№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАРЛЫҒАШ ҰЯ САЛҒАН ҮЙ

ҚАРЛЫҒАШ ҰЯ САЛҒАН ҮЙ

Шаңырағыңызға қарлығаш ұя салды ма?
Баяғыда, біздің ауылдағы аядай үйіміздің ауызғы бөлмесіне қарлығаш келіп, ұя салатын. Елді мекендегі дәйім есіктері ашық тұратын қарашаңырақты емін-еркін қонақтап, қоныс ететін.
Құстар – біздің досымыз деп үйрететін тәлімгерлеріміз бізге. Досқа бай адамның көңілі жай. Шынында да, ол кездегі адамдардың дидары ерекше жаймашуақ, жаны жомарт, ал өздері баладай аңғал, ақжүрек еді ғой.
Адамды құс та таниды. Өйткені бұл екеуі де табиғаттың бір-бір бөлшегі. Екеуі де қамқорлыққа мұқтаж. Құшағын айқара ашқанның қолтығына кіріп, паналап, балапандары өсіп жетілгенше жемтік тасып, қанаты талар қарлығашқа қамқор болар адам баласының өзі де Алладан мейір - шапағат күтеді емес пе?
Үміт артқаны сол, қарлығашқа әр кіріп-шыққан сайын жанарымен аялай қарап, шығарып салып, құжырасына қонақтаған құс балапандарының қылтиған мойнына көзі түскенде көңілі елжіреп, Құдыреттің құзырындағы өзінің нақ осындай жағдайын көз алдына елестетіп, үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе жатқан өз балапандарының тағдыры үшін Тәңірге мінажатын молайта түсер еді. Жаратқан Ие мені де жақсылығынан тыс қалдырмайды деп үміт артар және оған сенімі қандай зор! Міне, тіршілікте қарапайым ғана қарлығаштың ұясында сіздің жүрегіңізге осындай Алатаудай сенім ұялатар құдыреттің тылсым сыры тұнып тұр. Тіршілік иелері бір-біріне қалтқысыз қорған болу арқылы Жаратушының разылығына қауышады.
Кезінде аділ төрелігімен билердің төбе биі болған Төле би бір жылдары жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалап ел үдере көшіп, қоныс аударғанда шаңырағын жықпай, жұртта қалып қойыпты. Жоңғар қоңтайшысы жауап алуға келгенде: «Шаңырағыма ұя салған қарлығаштың ұясын бұзғым келмеді. Сенің де баспанаңды ойрандап, балапандарың шырылдап қалса қандай болар едің? депті. Мына кісінің тегін емесіне дұшпан да болса бас иіп, жау жасағынан аман қалыпты. Содан бастап оны жұрт «Қарлығаш би» деп атаған екен.
Қарлығаш ұя салған үй. Онда қазақтың шынайы өмір тұрмысы, бітім-бейнесі сақталған. Ұлтымыздың салт-дәстүрінің, наным-сенімінің, болмыс-бітімінің ұясындай болған, ұлттың рухының шырқын бұзбай сақтаған қасиетті шаңырақ та сол.
Ал қарлығаш ұя салмаған тұрғын жайларда мұның көбі жоқ. Биік қорғанмен қоршалып, тарс жабық тұрар есігінен қарлығаш сығаламақ түгілі бір қарыннан шыққан бауырлардың өзі байқап-байқап бас сұғатын болған. Ал бір-бірімен бой таластырып, дәулет жарыстырып, бәсекеге түскен көрші-қолаң арқа-жарқа араласудан қалып барады.
Қарлығаш адамға жақсылық тілейді. Сондықтан қарлығаш ұя салған үйдің босағасына тыныштық орнап, қуаныш ұялайды. Адам болып жаратылғандағы артықшылығымыз, айнала тіршілікке жақсылық жасауға келгенде қолымыз ұзын, құлашымыз кең. Қадам сайын – сынаққа кездесудеміз. Уәделі күн жеткенде соның барлығының есебі алынады. Кім мәмілеге берік, сол қайырға қауышады.
Қарлығаш – жыл құсы. Қыстыгүні жылы жаққа ұшып кетеді. Келер жылы байырғы мекеніне қайтып оралып, өзі ұя салған үйді айнала ұшып жүрері қызық. Бұл да болса оның адалдығының, ақылдылығының көрінісі. Сондықтан да қазақ оны қасиетті, киелі құс санайды. Тіпті жаңа туған қыз балаларына «Қарлығаш» деп ат қойғанда осы құс сынды ақ ниетті болсын, еңбекқор болсын дегенді ырымдаса керек. Қарлығаш әлдекімнің түсіне енсе ол бақытқа кенеледі деген наным бар. Қарлығаш кеп ұя салған үйде сәби жиі іңгәлап, көп бала дүниеге келеді деп сенген.
Қарлығашты ақын да жырға қосқан. Басқасын айтпай-ақ қояйық, Мұқағали:
«Қарлығашым, қарлығашым,
Табиғаттың еркесі.
Қарлығашым, жан сырласым,
Асық болған жер төсі.
Шырқа биік, шырқа биік,
Ақ ниетті адал дос.
Қалықтаған, шарықтаған
Әуеніңді маған қос.» – деп тебіренген.
Ал енді сіз Қарлығаш туралы ертегіні білесіз бе?
... Ерте, ерте ертеде... аты әлемге машһүр хан болыпты. Ханның жасы жетпіске келгенде әйелі ұл тауып, дүниені дүркіретіп той жасапты. Той өте сала жас сәбиі кенет сырқаттанып қалады. Хан барлық балгер, тәуіпті жинапты. Ешқайсысы да баланы жаза алмапты. Қаһарына мінген хан «Сенің салақтығыңнан ауырды» деп күтуші кейуанаға кәрін төгіпті. Кемпір байғұс зар илеп, жылап, ескі лашығына ұя салған қарлығашқа мұңын шағады:
– Уа, адамзаттың досы, қасиетті қарлығаш, мені құтқара аласың ба?
– Шиқ-шиқ, құтқарамын, әже. Алабас, Қарабас деген екі тау бар. Одан өткен соң, Ажал атты көл жатыр. Сол көлдің аржағында Өмір атты ұланғайыр жерде Жүрек деген гүл өседі. Баланың емі - сол гүлдің ұнтағы. Мен ертең жолға шығамын.
– Адамдарға рахымы күшті қарлығаш... Мен сенің жолыңды күтемін.
Қарлығаш небір қиямет-қайымды бастан кешіп, айтқан мекенге жетеді. Гүлдің ұнтағын таңдайына басып алып, қайтадан кері ұшады. Тағы да Ажалдың үстінен алты күн ұшады. Жолда күзетуші диюлардың үстінен өткенде қарсы келгеннің көзін шұқиды. Алабастың басынан бұлт арасына жасырынып өтеді. Арада екі ай өткенде Қарлығаш елге оралады. Келсе кемпірді зынданға тастапты. Қарлығаш бала жатқан бөлмеге елеусіз кіріп, гүлінің ұнтағын сырқаттың ерніне тигізуі мұң екен, сәби көзін ашып, күлімсірей бастайды.
Хан баласының жазылу құрметіне той жасайды. Жазылу себебін біле алмай қайран қап отырғанда қарлығаш хан жанына ұшып келіпті.
– Шиқ-шиқ, патша ағзам, балаңызды жазған менмін, - депті. Хан:
– Ендеше, баламның атын Қарлығаш қояйын, тағы қандай тілегің бар? - депті.
–Зынданда күтуші кемпірді босатыңыз. Мен сол кісінің көз жасымен жолға шыққанмын, - дейді.
– Тілегің орындалады, қасиетті Қарлығаш.
Хан бұйрығы бойынша күтуші кемпір зынданнан шығады. Арада талай жыл өтеді. Әке орнына таққа отырған бала елінен қарлығаштарға арнап арнайы ұялар жасатыпты. Ел-жұрты оны «Қарлығаш хан» деп атайды екен. Сол елді күллі Қарлығаш әлі күнге дейін қоныстайды екен.
Түйсіне білгенге, тереңінде таудай тәрбие тұнып тұрған тәмсіл бұл. Мұны Тынымбайдың кішкентай кейіпкері Шорман әжесінің аузынан тыңдап өсті.Әкесі тастап кеткен соң көп ұзамай анасы да біреудің етегінен ұстаған. Шорман әжесінің қолында қала берді. Оқу жақындаған тұста әжей баласын туыстары боп келетін Қиянбектің қолына береді. Өзі ауырыңқырап жүрген соң алдын алған екен. Көп ұзамай көз жұмды. Шорман оны білмейді. Сағынып, қайтатын күнге асық. Анасы Айбаршаны да ойлайды. Қиянбектің үйіне қарлығаш ұя салыпты. Баланың бар ермегі сол. Бірақ, жалғыз-ақ күнде Шорманның көңіліне қайғы кірді. Қиянбек ескі үйді бұзып, жаңа үй салмақ. Қарлығаштың ұясы ше? Ауызғы бөлмедегі тіреу ағашқа өрмелеп шығып, ұяны абайлап көйлегіне салып, қораға келді. Кенередегі бір қуысқа әкеліп, ұяны орнатты.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін қарлығаштың ауызғы бөлмеге ұшып келгенін көрді. Олай-былай пырылдай ұшып, көпке дейін шиқылдаумен болды. Шорман оны көзінен таса еткен жоқ. Қораға жол бастап, жүгіріп көріп еді, ол оның соңынан ермеді.
Ертеңіне қарлығаш тағы келді. Ышқына кеп шиқылдады. Шоқиып өренің үстіне қонақтап отырды. Содан кейін қарлығаш қайта оралған жоқ. Шорман балапанға нан үгіндісін шашып, су қойып жүрді. Балапан ұясынан ұшып түсіп, қайта барып қонатын жағдайға жеткен.
Бір күні таңертеңгілікте шай ішіп отырған ерлі-зайыптың әңгімесі өзі туралы екенін аңдап құлағын түріп жатты. Шорманның әжесі өмірден қайтыпты ғой. «Өштай апам өлген күні...» деп бір жайттарды есіне алып отыр екеуі.
– Өтірік, әжем өлген жоқ... Өлмейді.
– Шырағым, Шорман, біз басқа біреуді... Шорман одан әрі тыңдаған жоқ. Көзінен жас парлап, ағыл-тегіл жылап келеді. «Үйге барамын, Әже, мен сені көргім келеді.»
Шорман кешке дейін үйге кірмей жүрді. Құстың ұясына су әкеліп қойды. Бар мұңын балапанға ақтарып отыр «Мен де жалғыз қалдым. Әжем енді жоқ». Шорманның көңілінде әжесінің ертегісіндегі адамдармен тілдесетін қарлығаш тұрды.
Арада бірнеше күн өтті. Бірде ұяға су әкеле жатып, төбесінен қалықтап ұшқан балапанды таныды. Балапан ауыл сыртындағы қырқаға қарай ұшты. Бұл да далбақтап жүгіре жөнелді. Қарлығашқа ілесіп ол жүгіре берді. Үйден де ұзап кетті. Оның екі көзі көкте. Тас-төбесінде ұшып бара жатқан қарлығаштың балапанында .
«Сен менің әжемді тірілтетін дәрі әкелуге барасың ба? Сөйтші. Әжем болмаса қайда барамын? Сен маған ренжіген жоқсың ба? Ренжіме! Мен сені құтқардым ғой».
... Ол енді қарлығаштың ұшқан ұясына қайтып оралуын күтті.»
Кішкентай жаратылысты серік тұтып, жүрегінің жылуына бөлеп жетілдірген жасөспірім ертең ержеткенде өзі өскен елдің қорғанына жарап,өз отанын көзінің қарашығындай сақтайтын азамат болып қалыптасатынына шәк келтірмей-ақ қойыңыз. Ертеңімізді осындай елжандылыққа баулудың қадір-қасиеті құйтақандай құсқа деген аяугершілектен басталып алатаудай махаббатқа ұласары қандай ғажап. Олай болса, өгей өмір, өзгеше дағды салтанат құрған қарашаңырағыңызда қарлығашқа орын жоқ болса да есік алдындағы қазан-ошақ, қора жайыңыздың есігін айқара ашып қойып оның бір бұрышынан суішкілігі түгесілмеген тіршілік иелеріне тиесілі тоқымдай жерге тарлық жасамайықшы, ағайын.
Баян ҮСЕЙІНОВА.

07 тамыз 2018 ж. 4 920 0

Ұқсас жаңалықтар: