№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құм астындағы құмиянның құпиясы қашан ашылады?

Құм астындағы құмиянның құпиясы қашан ашылады?

Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемов ұлт руханияты мен мәдениетінің жанашыры ғой, "ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК!" атты жазбасында: "...археолог-ғалымдардың назарын Аққорған, Құмиян және Өзгент қалашығына аударғым келеді. Осыдан бес жыл бұрын Құмиян қалашығының 2-3 метр құрайтын қабырғарын көрген едім. Бүгінде сол қабырғалар құлап, таусыла бастапты. Сауран қаласының қабырғаларын бекітіп қойған тәсілді қолданып, Құмиянның қабырғаларын сақталуына көңіл бөлуіміз тиіс" деген еді.
Дәл осы әңгімені наурыз айында өлкетанушы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Набихан Шалапов ағамыз айтып, көзбен көруді ұсынған-ды. "Сабақты ине сәтімен" дегендей соның реті бүгін түсті. Бұл жолы екеуміз ғана емес, делегация болып жолға шықтық.
Топты аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов бастады. Құрамында Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ маманы Ғалымжан Садықов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Күзейбаев бар. Сондай-ақ, аудан әкімінің кеңесшісі Канибек Абдуов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев, өлкетанушы, тарихшы Алимжан Ержанов тарихи орынға бірге бардық. Жолнұсқаушы – Келінтөбе ауылдық округінің әкімі Жақсылық Әбілқайыров.
Жаңақорған ауданы – Қаратау тауы, Сырдария өзені мен Қызылқұм аймағы ретінде бөліп, қарастыруға болады. Осы Сырдария мен Қызылқұмның шекараласатын тұсында орналасқан қорғанды табиғи процесс салдарынан мүжіліп, үгітіліп, қорған төбелерге айнала бастапты.
5 жыл бұрын көргенімде 2-3 метер болатын тұтас қабырғалар құлап, оңтүстік-батыс бөлігі ғана қалыпты. Онда да қабырғалар әр жерде бір шошайып тұр. Тек екі мұнараның арасы сақталыпты.
– 10-12 жыл бұрын қорған қабырғаларының үстімен ат арба жүретінде кең болатын. Көре көзге құрып барады. 35 метр сайын қорғаныс мұнарасы бар. Сол мұнаралардан 6-7-і ғана қалды. Енді бірнеше жылда қабырғалар төбешікке айналады. Осыны сақтап қалу маңызды, – дейді Набихан Шалапов ағамыз.
Аймақты зерделеп қарағанда сол аймақта дарияның ескі арнасын көруге болады. Қорғанның солтүстік бөлігінде төбеге айналған орындар бар. Бәлкім, қалалық аймаққа жалғасқан тұсы ма? Қорғанның ішкі бөлігінде әр жерде шашылып жатқан жәдігерлердің (сол кезде тұтынған тұрмыстық заттар) сынығын табуға болады. Төбе-төбе болған топырақты қазып, тарихты сөйлетуге болатындай. Ой сан жаққа жүгірді. Бұған жауап алатын дерек көздері де көп емес.
Ақын Адырбек Сопбековтің "Жаңақорған" кітабынан мынандай мәліметтер таптық:
"Құмиян қаласы Келінтөбенің оңтүстік-батыс жағында 10 шақырым жерде, Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. 7-12 ғасырларда өмір сүрген. Құмиян тік төртбұрышты қамал қала, көлемі 210×180 метр, қала сыртындағы қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метр, дуалының ені шамамен 3-3,5 метр болады. Қаланың оңтүстік жағындағы екі бұрышындағы мұнараның құлаған орны 2,5 м төбе болып үйіліп жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы 35 метр болады. Қаланың қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртында айналдыра ені 8 метр, тереңдігі 1,5-2 метр ор болған. Құмиянның ортасында көлемі 45×45 метр цитаделі сақталған. Алайда екеуінің ішінде ешбір құрылыстың ізі байқалмайды. Дегенмен солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны байқалады. Соған қарағанда шаһристан ішінде құрылыс жүйелері болған деген ой тудырады. Қала үстінен теріп алынған қыш ыдыстардың ернеуінде жапсырылған жиектері, су тасуға арналған құмыралардың тұтқалары әсем жасалған. Ас ішуге қажетті ыдыстардың түптері дөңгелек. Олардың көпшілігінде ақ ангобанның үстінен көк, қоңыр сырмен өрнектер жүргізілген. Ыдыстардың сырлары Отырар қаласының он бірінші мәдени қабатынан алынған ыдыстарға ұқсас келеді".
Сонымен, тарихи орынға арнайы барған делагия мүшелері зерттеу және ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу арқылы кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге болатынын алға тартып, көне замандардан жеткен тарихи орынды сақтап қалуда бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Ұлы Дала елінің ортағылы болған Сығанақ даласына көз жүгіртсеңіз ұшан-теңіз тарихи өлкенің ашылмаған қыр-сырын көз алдына келеді. Сауран мен Сығанақ шаһарының арасын жалғаған қаншама керуен сарайлары мен қоныстар болды. Бірақ ол жайлы білетініміз аз.
Ал, құм даласына қорғанның қандай қажеттілігі болды? Қала ма, әлде әскери қорған ба? Бәлкім Ұлы Жібек жолының бір тармағы осы аралықтан өтті ме? Біз "Құмиян" деп жүрген қорғанның тарихи атауы басқа болар?! Көшпенділер өркениеті мен отырықшы жұрт – Мауренахр өлкесінің арасындағы шекаралық пункт болды ма? Бұл сұрақтарға жауапты зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін табатын шығармыз...
Ел аузында Құмиян қаласы жайлы аңыздар бар. Бірі –дарияның арнасы ауғаннан кейін ел-жұрт көшкенін дәйек етсе, енді бірі – ордалы жыландар қоныс тіршілігін тоқтатқанын айтады...

НұрлатБАЙГЕНЖЕ
22 шілде 2021 ж. 775 0