№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бала тілі неге кеш шығады?

Бала тілі неге кеш шығады?

«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаса керек-ті. Алайда кейінгі жылдары сәбидің тілі кеш шығып, ата-ананың уайымы күшейгенін көріп жүрміз. Соның салдарынан логопед, дефектолог мамандарға сұраныс артты. Біз осы жөнінде зерттеп, зерделеп көрдік.
– Менің ұлым бес жастан асты. Әлі толық сөйлей алмайды. Биыл мектепке барады, сабақты қалай оқиды? Ол бәрін ыммен түсіндіреді. Анда-санда ғана былдырлайды. Кейде сөйлегісі келеді. Бірақ, түсінбейсің. Баламның толық сөйлеп кетуі үшін арнайы маман көмегіне жүгінгенді жөн көріп, логопедке ақылы жазылып қойдым. Оның өзінде орын жоқ. Сөйтсем, бұл біздің отбасының басындағы жағдай ғана емес екен, – деді Гауһар дейтін жас ана бізбен әңгімесінде.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйткенмен бүгінгі сәби ана әлдиімен емес, отандық және шетелдік эстрада орындаушыларының хит әнімен ұйықтайды. Ойлаңызшы, даңғыр-дұңғыр, шақ-шұқ еткен әуеннен баланың ұйқысы қанық бола ма? Бәлкім, бүгінгі балалардың сөз көтере алмай, сәл нәрсеге бұртия кететіні осыдан болар.
Жазушы Зейнеп Ахметова ұрпақ тәрбиесіне байланысты өте маңызды мәселелерді көтеріп жүр.
– Баланың тәрбиесін бір ережеге сала алмайсың. Ең алдымен, «басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегім келеді. Сондықтан ананың ақ сүтімен сіңетіні – тәрбие. Ата-ананың тәрбиесі баланың бүкіл болмысына әсер етеді. Кейбір ата-аналар «өзімізде болған жоқ» деп, баласын «үлпілдетіп», айтқанын орындап, өсіреді. Сонда бұл баланың мінезі ата-анаға тек қаржы көзі және тұтынушы ретінде қалыптасады.  Басына іс түскенде ол бала жол таппай, іс-қимыл жасай алмай қалады. Кей кезде балаға қаталдық керек.  Бірақ қатыгездік емес. Оның арасы жер мен көктей. Бала қорыққанынан бағынады. Бірақ, іштей қарсылық өсе береді. Тек, ата-ана емес, қоғамға деген қатыгездігі өршиді. Сондықтан, ең бастысы ата-ана баламен дос болуы керек», – дейді қаламгер.
Шыныңызды айтыңызшы, сіз балаңызбен қаншалықты әңгімелесесіз? Балаңыздың сұрағына толыққанды жауап бересіз бе? Әй, қайдам, бүгінгі ата-аналардың көбі сұраққа жауап бермек түгілі, сұрақты толық тыңдауға жүйкесі шыдамай, қолына телефон ұстады. Сосын бар жауапты телефоннан іздеп, ұлттық таным мен түсінікке сай келмейтін арзанқол дүниені зердесіне тоқиды.
Біз бала кезімізде аналарымыз сәбиінің көзіне қарап отырып, бесік жырын айтатын. Ақ сүтін беріп отырып, жақсы тілектер тілейтін. Үлкендердің айтуынша, қарапайым ғана нәрсе болғанымен, бұның да өз сыры бар. Әдетте дені сау бала ай сайын жетіліп, дамып, көп нәрсені білуге талпынады. Өкініштісі, көп ата-аналар «Қазіргі балалар үш жасқа дейін сөйлемейді екен, төрт-бес жасқа келген соң сөйлейді ғой» деп алаңдамай, уақыт өткізіп алады. Бұл біздің ғана ойымыз емес, қоғамда талқыланып жатқан мәселе деуге болады. Жасы жетпісті еңсерген Әйткүл әжейде біздің сөзімізді қуаттай түсті.
– Бүлдіршіндер сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ата-анасы болса, өз жұмысымен әуре болып жүреді. Тіпті, ата-әженің өзі немересін жанына алып, сөйлесудің орнына, әлгі телефонға кіріп кеткен ғой, шіркіндер! Сырттай қараған адамға өте күлкілі. Қариялардың жатып алып, бір құрылғыға тесіліп, өзімен өзі айқайлап күліп отырғаны ерсі көрінеді. Бұрынғы үлкендері қандай еді, немересін алдына алып, ғибратты әңгіме айтып, ұлттық қасиетті бойына сіңіруге мән беретін. Келіндердің қолынан да ұялы телефон түспейді. Олар баланы емізіп отырып та ұялы телефоннан көз алмайды. Мұны бала қабылдайды. Сосын ондай балаға телефон көрме деп айтып көр. Ол бала көзін ашқаннан телефоннан толассыз ақпараттарға қанық болып, оны қорыта алмайды. Мұның да сәбидің кеш сөйлеуіне өз әсері бар, – дейді Әйткүл әжей.
Бала тілінің кешеуілдеп шығуы тек ата-аналарды ғана алаңдатып қоймай, дәрігерлер мен арнайы логопед мамандардың жіті назарын аударуда. Дегенмен ата-аналар баласының тілінің кеш шығуын біле тұра, мамандар көмегіне жүгінуге құлықсыз. Осындай немқұрайлылықтан бала тілінің дамуы тежеледі дейді арнайы логопед маман Ақжібек Жүсіпбекова.
– Шыны керек, бала тілінің кеш шығуы, сақаулануы өте көп кездеседі. Мұның бірнеше себебі бар. Құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы, көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептерді айта беруге болады. Ең бастысы, баланың тілінің кеш шығуына ата-ана тәрбиесі үлкен рөлі ойнайды. Негізі бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабылетке ие болуы қажет. Ал, бізде 3-4 жастан асып кетсе де, тілі шықпаған балалар «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелік қой» деп мән бермейді. Бұл дұрыс емес. 2 жаста 200-дей сөзді айтып, 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы тиіс, – дейді логопед.
Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жайт бар. Ол – бөтелке мен емізік дейді мамандар. Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік салатынымыз рас. Бұл үрдіс те баланың сақау, кекеш болуына ықпал етеді екен. Бұл сүт тістері шыққан кезде жайсыздық туғызады дейді педиатор маман Ханзада Байнязова:
– Негізі емізікті мүлде қолдануға болмайды. Қолданған күннің өзінде, кемі бала алты айдан асқан соң түбегейлі бас тарту керек. Егер балаңыз емізікті көп еметін болса, баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келеді. Оны бала қолымен алады-салады, жерге түсіреді, қайтадан аузына салады. Содан кей баланың ішіне инфекция түседі. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақтарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретіп қояды. Мұның да зияны тұсу көп, – дейді педиатор.
Жалпы, кейінгі жылдары баланың кеш сөйлеуі ортақ проблемаға айналып келеді. Мамандар айтқандай, мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне селқос қараудан туындап жатыр...
Әсел РЗАЕВА
14 тамыз 2021 ж. 628 0