Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Шаттыққа толы шаңырақ

Шаттыққа толы шаңырақ

Ақүйіктік Жүнісовтер әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Шаңырақтың берік қазығы Айтуар ата мен Ұлтуар әже ақылы дария, сөзі жібектей, құт қонған қариялар. Қашанда қонақ үзілмейтін үйлері бақыттың мекені іспетті. Үш ұлы Алғашбек, Молдашбек, Жалғасбектен өрген немере-шөберелері әрдайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауызы дуалы қариялардың батасын алуды мұрат тұтады. Біз де көнекөз қарияның жағдайын білмекке қоңырау шалдық. Амандық-саулықтан соң, кешегі Кеңестік кезең мен қазіргі заман жайлы кеңінен ой толғаған қарияның әрбір сөзінен мақтанға жоқ, асқан байыптылықты, қарапайымдылықтың үлгісін көргендей болдық.
– Е, шырағым, Алланың берген осы бір тағдырына ризамын. Ол кезде бүгінгідей дамыған заман жоқ. Барлық жұмыс қол еңбегімен жасалатын. Мектепті көрші Шиелі ауданында бітірдім. Мектеп бітіре сала ауыл тіршілігіне араласып кеттім. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен бірге үш жыл жұмыс істеппін. Ол кісі қарапайым шаруажай кісі болатын. Күріштен тау тұрғызған қазақтың нағыз бейнеткеш азаматы еді. Аңызға айналған адаммен қатарласа күріштіктің басында жүріп бейнеттің қашанда зейнеті болатынын дәлелдеді. Ол небір басшыларға өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен үлгі болған жан. Ол кезде жиырманың ол жақ бұ жағындағы жігітпіз. Ал ол жігіт ағасы. Темір кетпені мен маңдайдан аққан еңбектің ащы тері оны үлкен биіктерге көтерді. Сырдың суымен қасиетті қара жермен жаһанға танылды. Міне, еңбек адамының феномені, – деді қария. – Егістіктің басында жүріп ата-анаға деген сағыныш ауылға жетелеп тұратын. Ондай кездерде Шиеліге тоқтаған жүк пойыздарына мініп келетінбіз. Ал кейбірі Аққұм станциясына, кейбірі 28 партсъезге тоқтайтын. Құстай ұшып, ауылға жаяу жететінбіз. Ата-анаға, бауырға деген сағыныш шаршағаныңды ұмыттыратын. Кейін совхозда 10 жылдай трактор айдадым. Зоотехник мамандығын сырттай бітіріп, өз саламда қызмет істе­дім. Сол кездегі ауыл шаруа­шылығы басқармасының бас­тығы Зұлпыхар Мұсахановтың бастамасымен тың жерлерді игеру мақсатында Келінтөбеге әкелді. Айнала тып-тыныш. Іннен шыққан сарышұнақтан бас­қа ешнәрсе көрінбейді. Жапан далаға егін егу мақсатына кірісіп кеттік. Сол жылы еккен егініміз бітік шықты. Жердің реңі кіріп адамдар қоныстана бастады. Бұл 1964 жылдар еді, – деп қария одан әрі Зұлпыхар Мұсахановтың іскерлігі жайында сыр шертті. Ол елінің, жерінің дамуына үлес қосқан басшы және еңбекқор азамат болатын деді.
– Бір жылдары елде құрғақ­шылық орнады. Ауылдағы малды аман алып қалу мақсатында көрші облыстан шөп алып келуге жолға шықтық. Көлігіміз трактор. Ол кезде жол нашар. Әупірімдеп жеттік. Бірде май таусылса, бірде көлік бұзылады. Содан аылға жетудің өзі өте қиынға соқты. Қазір ойлап қарасам, сол мың шақырымдық сапарда талай адамдармен тілдесіп, талай қиындықты бастан өткердік. Бірліктен шығып Ташкенттің Сырдария көпіріне дейін асу менің өміріме үлкен сабақ болды. Бүгінде жайбарақат айтып отырғаныммен алыс сапар арқылы өзіміздің де басқаның да адами болмысына қанығады екенсің. Жақсыға іш тартсаң, сырты жылтырағаннан аулақтау ұстайды екенсің, – деді сөзін сабақтады.
Атаның көргені көп, түйгені бір кітапқа азық болардай. Атаны білетіндер тура сөйлей­тінін, ешқандай басшыға жағым­паздануды білмейтін, әділдікті сүйетін азамат деп бағалайды екен. Ол араздасқан ағайынды бітістіріп жүретін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін бірсөзді кісі екенін айтады. Қашанда жылы сөзімен, айтар ойымен айналасына сыйлы қария бүгінде бәйбішесі Ұлтуар әжеймен немереле-шөберелерінің орта­сында бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінде қос қариядан өрбіген ұл-қыздар ауылда бір-бір шаңырақ болып отыр. Үш ұлынан 12 немере 15 шөбере көріп қолынан май жалаған абзал жандар әрдайым Алланың бергеніне шүкіршілік айтып, әрбірінің тілеуін тілеп жүр.
Немере мен шөберлері үшін ардақты ата мен әзиз әже атанған жақсы жандар әр­дайым шүкіршілік айтудан жалыққан емес. Зейіні зерделі зейнеткерлердің егеменді елі­мізге тілегі мен тілеуі бір.
– Балаларымыздың дені сау болса, ұйқысы алаңсыз болса, олар өз еңбегімен жетістіктерге жетіп жатса, шаңырағымыздың шаттығы сол, – дейді.
Иә, Отан отбасынан баста­лады. Соғыстан кейінгі қиын-қыс­­тау замандарды бастан өтке­ріп, өткенін көңілге тоқып, есте­­лік кітапты жарыққа шығар­ған Айтуар атаның әлі де айтары көп. Ақсақалдың тағдырлы тари­хынан кішкене сыр тарттық. Әлі де талай әңгімеге арқау болар жырлары, өсиеттері, қалам тер­беген өлеңдері бар­шы­лық. Балаларының әке атына кір келтірмей, тура жолдан айны­­май әке ізін жалғап келе жатқанын өнегелі отбасы болып отырғандарын көңілге медет етіп отырған шүкіршілігін айтудан жалықпаған қарияларға ұзақ ғұмыр тіледік.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

08 қыркүйек 2020 ж. 615 0