» » ХХІ ғасырдың үздік суретшілері – роботтар

ХХІ ғасырдың үздік суретшілері – роботтар



Робот индустриясы қазір тек өндіріс, медицина, ғарыш, қорғаныс жүйесі, тұрмыста ғана емес, мәдени кеңістікте де қолданылады. Мысалы роботтар қазір сурет салады. Олардың бұл қабілетін бағалау үшін RobotArt байқауы ұйымдастырылып жүр. 2016, 2017 жылдары өткен байқаудың биылғы 2018 жылғы жеңімпаздары анықталды.  Биыл бүкіл әлемнен жиналған 19 команда сынға түсіп, 100 шақты сурет қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры да қомақты – 100 000 АҚШ доллары. Жеңімпаздар Facebook әлеуметтік желісінде дауыс беру арқылы және суретшілер мен технологтар бағасы бойынша анықталған. Суретші-роботтарға қойылатын басты талап – суретті қылқаламмен, қарындашпен, бояу баллонымен және өзге сурет құралдарымен салу, одан кейін барып туындының көркемдігі. Принтерлерге, көшіріп басатын функцияларға тыйым салынған. Жарыстың мүддесі де сол – суреттер табиғи жолмен салынуы тиіс.  Роботтардың сурет салу қағидасы қандай?  Робот жасаушылардың мақсаты – роботтың сурет салу техникасын адам қолының, саусақтарының қимыл-қозғалысына ұқсату. Бұл роботтарды ширақ, иілгіш, динамикалы етіп жасауға түрткі болады. Суретші-роботтардың ең қарапайым қағидасы – дайын сурет үлгісін бояу. Мұнда суреттегі элементтердің эскизі дайын тұрады, ал робот оны тек бояп шығуы тиіс. Одан да күрделі тәсілдер бар. Мысалы, AI (Artificial Intelligence) технологиясы қолданылған суретші-роботтар бірнеше камера арқылы суретке жалпы шолу жасай отырып, біртіндеп өзгеріс енгізе береді.  Picassnake атты ерекше роботтың өзіндік сурет салу техникасы бар. Оған арнайы QR код енгізіліп, ол музыканың дыбыс толқындарын бояуға айналдырады. Нәтижесінде абстрактілі суреттер салынады. 
Massaget.kz
27 тамыз 2018 ж. 1 655 0