№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қарлығаштың ұясы


Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірінде ашық тұрған есіктен қалықтап кеп үй ішіне енген қос қарлығаш бәрінен де бұрын бір-екі күн алдын келіп, құтханамызды у-шуға айналдырған немерелерімізге көктен түскендей керемет болды. Есі кіріп қалған екеуі тірі ойыншықты ұстап көргісі келгендей алақандарын тосып қабаттаса жүгіріп, аяғын енді апыл-тапыл басып жүруге талаптанған кішкентайымызға дейін жүрегі жарылып қуанбасы бар ма? Әсілі, әрбір ықыластың өз лебі, өз демі болады, оны мынау қос мақұлыққа дейін сездіріп қойған құдыреттің күші ғой, басқамыз бездіріп жіберуге әрекет қып қуалап баққанға болмады, сол күні кешке дейін екеуі есік алдын айналшықтап ұшып жүрді. Болмаған соң ауызғы есікке тұтылған перденің шетін қиялап ашып қойған едік, ауызғы үйге сан кіріп, сан шығып, кішкентайларға кәдімгідей ермек болды.


Екі-үш күннен соң жұмысқа кетіп бара жатып дәліздің кіреберіс беттегі қабырғасының бұрышында бірнәрсе қарауытқандай болған соң түртіп қарап көріп едім, жұп-жұқа балшық пен қамыстың біреу жапсырып кеткендей қаланып үлгіргенін байқадым. Неше күннен бері қарасын үзбеген қос қарлығаштың ниеті енді түсінікті болды. Ұя салатын жай іздеп жүр екен ғой. Бірақ мұның жөні келе қояр ма екен, жаздың шіліңгір ыстығы келе жатыр, ауылдық жердің шыбын-шіркейі үзілмейді, есікті ашық қалдырдым дегенше ішке бас салмай ма. Енді солармен алысып жүрер бейнет жетпей тұр еді. Сол үшін алдын алып, мына басталған ұяның орнын тып-типыл тазалап тастайын да, қайтып кіргізбей қойсам бір жола үмітін үзіп, қарасын жоғалтар деген ой бір жылт етіп сөнді. Қой, обал болар дедім, ауызға тістеп, бір-бірлеп тасып, жаңа қарайтып қойған қасиетті мекенін құлатқандай қырнап алып тастауға қанша оқталғанмен қолымның бармасын түсіндім. Шын бекінсең қолыңмен не істемейсің, бірақ не іс-әрекетің болсын жүректің үніне, сананың дегеніне бағынады ғой. Ақылға салып салмақтап көргенге табиғат пен адамның тіл табысуына тәуелді бұл тәуекелдік тектен-тек емес, мұның астарында үлкен сынақ, тіпті тылсымнан жер бетіндегі пенделеріне жіберген бір сыр жасырынып тұрған жоқ па екен?
Күн сайын көз салып қоямын, бұрыштағы болымсыз ғана қарайған болашақ құйтақандай мекеннің сұлбасы дамылсыз құс қарекетінің нәтижесінде бірте-бірте дөңгеленіп, бітуге тақап қалған. Бірер уақыт тым-тырыс ұмытып та кеткен екем, шиқ-шиқ еткен дауысқа таңырқап қарап едім әлсіз дауыс әлгі құстың ұясынан шығып жатыр. Жұмыртқалаған екен-ау. Жіңішке мойындары құс ұясы ернеуінен әзер көрінген баалапандардың үшеу екенін байқадық. Қызылшақа балапандар аузын ашып тұрады да қояды. Тұмсығына тістегенін алып ұшып жетер ата-анасы есікке жақындағаннан бәрі бірдей шиқылдап қоя бергенмен кезекпе-кезек дән тастап тамақтандыру тәртібін бұлжытпай сақтап, әрбірі үшін жанұшырған қос қарлығаштың қимылын көз жазбай қадағалап отырған кім болсын қу жанын шүберекке түйген ата-ана табиғатының мал мен жанға ортақ ғажайып қуатына таң-тамаша қалып, жаратылыстың құдыретіне бас имеске шарасы жоқ. Осыған көз жеткізген өзіміз кейде есік жабылып қалғанда сыртында шыр-пыры шығып қалар қарлығашқа жол ашып, үй-ішімізбен жағдайына алаңдап жүрер әдет таптық.
Ал буыны бекіп, терісі түлеп, соған орай шиқылы да зорая түскен балапандар болса күні бойы аузын ашып, анасын күткеннен басқа алаңы жоқ, ал кеш түсе қос қарлығаштың бірі балапандарын бауырына басып, ұясына келіп жайғасса, екіншісі ұяға жақын жерде қабырғаға жапсырылған электр лампасы қойылған тетіктің кертігіне қонақтап, тапжылмай мүлгіп тұрады да қояды. Күншығыс жақтан қараңғылық түріліп, таң бозара төсегінен тұрып, тағы бір рауандап атып келе жатқан жаңа күннің шапағын сау-сәлемет көргеніне шүкіршілік қылып жаратқанның тірі пенделеріне парыз етілген құлшылық амалдарын өтемекке дәретін түгендеп сыртқа шыққан тәубекер бір құлдың құлыпты сырт етіп ашқаны сол құттыханасында қонақтаған құс та таза ауа лап етіп ескен кеңістікке қарай пыр етіп жөнеп берер, содан соң тағы бір жаңа күн тағатсыз тіршілік үшін күреске – сарыауыз балапандарды біртіндеп тойдыруға көшкен енапат бейнетке жалғасады да кетеді.
Пенде шіркін де күнделікті ырзықы – несібесін теріп жеп, маңдайға жазған бейнеті мен сорын белден кешіп жүріп, бес күн жалғанды өткізе берері анық. Бірақ бір ғана сүйенері – ұлы Раббысына жақындаудың қарекетіне бас ауыртқанға жалғанның жақсылығы көп қой. Осындай үмітті арқаланған Алланың құлдарының қолтығына кеп пана тапқан құстың ұясын көз қарашығындай қорып, қорған болмаққа бекінуі Құдайдан қорқуының белгісі ғана емес осы әрекеті арқылы жалғыз егесіне бір табан жақындай түсүді мұрат тұтты ма екен?
Босағаны аттай бере биікте ілінген берік мекенінде мойындары қылтиып тұрған күнәсіз тіршілік иелеріне көз түскенде біртүрлі тоқмейіл күй кешіп, осы кеңдігіңді пенделік күнәларыңа қалқан тұтқандай кешірімнен үміт етіп, «Е, Раббым, осы бір жан иелерін алтын босағама қонақтатып, қамқор болғанымдай Сен де менің өзіңнен үмітті көкірегімнен итермегейсің, қонағың болайын, құнымды кемітіп, құрметімнен айыра көрме!» деп іштей Жаратқан иеге жалынғаныңда оның жауапсыз қалмасына деген бір нық сенім көңіліңде беки түсетінін қайтерсің. Ол сенімнің күші – мынада: Тіршілік үшін жаралған адам да бір, құс та бір, егер олардың тіршілігі бір ұяда тоғысып, бір тілекке байланса ол неге қабыл болмасын?!
Бір күні төтеннен мынадай бір оқиға болды.
Әлгі қарлығаштың ұясының айналасын бір жарқыратып жуып алмаққа шүберегімді апара бергенім сол, тиіседі деп үркіп кетті ме, ойламаған жерден ұяда тұрған үш балапан бірдей сыртқа су ете қалды. Қапелімде сасып қалдым, қате әрекетімді кешіре алмай тұрмын. Қап, обал болды-ау, ұшуға жарап қапты-ау деген күнде қанаты жартыкеш жетіліп жерге құлап түсіп жатса не болады?
Бекер жақындаппын. Жүгіріп барып, балаларымен демалысқа келіп үйде жатқан ұлыма айтып ем, ол да оқып жатқан кітабын тастай салып, «Шынымен ұшып кетті ма?» деп келіп ұяны көріп көзін жеткізген соң «байқамадыңыз ба» деп өкініш қып, үш балапанды емес, өзінің үш бүлдіршінін шығарып тастағандай маған жазғыра бір қарағанын айтсаңшы.
Қап деп тырнағымды тістеп тұрмын. Бұл ешнәрсе емес, қазір балапанның егелеріне не айтам? Айтқандай, аузына шөп тістеген қарлығаштың үлкені суылдап кіріп ұяны шыр айналды да қалды,тұмсығына ілгенге өзі қақалып, әрең жұтқынып, әлденеден соң шиқылдап қоя берсін. «Мен әдейі емес, білмей қалдым» деппін оған ақталғандай. Ол түсінген сынды мойнын қисайтып мөлиіп сәл тұрды да пыр етіп сыртқа ытқыды. Қолым іске бармай кіріп-шығып алаңдап жүрмін. О, тоба, біздің екі қарлығаш «Шанхайдың» біраз құстарын соңынан ертіп, улап-шулап қайта келе жатыр. Бұлар сонда көптен көмек сұрағаны ма, бес-алты ма, он шақты ма құс қатары кезекпе-кезек бос ұяны бір айналып шығып, әлдеқайда бет түзеп кетіп жатты.
Е, біз, адамдар өз тіршілігімізбен жүріп көп нәрсеге мән бермейміз. Біздің айналамызда да қым-қуыт өмір үшін күрес жүріп жатыр екен-ау. Онда да жеңіс бар, жеңіліс бар, жақын бар, жат бар. Бірақ мынадай ғажапқа өзім тұңғыш рет куә болып тұрмын.
Көп өтпеді, әлгі шуылдаған құстардың тобы үш балапанды тауып, алдарына салып ұясына дейін алып келді де жөн-жөндеріне тарап кетті. Қарлығаштың үлкені солармен кетті, ал анасы балапандарының маңынан көпке дейін ұзамады. Тап бір ұрсып жатқандай шиқ-шиқ етіп тоқтар емес.
Күн сәрсенбі еді, қол бостау, газеттің келесі нөміріне материал жинап, жан-жаққа баруға уақыт жетеді. Осыны білгендей райсобеске жаңадан басшы болып барған Аягөз Нұржанқызы телефон шалып, өзінің бір-екі ауылды аралауға кетіп бара жатқанын, елдегі ағайынның жағдайына көз жеткізуді қалаған қаламгер қауым егер ере жүрем десе қарсы еместігін жеткізді. Жақсы ғой, бірге жүрейік дедік. Ауданда қамқорлықты қажет ететін отбасылар, жалғызбасты аналар, даму мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлыққа алған жанұялардың жағдайымен толық танысып, өз көзімен көріп шықпаққа бекінген басшының бұл кезекті сапары мына іргеде жатқан Ақсуат, Машбек, Өзгент ауылдарына бағытталды. Алғаш бас сұққан отбасында 10-12 жасар шамасындағы жасөспірімді әжесі бағым күтіміне алған екен. Туа бітті денсаулығының дімкәстігі бар сәбиге анасы қарамай кеткен, бөтен жақтың қызы екен, сол күйі қарасын батырыпты. Жазықсыз бала жаутаңкүй кешіп жүр-ау деп ойламағаны ғой. Баланың тілінде мүкістік болғандықтан қатарынан қалып қойған. Үйден оқытылады екен. Біз келгенде аулада қауынның қабығын турап отырған бала осы болды, анадайдан бізді көргеннен ыржиып күліп, жылылық күте қарағанынан есі кіргенде ажырап қалған анасын іштей сағынып жүрген құса көңіліне бір демеу іздегені екен-ау деп қарадай көңіліміз іріді. Жазған-ай, ажал алып кетсе мейлі, жер басып тірі жүріп, тұла бойын жарып шыққан бауыр етінен жеру деген не сұмдық? Құс екеш құс та балапанына ауызбен дән тасып, қанатымен қорған болмай ма? Екінші барған отбасында жалғызбасты жесір ана жылап қарсы алды: «Айналайын, бұлай жағдай біліп, арнайы соққан басшыны көрмеп едік. Ауылдың әкімі де халің қалай демейді. Өзекті жарып шыққан перзентіңнен айрылған қиын екен, шыт көйлегім өрім-өрім болып психбольницаға түсіп қалған ұлымды шығарып алам деп жанұшырып жүргенімде үйде сырқаттанып жатқан қарағымнан айрылып запыран құсып отырмын» деп егілгені жүректі одан сайын тілгіледі. Туған-туыс, көрші-қолаң деген бұрынғыдай бір-бірінің есігін ашып, хал білуден қалған, есі-дерті ақша тауып, жарысып баюды ғана ойлаған бәсеке қуған бүгінгі қоғамның сиқы бейбіт күнде базбіреулерге иығы көтере алмас қалың қайғыны арқалатып тұр екен. Бірге көтерісіп, жүгін жеңілдетер басшы қайда, бауыр қайда? Таскерең адам ба, қоғам ба? Құдайы көршіні ағайыннан артық көретін қазақ едік, енді одан келетін бәледен сақтанып, есікті құлып күзететін күн туды ма, үшінші барған отбасында құр сүлдері жатқан мүгедек қызды үйінде ешкім жоқта мас боп кеп көршісі зорлап кетіпті деген масқараны естідік қой.
Елдің ішінде, ағайын арасында отырып, ар-ұятты аяққа таптап, мейірім атаулыдан жұрдай болып, осылайша азып-тозып кете берсек ата сүйегі көрінде аҺ ұрып, жетімнің көңілі құрауда, жесірдің көзі жылауда, бір сүреңсіз заманға тап келмейміз бе, деген қорқыныш кірді көңілге.
Қолдан не келер, әлеуметтік қолдау жөніндегі басшы өзінің құзыретін пайдаланып, үй егелерінің көзінше тиісті орындарға телефон шалды. Ауылдың әкімімен тілдесті, ауданның бас дәрігеріне звондап, жамбасы сынып қатты қиналып жатқан қыздың жағдайын сәл де болса оңалтуға білікті маман қажеттігін ескертіп олар сол мезетінде келді. Әйтеуір, қанатымен қорған болған құстың қауқарындай болса да бір көмегім тисе екен деген ниетпен қолдан келген тағы не істеуге болады, осы бір міндет тек жауапты тұлғаларды ғана емес, барлығымызды мазалауы керек қой.
Нәзік жүрекке қорғасындай ауыр салмақ арқалатқан екеуміз жол бойы сан сұрақпен бетпе-беп арпалысып бір-бірімізге ләм деспедік. Көзбен көрмеген жүрекпен сезінбейді. Бір аңдағаным, мұндайда ауырлап кеткен жүрегіңді түсіп кетердей сезініп алақаныңмен демеп тұруға мәжбүр болады екенсің. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш қой деп жұбатқымыз келді көңілді. Анау-мынау ауыртпалық ел болып, халық болып бірге көтерсек жеңілдемей ме? Ол үшін жәрдемге, қамқорлыққа зәру жандардың арасына барып, шынайы хал-күйлерін жүректен өткізу керек екен. Ешнәрсені көрмей, білмей өйтемін, бүйтемін деген мың уәдеден біткен бір істің өзі жақсы. Бұл сапардан осындай ой түйдім.

***

Қанаттары қатайып, жетіліп үлгірген балапандарын үлкен өмірге ұшырып салған қарлығаштың ұясында ұғымтал жанға қастер тұтар осындай ғибрат тұнып тұр. Ойлап қоям, туған ұяларына олар қайтып оралар ма екен?

Баян ҮСЕЙІНОВА
10 тамыз 2021 ж. 1 307 0