№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өнегелі отбасы – ұлт келешегі

Өнегелі отбасы – ұлт келешегі

Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Газетіміздің әр санында ауданымыздағы елге сыйлы отбасыларды жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған шаттығы тасыған шаңырақтың бірі – Дәулетбаевтар әулеті. Қарты бардың қазынасы бар деген аталы сөз текке айтылмаса керек-ті. Осындай жанның бірі көкірегі даңғыл, көңілі дария ақ жаулықты Орынкүл анамыз шаңырағының саялы бәйтерегі. Өмірден білген-түйгенін қолындағы жеті баласы мен жеті келініне, 23 немересі мен 15 шөбересіне  үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде.
Бұл отбасы – көпке үлгі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Орынкүл әжей, қолы қалт ете қалса немерелеріне өткен күндерден әдемі естеліктер айтып, тағылымы мол ғибратты әңгімелерден сыр шертеді. Келіндерінің басын қосып, дәмді ас әзірлеп, қызу жұмысқа кіріседі.
Сол себепті де аудандағы Дәулетбаевтар әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Осындай әулеттің берік қазығы, бауыр­ларының тірегі Бақыт аға мен Майра жеңге ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспетті.
– Әкем Тасубай адамгершілігі мен азаматтығы жарасқан, өте еңбекқор жан еді. Бірақ, тағдырдың сынағы болар әкеміз отыз жеті жасында өмірден өтті. Ортасына сыйлы, абыройлы, адал азамат болғанын көзін көргендер айтып отырады. «Әкенің жақсылығы балаға мың жылдық азық» дейді. Міне, әкеміздің жақсы қасиеттері бізге де дарып, оның салған дара жолымен жүріп келеміз. Әкенің өзі өлседе, көзін көргендер өлмейді екен. Себебі, әкеммен замандас, әріптес, таныс болған жандар тегімізді естіп, амандық-саулық сұрасып жатады.Жастайынан  ер азаматынан айырылған анам Орынкүл өте еңбекқор болды. Өмірдің қиындығы мен сынағына шыдамдылық танытып, ұрпағын саналы етіп тәрбиеледі. Бір өзі әкемнің артында қалған жеті перзентін аяқтандырып азамат етті. Біздің осындай дәрежеге жетуіміз анамыздың еңбегінің жемісі. Әкем де, анам да балаларына осы уақытқа дейін  қабағын шытып, ауыр сөз айтып көрмеген. Бәрін ақылмен шешіп түсіндіруді жөн санайды. Өз таңдауларына ерік берді. Содан болар бауырларымның барлығы да әр саланың үздігі, – деді үлкен ұлы Бақыт.
Отбасы – жеке құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Ынтымағы жарасқан бұл отбасында жеті келін еншілерін алып, бөлек шықса да тату-тәтті өмір сүріп, балалары жиі бір дастархан басында бас қосады. Жеті келіннің бірдей ілтипат жасап, көрсеткен қызметіне көңілің елжірейді.  
 Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. 
Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Жеті ұлы – Бақыт, Қалабай, Құрбанбай, Құраш, Тұраш, Тұрмахан, Нұрмаханнан өрген немере, шөберелері әр­дайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауызы дуалы ел анасының батасын алуды мұрат тұтады. Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.
Орынкүл әже балалары мен немерелерін де жастайынан еңбекке баулыған. Өз қолымен өсірген жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдерінің түбін қопсытып, арам шөбін жұлу – кішкентайлардың еншісінде. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер қара шаңыраққа жиналып, әжелеріне арнайы келеді. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толады. Немерелері мен шөберелері әжесімен ән айтып, тыңдаушылардың делебесін қоздырады. Ынтымағы жарасқан Дәулетбаевтар отбасының көрсетер өнегесі мол.
Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ! Туған-туыстары мен жолдастары арасында әр қазақтың санасына сәуле шашып, ой тастап, салт-дәстүрімізді, асыл дінімізді дәріптеп жүрген ақ жаулықта анаға қарап мақтан етеміз.
Ал, абысынды-ажынды Майра, Ботакөз, Бақтыгүл, Гүлмира, Марал, Гүлмира, Жанат бір-бірін қабақпен ұғысып, не тірлікке даяр тұрған пейілдерін айтсаңшы. Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылар қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз. Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын  көруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Міне, татулығымен тартымды болып отырған Дәулетбаевтар шаңырағының бүгінгі жай-күйі осындай. Барлық отбасы осындай сияқты болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Әсел РЗАЕВА
06 маусым 2021 ж. 1 224 0