№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құнсыздану синдромына қалай төтеп береміз?

Құнсыздану синдромына қалай төтеп береміз?


Ұлтты ұстап тұрған ұлы құдырет – құндылықтар жүйесі әлсірей бастаса, елдік мұрат тұғырынан түсіп, түкке тұрғысыз бір елес тәрізді көзден де, көңілден де өшіп жоғалары кәміл. Көпгеген асылымызды қолдан беріп, қорған бола алмағанымыздан оның орнын ұлтқа қатер төндірер құбылыстар алмастырып, ақылымыз айран, ойымыз ойран болып отырған қазіргі қалпымыз бізге осыны аңдата бастады.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласының түпкі мәні осы мәселені жан-жақты ой сарабынан өткізіп, ежелден халықтық дәстүрімізден келе жатқан асыл үрдіс, құнды мұраларымызды қайткенде сақтап қалуға болады деген жан толқынысынан туындағанын көзі қарақты әлеумет жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Біз осы кемшілігіміздің орнын толтыру үшін алдымен нені тауып, нені жоғалтқанымыздың аражігін ажыратып алуымыз керек.


Әр халықтың мәдениеті мәңгілік. Оның тамырында ұлттың қарапайым қағидаларынан бастау алған қасиет-қадірі тұнып тұр. Жаһандану дәуірі біздің жан-жүрегімізбен жасап келе жатқан осынау асыл үрдісімізден ажыратып, жаңа ғасырдың басына алапат сын, аждаһа қатер, арсыз құбылысты туындатып отырғанын аң­ғару қиын емес. Оған қарсы тойтарыс беру үшін біліктілер билігі, оның соңынан еріп, сөзін сөйлеп, ісін бекемдейтін өр намыспен қаруланған қайратты ер, қалың елі мықты болғанда қазақты жау ала ма? Бір кемшілігіміз, айдың-күннің аманында қағынан безіп, тілінен жеріп, сүйекке таңба салғандар төрімізді жайлап, ұлт тәрбиесінің уызын лайлап мәртебелі елдің мәрт мінезіне мін түсіріп бітті. Қазақ болып туып, орысша тілі шыққан бір басқа, оқудан-тоқудан кенже қалып, кемді күн бір күнкөрістің қамымен қаражаяу тірлік кешкен көнтерілі қауым да бара-бара табанының бүрі жоқ, қу құлқыннан басқа мұңы жоқ мұғдарға айналып кетпесін десек кеспірі қашқан киемізді күзетіп, тәлім-тәрбиемізді түзетіп, көшімізді жолға салудың жойқын талабына үлкен-кішіміз болып дем беруіміз керек.
Отыз жыл тәуелсіздік кезеңінде тарих толқынына көмілген асылдарымыз біртіндеп жария болып ақиқаттың беті ашылуымен қатар қолда бар құндылықтарымыз қатарында сөз құдіреті екінің бірінің қолжаулығына айналып, нәрінен айрылып, қанаты қайрылып, аманат жолынан адаса бастағанына қынжылмасқа әддіңіз жоқ.Бір ауыз сөзге бір рулы елдің билігін сыйдырып жіберер бәтуалы бітімге қазір қария тұрмақ баланың да, оқу-тоқуы жоқ шаланың да, айтыста желдірген құлагердің де, жолдан қосылған блогердің де таласы бар болып тұр. Содан сөздің құны кеміді. Кімдікі жөн, кімдікі дұрыс екенін білмей аңтарылған жұртты жазғыру тағы әділдік емес.
Осы ретте біздің ұстанатын түп­қазығымыз – ол ата-бабадан келе жатқан даналық сөзі.
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» деген ұлы ақын Абайдың сөзіне жүгінсек, осы жердегі хикмет сөзі кітап деген ұғымды беріп тұр. «Диуани хикмет» - «Даналық кітабы» болып аударылды. Кітап – туралыққа тәрбиелейтін дүние. Біздің кемшілігіміз, осы кітаптан ажырап бара жатқанымыз. Қазақтың ауыз әдебиетімен ауызданбаған ұрпақ тілі шықпаған сақау баламен тең, ой-өрісі кем, дүниетанымы саяз қалыптасарын өмірде көріп келеміз.
Қазірде кітапқа бас ұрып, шынайы түпнұсқадан сусын қандырғаннан гөрі дайынға иек артатын көпшілік іздегенін интернеттен тауып алуды қолай көреді. Бірақ ондағы берілген мақал-мәтелдердің мағынасы бұрмаланып оқырманды адастырып жүр. Сөзге жауапсыздық танытатындар басқаны қойып енді кемеңгер ақындарымызға, ұлы ойшылдарымызға ауыз сала бастады.Қатардағы оқырманды былай қойғанда әдебиеттің желкеніне жармасып, сөз өнерін пір тұтып, пілтесін тұтатады деп сенген перілеріміз қатарында Түркияда оқып жатқан бір талантты жас ақынымыз Абайдың жағасына жармасуды ар көрмепті. «Маяковский мода емес, Есениндер ескірді» деп алты алашқа ақыл айтпақшы болыпты. Шығыс шайырларын оқығанда Абай мүлде басқа толғанып, тон пішер еді деген балалық тұжырымдарын да бүгіп қалмапты. Шығыс шайырларын оқымақ түгілі оларды он орап алар Абайдың адамзат мойындаған мінберін танып білмей, өзгені таңсық көрген көгенкөзге «Жалынамын, ондай сөз айтпа, бізге» деп Абайдың өз сөзімен азулы қаламгер Тұрсын Жұртбай тойтарыс бермегенінде мардымсыған қаратаяқтың қай жерге дейін қалам сілтерін кім білсін. Ал өз ауылымызға оралсақ, жергілікті ақынның кітабына алғысөз жазған бір басшымыз (әдетте әдебиеттен өзін жоғары санайтын лауазым иесіне жазу-сызуға уақыт бөлуге ықылас кем, көмекшісі жазған болу керек) айтар сөзінің кіріспесіне Абайдан деп сілтеме беріп «Өлді деп кім айтады, айтыңдаршы, Артына өлмейтұғын сөз қалдырған» деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Дұрысы «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын соңына сөз қалдырған» емес пе? Ақын өлеңдерін ғана емес, бағзыдан келе жатқан бай мұрамыз – қазақтың мақал-мәтелдерінің мәнін бұзып, мағынасын майыстырып, әдемі беріп тұрған құнарлы ойға қырық жамау қиянат шектірер тілбұзарлық басқа-басқа, қолына қалам ұстаған тілші ағайынның ауылынан алыс кетпей тұрғанына қалай қаның қараймасын.
Тәуелсіздігімізді алдық деп шәпкемізді көкке лақтырып қуанғанымызбен кері кеткен көп құндылығымыз қатарында ғылым тақырыбы өзекті екенін жасыра алмаймыз. Игі жақсыларымыз бен зиялы қауымды репрессияға ұшыратып, соның жапасын өздері қатты шеккен отарлық империя екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ес жиып, ғылымды дамытудың жолында олардың жалақысын жүз есеге арттыру жөнінде Сталиннің бұйрығымен 1949 жылдан бастап профессор-ғалымдарға жақсы жалақы тағайындады. Сол жалақы көлемі кешегі 91- жылға дейін көштің басында тұрды. Кеңестік кезеңде Ресей, Украинадан кейінгі орында саналатын қазақ ғылымының басынан бағы тайып, қоғамдық бірлестік болып қалуына биліктің қателігі ғана емес, жершілдік, рушылдық мәселесін қоздатқан ішінара кемшіліктердің де себеп болғанын жасыруға бол­майды. Сосынғы мәселе, қазірде елімізде жиырмадан асқан салаларда Академиялар құрылған, онда қаптаған академик- ғалымдардың саны бар да сапасы жоқ. Жаңалық ашпаған, жоғары оқу орнында оқытушы болмаған жандар докторантураны оқымай-ақ түрлі жолдармен қорғап, атақ алу бұл ауылда да жең астынан жымдасқан жемқорлықтың белең алғанын көрсетті. Ал жанарында от бар, жаңадан келген жас та, білікті талапкерлер жалақының аздығынан шетелдерге кетуді қолай көретін тенденция қалыптасып келеді. Ғы­лымға берілген, мемлекеттік мүд­дені, көптің игілігін өз басынан жоғары қоя біліп, қыруар іс атқарған аға буын қатарында қазақ ғылымының маңдайын ашқан мүйізі қарағайдай ғалымдарымызды әлгі қаптаған оқымысты профессорлардан ажырату үшін академиктен жоғары Ғұлама ғалым деп атау жөнінде ұсыныс та болған. Бірақ оған ада-күде қарсы болғандардың қаупін де түсінуге болады. Ол кезде әлгі атаққұмар «академиктеріміз» жаппай өздерін ғұлама ғалым атандырып жібермесіне кім кепіл деп жақсы басттаманы жылы жауып қоя салуға тура келді.
Ешқандай оқу оқымай-ақ, ғылыми атақ қорғамай-ақ «Дала академиясын» қалыптастырған дана бабаларымыздың жазып кеткен заңдарын сүйектен өткізіп, санаға жеткізіп, өмірлік тәрбиеге айналдырған халықтық ұрдісімізден жаңылмасақ жолымыз ашық, жүзіміз жарқын болар еді ғой. Қазақ халқында үлкенді сыйлау, алдын кесе өтпеу, айтқан сөзін бұлжытпай орындау деген қасиетті үрдіс бар. Осы өнегенің ізімен ағайын-туыс арасында ешқандай алауыздық болмаған. Анау-мынау туындаған мәселелерді елдің үлкендері өздері шешіп, бүтін әулетті бір мәмілеге келтіріп, басын біріктіріп, шашау шығармай, осындай мәмілелі қарым-қатынастың арқасында жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай, бір бүтін ауызбіршілік салтанат құрған елдің сағын кім сындыра алсын?
Үлкенді сыйлау, құрметтеу үрдісінің құлдырап бара жатқанының бір дәлелі, көше, қоғамдық орынды былай қойғанда құзырлы ұжым-мекемелерде қызмет жасайтын жастардың қарсы алдынан кездескен үлкен кісілермен сәлемдесуді білмей, бетіңе қарап бажырайып өте шығар қаперсіздігіне, сырттан кіргенге орындық ұсынып отыр деуді білмейтін әдепсіздігіне қарап жаның күйзеледі. Үлкеннің өзін сыйламаған адам оның сөзін қайтсін. Дала заңын қайта қалпына келтіреміз десек біз тәрбиемізді осы жас буыннан бастауымыз керек.
Кешегі Абай, Шоқан тәрбиесінің алтын қазығы әжелер ұлағаты Мұқағалидың “Әже, сен бірге жүрген меніменен, өзіңді мен өліге телімегем. Ақ кимешек көрінсе сені көрем”, – деп әспеттеуімен онан сайын әрленіп, көңіл толқытқанымен бүгінде оның орнын басып келе жатқан келінінен қалмай шашын кесіп, шалбарланып, әлем-жәлем боянуға әуес қартайғысы келмейтін енелердің сияғын көргенде қарадай жаның жасып, бір өкініште қалатының анық.
Әр елдің, әр рудың төбе билері төрге шығып, мәміле құрып, әулетінің бірлігін, ертеңгі күнгі тірлігін көңіл сүзгісінен өткізіп, барын барлап, жоғын жоқтап, ағайын өз арбасын өзі түзу алып жүруге ұмтылғанда бүтін елде бірлік орнап, ынтымақ қанатын кеңге жаяр еді. Қазаққа құт-берекені өзге емес, өз құндылықтары ғана тарту ете алатынын мойындар уақыт жетті.

Баян Үсейінова
20 мамыр 2021 ж. 1 164 0