№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Титанның «тілін» тапқан Абдуали Баешов

Титанның «тілін» тапқан Абдуали Баешов

1959 жылы ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің оңтүстік Қазақстанға арнайы сапарға шыққаны белгілі. Жазушының осы сапары шығармашылық тұрғыда барынша жемісті болғаны да белгілі. «Өскен өркен» романын айтпағанның өзінде жазушының осы сапарында дүниеге келген қанатты сөздер ел арасында осы күнге дейін айтылады. «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме, Шәуілдірге барсаң үндеме» деген сөздерімен қатар сол кезде одақтық деңгейде маңызға ие болған Кентау қаласына қатысты айтқан «Қаратау тәжі - Кентау» деген сөзі елдің есінде. Кентауда айтылған ұлы жазушының осы сөздері мектеп оқушысы Абдуали Баешовті өзі өскен қала туралы мақтаныш сезімдерге бөлеп, туған жердің абыройын арттыратын арман-қиялдарын қанаттандырған болатын. Әйтсе де, ол кезде Одаққа танымал ғалым, өнертапқыш, химия ғылымдарының жетекші маманы болып, өзі қанаты қатайған қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филиалын құрған еңбектеріне сай «Қаратау тәжі – Кентау болса, Кентау тәжінің гаухары – академик Абдуали Баешов» деген бағаны естимін деп ойлаған да жоқ еді...
Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты

ҚР ҰҒА академигі, елдегі электорхимия саласының жетекші маманы Абдуали Баешов ғалымның кемел жасы – жетпіс беске қадам басып отыр. Кемел жасқа келгенде ғалымның басына «мені айт» деп ентелеп тұратын кемел ойлар келеді екен. Сондай ойларды жүйелеп, «Елу жыл білім мен ғылым жолында» (Алматы: Үш қиян. 2020 жыл) атты естелік кітабының бірінші жартысын жазып бітірді. «Ғылыми жұмыстарыңды ғылыми-көпшілікті түрде жазып, халыққа, әсіресе жастарға түсін­діре жазу, әрбір ғалымның алдында тұрған негізгі мақсаттарының бірі болуы керек» деген ұстаз өсиетін басшылыққа алып, «Электрохимия» деп аталатын күрделі мамандықтың қыр-сырын түсі­нікті тілмен маман емес оқырманға да қолжетімді етіп, ғылыми-көпшілік стильде дайындалған кітаптың танымдық және тағлымдық маңызы ерекше. Осы орайда бұрын шағын тиражбен жарық көрген кітабымен танысқан дәрігер-терапевт Ғани Смаханұлы «мына кітабыңыздың көпшілікке, әсіресе, жастарға тәрбиелік өнегесі және пайдасы мол болады деп ойлаймын. Осы еңбегіңіздің 3000 дана етіп шығарып берейін» – деп Атымтай жомарттың пейілін танытқан меценатқа алғысы шексіз.
Абекең «ұстазым Е.А.Букетов жиі айтып отыратын: ғалымдар туралы, олардың жұмысы, іс-әрекеттері өмірі туралы кітаптар жазылуы тиіс. Саған берер тапсырмаларымның бірі – осы бағытта да жұмыс істеуді ұмытпа» дегендігін еске алып отырады. Ұстазы және өзімен қатар жүрген ғалымдар туралы алғашқы ғылыми-көпшілік кітабын жазып бітірді. Осы кітаптың жалғасы жазылу үстінде. «Ұстазым Шоқан Уалиханов, Абай, Мұхтар Әуезов, Сатпаев және т.б. ғалымдар туралы жазып кеткен. Менің да қазақ ғылымының мақтанышына айналған әріптес ғалымдар туралы жастарға айтарым жеткілікті» дейді ғалым.
«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз бар. Рас. Шәкірттің маман, ғалым болып қалыптасуы үшін ұстаздың шығармашылық, азаматтық өнегесінің маңыз зор. Ұстаз таңдауда Абдуали ағаның бағы бес елі екен. Абдуалидің ұстазы – академик Ебней Букетов болатын! Ұстазға деген ыстық ықыласы мен ізгі тілектерін әдемі естеліктермен әдіптеп, тұтас бір кітап арнаған екен. Бұл – ұстаз алдындағы өтелген шәкірттік парыздың бір парасы ғана. Ал ғылым саласында ұзтаздың идеялары мен болжамдарын ғылыми негіздеп, тәжірибе жүзінде дәлелдеп, өндіріске енгізгендігі ең басты парыз болатын. Әр ұстаз Әбдуали – ғалымдай шәкірті болуын армандайтындай-ақ!
Абдуали аға ұстазы Евней Букетовтың ақыл-кеңесіне ден қойып, бойына сіңіріп өсті. Ғалымның шәкіртіне айтқан мына бір тағлымының мәні әзіргі кезде де мәнін жойған жоқ. Аспирант кезінде Баешов өз қатарларымен бірге шетелде тағлымдамадан өтіп келуге сұранады. Сонда Букетовтың айтқаны «сен Қазақстанның ғалымысың, сол себепті осы жерде өс, осы жерде дамы және осы жердің проблемаларын өзің жоғары дәрежеде шеше біл. Бұл өте қиын, бірақ осындай ғалымдардың ғана болашағы болады. Сен қарапайым бола берме, біліміңе сай, ғылыми жеткен табыстарыңа сай батыл бол, ешкімнен жасқанба!» болған екен. Осы сөздерді құп алған Баешов шұғыл іске кіріседі. Мәскеуде дүние жүзі ғалымдары мойындаған академик А.Фрумкиннің, Л.Некрасовтың лабора­торияларындағы қондырғыларды Қарағандының жағдайында құрастыру мүмкін болмағандықтан жас аспирант электрохимиялық реакция жүргізетін баламалы қондырғы жасап шығарады. Ұстазы бұл нәтижеге «москвалықтар жасаған қондырғыдан жүз есе қарапайым» деп баға берген екен.
Абекең де ұстазы Евней Арыстанұлы сияқты әмбебаптық қасиеттерімен танымал. Ұстазы әдебиет саласында аударма, әдеби сын мақалалармен бірге «Атан қомында туған адам» атты кітап жазғаны белгілі. Ал Абекең көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнаумен қатар өзінің көңіл-күйі мен ой-толғаныстарын ән мен күйге айналдыратын композиторлығымен танылды. 1996 жылы «Яссауи толғауы» атты күйлер жинағы Алматыда жарық көрді. Жинаққа «Яссауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз» және де басқа күйлері, «Гүл ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір-өлең», «Түркістан жастарының вальсі» және тағы басқа әндері енген.
Италиялық тарихшы, философ Бенедетто Кроченің ұстаз бен шәкірт арақатынасына қатысты айтқан мынадай қанатты сөзі бар: «біз титандардың иығында тұрған ергежейлілерміз». Шәкірт кезінде алыптардың иығында тұрған Әбдуали Баешов те бүгінде титанның «тілін тауып» өзі де қазақ ғылымының титанына айналып кеткендей.

Титанның «тілін тапқан» Абдуали Баешов

Менделеевтің периодтық жүйесінде «Титан» деп аталатын элемент бар. Оны алғаш рет ағылшындық әуесқой-минеролог У.Грегор ашқан (1790), ал таза күйіндегі титанды нидерландық зерттеушілер А. ван Аркел мен де Бур алды (1925). Бағалы металл табиғатта таза күйінде емес, тек оксидтер түрінде кезедеседі екен. Кейінірек, көптеген зерттеушілер металл титан өндіре алды. 1947 жылы алғашқы 45 кг коммерциялық таза титан шығарылды. Оның өндірістік құны өте жоғары болғанымен физикалық қасиеттері темірден, алюминийден, магнийден жоғары болғандықтан, оны өндіру қарқынмен жүзеге асырыла бастайды. 1951 жылы, яғни үш жыл өткен соң, титан сығындысы өндірісі шамамен 300 есеге артып, жылына 700 тоннаға жетті.
Титан – табиғи апаттар мен стихияны бейнелейтін құдай, Уран (аспан) мен Гейдің (жер) алты ұл, алты қызын және олардан тараған ұрпақтарды титандар деп атаған. Олардың қуаты дүлей күш, ақыл-парасаттан ада болғандықтан да басқа құдайлардың кеңесіне құлақ аспайды. Архаикалық кейіпкерлердің осындай қасиеттері оған аты берілген металлға да тән болып келеді. Міне, осындай табиғаты тылсым, «ақыл-ойға бағына бермейтін» металлдың тілін табу үшін бейнелеп айтқанда титандық күш-қуат керек еді. Ондай күш-қуат қарапайым ғана ауыл баласы Абдуали Баешовтың бойынан табылды.
Абдуали Баешов титанның және оның қосылыстарының электрохимиялық қасиеттерін зерттеу жұмыстарын 1970 жылдары бастаған еді. Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында инженер, аспирант, аға инженер, кіші, аға, онан соң жетекші ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі қызметтерінде жүріп электрхимияның сан-саласында зерттеулер жүргізген ғалымды ұстазы академик Е.А. Букетов бірде (1970 жылы) өзіне шақырып алып: «Саған мыстың, титанның және олардың қосылыстарының электрхимиялық қасиетін жан-жақты зерттеуді тапсырамын» дейді.
Ғалымның титан қосылыстарының химиялық қасиеті туралы алғашқы мақаласы 1971 жылы жарық көрген, сол жылы титан негізінде сорбент алу әдісіне патент алып, оны 1974 жылы өндіріске ендірген. Қазірге дейін оның жарыққа шыққан 1,5 мыңға жуық ғылыми еңбектерінің (оның ішінде 200-ден аса патенттер, 30-дан аса ғылыми монографиялар) 15%-тен астамы тікелей титанды зерттеуге арналғандығының өзі А.Баешовтың осы бағытта атқарған жұмыстарының аса ауқымды екендігін танытады. Титан – табиғатта кездесетін физикалық қасиеттері аса күрделі металдардың бірі. Оның қаттылығымен қоса балқу температурасы да өте жоғары – 1670оС, ал қайнау температурасы – 3400оС-тан жоғары болып келеді. Бұндай қасиеттері титан өнеркәсіптік жолмен алудың өзіндік құнын шарықтатып жібереді. Соған қарамастан коррозияға шыдамдылығы, тағы басқа да қасиеттеріне сай титан ғарыштық технологиялар,авияция техникалары,суүсті және сүңгуір кемелер жасаумен бірге басқа күрделі технологиялы өндірістерде кеңінен қолданылып келеді.Тіпті, медицина саласына да дендеп еніп кетті. Демек, титан металын өндіру мен өңдеудің мемлекет үшін стратегиялық маңызы қай қоғамда да төмендеген емес. Титанды өндіру мен өңдеудің технологиясымен арнайы айналысқан ғалымдар аз емес. Осы тақырыпта жазылған зерттеулер де қомақты. Әйтсе де бағалы металлдың сулы ортада еруі шешімін таба алмаған екен. Химик және металлург ғалымдар теориялық және өндірістік тәжірибелерге сүйеніп, «титан сулы ерітінділерде ерімейді» деген үзілді-кесілді тұжырымға келген. «Шынында да солай еді. Ең қызығы, химия ғылымының іргелі термодинамикалық заңдылықтарына сәйкес, титан сулы ерітінділерде өте оңай еріп кетуі керек, себебі оның потенциалдары – өте теріс мәнге ие («минус» 1,63 В). Демек, оның табиғатта көрсетіп жүрген қасиеті ғылыми тұрғыдан термодинамикалық заңдылықтарға сәйкес емес» дейді академик Баешов. Ғылыми интуицияның жетекшісі күдік пен күмән десек, Абдуали аға әлем ғалымдары бірауыздан мойындап қойған ақиқаттың өзіне күмәнмен қарай алды. Бұл оның туа бітті қасиеті десек те болады. Мойындалған тұжырымның өзіне осылайша күмәнмен қарау арқылы тығырыққа тірелген мәселенің шешімін табуға деген құлшыныс ғалымның кәсіби дағдысына айналып, біліктілігіне ұласқанын аңғарамыз.Ұлы ғалымға шәкірт болған А. Баешов өзі де ұстаз болып, шәкірттерімен бірге жан-жақты іргелі ғылыми зерттеулер нәтижесінде «ерімейтін» титанды бөлме температурасында өздігінен ери ала­тын күйге жеткізуге болатындығын әлемде алғаш рет болып көрсетті, бұл ерекше жаңалық ашылым дипломымен мойындалды.
«Қалауын тапса қар жанар» атты мақаласында А.Баешов «1960 жылдарға дейін Балқаштың тау-кен комбинаты әлемдегі ең таза мысты өндіргендігін, кен орнының ерекшелігіне байланысты электролит құрамындағы қажетсіз мышьяк, сурьма деген элементтер мөлшерінің көбейіп кетуіне байланысты Чилиде өндірілетін мыс тазалығы алға озып шыққан. Титан қосылысы арқылы бұл зиянды қоспалардан арылуға болатынын көрсетті. Осы зерттеулер нәтижелері 1975 жылдары өндіріске ендіріліп, үлкен экономикалық пайда келтіргендігін айтады. Міне енді титан қалдықтарынан қажетті титан қосылыстарын алудың проблемасы шешілді. Бұл алдағы үлкен істің бастауы біртіндеп өндіріс проблемалары шешімін табады.
1978 жылдары техника ғылымдарының докторы, профессор Марк Залманович Угорец: «Абдуали, сен табиғаттың әдейілеп жаратқан ең қатты, ең мықты және ерімейтін металы – титанды фундаментальды зерттеулер негізінде тас-талқанын шығарып, қант сияқты еріту амалдарын таптың, бұл сенің адал теріңді төгіп, тапқыр тәжірибелер нәтижесінде жеткен жемістеріңнің бірі, сондықтан да мен сені «ғылыммен шұғылдансын» деп құдайдың әдейілеп жаратқан адам­дарының бірі деп есептеймін» деген сөзінің де жаны бар.
Соңына ерген шәкірттеріне «Барлық қазба байлықтарды игеріп жәнеоны өңдеп, одан халыққа қажетті заттарды алуда ғылымның және ғалымдардың орны өте зор. Қасиеті ерекше өте қажетті қосылыстарды алу, олардың қазіргі заманғы ұтымды техологияларын жасау тек ғалымдардың ғана құзырындағы нәрсе» дейді Баешов.Оның ғылыми жетекшілігімен 40-тан астам шәкірттері докторлық, кандидаттық және PhD диссертацияларын қорғады. Елу жыл қарқынды ғылыми-педагогикалық қызмет атқарған ғылым корифейініңбұдан да көп шәкірт дайындауға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, бұл мәселеге де Абдуали аға аса бір ұстамдылықпен қарап, ары мен қолы қолы таза, ғылымға адал ізбасарларды ғана қамқорлығына алып, соңына ертті. Бұл әрекет қазақ электрохимия мектебінің игі дәстүрлеріне адалдықтан туған ниет еді.

«Ғылым таппай мақтанба»

Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Орынсыз босқа күлуге» деген өлең жолдары бүгінгі ұрпаққа арналғандай. Тәуелсіздікті тұғырлап, оның жетістіктерін әлемдік қауымдастыққа таныту үшін бізге көп нәрсе керек десек те, сол керектердің арасындағы ең бастысы ғылым саласындағы жетістіктер екен. ХХІ ғасырды ғылым мен білім ғасыры дегенде ойымызға алдымен оралатыны еліміздің ғылымының бүгінгі жай-күйі мен жетістігі екендігі даусыз.
Еліміздің спорт пен өнердегі әлемдік деңгейдегі жетістіктері үнемі жарнамаланып жатады. Дұрыс та болар. Ғалым ұстазы Е.Букетовтың «...әртістермен спортшылардыбүкіл еліміздің адамдары таниды.Ал адамзаттың бүкіл өмірінің сапасын, мағынасын өзгертуге мүмкіншілік тудырған, күндіз-түні еңбек етіп жүрген ғалымдардың өзің көпшілік адамдар білмейді, бұл өте өкінішті... ғалымдар нәзік жанды адамдар, олардың еңбегін халықтың бағалауы оларға күш-жігер береді» деп қырық жыл бұрын айтқан осы сөздерін үнемі қайталап отырады.
Академик А.Жарменов 1980 жылдары «Баешов электролиз әдісімен суға батпайтынөте майда мыс ұнтағын алған алғашқы адам» деп баға берген екен. Іштен жану двигательдерінің жұмыс істеу мерзімін 4-5 есе ұзартуға және жанар-жағар май шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік берген бұл ашылымға Кеңес Одағы Мемлекеттік патент комитетінің шешімімен арнайы патент алынған. Мыс ұнтақтарын өндіруге қатысты 14-15 осындай патент алынғандығын ескерер болсақ, онда ғалымның еліміздің өнеркәсібінің дамуына қаншалықты үлес қосқандығын аңғаруға болады. Сол сияқты, ғалымның жаңалықтарына Кеңес Одағы мен Қазақстан Республикасының ғана емесалыс шетелдердің де патенттері (АҚШ, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Австралия, Голландия, Венгрия және т.б.) берілген.
Ұлттық зияткершілік меншік инсти­тутының шешімімен екі патентіне «Энергияны түрлендіретін Баешов қон­дырғысы» және «Энергия тасы­малдайтын Баешов қондырғысы» деп ат қойылды. Академиктің әлем ғалымдары мойындаған жаңалықтарының арасынан «Фосфор шламындағы фосфорды анық­таудың Букетов-Баешов әдісі» (1983 ж) және «Ультрадисперсті мыс ұнтағын алудың Баешов-Журинов әдісі» (1987 ж) деп патенттелген ашылымдарды атасақ болады.Бұл ашылымдарға КеңесОдағының Өнертабыс және жаңалықтар жөніндегі мемлекеттік комитетінің шешімімен пио­нерлік және өте тапқыр шешім ретінде автордың есімі берілген.Осы орайда академик Е.Букетов пен А.Баешовтың ғылыми жаңалығын өте жоғары бағалаған АҚШ ғалымдары 1990 жылдары аспанда жаңадан табылған жұлдызға «Букетов – Баешов жұлдызы» деп ат бергендігін де еске сала кетсек болады. Аспандағы жұлдызға аты берілген қазақтардың саусақпен санарлық емес пе?
Ғалым ағамызға 1993 жылы профессор атағы берілді, одан кейінгі жылдары Жаратылыстану ғылымдары, Қолданбалы экология халықаралық ақпараттандыру академияларының, Қазақ Ұлттық Ғғылым Академиясының мүшесі болып сайланды. «Құрмет»орденімен, «Қазақстан Республи­касының ғылымын дамытқаны үшін» медалімен марапатталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Кешенді химиялық лабораториясы» оны өз қолымен құрған А.Баешовтың есімімен аталады. Ғылым жолындағы еңбегімен Е.Букетов атындағы сыйлықтың және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды. Осы орайда айта кетерлік бір қызық дерек, ғылымда жарқын іс қалдырған ерлі-зайыпты Кюрилер отбасы сияқты Абдуали ағаның жары Ажар Қоспанқызы Баешова да техника ғылымдарының докторы, профессор. Ол отағасымен ғылым саласында бірлесе жұмыс істеп, көптеген ғылыми ашылымдарға қол жеткізді. Ғылымның бір саласында елу жылдай тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған ері-зайыпты ғалымдардың өнегесі бүгінгі жас ғалымдарға үлгі боларлық-ақ.
Абдуали Баешовке шетелдік ғылы­ми жұртшылық та лайықты құрмет көрсетіп келеді. 2012 жылы Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) Сократ атындағы Номинациялық комитетінің шешімімен А.Баешов «Ғылымдағы белгілі есім» («The Name in Science») атты құрметті марапатқа және «Әлем ғылымына қосқан үлесі үшін» деген белгі мен дипломға ие болды. Сонымен қатар Әбекеңнің есімі аса көрнекті ғалымдардың Дүниежүзілік реестріне енгізілді. Осы жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген Өнертапқышы» атағын алды. 2019 жылы Нобель сыйлығының Лауреаты, орыс физигі Петр Капица медалімен марапатталды.

Өнертапқыштық – қиялды шындыққа айналдыру

Әбдуәлі ағаның химик мамандығын таңдауының да терең сыры бар. Әкесі әліпті таяқ деп білмейтін сауаты болмаса да қиыннан жол тапқыш, кез-келген затты ұқсата алатын ісмер болған. Тұрмысқа қажетті сабын қайнату, желім дайындау, әк күйдіру, түрлі бояулар әзірлеудің сырын біледі екен. Тіпті, әртүрлі тәсілдермен мектепте пайдаланатын бордың өзін әулеттің балаларына дайындап беретін. Бұл әрине, табиғатпен біте қайнап өскен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесінің жалғасы болар.
Ұстазы Е.А.Букетов айтқандай Абдуали Баешовте «ғылымға қажетті еңбекқорлық та, интуиция да бар және ерекше ойлау қабілеті, фантазерлік көзқарас та бар». Абекең өзінің шаршамай-талмай еңбек етуінің нәтижесінде көптеген ғылыми нәтижелерге жетті. Олардың негізгілеріне тоқталар болсақ; ол электрохимияның жаңа ғылыми бағыты болып орын алып келе жатқан –айнымалы ток электрохимиясы саласын дамыту бойынша әлемдегі белді ғалымдардың бірі. Жиілігі 50 Гц-ке тең өндірістік айнымалы токты қолдану арқылы көптеген химиялық реакцияларды, тіпті жүруі мүмкін емес деп есептеліп келген процестерді іске асырған адам. Ол өндірістік айнымалы токтың анодтық және катодтық жартылай периодтарында тотығу және тотықсыздану реакцияларын жүргізуге болатындығын көрсеткен алғашқы ғалымдардың бірі. Айнымалы токпен электрохимиялық процестерді іске асыру тұрақты токпен салыстырғанда арзан және де басқа ұтымды жерлері көп.
Өте майда наноразмерлі металл ұнтақтарыналу бағытында көптеген ғылыми ғылыми нәтижелер алды. Өте майда мыс ұнтақтарын алудың үш жаңа механизмін ұсынды. Ол ұсынған механизмдер негізінде катод және анод аумағында, одан басқа электродтар аралығында наноразмерлі мыс ұнтақтарын алуға болатындығын әлемде алғаш болып көрсетті. Осы ғылыми жаңалықтар негізінде жасалған әдістер көптеген патенттермен қорғалды. Наноразмерлі металл ұнтақтарына бүгінгі күні сұраныс арта түскенін айта кетсек, ғалымның бұл жаңалықтары да аса құнды болып табылады.
Бүгінгі күні қолданылып жүрген аккумулятордан сыйымдылығы 10 еседен жоғары болатын химиялық ток көздерін жасау бағытында да ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл әдістің жаңалығы халықаралық патенпен қорғалды.
Таусылмайтын электр энергиясын алу бағытында да біршама ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Олардың бір-екеуіне ғана тоқталар болсақ: күннің сәулесінен емес жылу энергиясынан электрохимиялық әдіспен электр тогын алу мүмкіншіліктері көрсетілді.
Көп қабатты үйлердің баспал­дақтарымен адамдардың көтерілу, түсуі кезіндегі энергиясын пайдаланып та өте көп мөлшерде электр тогын алуға болатындығы анықталды. Жай кәдімгі айналарды қолдану арқылы күн фотоэлементтерінің қуатын 50%-тен астам мөлшерде көбейтуге болатындығы дәлелдеді.
Ал кейінгі бүкіл адамзатқа қажетті ғылыми шешімдерінің бірі – ол көмір шахталарында қопарылысты болдырмау. Қопарылыс кезінде көптеген адам шығына болатыны мәлім. Сонымен қатар қанша қондырғылар, ғимараттар қирайды. Ал Абекең ұсынған қондырғы шахталарға орнатылса, осындай қопарылыстарға жол берілмес еді.
Жоғарыда айтылған тәсілдердің жаңа­­лығы патенттермен қорғалған. Бұл ай­тылғандардан басқа осы сияқты ондаған өнертапқыштық идеялардың теориялық ұтымды шешімдерін жасаған. Осы орайда академик ағамыз «табиғатта шешімі табылмайтын құбылыс жоқ. Қиын түйінді жасаған табиғат оның шешімін де бірге жасаған. Тек соны көре білетін сана көзі керек» дегенді үнемі айта жүреді. Рас па? Рас!..

Хазіретәлі ТҰРСЫН,
тарих ғылымдарының докторы


04 тамыз 2021 ж. 1 030 0