№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Парасат биігінде


Әсет Шоманов – 80 жаста

Азамат атына лайық, адами қасиеттерге бай қым-қуыт өмірде көппен бірге қайнасып, бірге жүрген қарапайым жандар аз болмаған. Кімнің кім екенін азаматтың өткен жолы, атқарған еңбегі, қоғамдағы бедел-бедері, отбасындағы адами қасиеттері анықтаса керек-ті. Ендеше елі елеген, халқы қалаған қарапайым, қасиет пен мінезге бай, Сыр өңіріне белгілі тұлғаның бірі Әсет Шоманов туралы ой толғап, қалам тарту менің де інілік парызым секілді.


Әкесі Шоманның ақыл кеңесін бойына сіңіріп, жікшіл емес, көпшіл болып өскен Әсет жақсы қасиеттерін жастайынан жақсы қабылдаған еді. «Елім десең еңбекшіл бол, досым десең көпшіл бол» деген өсиет бала өмірлік мұратының түп қазығына айналған-тын. Оның үстіне ардақ тұтатын анасы Үрсияның өзіне деген аналық махаббаты қиыншылық құрсауынан алып шығып өрге ұмтылдыратын. Көпті көрген дана қария емес пе, әкенің өзіне сеніммен қарап, ертеңдерінен үлкен үміт күтетін сыңайын үш ұлы Дәумен, Болат пен Әсеттің бала көңілі іштей сезетін. Содан болар, жеңілтектікті жаратпай, жастайынан байсалдылықты қалыптастырып әсіре қызығушылықтан бойын аулақ салады. Ойлап қараса тіршілік көшінде мұның пайдасы аз болмаған екен. Расында Әсет Шоманұлы туған жері Жаңақорған топырағы үшін сексен жыл ғұмырында аз қызмет еткен жоқ. Сонау балалық кездің қымбат шақтарын сұрапыл соғыстың тұсында өткізді. Жоқшылықтың да, ел басына түскен қиыншылықтың да ащы дәмін әкесі Шоман мен анасы Үрсия және бауырлары болып бірге көрді. Өзінен үлкен ағасы мен апасы қайырымдылық қолын созып елден қалмай, көшке үлесіп, етінін тірілігімен күн кешті.
Саралап қараса, артта қалған сексен жыл өмірі Әсет үшін шежіре, бір адам басына жетерлік тарих болып қатталып қалғандай. Қашаннан жалтақтау, жа­рам­сақтану, баз біреулердей жыл­пос қимылдап жақсы көрінуден ада ғұмырында адалдық, адамдық, ізгілік, азаматкершілік деп келеді.
Қазақта «Момынның ақысын Құдай жемейді» деген сөз бар. Ойлап қарасаң, бұл әңгіме де Әсет секілді жаны таза, көңілі пәк азаматтарға арналса керек. Көш керуендей кейінде қалған өмірдің балалық шағын есептемегенде Әсекең 1959 жылдан бастап, елдің тіршілік-тынысына араласқан бірден-бір кезеңі еді. Сонау 1965 жылы институтты бітіріп ауылшаруашылғы министрлігінің жолдамасымен Шиелі ауданы «Красная звезд» совхозы №1 фермасына маман етіп жіберіледі. Ол кезде шаруашылық орталығы Жаңақорған кентінде болатын. Ауданның Шиеліден бөлінбеген кезі. Әрине, әр тірліктің өзіне тән қиындығы болатыны белгілі. Әсіресе малшы өмірінің тыныс-тіршілігі жыл он екі айда бір дамылдамайды. Ал маманның жұмыстары осымен сабақтас жататын. Ол кездерде №1 фермада 20 мыңдай қой, ірі қара, жылқы, түйе малдары бар болатын. Жайылымы қыста Сыр бойы да, жаз мезгілінде Қаратау етегін жайлайтың. Қой ұрықтандыру, төл алу, қаракөлін өткізу, жүн қырқу, малды уақтылы дәрілеу секілді жұмыстар кезек-кезегімен жыл бойы айналып тұрады. Оған қоса малшысының жағдайын жасау, қыс қыстауын дайындау, малдың жем-шөбін әзірлеу дегені тағы бар.
Міне, осындай қым-қуыт, қазаны қайнаған тіршіліктің ортасында Әсет те дамыл таппайтын. Ол жылдары автомашина деген тапшы, мамандардың мінетіні ат болатын. Күн ұзақ ат үстінде болып, бір қыр асып, екінші, үшінші қырдағы қоныстанған шопандарға соғып мал мен жанның жағдайын жіті қадағалайтын. Тынымсыз еңбектің, ерінбей үйреніп, ізденудің арқасында жас маманның тәжірибесі толысып, оқығаны мен өмірдегі бетпе-бет жұмыста көзге түсіп, ғұмырлық мол тәжірибе жинақтайды. Көп ұзамай жас маманды партия қатарына қабылдайды. Содан 1966 жылы Жаңақорған Шиеліден бөлініп шығады. Іскер, іздеңімпаз маман ретінде 1969 жылдың басында Әсекеңді Мәскеу қаласындағы мал дәрігерлік академияға үш айлық білімін жетілдіру курсына жібереді. Оқудан келген соң 1969 жылы оны Жаңақорған аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. Өмір мектебінен өтіп, тәжірибесі толысқан Әсет үшін партия жұмысы да сонша қиынға соққан жоқ. Басты қағидасы темірдей тәртіп. Үлкен жауапкершілік. Бастауыш ұйымдардың іс-қағазынан бастап ұйымдастыру көп­шілік шараларының уставтық талапқа сай өтуі басты қағидат болатын. Әсекең бұл жұмыста да сүрінген жоқ. Өзімен қызметтес болған С.Искаков, Ә.Қалқожаев, Ә.Сүлейменов, Т.Әуелбеков, Е.Оңалбаевпен тонның ішкі бауындай араласып ой бөлісіп, пікір алмасып, қажет кезінде әзіл-қалжыңдасып отыратын. Ойлап қара­са өзінің қызмет жолында ауданды басқарған А.Жанпейсов, Ш.Бәкіров, Ғ.Мұхаметжанов, С.Далдабаев, И.Аби­бул­лаев сынды ел тұлғаларынан бай тәжірибе жинақтап, таным көкжиегі толысып, шыңдала түскен екен. Жасы­ратыны жоқ бірқатар басшылар әділдік айтып қамқорлығын жасайды. Әсекеңнің қай іс болмасын дөңгелетіп ала кететініне көпшіліктің көзі жетеді. Содан аудандық партия комитеті оны1975 жылы бұрында жұмыс істеген «Красная звезда» совхозына партком хатшысы етіп жібереді. Аудандық аппаратта шыңдалып келген ол бұл шаруаны да дөңгелетіп ала жөнеледі. Бұндағы ерекшелігі адамдармен тікелей байланысып, елдің ой пікірін ескеріп отыру. Әрбірінің тілегі мен талабын мүмкіндігі болғанша орындау. Яғни партия талабынан, устав шеңберінен шықпау. Осы тұста совхоздың дирек­торы елге танымал Шәзінда Қарахожаев болатын. Жасыратыны жоқ, жұмыс барысында шаруашылық басшысымен партком ретінде коммунист шопандардың талабын орындауда келіспей қалатын кездер де кездесіп тұратын.
Содан 1978 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейсовтың ұсынысымен, облыс басшысы Исатай Әбдікәрімовтің қол­дауымен КПСС-тің XXIII съезі атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалады. Бұл келгенде сов­хоздың тіршілігі шаттаяқтап тұрған кезі еді. Мал басы ірі қарадан жетіспеушілік байқалады. Егіншіліктің жағдай да мәз емес екен. Техника тапшы. Егістік танаптарын қалай болса, солай пайдаланған. Ауыспалы егісті ұмытып, суға қолайлы жерлерді қайта-қайта пайдаланып, жерді сорландырып, аздырудың сәл-ақ алдында екен. Әсеттің алғашқы келгендегі, мамандармен пікірлескендегі аңғарып, байқағаны, көңіліне түйгені осылар болды. Не керек, кері кеткен істі, ілгері сүйреу үлкен талап пен тәртіпті қажет етеді. Сондықтан мойынға алған міндеттен нәтиже шығару керек. Қиыншылықтан қашу іскерліктің нышаны емес. Ендеше іске сәт. Әсет өзін осылай қамшылап, шаруашылықтың сан тарау жұмысына кірісіп кетеді. Жоқ, нәтижесіз болған емес. Жыл салмай малдың басы түгелденіп, егіншілік мәдениеті жоғарылап, күріш егісінің көлемі ұлғайып, өнімділігі арта түседі. Елдің жағдайы жақсарып, тұрмысы түзеледі. Ауылдың келбетіне көңіл бөлініп, мәдени-тұрмыстық объектілер салына бастайды. Мәселен кеңшардағы екіқабатты 420 орындық орта мектеп, 220 орындық мәдениет үйі, 90 орындық бала бақшасы, екі қабатты сауда орталығы, почта бөлімшесі секілді бірқатар нысандарды қабылдап, халық игілігіне беріледі. Аудан басшысы Сәмит Далдабаевтың қолдауымен өзге шаруашылыққа салынғалы тұрған аурухананы осында салдырады. Бұнда да сол тұстағы аудандық аурухананың бас дәрігері Егенберді Әмитовтың еңбегі ерен болатын. Негізінен ұсыныстың барлығы совхоз директоры Әсеттің бастамасымен, ауыл ақсақалдарының ұсыныс-тілегімен қолға алынған болатын. Осы жолда Әсет жоғары орындарға талай рет шапқылап, ауылдың жағдайын түсіндіріп, «Главриссовхозстройдың» есігін тоздырғаны әлі есінде. Тынымсыз тірліктің жемісіндей сол кездегі ғимараттар осы күндерде ұрпақ игілігіне жарап, азамат абыройын асқақтатып отырған жайы бар.
Бұдан кейінгі еңбек жолы шаруа­шылық құрылымдарындағы өзге­ріске еніп, жаңа жүйеге бейімделуге тура келеді.
Одан кейін «Қожакент» өндірістік кооперативінің тұнғыш төрағасы болып еңбек етіп жүріп, зейнет демалысына шығады.
Ата-баба дәстүрін дәріптеуде, олардың рухын қастерлеуде Әсет шет қалған жоқ. Тапшылық кезге қарамай үш атаның ұрпақтарын ұйымдастырып 1997 жылы күзде біткен кесене құрылысына да еңбегі аз болған жоқ. Исатай Әбдікәрімовтың басшылық, қолдауымен қолға алынған бұл іс, Сейілбек, Әнәпия, Назарбек, Ибрагим секілді ел ағалары мен ағайындардың жұдырықтай жұмылғанын танытқан еді. Дәумен қажының ұлы Алтынбек пен бірлесіп атқарған «Өзгенттегі» Дәумен қажы мешіті де осы имандылықтың бірден-бір дәлелі болатын.
Бүгінде Алла үйі өзгенттіктердің құттыханасына айналған «КПСС-тің XXIII съезі» атындағы совхоздың атауын сол тұстағы облыс басшысы, қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің қолдау көмегімен «Қожакент» деп өзгертуге де себепші болғаны бар.
Иә, Әсет Шоманов сексен жылдық ғұмырының қырық жылын туған жерді түлетіп, елдің өсіп-өркендеуіне арнаған. Еңбек жолында қиын да, қызық кезеңдерді бастан өткерді. Жалған жаланың отына күйіп парт билетінен де айырады. Турашылдығымен ала жіпті аттамаған адалдығы арқасында, әділдік орнап жабылған жала, жазылған арызы дәлелденбей парт билетін қайта алған кезі де есінде.
Қазірде Әсекең зейнет демалысын­да. Текті ұрпақтың тұяғының ендігі арман тілеуі елдің тыныштығы, ағайын-туыстың амандығы, туған жердің мерейінің үстемдігі. Қазыналы қария атануына бір кездерде табақтас, сырлас болған қазақтың қабырғалы жазушы, ғалымдары Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Мұхтар Шаханов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, азулы ақын қыздардың бірі Фариза Оңғарсынованың терең білімдарлығы мен озық ойлылығының көмегі аз бомаған сияқты. Абайды көп оқып, содан өзіне қуат алатын Әсекең әңгіме барысында «Нысап пен ұят әділеттен шығады», «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Адамға ақыл керек, іс керек, мінез керек». «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар олар-надандық, еріншектік, залымдық». Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»- деген әп саналарды жиі қолданады. Осыдан болар ол кейбір, сәттерде өткен өмірі мен кезеңдері жайлы ой-қорытып, күнделік жазатыны бар. Оның дәлелі 2018 жылы жарық көрген «Қожакент» деп аталатын естеліктер кітабы. Қазыналы қария ретінде дін жолын ұстап, мінажат етіп, намазын қаза етпей отбасында немерелерінің қызығына бөленіп отырған жайы бар. Демалыста болса да Әсекең Алматының «Бостандық» ауданындағы ардагерлер ұйымында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып көптің құрметіне бөленіп жұр. Жақсы қартаю да өмірің­нің өлшемі болса керек. Ендеше, Әсет те ата жолынан аттамай, текті ұрпақтың тегіне қылаудай дақ түсірмей, қазына қарттың қатарында келеді.

Файзулла САХИЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

15 сәуір 2021 ж. 731 0