№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Атаның батасы арқалы

Атаның батасы арқалы


Уақыттың үстемдігін қарашы, кеше ғана ел ағасы еді, бүгін абыз атаға айналды. Қайран өмір-ай, қызығы мен шыжығы мол жылдар естелігі естен шыға ма, одан есті әңгіме таратуға әбден болады. Социализм құрылысы үшін алдыңғы буын ағалар мемлекет мүддесін жекеден жоғары қоюдан артық бақытты сезінбеді. Жан аямай жасаған еңбектен жалпы қоғамға жалынды істер келді, адалдық ниет алға озды, мұның тәрбиелік мәні капитализмге үлкен соққы еді. Қазіргі заман көзімен күлкілі болар, бірақ біз осындай озық дәстүрге қанығып өстік, олардан көп үлгі алып өстік, соларға ұқсауға тырыстық.
Ол кездің адамдары да ерекше еді ғой. Жат пиғылға жаны қас,  жолдасқа деген пейілі ағыл-тегіл ақтарылып жататын. Бір үзім нанды бөліп жеуге бар, бір қасық ас болса аузыңа тосатын дархан көңіл иелері болатын. Нарық экономикасында ақшамен өлшенетін ақылдан, ол замандағы бір ауыз рахметтің құны анағұрлым артықтау көрінеді. Бәлкім, менің пікірім қазір қайшы шығар, дегенмен өткеннің өнегесі бойынша жаңылмаған секілдімін.
Иә, сондай ашық-жарқын, кеудесі алтын сандық адамның бірі – Жарқынбек Сопбеков десек, жаңылмаймыз. Кеңестік кезеңде Ташкент темір жол институтын, сонан кейін Алматы ауылшаруашылығы институтын, яғни қос жоғары оқу орнын бітірген санаулы кісінің бірі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақылман ата, абыз адам. Біз сәтін тауып, көкемізбен еркін отырып, өткен мен бүгіннің арасына ой жүгіртіп, әлеуетті әңгіме жасадық.
– Есіміңізге байланысты ерекшелік бар секілді. Оның қойылуы қалай болып еді?
– Шырағым, мен 1941 жылы мамыр айында туғанмын. Бұл есім үміттің шырағы шығар, күніміз жарқын болсын дейтін арман-тілектен туындаса керек. Онсызда жетісіп тұрмаған ауыр ахуалға соғыс қосылды. Әкем Байкенже соғыс басталған бойда майданға кетті. Мен бесіктегі баламын, дыммен шаруам жоқ. Әйтеуір шешем Рәзия Төменарықтың қызы, шыққан тегі Қайрақ болатын. Өте адуынды, сөзі өтімді,қолы қарулы жан еді, ештеңеден тарықтырмай өсірді ғой. Сөйтіп 1944 жылы әкем жараланып, елге келді. Ол жағы еміс-еміс есте, аман келгеніне қуанып, атала жегенбіз. Шүкір, менен кейін өмірге інім мен бес қыз келді. Шаңырағымыз кеңейіп, ел қатарлы өмір сүріп кеттік.
– Екі институт бітірдіңіз, қандай қызмет бұйырды?
– Жалпы, мен кітап оқығанға құмармын. Білімге құштар едім. Соның әсерімен оқу жағына бейім болдым. Ал, қызметке келсек, ауылдан ұзай қоймадым. Себебі үйдің үлкенімін, бауырларыма қарайладым. Қандөз, Өзгент және туған ауылым Ақжолда қырман мен гараж меңгерушісі болып, жұмыс істедік. Мен өміріме ризамын, мәселе қызметте емес, өмірдің ырзығын көру ғой,  ол жағынан баймын.
– Ешкім бірден егде тартпайды. Сіз де жас болдыңыз, жігіт болдыңыз. Қызды ауылдың итін үргізіп,сауық-сайран салған күндер өткен болар...
– Оу ол дәурен өтті-кетті ғой. Қазір қанша тамсансаң да қайтып келмейді. Әйелім Мәрзия үр қызындай, қараторының сұлу еді. Әттең ғұмыры қысқа болды. Ол 7 құрсақ көтерді, қазір шүкір бесеуі көз алдымда. Үлкенім Алматыда, екеуі Қызылордада, екеуі Жаңақорғанда. Бәрі де жоғары оқу орнын тауысты, бүгінде тиесілі қызметін атқарып жүр.
– Жаратушы иеміз өзінің сүйген пендесіне «Сүйкімді келбет беремін, оған  ақыл-парасат беремін, ол адамның төңірегіне  жақсы адамдарды жолдас етемін» деген өсиеті бар ғой. Осы өсиет орайында әркім өз қалауын табады. Осындайда ұлы Абайдың бір өсиеті ойға оралады: Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана,жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Расында солай ғой.
– Е шырағым,  алдымызда арқа сүйеген ағалар болды, ізетті інілер өтті. Уақыт емші, бәрі де көрген түстей екен. Несін айтасын, Маш, Жәдігер, Бексаба ағалар қандай еді, бір-бірімен әзілі жарасып, елдің мәселесіне ұйып, ауылымыздың арқалы тұлғалары болды. Есенбек деген құрдасымды да атап кеткенім жөн. Керемет кісілер көп ғой, еске түсе бермей қалды ғой.
«Халық адасса көнеден сұрайды, қайық адасса кемеден сұрайды» деген бар, біз ол кісінің өмір тәжірибесінен сабақ алдық, үлгісінен үйрендік. Сондықтан ұстаз санаймыз. Жалпы, қазақ пәлсафасында «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген бар. Осы өнеге қай заманның да қағидасы осы болу керек.
– Әлемдік ұстаз Платон: «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген екен.  
– Оныңыз рас. Кетпен-күрек ұстай алмайтын ұлдан болайын, үйдің берекесін кіргізе алмаған әйелден сақтасын. Ауылдың адамы бәріне де төзе білу керек. Ал, ауыл- қазақтың қарашаңырағы.
Ұрпақ тәрбиесі- ұлы мектеп. Шыбықты қалай баптасаң бала да сондай. Қазір жиырма немере, бір шөберем бар. Олардың қай-қайсы да еңбекке епті, өмірге бейімді болса деймін. Жалпы,  өнегені бір адамнан алуға болады, сөйтіп оны мың адамға жаратуға болады. Бір адам жаққан алауға мың адам жылынады  дегеннің түп төркіні осы.
– Ер адамда кие болады, бөтенге мысы болады. Сырт күш одан сескенеді. Ал, сіз қандай болдыңыз?
– Қызық сұрақ екен. Мені шешем бетімнен қақпай өсірді дедім ғой, бала күнімде өте бұзық болдым. Жігіт шағымда да анау-мынауға дес бермедім. Күш қайтқасын адам басылады. Күші тілінде болады. Негізі ер адамға намысшыл, қайратты болған жарасады.
– Адам деген тіршілікте ең шыдамды, ең төзімді жаратылыс иесі. Жасынан еңбекқорлығы, еті тірілігі қиындыққа мойымауға мүмкіндік берді.
– Басымыздан неше бір оқиға өтті. Жақсысына тәубе дейміз, нашарынан назарымызды аулақ әкетуге тырысамыз. Бүгінде заман берекелі ғой, тамақты да талғап жейміз. Осындай тоқшылық пен бейбіт күн басымыздан кетпесін деп тілеймін. Жалпы, барға қанағат, жоққа сабыр сақтап үйренген дұрыс.
– Қатарың болмаса тойға бар ма дейді. Жақсы қартаю деген сөз бар ғой...
– Сексен деген көрейін деген жасым ба еді демекші, құдайдың маңдайға жазғанын көреміз ғой. Рас, қатарымыз сиреп барады. Ал, жақсы қартаю деген өнегелі сөз.
Қазір кенже баламның қолында, қаладамын. Қай бала да қолымды қаққан емес, шүкір сондай перзент бергеніне разымын. Меніңше, жақсы қартаюдың бір белгісі осы шығар.
– Еңбекқор, бейнеткеш, адал адамның екі дүниеде де жолы бар. Сіздің ғибратты ғұмырыңыздан бір үзік ғана сыр ақтардық, ал, оны тарқата берсек, бір кітаптың көлемі жетпейді. Енді ата Жарқынбектің батасын тыңдасақ.
– Адам да, ауыл да ынтымақпен өрлейді. Бірлігіміз баянды болсын. Еңбек етпей ел өспейді. Тірлігіміз алға озсын. Ұрпақпен мың жасаймыз, шаңырақтар баланың күміс күлкісіне толсын. Тыныш заман, өскелең өмір жарылқасын!
– Әңгімеңізге рахмет, көке!

Қаныбек ӘБДУОВ
30 мамыр 2021 ж. 751 0

Ұқсас жаңалықтар: