» » » Ақиқат туы иман қуатымен тіктеледі

Ақиқат туы иман қуатымен тіктеледі


Өткен өмір шежіресінен келер ұрпаққа бір белгі боп қалар қасиетті жәдігерлер қатарында Қорасан Атадан қалған Ту туралы не білеміз? Әбдіжәлел баб (Хорасан баба) кесенесіндегі бұл қасиетті Ту) (лауха) Хорасан баба ұрпақтарының атадан балаға мирас болып келген аса құнды асыл мұрасы.
Қазіргі қазақ жеріне 766-767 жылдары келген үш бабтың бірі Әбдіжәлел баб (Хорасан баба). Осы бабамыздан мирас болған туды (лауха) сан ғасырдан бері ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде қастерлеп сақтап келген аға буын өкілдері естеліктеріне кезек берелік.


Ту (лауха) қоладан жасалғанға ұқсайды (жасалған метал құрамы белгісіз). Тудың жоғарғы жағында «Аллаху Ахад», одан төмен «Мухаммед уа Али» деп жазылған жазу бар. «Али» аты туда тағы да төрт рет қайталанады. Өкінішке орай, одан басқа жазуларды оқу мүмкін емес. Себебі, тудың орта бөлігі түсіп, зақымданған. Қазіргі тудың жоғарғы жағындағы жарты ай белгісі 1995 жылы жалғанды. Себебі, тудың жоғарғы ұшында бір белгінің болған ізі сақталған.
1995 жылдың күзінде мазары Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылдық округі аймағында орналасқан Әбдіжәлел баб Хорасан бабаның 1100 жылдығына орай Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Орта Азия елдерінен баба ұрпақтары мен зиярат етушілер келіп, үлкен ас берілді. Осы аста Әбдіжәлел бабтан мирас болған ту (лауха) сан ғасырлардан кейін алғаш рет жалпақ жұртқа көрсетілді. Бұл жөнінде сол кезеңде республикалық, облыстық басылымдар мен телеарналарда ақпараттандырылып, насихатталды.
Туды (лауханы) Әбдіжәлел баб Хорасан бабаның тікелей ұрпағы Төлегенұлы Берден қажы алып жүріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға таныстырды.
Тудың қандай материалдан жасалғаны және түсінің ақ немесе жасыл болғаны белгісіз. Бұл әлі де зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Ежелгі түркілердің байрақтарының ұшындағы лауханың төменгі сағалдырығына жылқының құйрық қылын байлағаны белгілі. Ондай Әмір Темір дәуірінен сақталған лауха Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазандық бөлмесінен Әзірет Сұлтан мүрдесі жерленген қабірханаға кіретін есігінің жоғарғы жағында сақтаулы тұр. Әмір Темір жасаған бұл лаухада «Алла» сөзі ойылып жазылған. Лауханың бір бетіне Әбубәкір Сыддық, Омар Фарух, келесі бетіне Осман Аффан, Әли Мұртаза есімдері жазылған.
Бұл жөнінде жан-жақты ақпарат беріп кеткен Төлегенұлы Берденқажының тасқа түскен естелігі былай деп сыр шертеді:
«Дерек бойынша бұл туды арнайы соқтырған алғаш рет исламның арыстаны атанған Али ибн Абуталиб ұстаған екен. Бұл тарихқа да жақын келеді. Себебі, тудағы «Али» атының төрт рет қайталануы және Алиге дейінгі халифалардың және Али ұрпақтарының аталарының кездеспеуі осыны меңзейді. Әбдіжәлел баб Хорасан баба Сыр бойында, ежелгі Ғұн, Сақ, Оғыздар мекен еткен Көне Өзгент маңында, Сейхундарияның сол жағалауындағы Қызылқұм етегіндегі «Тотықұс» деп аталған аралда мекен етіп, сол жерде өмір сүріп жатқан жұртты ислам дініне шақырып, дін ғұламасы, қолбасшы, батыр ретінде танылған. Қызылқұм етегінде күні бүгінге дейін сақталған Сырдария өзенінің ескі арнасының ізі жатыр. «Тотықұс» аралының болғаны туралы ежелгі картада бейнеленген. Әбдіжәлел бабтың жамбасы тиген мазараты өзінің қасиеті мен киелілігін сақтап тұр. Кешегі кеңес дәуірі саясатына қайшы қуғынға, қудалауға ұшыраған дін ғұламаларымен қатар, олардың тұтынған қасиетті бұйымдары өртеніп жойылғаны, дін ғұламаларының жазықсыз атылып, қудалау қырғынға ұшырағаны жалпақ жұртқа белгілі.
Қасиетті жәдігер – Әбдіжәлел баб Хорасан бабаның туы еліне басшылық жасаған, діни сауаты жетілген, ел-халқы құрмет тұтқан ұрпақтарының қолында болып, ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде табысталып келген.
Менің әкем Әбдіәкімұлы Төлеген діни сауатты, Қарнақ медресесінде білім алған, ел-халқының құрметтісі болған кісі еді. Анам Есжанқызы Ләйлі сол бір қиын-қысталаң кезеңде жұртты тұрып жатқан жер кепемізге жинап, бір шөміштен ас-ауқат таратып, азықтандырып жататын суреті көз алдымнан кетпейді. Бала кезімдегі сол бір сәт әлі күнге есімде. Адамдар адам жеген заман еді ғой ол кез
3-4 жасар, ойын баласы кезім. Үйден жылтыраған темір затты тауып алып, сол затқа қызығып, анамнан ойнауға сұрадым. Мұны әкем біліп қатты ашуланып, балаға неге көрсеттің, бұдан да айырылатын болдық қой деп анама кейігені, қойнына тығып алып кеткені есімде.
Күндер, жылдар жылжып қуғын-сүргін азайып, тұрмыс-тіршілігіміз соған қарай бейімделе бастады. Жан-жаққа шашырап кеткен ағайындардың туған жерін аңсап келгенде дамыл табатын қара шаңырағы біздің үй болатын. Қонысымыз қазіргі Өзгент маңындағы Тобарық деген жер. Өзбекстанда тұратын Әбсаттар мағзұм отбасыма арнайы келіп: «Ілім-білімді әкеңіз Төлегеннен алып едім. Қилы-қилы заман болды, шетте қалып қойдық, енді өз білгенімізді сол кісінің ұрпақтарына үйрету маған парыз болып тұр» деді. Ол кезде мен совхозда бригадир кезім. Сонда да болса ілім адамының уәжі құлағыма кіріп барады. Намаз сабағын алып жасырын сәждеге бас қойдым. Жас кезімде әкем Төлегеннен алған аздаған ілім бар болатын. Жүрегімде Аллаға деген күмән болмаған. Сол себепті де партия қатарына қосылмадым.
1978 жылдардың бір күнінде анамнан бұрын бала кезде көрген лауханы сұрадым. Анам әлі күнге дейін жадымда жүргеніне таңданысын білдіріп, оның қайда екенін айтты. Әкем ашуланып сол алып кеткеннен Долыбай деген туысымызға апарып беріпті. Қарапайым шаруа адамның үйін тінтіп тексермейді десе керек.
Ол кісі дүниеден өтер шағында өзінің туысы Бекқожа деген інісіне береді.
Ол да жай шаруа адамы болған. 1980 жылдары Өзбекстанда тұратын Бекқожа ағамыздың Патшақожа деген туыс інісі Хорасан бабаға зиярат етіп келіп, Бекқожаның үйіне тұрақтайды. Патшақожа сол кезге дейін ұрпақ жалғастыратын ұл сүймеген екен. Сонда Патшақожа ниет қылып лауханы өзімен бірге алып кеткісі келетінін айтып, Бекқожадан лауханы Өзбекстанға алып кетеді. Артынша бір жылдан соң Патшақожа 4 қыздан кейін ұлды болады. Осылардың бәрін сұрастыра келіп, ізімен жүріп лауханы осында қайта алдырдым. 1995 жылы Хорасан баба басында берілген үлкен аста алғаш рет жалпақ жұртқа таныстырдым» деп бүге-шүгесіне дейін жазып қалдырған екен.
Сонымен бұл қасиетті жәдігер 1995 жылдан 2001 жылға дейін әкем Берден қажы дүниеден өткенге дейін Төлегеновтер әулетінің қара шаңырағы – қазіргі Қожакент ауылының негізін қалаушылардың бірі Әлжан мен Берден қажының отбасында сақталды. 2001 жылы Берден қажы дүниеден өтер шағында тужы өзінің кенже ұлы Әбілғазыға аманаттай отырып, «Құдайға шүкір тәуелсіз ел атандық, дінімізге исламға рұқсат етілді. Мемлекет өз қамқарлығына, қорғауына алды, ешкімнен қорықпайтын, ешкімге жалтақтамайтын заман орнады. Осы заманды көргеніме мың да бір шүкіршілік етемін. Дініміз қайта оралды. Енді лауханы кесене басына қоятын сәт туды. Осындай ұлық дәрежелі Әбдіжәлел баб кесенесін ЮНЕСКОның деңгейінде дәріптелгенін көрсем деген арманыма жете алмай барамын. Алла өмір берсе сол күнді ұрпақтарыма көруді тілеймін. Лауха өз тұғырында Әбдіжәлел баб Хорасан ата кесенесінде тұруы тиіс. Бабалар ізін жаңғыртып, Жаратқан иемізден медет сұрап, Алланың сыйға тартқан нығметтеріне құрметпен қарап іске асырсақ, әлбетте өсіп-өркендеп, мәртебеміз асқақтай беретін болады» деген еді. Әке аманатын қабыл алған Берденқажыұлы Әбілғазы туды (лауханы) 2003 жылы Хорасан баба кесенесі басына табыстады. Лауха қазір сонда тұр. Баба басына барып зиярат етушілкр жылдан жылға көбеймесе азайған емес.

Шайхмұрат ШАЙЫН


11 тамыз 2021 ж. 507 0