№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР һАҚЫСЫ

КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР һАҚЫСЫ

   Әз-Наурыз мерекесінде мұсылман халқы көршісімен ақылдасып, мереке күндері бірлесіп, қандай шаралар өткізетіндігі туралы кеңескені жөн. Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір һақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген.

   Қазіргі таңда ауылдастардың жағдайы түсінікті, олар жаманды-жақсылы көршісімен араласып, ойын-сауық, той-томалақ, өлім-жітім болғанда мидай араласып жатады. Бірінде жоқты екіншісі тауып беріп, ағалы-інідей туыстасып кетеді. Бірақ, көбіне ірі мегаполистерде орналасқан көршілер бір-бірінің үйіне жылдап бас сұқпайды. Бас сұқпақ түгілі, көршісінің кім екендігінен бейхабар өмір сүретіндер бар. Себебі, өзінде материалдық құндылықтардың бәрі бар болғанымен Ислам дінін ту етіп көтеріп келе жатқан рухани дүниесі жұтаң келеді. Көшеде кездескен жағдайда амандасуының өзі қиын. Осындай жандарға аздап та болса ой салу мақсатында көрші ақысы туралы дәстүрлі, адами құндылықтар мен исламдық қағидаларды ортаға салуды жөн көріп, ақпарат көздерінен мәлімет іздедік.
  Халық айтса қалт айтпайды. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басымызға іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғы, қуанышымен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Қазақта «Құдай қосқан көршім» дейді. Басқа іс түссе, қысылтаяңда, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен батқан кеште бірінші куәгер болатын да көрші. Сондықтан да «Адамның күні – адаммен» дегендей, көрші ақысын бір адамдар біледі, бірі білмейді. Дініміз көрші ақысына барша ақылардың ішінде жоғары дәреже қойған. Сондықтан, көршімен жақсы тұру – Алланың әмірі. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірдің Өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Сондықтан адамның айналасындағы көрші-қолаңның ол адамда белгілі бір дәрежеде алар ақылары бар. Жақсылық жасауын талап етуге толық құқылы.
  Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Және қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда қасынан табылатын жақын адам. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші. Көрші ауырып қалғанда зиярат етіп, хал-жағдайын сұрап, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу керек. Көршінің қуанышында да, қайғысына да ортақ болу керек.
   Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Мұның өзі мұсылманшылық қағидаларынан алынған. Ислам дінінде көршіге қандай да бір зарар, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған.    Көмекке мұқтаж болған көршіге көмектесу ең алдымен көршінің міндеті.
Ислам әдебінде көрші ақысы жайында былай делінеді: «Көршілік ақысы не екендігін білемісің? Сенен жәрдем сұрағанда қол ұшын беруің, қарыз сұрап келсе көмектесуің, мұқтаждығын өтей алсаң өтеуің, ауырып қалса халін сұрауың, жақсылыққа қол жеткізсе құттықтауың, қайғыға душар болса көңіл айтуың, қайтыс болса жаназасына қатысуың, рұқсатын алмастан оған кедергі ететін құрылыс жасамауың, жақсы ас пісірген кезіңде иісімен қызықтырмай оған да ауыз тигізуің көршілік міндетің. Жеміс жидек сатып алсаң көз ақысын бер, немесе көрсетпей жегін. Балаңа да осыны үйрет» ...
Қазіргідей қарбалас, елді бәрі бір жаққа асыққан алмағайып заманда көршінің көңілін табуға тырыс. Қысыл-таяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Енді біреулеріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымаймыз да. Көршісімен қоян-қолтық араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, есігін жаппайтын, дастарханы жиылмайтын кең пейілді, дархан жүректі халықтың ұрпағы болғандығымызды ұмытпайық.
Алла Тағала баршамызға көршімен бауырдай болуды нәсіп етсін! Әз-Наурызды алыс, жақын көршілермен татуластырып, Ұлық мерекені өз дәрежесінде лайықты түрде атап өтуге жазсын!

Ескендір ЕРТАЙ.


27 наурыз 2019 ж. 1 405 0