№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаз ұлағаты мәңгілік

Ұстаз ұлағаты мәңгілік

Жаңақорғанда ардақтыларын ұлықтайтын дәстүр қалыптасқан. Бұл жөнінде көпшіліктің Әбласан Әшірбековтің 100 жылдығына арналған «Ұлағатты ұстаз» мәдени шарасы соның дәлелі. Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне ұстаздың алдын көрген шәкірттері, тәлім алған әріптестері, ағайын-туысы мен ағартушылық қызметті бағалай білетін жаңақорғандықтар жиналды.
Жігіттік шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, майдан даласында өтті. Елге аман-есен оралып, елдің еңсе тіктеуі үшін қызмет етті. Шарада тарихи тұлғаның жүріп өткен дара жолы бейнебаянмен өріліп, ауданның өнерпаздары прологпен жалғады. Кешті аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков алғы сөзбен ашты.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсетті. Осы ретте, ауданға танымал болған тұлғалардың тәлімін, елге жасаған адал қызметтерін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында іс-шаралардың жүйелі түрде өтуіне ұйытқы болудамыз. Соның бір көрінісі – бүгінгі Әбіласан Әшірбековты еске алуға арналған кеш. Халық даналығында «тау баласы тауға қарап өседі» деген ұлағатты ұғым бар. Биіктікті бағамдап, өмірін биікпен ұштастырған азаматтарды «Тау тұлғалы перзент» деп ұғынамыз. Мұндай теңеуге лайық, рухы биік, еңбегі ерен, атқарған ісін бүгінге өнеге етіп өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз Әбіласан Әшірбеков туған жердің абыройын биікке көтерген, халқының қадіріне бөленген, жомарт жүректі, жаны жайсаң қадірменді ұлағатты ұстазымызға айналды, – деді ол.
Рухани шарада ұстаздың ізінен ерген інілері мен ұрпақтары және шәкірттері келіп, жылы лебізін білдірді. Ардагер ұстаз Зинабдин Шермағанбетов ұстазы туралы тағылымды ой айтты, берген тәлімін тілге тиек етті.
– Ұстазы туралы шәкірт қанша толғаса да, мадақ айтса да жарасады. Әбекең осындай мақтауға лайық тұлға болды. Ол – «ұстаз» деген атқа лайық жан. Мені педагог етіп тәрбиелеп шыққан сол кісі еді. Оқушы алдында өзін-өзі қалай ұстауды, оларға білімді қалай сіңіру керектігін және көппен тіл табысудың мән-жайын ұстаз болмысынан үйрендім.
Әбекеңнің тәрбиесін алған шәкірттері бүгінде елге адал қызмет қылған тұлғаға айналды. Сондықтан ағайымызды қалай дәріптесек те, есімін әрқашан ұлықтасақ та таусылмайтын жыр деуге болады. Сондай жаннан тәрбие алғаныма шүкір етемін, – деп жылы лебізін білдіріп, ұстаздың ұлы мен келініне құрмет көрсетті.
Енді ұстаздың өмір тарихына қысқаша тоқтала кетейік. 68 жыл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол Қосүйеңкі ауылында дүниеге келіп, өмір есігін енді ашқан екі жасында төрт ұл, бір қыз әке-шешеден жетім қалады. Жетімдік тауқыметі ме, әлде туа бітті бірбет қайтпас қайсарлығы ма, зерек, ұқыпты, ізденгіш, тындырымды болып өседі. Соның арқасында болар 1934 жылы Жаңақорғандағы шаруа-жастар мектебін бітіріп, жеті жылдық білім алады. Өскен отының қиындығын бөлісу үшін, оған қоса күнкөріс қамымен Қосүйеңкі колхозындағы сауатсыздарды (ликбез) оқытып, мұғалімдік қызметін бастайды. 1936 жылы Түркістандағы педтехникумда оқып жүріп, қала шетіндегі «Ортақ» колхозында сауатсыз ересектерді оқытумен айналысады. Педтехникумды бітірісімен туған ауылы Бірлікке келіп осындағы орталау мектепте мұғалім болып, бала кездегі мақсатының тізгініне алғаш осылай қол жеткізді.
Соғыстан кейін еңбек ете жүріп 1948 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты бітіреді. Соңғы еңбек жолы Талап, Төменарық ауылындағы мектепте директор, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, кейіннен №51 қазақ-орыс мектебінің, №3 мектеп-интернатының дамып қалыптасуына аянбай тер төгеді. Жаңадан бой түзеген №3 мектеп-интернаты тарихында тұңғыш директор ретінде сақталып, білім ордасының республикалық деңгейде танылуына жол ашады. Білім ордасының қасиетті құтханаға айналуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, ауданның білім саласын қуаттандыруға күшін салады.
1980 жылы №3 мектеп-интернатынан зейнеткерлікке шығып, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, тәлім-тәрбие беру жұмыстарынан қол үзбей қоғамдық негізде аудан ардагерлер ұйымын алғаш болып ашып, оған өзі жетекшілік етті. Тоқсан үш жылдық ғұмырында «Қызыл жұлдыз» ордені, «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалім», «СССР-дің оқу ісінің үздігі», облыстағы «Ғасыр мұғалімі» және т.б мемлкеттік, салалық наградаларының иесі атанады. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының «Құрмет грамоталары» мен Елбасының «Алғыс хаты» ұстазға көрсетілген лайықты құрметі.
Кеш барысында ауданның өнерпаз ұжымы әнмен тербеп, шәкірт, іні-қарындастары ақжарма тілегін жеткізді.
«Ғасыр ұстазы». Бұл – Жаңақорған ауданында білім беру ісінің дамуына үлес қосқан Әбіласан Әшірбековке берілген баға. Ол ауданның бірнеше буынына білім беріп, өмірден өз орнын табуға бағыт берді. Ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруға жағдай жасап, кәсібилігін шыңдауға бағдар көрсетті. Мұндай міндетті екінің бірі арқалай алмайтыны белгілі.

Әлібек ТЕМІРБЕК
24 қыркүйек 2019 ж. 842 0