Жұлдыз-ай!
Жанына ауруы батқан адамға ем-доммен араша болу бала жастан арманы еді. Үйдің жанында орналасқан емханадан шығарылып тасталған сақырлаған шынылардың арасынан инесі жоқ шприц, ампула ыдыстарын тауып алып шығады да көрші қыздар Баян, Гүлмира үшеуі дәрігер болып бауырларын емдеуге кіріседі. «Қай жерің ауырып тұр, қазір жазыласың» деп күнделікті сүйікті кәсіптеріне кіріседі. Осы таудай талап Жұлдызай мен құрбысы Баян екеуінің маңдайына өмірлік кәсібі – дәрігерлікті нәсіп етіпті.
Орта мектептен соң Шымкент медициналық колледжін жақсы бағаға тәмамдаған жас жолдамамен Байқоңыр ғарыш айлағындағы әскери госпитальге жіберіледі. Басшылық тапсырмасын орындамасқа тағы болмайды, бірақ дипломын алып кеп жат қалаға әні-міне жол жүргелі тұрған айдай құрбыны бақыт құсы етіп қолына қондыруға жанын салған Тәжентайұлы Өтегеніміздің ақылы асып, аппақ қызымыз автоматты түрде ауылымызда қалатын болды. Ауданда да жақсы мамандар жетіспей жатқан кезі ғой, ең қиын, ең күрделі хирургия бөліміне сарт ете қалды. Мұнда неше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Әлқожаев Сұлтанбек ағасы басшы екен. Сөйтіп алғашқы күннен сол кісінің тікелей тәлімін көрді. Хирург Сәкен Үсейіновтің кәсіби мінезін көңіл көзінен өткізуге тырысты. Олармен бірге ота столына қатысқан тұңғыш тәжірибеден көкірегіне берік түйген байламы сол, өмір мен өлім арпалысқан тілсіз күресте көбелектей ұшып жүріп көз алдында тарқатылған тәуекел талаптың тынысын үрлеп, үп еткен үмітке үздіксіз дем беріп тұрар өздері екен. Өйтпейінше секунд санаған сын сәтте көз ілеспес қияпат қимылдың қиюы қашып, жүйкенің жүндей түтілері рас. Хирургтің шапшаң қимылына ілесіп, іздегенін мезетінде ұсына білмей сылбыр қимылдаған жауапсыз әріптесіне ауыр минуттарда жан алып, жан беріскен ағайларының еріктен тыс ақырған ескертуі бұған соны мойындатты.
Осылайша сау басына өзі тілеп алған саулық жолындағы сақы қызметке сақадай сертпен кіріскен батыл қызымыздың алған бетінен қайтпай қажырлы тер төгіп келе жатқанына биыл отыз төрт жыл болады екен. Қажыдым, жұмысым ауыр, жеңілдеу бөлімге ауысайын деген ой мұның ойына да кіріп шыққан емес. Ауыспақ түгілі жылына бір рет берілетін кезекті еңбек демалысында орнына адам табылмай, кезінде өзі жанына ертіп біраз тәрбиелеген екі ер азамат – оның бірі Ерсайын медицина институтына оқуға түсіп кетті, екіншісі Ердәулеттің қызметі аудандық емханада бола тұра апасының орнына бұйрықпен бір айға хирургия бөліміне ауыстырылып үре-дүре болып жатуының өзінен білікті маман Ахметова Жұлдызайдың екінің бірі ауыстырар оңай-оспақ маман емес екенін біле беріңіз. Күн сайын операцияға қатысу, бөлімде жатқан отызға жуық науқастың жағдайын жасап, көңілінен шығу берік төзімді, темір жүйкені қажет ететін міндет. Бұл бөлімнің жұмысы сырқаттың бірі жазылып шығып жатса, бірі түсіп жататын, кейде хирургтер терін сығып алардай сағаттап жасалған бір отадан шығып, уҺ дей бере қарсы алдынан аяқастынан қатерге ұшырап жаны ұшына тірелген екіншісі келіп тұратын ауыртпалыққа толы болды. Маман тапшылығынан кезекшілік дейтін кеңшілік жоқ, сол сан тауқыметті күндер де бастан өтті.
Кейде біреулер айтады, нешебір көз қарауға жүрексінер сұмдықтың ортасында қанды көріп жүрегің шайлықпай ма, түнде шошып, түсіңе кірмей ме, деп кәдімгідей таң қалысып жатады. Алғашқы келгенінде Әлқожаев ағасының айтқаны бар еді, алдыңа кім қандай жағдайда келсе де сен оны бір бауырым деп сезініп, жәрдемдесуге шын пейіліңмен кіріс, сонда шошынбайсың да, түсіңе де кірмейді, ұшынбайсың да. Ұстазының осы өсиетін өмірлік дағды етіп алған Жұлдызай әр ауруға өзінің туғанындай қарайтын әдет тапты. Отадан соң көзін ашып, палатаға жатқызылған сырқаттың жанынан ең бірінші табылатын да өзі. Аузына су тамызып, уколын егіп, жарасын таңғаннан бұрын бөлмеге жадырап кіріп жағдай сұрайтын Жұлдызайдың ықыласына жаны еріп, көңілі көтерілер науқастарға жылы сөз де ем. Аурудың көңілі жақсарды дегенше дәрігердің берген емі де нәтижелі боларын өмір көрсетіп келеді. Бүгінде өзі жұмыс жасайтын хирургия бөлімінің меңгерушісі Ғалым Есетовтың: «Жұлдызай, біздің саған көп риза болатын тұсымыз, науқасқа ота жасаған дәрігер еңбегінің ақталуы, яғни талай жасаған операциямыздың қайта артына қарамай толық жазылып кетуі отадан кейінгі күтімнің сапасына тікелей тәуелді. Бұл жерде сенің терең жауапкершілікті, әрі тап-таза кәсіби күтімің болмаса еңбектің бәрі еш кетер еді» деп шын риза болған сөзін талай естіп жүр. Мұның сыры тереңде. Күн сайын дәрігердің мың сан жұмысы бар, кейде өзі ота жасаған адамына мойын бұруға шама келмей кеткенде осы Жұлдызай сол науқастардың жай-күйін жіті назарға алып, қажетті емін жасап, жараларын таңа жүріп ішінде ойына ұнамай көңіліне кіді алған науқастарға міндетті түрде дәрігердің соңына түсіп, қолын тигізіп, көзінен өткізіп алғанша жаны жай таппайтын, жұмыс уақыты бітсе де соны тиянақтап алмай тыншу көрмейтін мінезі бар. Жеделдетіп уақытында байқалған қатердің алдын алғандықтан дерт асқынбай сәтті жазылып кетіп жатса адам өміріне үлкен сүйеніш болған Жұлдызай сынды жанашыр тұлғаның еңбегі қалай бағаланбасын. Бағаланады ғой. Қашан болмасын аурухана бөлмесінде өзінің атын атап шақырып, еміне жүгінетін жандардың көбінің Жұлдызайға алғысын жаудырып, сый-құрмет көрсетіп жататыны да осы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Жиырма жыл Әлқожаевтың шәкірті бола жүріп мол тәжірибе жинақтаған Сұлтанбек ағайы зейнетке кеткен соң бөлімге басшы болып қаладан ауысып келген жас дәрігердің менталитеті бөлек ауыл адамдарымен тіл табыса білуіне апалық қамқорлығын аямады. Баласы атқа қонса тақымын қысатын ана атаулының әдеті емес пе, он екіде бір гүлі ашылмаған өренінің жанына жалау болып жүрген жанға шын ризашылығын білдіріп, жас дәрігердің анасы бұған арнайы көңіл рәуішін бөліскені ол да өз алдына бір ғибрат. Қазірде ұжымда еңбек ететін жас мамандар Нұрхан, Бауыржан да апайларының еңбекқорлығына тәнті.
Негізінде, ақ тілеулі , адал пейілді жандар жүрген ортада абырой иесін өзі іздеп табады. Бүгінгідей мамыр айының майда кештерінің бірінде ұжымдағы аузы берік ер азаматтарға ауызашарға ұйымдастырылған дастархан басына жиналған кіл дәрігерлер күндіз-түн өздерімен бірдей сартылдап жүріп-тұратын қағидааларына қатал қаракөздердің кең етек көйлек киіп, ақ жаулық тағынып бірі әдемі әже, енді бірі келісті келіншек кейпіне еніп құлпырған мына кейіптеріне шын көңілмен таңырқасын. Ия, қызметтің жөні бір бөлек, ал үйде бірі келінге өнеге болар аяулы ене, енді біреулері үлкен шаңырақтың келіні дегендей, әрбірінің жолы сан тарау. Сол қатарда төрт перзенттің анасы, аяулы жар Жұлдызайдың жұлдызы жоғары тұр деп сеніммен айта аламыз.
Дәрігердің міндеті жұмыс орнымен шектелмейді. Үйінің есігін қарауылдап, шипалы қолды еміне жүгінетін көрші-көлемді тағы жазғыра алмайсың. Жазым деген аяқастынан. Сондайда жанұшырып жететін жақын-жуыққа жәрдем көрсетпей тұра алмайсың. Бірде осындай көмегіне жүгінген көрші отбасы қолды-аяққа тұрмай шырқыраған қыздарын алып келіпті. Әлгі балақай «миымды бірнәрсе жеп жатыр» деп басын шайқап бір жерде тұрар емес. Құлағына бір жәндік кіріп кеткен- ау деген қауіппен жедел халықтың еміне кірісіп, сырттан малдың жаңа тезегін алып кеп, баланың құлағына жұқалап жақты. Сәлден соң расында кезек исіне бүлкілдеп кері қозғалған жаны бар нәрсені пинцеттің ұшымен суырып алды. Кәдуілгі есекқұрт. Айта берсе, мұндай жағдайлардың нешемесі бастан өтті ғой. Соның бәрінде өзіне тән кішіпейілдігінен танбаған денсаулық сақшысы көптің тек алғысына бөлене біліпті.
Отбасында өзінің жолын қуған қызы Әйгерім аудандық перзентханада медбике болып істейді. Қырық төрт жасында көрген кенжесі Бақдәулеті төртінші сыныпта оқиды.
Біз де Жұлдызайға сәттілік тілейміз.
Баян Үсейінова