуендері», «Саятшылық», «Тау ешкісі», «Жолбарыс», «Құсбегі», екі субұрқақ, аспан астындағы ашық көрме, құлпытас, 18 қанат қараша үйге орналасқан ұлттық тәрбие орталығы, жағажай сынды ондаған мүсін-тұғыр менмұндайды. Ауылдың ескі қорымнан табылған үлкен құмыраны кәдеге жаратты. Қасына ұлттық дәстүр нышанынан диірмен тасты қойды. Көне жәдігерлер керемет ансамбль көрінісін келтірді. Тек лагерге кіреберіс қақпадан ашқысы келген «Дос» дейтін лебіздер орталығын аяқтауға уақыт тарлық жасады.
Шынында, суретші ретінде қара­пайым затқа да кәсіби талғаммен қараймын. Ұлы Ғазиз әке жолын, кәсібін қуды. Орталықтағы жұмыстар соның жемісі. Әкесіне тарту жасады.
– Әрбір бала өз елін ерекше тану керек. Туған жердің тарихын дұрыс танымаған адамның бойына елжандылық сезім беки қоймайды. Тұнып тұрған тарихты біз кеңінен көрсете алмай келеміз. Қарт Қаратау дейміз де оның кереметіне көзі жетпесе бүгінгі бала таудың қадір-қасиетін қалай бағалайды? Таудың тіні тұтас құдірет. Жаратылысына, табиғи тартуына таңдануға тиістісің. Тілін түсінген, түсін түстеген кері кетпейді. Тіршілікке тарта білсең текті топырақтан май шығады, – дейді ол.
Үмбетәлі Әбибуллаев секілді ұлттық тарихымыздың жанашырлары дарынды балаларға он күн ішіндегі демалыста кітапта жоқ кереметті көрсетіп, таным көзін ашты. Жылына мыңға тарта оқушы орталықта болса, солардың қай-қайсы да рухани күш алып, табиғат пен тарихтың тұнбасынан мол мағлұматқа сусындады. Міне, қоршаған әлем мен қоғамның тоғысу тетігі осы емес пе?
– Руслан Рүстемұлы, мен жәй суретші емеспін. Сезімтал, сергек адам айналаның, ауланың әсем бейнесін іздейді. Екіншіден, еңбек ету үшін жаралғанмын. Біз табиғат берген сыйды еселеп, өрісін кеңейтуге талпынсақ дейміз. Мысалы, газон. Оны алыстан сатып алып қайтеміз. Өзімізде шым өседі. Мен соны жүзеге асырдым. Жаңбырлатып суару әдісі толық іске қосылған. Бәлкім, осынша істің нәтижесі болар, мен басқарған тұста орталыққа келуші көбейді, келген кісінің өзі кеткісі келмей, жан рахатына бөленді.Таңертең ұжым болып, он минут арам шөп жұлуға жаттықтық. Аптасына бір рет әрбір қызметкер үш мақал-мәтел жаттайды. Бұл ұлттық сөз өнерімізді ұғудың бәр тәсілі. Тұрақты түрде орталыққа келушілерге ақылы концерт ұйымдастырдым. Онан түскен табысты «Кеңес», «Талап» ауылдарындағы 14 мүм­кіндігі шектеулі жанның қаже­тіне жұмсадым. Ардагерлердің басын қосып, Міртөбе, Сауран көне қала­сына экскурсия жасатып, тарихи жәдігерлер жанында суретке түсіріп, бір-бір фотоальбом шығарып беретін едім. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ж.Қыдыров атындағы №54 және №239 мектептерінің үздік 50 оқушысына сый-сияпат жасау отбасымның дәстүрлі шарасы, – деді аға.
Иә, айтса айтқандай, ол лагерьде көп іс тындырды. Тіпті лагерьдің өз әнұраны да болды. Ақын аға­мыз Адырбек Сопыбеков сөзін, ком­позитор Оразғали Бидашев әнін жазды. Қаратаудың қасиеті мен текті топырақтың тұңғиық тарихы жырға қосылды. Міне, Үмбетәлі Әбибуллаев осындай озық адам. Ол жақсылықтың жаршысы, жасыл әлем­нің жанашыры. Отбасында екі ұл, екі қыз өсіріп, әзиз әке деген де биігі бар. Жеңгеміз Мәдина Кеншінбаеваның өмірі қысқа болды, жар жылуын Найла Қайназарова 12 жылдан бері жалғап келеді. Бақытты шаңырақтан баянды тіршіліктің түтіні түзу шығып тұр.
Табиғатынан Үмбет ағам тыным таппайтын адам. Үнемі ізденісте жүреді. Істеген ісіне тәнті болмасқа амалың жоқ. Адамның жанына жақын, қажетті жаңалықты жүзеге асырып, сөзі мен ісі үйлесім тапқан, діттеген мақсатты дәлелдеп келеді. 2020 жылы зейнетке шыққан соң өзі тұратын Жаңақорған кенті Алдан Аюпов көшесінің тұрғын­дары көше комитетінің төрағасы етіп сайлады. Бастапқыда сүреңсіздеу көше еді, қазір жайнап шыға келді. Ағамыздың арқауымен 450-дей ағаш егілді, көршілер арасында ынты­мақтастық орнады. Бірлескен шарасы көбейді. Биыл Наурызкөже дәстүрін жандандырып, ашық аулада керемет шара өткізді.
Ол кентті абаттандыру, көркейту мәселесіне де кетәрі емес. Сәтін салса, бірлескен ісіміз берекесін береді деп үміттенемін.
Руслан РҮСТЕМОВ,
аудан әкімі
07 қараша 2021 ж. 453 0