№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өрелі ұрпақ – өнегелі отбасынан

Өрелі ұрпақ – өнегелі отбасынан


Өнегелі отбасы – қоғам тірегі. Ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған жанұялардың бірі – Әмірбековтер әулеті. Қарты бардың қазынасы бар. Осындай көкірегі даңғыл, көңілі дария қарияның бірі 70-тен асқан Дәрігүл Бағназарова ұттық құндылықтарды дәріптеп, елге сыйлылығымен ғұмыр кешуде. Білген-түйгенін қолындағы екі келініне үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде. Өнегелі әженің үйінен қонақ үзілмейді.


Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Дәрігүл әжей, қолы қалт ете қалса келіндері мен немерелерінің басын қосып, өткен күндерден сабақ болатындай әдемі әңгіме айтуды дәстүрге айналдырған.
Содан да болар бұл әулет елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Осындай әулеттің берік қазығы, қара шаңырақтың тұтқасы Нұржан Әмірбеков пен Гүлмира Сүлейменова ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспетті. Ауданда ең алғаш жеке балабақша ашып, ел арасында кәсіпкерлік бағытты дамытып келе жатыр. Берекелі отбасының ауласынан енгенімізден-ақ, Нұржан аға мен Гүлмира жеңгенің күлімдеген жүздеріне қарап, ерекше жылылықты байқадық.
Отбасының асқар таудай әкесі Әмірбеков Ақылхан кәсіпкерлікті дамытып, үлкен ұжымға үлгілі басшы бола білді. Әке тәлімі ұл-қызын өтірік айтпауға, адал болуға, кісінің ақысын жемеуге үндеді. Аналары Дәрігүл біраз жылдар есепші қызметін атқарған. Ақ жаулықты әже немерелерін де жастайынан еңбекке баулыған. Өз қолымен өсірген жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдерінің түбін қопсытып, арам шөбін жұлу – кішкентайлардың еншісінде. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер апасына келеді. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толады.
Осы тұста ападан отбасындағы келіндері туралы айтып беруін өтіндік. Екі келін түсірген өнегелі ененің әңгімесін естіп «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, артқы доңғалақтары да солай жүреді» деген мақал еріксіз еске түсті. Өйткені апамыз үлкен келіні Гүлмира түскенде «Айналайын, балам, сен осы шаңырақтың үлкен келінісің, сен бізді қалай қабылдап, сыйласаң, кейінгілер де солай болмақ» деген екен. Мұндайды естіген келіні де көргенді болса керек, күні бүгінге дейін ешқайсысы оқыс қылықтар танытқан емес. Апамызды анасындай сыйлап келеді.
Міне, жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Міне, осындай абыз ақсақал мен шежірелі әженің құтты шаңырағының түтінін түтетіп отырған Нұржан аға мен Гүлмира жеңге де ауыл-аймаққа сыйлы, көпшіліктің құрметіне бөленген жан екендеріне көзіміз жетті.
Екі ұлы Заңғарбек пен Мұхамеджан және қызы Ақерке әрдайым үйді толтырып қуантып-ақ келеді. Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы ұлағатты ұя, үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.
Ата-анасының үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ! Туған-туыстары мен жол­дастары арасында әр қазақтың сана­сына сәуле шашып, ой тастап, салт-дәстүрімізді, асыл дінімізді дәріптеп жүрген асқар таудай әкеге қарап мақтан етеміз.
Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылар қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз. Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз.

Әсел РЗАЕВА

13 мамыр 2021 ж. 1 244 0